Сенбі, 27 Сәуір 2024
Алашорда 10552 0 пікір 19 Маусым, 2014 сағат 12:58

Тұрсын Жұртбай. "Ұраным - Алаш!.." «... БИІКТІ БАҒЫНДЫРУҒА ШАБУЫЛДАП ЖҮРГЕН КІМ?»

4. 

Оның бұл жанталасы осы талқылауда сөйлеген қорытынды сөзінің сарынынан анық аңғарылады. Бұл оның осы үш жыл ішіндегі өзін-өзі қорғаған соңғы және ең жауапты сөзі болғандықтан да және мұнда осы үш жылғы сұрқылтайдың тотты табы анық байқалатындықтан да, сондай-ақ «Абай» сияқты «қазақ өмірінің энциклопедиясы» атанған қуатты көркем ойлы туындының «Абай жолы» атты таптық, төңкерістік, өркениетшіл-орысшыл «социалистік реализмнің үлгісі» саналған роман-эпопеяға қалай және не себептен ұласқандығын көрсететіндіктен де, еш қысқартусыз толық келтіреміз.

Күрделі ойлау жүйесінің иесі, ауызекі сөздің шешені, ішкі толқыны аударылып-төңкеріліп отыратын Әуезовтің осындай ағынан ақтарылған тұсындағы сөзінің ішкі иірімдері өте лықсымалы болғандықтан да, аударма мәтіннің де «лықсымалы» болғанын ескерте кетеміз.

М.Әуезов: «Жолдастар, мен өз сөзімді, уақыттың шектеулі болғанына қарамастан, біздің жазушылар ұйымына, біздің жұртшылығымызға, біздің қазақ кеңес әдебиетіне, біздің социалистік мәдениетімізге дос көңілмен қарайтын қауымға, менің шығармашылығыма зерелі көңіл бөлген және менің басымнан өткен ең қиын да маңызды кезеңде мені демеген, менің ойымша, қазір де демеп отырған осы жұртшылыққа тереңнен шынайы буырқанып шыққан алғысымды білдіруден бастағым келеді.

Ең алдымен, дәл солай болуы тиіс, мен өзімнің назарымды баяндамаға аудармақпын, осындай шығармалар жөнінде жасалған баяндамалар біздің әр қайсымыздың ұстанымымыздың деңгейін анықтайды, біздің республикамыздың жазушыларының белгілі дәрежедегі сыни ойлау деңгейін көрсетеді.

Жолдас Ахтановтың баяндамасы: – жас толқынның арасынан қуатты күштің, жақсы, алдыңғы қатарлы объективті сыни ойдың өкілдерінің, әдебиетке жаны ауыратын, көркем әдебиеттің ерекшелігіне, шығарманың асыл өзегіне бойлай білетін және автормен бірге жақсылығын қуана отырып көрсететін, кемшілігі үшін бірге қабырғасы қайысатын, сол қателерді түзетуге көмек көңілін ұсынатын өте қабілетті жастардың өсіп келе жатқанын танытты.

Дәл осы талқылауда жасалған жолдас Ахтановтың баяндамасындағы романның жақсы жақтары мен кемшіліктеріне тоқтала отырып айтқан пікірлері біздің жазушылар ортасындағы сыни ойдың деңгейінің өрелі деңгейін көрсетті. Өзге де жолдастардың сөзінен де бұл анық байқалды.

Мен осы арада өзімнің әріптестерімнің – жазушылар мен прозаиктердің өте жауапты асыл ойларын тыңдадым. Иә, кеше де, бүгін де роман туралы С.Мұқанов пен кеше төралқа мәжілісінде пікір білдірген Ғ.Мүсірепов жолдастар сөйлеген жоқ.

Романның жарыққа шыққан алғашқы күнінен, 1941 жылғы басылымынан (бастап айтылған пікірлердің ішінен) «Абай» романы жөніндегі Ғ.Мүсіреповтің көлемді пікірі менде сақтаулы. Бұл – терең ойластырылған, өте талантты, аса маңызды пікірдің бірі болды. Әрине, онда да ағаттықтар жоқ емес, сыншылар ғана шығарманы сынап қоймайды, шығарма да сыншының кемістігін сынайды емес пе. Соған қарамастан, осында айтылған кейбір жағымды бағалар мен кемшілікті көрсеткен сыни пікірлер менің екінші кітапты, тіпті үшінші кітапты жазуым кезінде көмек қолын ұсынды. Жазушылардың, сыншылардың көптеген ескертпелері маған «Абай», «Абай жолы» кітаптарының қайта басылымында, әсіресе, осы төрттағанның соңғы қорытынды кітабін жазу барысында көп септігін тигізді, әлі де септігін тигізетін болады.

