Жұма, 26 Сәуір 2024
46 - сөз 5674 0 пікір 13 Маусым, 2014 сағат 14:55

СОНДА МҰХТАР АЙТЫП ЕДІ..

Құрметті редакция!

Көрнекті орыс жазушысы Всеволод Ивановтың «Біз Үндістанға барамыз» атты романын жазуына кезінде қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов себепші болған екен. Бұл туралы жазушы сол романның кіріспесі ретінде берілген «Сонда Мұхтар айтқан еді...» деген алғы сөзінде жүрек жылуымен еске алады. Бүгін осы алғы сөзді қазақ тіліне аударып, сіздерге жолдап отырмын.
Аудармашы.

 

 

Менің досым, белгілі қазақ жазушысы Мұхтар Әуезов кеңес мәдениетінің өзге де өкілдерімен бірге Үндістанға баруға жиналды. Сол күндердің бірінде ол маған келді.

Үндістанның халқы, өнері мен жері туралы жазған ақындар мен суретшілерді еске түсірдік.

Содан кейін туған Қазақстан туралы сөйлестік.

– Семейдің көшелерін шаңы шығып жатқан, бос қалған деуге болмайды ғой; Өскемен құздарымен ғана әйгілі емес; таяуға дейін бос жатқан «мың қоңыраулы» Зайсан көлінде пароходтар жүзсе, алыстан Жоңғар таулары асқақтайды.

– Көктем сайын күн санап құлпыра түскен ел өзіне мені ерекше күшпен шақырады, –  дедім мен. 

Сонда Мұхтар Әуезов менің ақ басыма қарап қойып, әдемі тарихтан сыр шерткен еді:

–  Ауылда бір бие әп-әдемі ақ құлын туыпты. Құлын тез өсіпті. Үш жасында желден жүйрік нағыз тұлпарға айналады. Бірде оның иесі көрші ауылдағы досына құрмет белгісі ретінде Ақ боз атты сыйға тартады. Тұлпар туған ауылында небары үш жыл ғана тұрыпты. Ол көрші ауылда да ұзақ тұрмапты. Сыйға алған қазақ оны алыстағы бір ауылға сатып жібереді. Сөйтіп Ақ боз  ат өз сапарын бастайды! Төрт жылдан кейін ол бүкіл далаға әйгілі жүйрік болады. Алайда, ол өзі туған жерден алыста, Арал теңізінің дәл жанында болады.

Жылқышылар бөтен жерде жайылымда жүрген аттарды көктемде ерекше қырағы күзетуі керек. Өйткені жылқы малы туған жеріне кетуге тырысады. Шамасы, Ақ боз атты қарауына алған жылқышының тәжірибесі аз болған шығар. Арал түбінен шауып келген иесі: «Менің Ақ боз атымды көрмедіңдер ме? Жоғалып кетті!»  – дейді қатты толқу үстінде. Тұрғындар болса: «Өкінішті, бірақ Ақ боз атты көрген жоқпыз. Еліне келе жатқан ұзақ жолда, мүмкін, бір қаскөй адамның қолына түсіп қалды ма, әлде қасқырға жем болды ма екен»  дейді. Ат иесі үш күн тосып, ақыры уайыммен еліне қайтады. Біраз уақыттан кейін қырдан абыржыған балалар келеді.

«Ақ боз ат қайтып оралды!»

Шынында, алғаш рет көзін ашып, жарық әлемді көрген жасыл алқапта Ақ боз ат жайылып жүрді! Бүкіл ауылдың көңілі босап, оған сүйсіне қарады.

– Жылдар, шіркін, Ақ боз аттың шабысын үдетіп, біздің шабытымызды шектегені өкінішті-ақ, –  дедім мен.

– Өнердегі қатты шабыс, сірә, зиянды болар?

Сосын біз Үндістан туралы әңгімемізді қайта жалғастырдық.

Осы арада, егер қандай да оған деген бір қызығушылық болған күнде де, тегі, Үндістанның ешкімге белгісіз қыр-сырлары Мұхтар Әуезовке таныс екені анықталды.

