Жұма, 26 Сәуір 2024
Ұят-ай! 5589 0 пікір 23 Қаңтар, 2015 сағат 13:56

АҚТӨБЕНІҢ АҚСАҚАЛДАРЫ ЖЕРТӨЛЕДЕ БАС ҚОСАДЫ

Ақтөбе қаласының ақсақалдары бос уақыттарын жертөледе өткізеді. Олай етпеске лаждары жоқ. Сақылдаған сары аяз қарттардың қауқылдасып, хал сұрасуына еш мүмкіндік  бермейді. Алты ай қыс ықтасын іздеп, сандалып кететін қарттардың екі жылдан бергі тұрағы – «Әлия» пәтер иелері кооперативіне қарасты  үйдің жертөлесі болып шықты.

 Қарттар жиналатын жертөле  ағайынды Жұбановтар көшесінде. «Әлия»  пәтер иелері кооперативінің  төрайымы Вера  Григоренко  ықтасын іздеген  қарттарға қарсылық білдірмеген.  Жертөлені  шахмат ойына қажетті үстел, орындықтармен  зейнеткерлердің өздері жасақтап алыпты. Тіпті басы ауырып, балтыры сыздағандар жантая салатын  кереуеттер де бар. Жылу тартылмаған қараңғы бөлмелер азынап тұрғандықтан қарттар үнемі сырт киіммен отырады. Жертөленің аты-жертөле. Суықтығы өз алдына, құбырлардың бойымен сарылдап  аққан кәріз суынан денең тітіркенеді. 

 

Тыныштық  Тұяқов, ардагер (Суретте):

-         Арамызда еңбек ардагерлері де, әр саланың үздіктері де бар. Барлығы 30 адамбыз. Кезінде облыстың өркендеуіне бір кісдей үлес қостық. Бұл күнде  “бәлду-бәлду, бәрі өтірік” сияқты. Күн жылы кезде Әлия  Молдағұлова даңғылы бойындағы шахмат алаңында ойнаймыз. Ақтөбеде “сәуір болмай, тәуір болмайды” емес пе? Сәуір айының ортасына  дейін осындамыз. Қуығынан май кеткен үлкен адамдардың жайын білесіңдер, әсіресе дәретхананың жоқтығы жанымызға батады. Жақын маңдағы дәмхананың даяшыларына жаман атты болып біттік.

 

Соған қарамастан  орталықтағы жертөлеге   Заречный ауылы мен Тұрғындар қалашығы, Мәскеу, Оңтүстік батыс аудандарынан келетін  қариялар да бар екен. Қарттар бейресми  «кеңселерінен»  Ақтөбе қаласының әкімі Ерхан Омаровтың атына хат жолдапты. Қала басшылары қарттарға «Ақжелкен»  аула  клубында  бір сағат  шахмат ойнауға  рұқсат еткен екен. Алайда, бала-шағамен жағаласып, шектеулі мерзімде шахмат ойнау қарттарға қолайсыздық туғызса керек. Күн сәулесі түспейтін, суық жертөлелеріне қайтып оралыпты.

Ақтөбе облысының  Байғанин  ауданында  ұзақ  жылдар басшылық қызметте болған  Шора Атантаев та  (Суретте) күн сайын замандастарымен бірге. Қазақстанның ауылшаруашылығы саласына  еңбегі сіңген  қызметкер қартайғанда «қадірлерінің қашқанына» налиды.

-         Мұнайдың үстінде отырған Ақтөбенің ақсақалдарына 1 залды жасақтап беру соншалықты қиын шаруа –деп ойламаймын. Бармаған  жеріміз, айтпаған адамымыз жоқ. Алайда, әзір  еш нәтиже болмай тұр. 30-40 зейнеткер  бас қосуға жарамды жер болса,  тазалығын  өз мойнымызға алар едік. Батамызды берер  едік, -дейді  жертөледегі шахмат клубының мүшесі.

Жансая Есмағанбет

jansaya_ar@mail.ru

Ақтөбе қаласы

 

Abai.kz   

0 пікір