Осы арада жазушылар айтқан пікірлермен, мен үшін аса қымбат пікірлермен менің міндетті түрде санасуым керек. Мен, көркем проза саласында өзіммен бірге шығармашылықпен айналысып жүрген жауапты ой иелерінің, Мұстафин, Әбішев, Бегалин, Тиесов сияқты прозаиктердің, драматургтердің пікірлерін тыңдадым, мен біздің кейбір сыншылардың пікірлерін де тыңдадым. Олардың бәрі де бір тілекке қосылды, олардың пікірлерінің барлығы да Әуезовтің «Абай» романы – қазақтың ұлы ақынының, ағартушысының асыл бейнесі Абайдың атына сай болуды қалаған адал да қатал талаптан туындады. Бұл бәріміздің де ортақ мақсатымыз.

Сіздердің романның беделін көтергендеріңіз – қазақ әдебиетінің беделін көтергендеріңіз болып табылады, сіздер шығарманың кемшіліктерін көрсету арқылы оны да биік сатыға көтересіздер, оны бұрынғыдан да кемелдендіріп, толыққанды туынды етесіздер.

Оқырмандардың алаңы мен жазушының ойы тоғысқан тұста айтылған мұндай әділ пікірлер, біздің жүздесулеріміздің ең бақытты сәттері болып табылады, осы орайдан алғанда біздің бірлестігіміз – біздің кеңестік Жазушылар Одағы осы ынтымақтың ұйытқысына айналып отыр. Мен өзім бұдан ешқандай жан ауыртатын жағдайды көріп тұрғамын жоқ, көргім де келмейді.

Маған қарата айтылған пайдалы сынды бар ынтаммен, бар қуатыммен, шама-шарқым жеткенше (оның деңгейін сіздер бағалайсыздар) тыңдауға тырысып келе жатқанымды ашық айтуым керек. Менің осы айтқандарымды дәлелдейтін көптеген мысалдар мен дәйектерді келтіруге болады. Мен өзіме пайдасы тиетін кеңестерге мұқият көңіл бөлемін, өйткені бәріміздің де талпынысымыз бір мақсатқа бағытталған.

Роман тек қана орыс тілінің өзінде 4 рет көп данамен басылып шықты, тек қана Свердловскінің баспасының өзінен 75 мың данамен таралды. Тек орыс тіліндегі басылымының өзі жарты миллион данадан асты. Орыс оқырмандарынан күн сайын көптеген хаттар аламын, солардың бірде біреуі романды панисламистік, буржуазиялық идеологиядағы шығарма деп бағаламайды, қалай айтсақ та, зерделі оқырмандар «Абай» романының мақсаты қазақ халқының өмірін бейнелеу деп түсінеді. Сонымен қатар, шетелдік демократиялық республикалардың, соның ішінде польшаның, чехославактардың және тағы да басқа елдердің баспасөзінде оң баға берілген жекелеген пікірлердің мазмұнын да маған баяндап берді.

Егерде мен романға Сталиндік сыйлықтың берілгеніне, «Абай» романы жөнінде жақсы пікірлердің айтылғанына сүйене отырып, менің шығармам қол жетпейтін биікке көтерілді, ол ешқандай сынауға жатпайды десем, оным көрсоқырлық болар еді. Ондай мінез ешқашанда көрсетілмек те емес. Әділ сынға жан пида деп қараймын. Сондықтан да Сильченконың: роман осы уақытқа дейін жаппай мақталып келді, осы мақтау белгілі бір дәрежеде авторға бөгет жасады, – деген пікіріне қосыламын. Мүмкін солай да шығар.