– Мен алғаш рет Үндістанды өзімізде, Жетісуда көрдім, – деді Мұхтар. – Всеволод, сен үндінің пақыры Бен-Али-Бей деген бүркеншік атпен Үндістанға бара жатқаныңда сені көрдім! Циркке барар алдында маған: «Пақырды, тұқымы ерекше адамды – шыдамдылықты, ерлікті, өжеттікті көрсем!» деген ой келді. Және мен қателеспеппін, жағына пышақ жанығандай мұңды, егде тартқан, қоңырқай өңді еркекті көретін шығармын деп ойласам да, дөңгелек, ақшыл жүзді, көңілді әрі ақжарқын жас жігітті көрдім!

– Сен мені тым әсірелеп жібердің, Мұхтар. Мен ол кезде әжептәуір жасқаншақ едім.

– Алайда, сен Үндістанға бара жаттың ғой!

Мен күле жауап бердім:

– Бара жаттым!

– Ал қазір соны еске алу ғажап емес пе?

– Мүмкін.

Иә, бәлки, ғажап та шығар! Сол тұста онда, Жетісуда менің Үндістанға бара жатқан жолымда әр жерден көрінетін қоныс аударушылардың баспаналары, казактардың станицалары мен қазақ ауылдары орналасқан мидай дала ғана болатын. Бірде, ми қайнатқан тал түсте даңғыл жолда келе жатып, қамыстың арғы жағында едәуір жерден бұлдырап көрінген үлкен көлді және оның жағасындағы биіктен ағарған қаланы көрдім. «Бұл не?» – деп сұрадым мен тұмсығынан қыл арқан өткізілген, арық өгізге салт мінген қарсы жолыққан қазақтан. «Балқаш көлі, бұл жерде қала жоқ, дала солай елестеп көрінеді»,  –  деп жауап берді қазақ.

Іргесіндегі қамыста жолбарыстар өріп жүрген шексіз көлдің жағасында арада жиырма-отыз жылдан кейін алып Мыс қаласы орнайды деп кім ойлаған? Даңғыл жолдың бойында дәулеті тасыған колхоздар мен совхоздар пайда болады деп, даңғыл жолдың темір жол – Түрксібке, станицалардың театры, институттары, кітапханалары, фабрикалары мен зауыттары бар қалаға айналады деп ойлаппын ба? Темір жолдан жүздеген шақырым жердегі алыс түкпірдегі екі қалашық астанаға айналады, тіпті өз академиясы болады деп ойлаппын ба?

 Бұрын осы Сібір даңғылы мен оған келіп иек артатын сүрлеу жолдардың шаңын аспанға көтеріп жүрген саяқ саяхатшылар мен жерсіз, жұмыссыз қалғандар емес, жас ғалымдар, бозбалалар, жаңа, кеңес елінің, жаңа социалистік қоғамның мыңдаған адамдары тың жерлерді көтеруге осында келеді деп ойлаппын ба? 

Сонда Мұхтар:

– Всеволод, осы жас адамдарға сенің Үндістанды іздеп, осы жерлерден өткенің туралы мұңды да қызықты хикаятты айтып беретін уақыт болмады ма? – деп қалды.

Мен:

– Қиын! Көбі ұмытылды, ал менің жас шағымның бейнесі нанымды әрі шынайы болуы үшін өзгелердің өмірінен көп нәрсені қосуға тура келеді. Бұл қоспаларым менмендік пен мақтаныш болып көріне ме деп қорқамын! Иә, иә, мақтаныш болуы мүмкін! – дедім.

Мұхтар:

– Біреуге солай көрінсе де, басқаға өзгеше болады. Ал, жалпы, неге байқап  көрмеске?

– Байқап көруге, әрине, болады.

Всеволод ИВАНОВ

1956-1959 жылдар.

                                                                  Тәржімалаған Серік САТЫБАЛДИН.

"Жұлдыз" журналы

0 пікір