Сенбі, 27 Сәуір 2024
46 - сөз 7540 0 пікір 3 Маусым, 2014 сағат 12:20

БАҚ ПЕН СОР

`

(Бір суреттің тағдыры)

Оңтүстiк Африкалық фотокорреспондент Кевин Картердiң 1993 жылы 26 наурызда Судан мемлекетiне iс-сапары кезiнде түсiрiлген суретi – Пулитцер сыйлығының иегерi. Суретте құзғын мен ашыққан баланың жер ба­уырлап бара жатқаны бейнеленген.

Айод ауылының маңында ашыққан қыз бала жүруге шамасы келмегендiктен, жер бауырлап бара жатады (кiшкентай қыз баланың ата-анасы Айод маңына қонған БҰҰ-ның азық-түлiк жеткiзетiн ұшағынан тауар түсiруге көмекке кеткен). Баланың артынан құзғын құс күтiп тұрғанын көрген Кевин 10 метрлiк жерден ыңғайланып, суретке түсiре бастайды. Одан да сәттi сурет алғысы келген фотограф Құстың қанатын жайғанын күтiп 20 минут бойы отырады. Ол өзiнiң Меган атты қызын қатты сағынады. Құзғынның қомданбайтынын сезгесiн, құсты ұшырып жiберiп кете барады. Осы сапарда Кевин ашаршылықтан қиналып жатқан адамдарды көрiп қатты күйзелiп қайтады...
Сол жылдары Африкадағы ашаршылық әлемдi дүрлiктiрiп тұрған “Нью-Йорк Таймс” бiрден әлгi суреттi сатып алып, жариялап жiбередi. Сурет үлкен танымалдылыққа ие болады. Кевиннiң бұл суретi Пулитцер сыйлығына ие болады. Алайда ол суретке қатысты көп сын айтылады. Бәрін мазалайтыны . кішкентай қыздың тағдыры не болды деген сұрақ. Фотограф неге қол ұшын бермеді? (ол кезде жұқпалы ауруға шалдыққан адамдарға жақындауға қатаң тыйым салынғанын ескере кету керек)
Бұл жерде фотограф тек жақсы сурет түсіру мақсатында фотоаппаратын ыңғайластыруды ғана ойлаған, жыртқыш құстан айырмашылығы жоқ, яғни сахнада екінші бір құзғынның бейнесінде тұр деген. Осындай жайттар мазалаған Кевиннің жүйкесі сыр беріп, үш айдан соң өз-өзіне қол жұмсайды...
Кевиннің күнделігінде "Біз өзіміздің қандай бақытты екенімізді білуіміз қажет. Әлемде адамдар ашаршылықтан өліп жатқанда, өзіміздің жағдайымызға шүкіршілік етейік. Өмірге риза емес кездерімізде осы суретке мән беріп қарайықшы" деп жазып қалдырған.
Шынында да Кевин өмір бойы өз-өзін кінәлап өтті. Бойжеткен қызы Меган бір сөзінде "Мен өз әкемді суреттегі қамқорсыз жатқан юаладай, ал сыншыларды құзғын құстай көремін" депті. 
Адамды бір сурет қаншалықты бақытты етсе, соншалықты басына сор болатынын ойламаған фотограф өмір бойы өзін-өзі кешіре алмай кетті. Бақ пен сордың арасы бір-ақ қадам...

Асқар Абдраим 

"Жас алаш" газеті, №39 20.05.2014

0 пікір