Қазақ тілінде «Абай» тек үшінші рет басылып отыр. Ол бірінші рет 1942 жылы басылып шықты. 1949 жылы оған Сталиндік сыйлық берілді, бұл жылдары біздің жұртшылығымыз қуаныштан жарыла жаздады, романның тек қана жақсы жақтарын ғана ауызға алды. Жұртшылықтың, соларға тікелей арналып жазылған жұртшылықтың өзі романның алғашқы кітаптарын бастапқыда жақсы қабылдаған пікірлері мен үшін өте құнды және маған өте пайдалы әсер етті. Партиямыздың өзі, мұқым кеңес халқы бұл шығарманы құртып жіберуді көздеген жоқ, керісінше: жақсы дүние – жарқырай түссін, ал озық туынды – асқақтай түссін,– деген ниетпен қарады. Мұндай шынайы тілекке қандай автор құшағын ашпайды.

Бұл тұрғыдан алғанда, достық пейілмен, адал көзқараспен ұсынылған көмек қолына мен де қолымды созамын. Мен өзімнің романыма, оның бірінші кітабына, араға 11 жыл салып барып алыстан көз саламын. Бірінші кітап 1942 жылы шықты, бірінші том шыққаннан бергі арадағы уақытта айтылған сіздердің ойларыңызды, пікірлеріңізді, сындарыңызды, тіпті әлі де айтылмай қалған тілектеріңізді түйсікпен сезіне отырып, шығарманы қайтадан өңдейтін боламын. Әдебиетке жаны ашитын шығармашылық сана иелерінің басқаша ойлауы мүмкін емес.

Бұл тұрғыдан алғанда өзінің шығармаларын оншақты рет қайта жазған ұлы орыс классиктерінің ұлы дәстүрін қабыл аламыз және үйренеміз. «Фаустың» авторы Гете өзі өлгенше бұл шығарманы 40 рет өңдеген. Ал мен өзімнің романымды осыдан 10 жыл бұрын жазылған қалпында қалай қалдыра аламын. Мен де сол қалпымда емеспін, тарих та сол кездегідей емес, көп нәрсе қайта қаралды. Өткенді бағалауда Әуезов те қателесті, қоғам да қателесті, сол қоғаммен бірге мен де қателестім, аға ұрпақтың өкілі ретінде кей кезде қате ойларымды ұсындым, сондықтан да мен өз шығармаларымды жетілдіре түсу үшін қайтадан қарауға тиіспін, өйткені 10 жыл өткеннен кейінгі қазіргі кезеңде көп түсініктер өзгерді, егерде 10 жыл өткен соң қоғам мен жұртшылық осындай назар аударып, романды өңдеуді талап етсе, әрине, қайтадан қараймын. Мүмкін, біздің көзіміз тірі кезімізде жұртшылық романға жаңа көзқарас білдіріп, жаңа толықтырулар енгізуді ұсынар, Әуезовтің тірі кезінде – оның кітаптары да өлмейді, ол қоғамның барлық ескертпелерін ескере отырып, әлем классиктерінің, соның ішінде өзіміздің кеңестік жазушылардың тәжірибесіне сүйене отырып жетілдіре беретін болады. Осы орайда бізге Александр Александрович Фадеев жақсы үлгі көрсетіп отыр.

Осы пікірге қосымша тағы да бір ой айта кеткім келеді: жазушы өмірді теңшей көрсетуі тиіс және оның туындысы оған қол ұшын берген барша жолдастарға, әр бір оқырманға түсінікті болуы шарт. Авторға көмектесе отырып белгілі дәуірдегі әдеби қозғалыстың кемшілігін аша отырып, сонымен қатар автордың терең де жарқын мақсатты жетістігін де ашық көрсетуі тиіс.

Пушкиннің, Лермонтовтың, Белинскийдің тарихи қайраткерлігі неге әкеліп тірейді, тек олардың қателіктерін көрсету үшін ғана ма? Жоқ. Ол – қойылған мәселелерді шебер аша біліп, оны бүгінгі күнге сай көрсете білуге әкеп саяды. Пушкиннің «Евгений Онегині» несімен құнды, Гогольдің натуральдық мектебінің құндылығы неде, Лермонтовтың аса көркем де тебіреністі поэзиясының құндылығы неде? Шығарманың жақсылыған айту да көмектеседі, кемшілікті көрсете келіп, қалай жазу керектігін дос ниетпен білдіру де ынталандырады. Бұл біздің кеңестік әдебиет пен кеңес жұртшылығының дәстүрі. Сіздер, кеңес жазушыларының шығармаларының жетістіктерін талдаған сыншылардың, мысалы, Фединнің романдарының жетістіктерін ашып көрсеткені үшін..., сондай-ақ Якуб Коластың шығармаларының жетістіктерін ашып көрсеткені үшін Евгений Мазунковтың Сталиндік сыйлық алғанын жақсы білесіздер. Ендеше шығарманың көркемдік сапасы мен жетістіктерін ашып көрсеткеннің бәрі де жағымпаз деп аталады деп түсінген адамдар қателеседі.

Біздің бұл мәжілісіміз баяндамадан бастап содан кейін сөйлегендердің сөзі де өте мағыналы болды. Соңғы екі мәжіліс сыни ой мен сын мәдениетінің соншама өскендігін дәлелдейді. Кейбір жолдастардың сөзін алғыспен еске аламын. Бұл адамдардың біразы, мысалы, Мұстафин, Әбішев, Мүсірепов жолдастар шығарма басылмай тұрған кезде болашақ «Абай» романының бірінші және екінші кітаптарының сыншылары мен пікір білдірушілері болып, өздерінің пікірлері арқылы демеу көрсетті. Жап-жас зерттеушілер, мысалы Лизунова, көптеген тың да пайымды пікірлерді жинақтай жеткізді. Ол өзінің тұжырымдары мен қорытындыларын өте жоғары деңгейде мәдени түрде жеткізе білді. Әлімқұлов та шығарманың жетістіктері мен кемшіліктеріне байланысты байсалды тұжырымдар мен қорытындылар жасады. Ақынжановтың тарихшы ретіндегі ғылыми пайымдаулары да өте назар аударарлықтай болды. Әрине, барлық жолдастардың атын атап шығуға мүмкіндік жоқ, оны қажет деп те санамаймын, бірақ өткендегі қазақ тұрмысының білгірі Бегалиннің пікірлері өте құнды болды.

Мұның барлығы, романды зерделеу мен талқылау жұмысы өзінің мақсатына жеткендігін, көп нәрселердің ойластырылғанын байқатады. Алайда мұның барлығы осында айтылған пікірлердің не ана кітаптың, не мына кітаптың өңделуіне әсерін тигізеді деген ой тумаса керек. Маған көмектесуге ұмтылған достық тілекті жалпылай алғанда және тұтасымен бағаласам да, мен жолдастардың айтқандарының барлығымен сөзсіз келісемін бе? Олай десем – шындықты айтпағаным. Сіздер де өздеріңіздің әрбір пікірлеріңізді жауапкершілікпен ойластырдыңыздар, мен де аз толғанғамын жоқ. Мен көлемі 1 200 беттен тұратын үш кітап жаздым. Оларды жазған кезде де мен ұзақ ойландым, демек зерттедім, зерделедім, демек, менің де өз ұстанымым, дәлелім бар, оның үстіне бұл туындымен 8 жыл (1942-1950 жж.) жұмыс істеу барысында мен де өте көп толғандым, кейбір ойларымды шығарманың ішіне кіргіздім, ал кейбір сыни ескертпелер романның жекелеген тараулары мен беттеріне, кейде кейіпкерлердің табиғатына, кейде оқиғаның барысына кірікпеді, олардың өзі де қарсы шыққандай болды.

Сіздерге мәлім, сынаған сыншының сынының деңгейін кемел ой анықтап береді емес пе. Сондықтан да осында айтылған ескертпелердің бәрін де қабылдаймын десем, оным дұрыс та емес әрі жалған болар еді.

Екі күн бойы сөйлеген жолдастар біраз байсалды пікір білдірді. Сондықтан да мен осы арада естігендерімді басшылыққа ала отырып, оны келесі кітапта дәнін беретін бүгін себілген тұқым ретінде қабылдаймын. Ал кейбір пікірлерді ойлана жүру үшін есімде сақтап қалдым.

Мұнда айтылған пікірлердің бір парасын дұрыс деп есептеймін де оны жетекшілікке аламын. Тағы бір бөлігін өзімнің еркін де, ерікті, дербес толғаныстарымның еншісіне қалдырамын. Сондықтан да: міне, бүгін сіздер мынадай ескертулер айттыңыздар, ал мен оны ана кітаптың мына жеріндегі ана ескертуді былай түзеймін деп қазір уәде бергенім дұрыс болмайды. Мен бұл кітаптағы көптеген жайларды аса жауапкершілікпен ойлана отырып жаздым, сыни пікірлердің кейбіреулерімен талқыласуға да болар еді. Өйткені кез-келген өнер туындысының тұжырымы: екіні екіге қоссаң төрт болады – деген қағидаға бағынбайтынын сіздер білесіздер.

Алайда барлық пікірлердің ықпалы белгілі бір аумақты қамтитыны да анық. Мәселе, қай қырынан келіп, қандай ұстанымды ұстануыңызда. Өнердің кез-келген туындысына, оның ішінде сөз өнеріне кез-келген өлшеммен қарауға болады. Бұл ретте мен «Абай» романына байланысты осы уақытқа дейін орын алып келген сыңаржақ қатынасты қабылдамаймын, алайда ең ықыласты, әділ әрі мақсатты сынның да көп қыры бар, оны ұсыну үшін де әбден ойланып алу керек. Осы айтылған жайларды ескере келіп, баяндамашыдан бастап естіген ескертпелерді үш топқа бөлгім келеді:

Бірінші топқа жататын ескерулерді менің өзімнің тарапымнан жіберілген ағаттықтардың қатарына қосамын да, оларды кейінге ысырмай шұғыл түзету керек деп есептеймін. Олар барлық басылым бойынша өңделуі тиіс. Бұл бірінші топқа кіретін ескертулер.


Бүгін маған жұртшылық көмек қолын соза келді, тебіренбей тыңдай алмайтын нағыз толысқан, терең, шынайы ойларын айтты. Роман жөніндегі ең жоғары пікір 1949 жылғы тарихи шешіммен шектеліп қалған жоқ, сонымен қатар одан кейін де баспасөз бетінде білдірілген аса мол жарияланымдарға да ұласты, енді, міне, кешегі мен бүгінгі сөйлеушілер де оны жалғастырып отыр. Жұртшылықтың осы айтқандарының ішінде даусыз қабылдап, бүгіннен бастап жүзеге асыруыма тиісті пікірлер бар. Соған қарамастан, осы екінші топтағы пікірлердің өзін де дау айта отырып қабылдаймын. Қайталап айтамын, қайтадан ой сүзгісінен өткізе отырып шешім қабылдайтын пікірлер баршылық. Бірақ та мен осы пікірлердің өзіне де үлкен ризашылығымды білдіремін, олар бірінші басылымда ескерілмесе де, екінші басылымда ескерілетін болады. Кейбір жайлар кітаптың жаңа редакциясында енгізілетін болады. Бүкіл өміріңнің тақырыбына айналатын кітаптар болады. Қазақ халқының жарты ғасырлық өмірін қамтыған осы кітап та соның қатарына жатады. Бұл кітапқа да бірте-бірте өзерістер жасалатыны анық, оның қашан, қандай өлшемде жүзеге асатынын әлі де ойланатын боламын.

Ал үшінші топқа жататын ескертулерді, дұрысарақ айсақ, ескерту емес, шаптығу мен жаланы мойындаудан күйіне бас тартамын, менімен бірге оны біздің барша жұртшылығымыз да кейінге ысырып тастайды, ал жұртшылықтың пікірі – бүкіл кеңес халқының, қазақ халқының пікірі болып табылады және осы жұртшылық, осы халық өзінің рухани құндылығын барлық заңсыз, әділетсіз құралдардың көмегіне сүйене отырып көзін жоюға ұмтылушылардың ашық әрекетіне қарамастан, оны ешқашанда ешқандай да жазалауға жол бермейді. Оны құртуға жұртшылық та, партия да жол бермейді.

Міне, осындай категорияға жататын пікірлерге тоқталғым да келмейді, бірақ үндемей өтуге тағы да болмайды, сондықтан да, бұған кейінірек қайтып ораламын.

Енді сөзсіз дұрыс айтылды деген ескертулерге келейін. Біріншіден, қазірдің өзінде менің тарапымнан көптеген өзгертулер жасалды, түзетулер енгізілді. «Абай» романының бірінші кітабының соңғы басылымында Дулатқа деген көзқарас өзгертілді. 1942 жылы роман алғаш жарияланған кезде оның шығармашылық жолы туралы барлық оқулықтар мен бағдарламалардың барлығында бүкілхалықтық идеологияның ақыны деп жазылып жүрген болатын. Ал Абайдың қалыптасып келе жатқан санасына рухани мәдениетті бойына сіңірген адамның жағымды ықпалы етуін көрсету керек болды, сондықтан да мүлдем шартты түрде алынған бұл тұлғаның орынына басқа бір кез-келген ақынды алып, суреттеуге болатын еді. Ол туралы жазылғандардың барлығы да, оның іс-әрекеті, толғаулары, бейнесі менің қиялымның жемісі болып табылады. Сондықтан да Дулаттың өзі бүгінгі қоғамға жат болғанымен, оның бейнесі қоғамға жат емес, Дулат деген атты пайдаланып жазған менің кескіндеуім ғана болғандықтан, Дулаттың атын өшіріп тастадым.

Бұл кітаптың мұндай кемшіліктерін уақыттың өзі түзейді. Бұқар жырау мен Шортанбайдан басталған қателіктерге байланысты көрсетілген кемшіліктер, тек қана кемшілік емес, феодалдардың бейнесін дәріптеген саяси қателікке айналып кетті. Мысалы, кеше Мұстафин: алашордашыл Тұрашты Абайға ықпалы бар адамдардың қатарына қосқан – деген оқыс пікір айтты. Ашығын айтайын, ол түймедейді түйедей ғып көрсетіп отыр. Менің қателігім сонда, Тұраштың атын атамауым керек еді. Ол екі жерде аталады. Ал осыны біздің уайымшыл сыншылар қампита үрлей келіп, Алашордашыл Тұрашты Абайға әсері тиген адам етіп суреттедің деп даурығып шыға келді. Бұл барып тұрған жала! Әрине, оның атын атауым ағаттық, олай істемеуім керек еді, ал осы қарапайым кемшілік үшін мені бүгінгі күннің ұлтшылы етіп шығаруға болмайды ғой. Бұл – сауатсыз, бейпіл (беззастенчивая) айыптау. Ал бұл қателікті түзету оңай.

«Ақын аға» романында қателіктер жіберілді. Жолдастардың айтуынша менің қателігім жекелеген ақындарды Абайдың шәкірті ретінде дәріптеуімде екен. Мен өткен жылы 8 баспа табақ көлемінде өзгерістер енгізгенімді айтқамын, сондықтан да енді менімен қоса (Көкбайды, Әріпті, Әсетті т.б. – Т.Ж.) жадтарыңыздан сызып тастасаңыздарда болады, «Абай жолының» жаңа кітабі жазылатын болады. «Абай жолы» менің Абайдың ақын шәкірттері жөніндегі қателігімді түзейтін болады, екіншіден (Кенесары туралы көзқарасым) түбірімен өзгереді.

Бүгін сөйлеген кейбір жолдастар «Абай жолының» жазылу барысында панисламизм өкілдерін Абайға қарсы тұрушы күш емес, сонымен қатар панисламизм мәдениетін әшкерелеу керектігі жөнінде ескерту жасады. Жолдастар, «Абай жолы» – өте күрделі жол, ол («Қайтқанда», «Қат-қабатта», «Шытырманда», «Оқапта», «Қақтығыста») – деген тарау аттарынан-ақ білінеді. Шұбар: «Қазақ халқын Абай жолы қайда апарады?»,– деп сұрағанда Әбдірахман: «Бұл жол – құтқарушы орыс мәдениетіне алып келеді»,– деп жауап береді. Екінші бағыт – ислам. Ал Абайдың жолы басқа, ол орыстың демократиялық әдебиетін Некрасовтың дәстүрі арқылы сіңіреді. Абайдың жолының – жол айрығы осы тұстан айырылады, ал қазіргі «Абай жолы» тарихи романы 90-жылдарға келіп тірелген, енді 1904-жылға дейін жететін болады, міне, тарихи шындық бойынша панисламизм мен пантүркизмнің барынша кең тарағаны осы жылдар, Татарстанға, сонымен бірге Әзірбайжанға таралған панисламизм мен пантүркизм ағымы буржуазиялық ұлтшылдықты да қоса ала келді. Олардың ішіндегі ең көрнекті қайраткерлері Мемлекеттік Думаның алғашқы депутаттары болып сайланды, міне, бұл Қодар оқиғасынан бастап бірінші орыс революциясына дейінгі Абай өткен тарихи жолды қамтитын 4-кітаптан орын алатын болады, 4-кітапта Абайдың өмірінің көпшілігі қала кедейлерінің арасында өтетін болады, міне, сонда жұмысшы табының қалыптасу барысы қозғалады, дәл қазір сол тұсты жазып жатырмын.

Кейбір кездері сыншылар (шығарманы талдауда) уақыттан озып кетеді де, (ол оқиғаның) келесі кезеңдерде қамтылуы тиіс екенін ұмытып, дәл қазіргі сәтте көргісі келген жайларды талап етеді. 13 жастан бастап 60-қа дейінгі Абайдың өмірі 4 кітапта жалғаса қамтылады. Сондықтан да маған, адамның өмірімен өлшенетін оқиғаларды тарихи шындыққа сәйкес, өмірдегі өз ретімен дамытуға мүмкіндік беріңіздер. Егерде орыс жазушысының бірі төңкерісші орыс жұмысшы табын көрсеткісі келіп 1905-жылғы революцияны 1900-жылға жылжытса қалай болады? Тура сол сияқты, бұл арада да іс-әрекеттің уақытын жылжытудың ешқандай қажеті жоқ, менің шығармамда да бұл оқиғалардың барлығы тарихи және көркемдік шындыққа сәйкес келетін кезеңдерде өз кезегімен қамтылады. Сондықтан да Шұбар мен Көкбай бейнесі 4-кітапта талқыға түседі және Шұбар мен Көкбайға қатысты ескертпелер сонда қарастырылады, Абаймен бірге өмір сүріп, байды сатқан Шұбар 1934-жылғы байлардың көтерілісі кезінде тау ішінде өзінің ажалын табады. Абайдың тірі кезінде оның, мен Шұбарды айтып тұрмын, сатқындығы ашық көрінбейді, ол өзінің бет-пердесін ашпайды. Ал жолдастар Абайдың ақындық мектебі туралы қате пайымдаулар туралы айтқанда осы жайды ұмытып кетеді. Мен Абайдың өмірін жазып жүрген кезімде мұны Тұрағұл айтып беріп еді, мен соған сеніп қалдым. Бұл біздің қоғамымыз үшін де, мен үшін де қымбатқа түсті.

Мен 1939-жылы «Абай» трагедиясын, содан кейін операға арнап либретто, «Абай әндері» атты картинаға (сценарий) жазғанымды еске алуларыңызды өтінемін – соларда Абайдың қоршаған ортасы екшеліп берілген емес пе еді. Ондағы оқиғалар 1903-1905 жылдардың арасында өткендіктен де олардың ішінде панисламистер де жүр емес пе. Абай өзінің өліміне жақындаған, егде жасқа жеткен кезінде Шұбардың өзін қалай ұстағаны көрсетілген. Мұндай ойға мен бұрыннан келгенмін, қазір сол бағытта жұмыс істеп жатырмын. Абайдың ақындық мектебін жоққа шығару тек 1951 жылы ғана пайда болды демеңіздер. Ол 1939 жылғы біздің шығармашылық ізденісімізден басталған. Тек Кенесарыға жеткілікті орын берілді ме деген ғана мәселе талас туғызған. Қателік кетті, мен оның феодалдық, реакциялық мәнісін толық аша алмадым. Бірінші топқа жатқызған сын ескертпелердің ішінен мен жұртшылықтың пікіріне орай Шұбар бейнесін 4-кітапта өзгертуге келісемін. Абайға қарсы әрекет ететін күш ретінде оларға үлкен салмақ салынатын болады. Олар буржазияшыл-ұлтшылдардың көсемінің одақтасына айналады. Онда мұның Абайға деген қарым-қатынасы, Абайды өз жағына қаратып алуға ұмтылысы көрсетіледі. Қазір менде бұл туралы өте қызықты дерек те бар.

«Ақын ағада» көптеген қателіктер кетті, оны мойындаймын және оны түзеймін. Ол негізінен Кенесарыға байланысты. Кенесары жөнінде мен көп жаздым, бірақ мен Кенесарының кіріктірген кездегі Абайдың жасы 13-те ғана болатын, ол оқиға ол ауылдан 120 верст қашықтықта өтті. Кенесарыға қатысты оқиғаларға Абай сол кезде дұрыс баға бере алар ма еді? Бұл тұрғыдан мен түзету енгіздім және өзімнің ұстанымымда қаламын. Мен Кенесарыны және оның идеологін кемелденген Абайдың көзқарасымен әшкерелеймін. Дәрмен арқылы әшкерелеймін. «Ақын ағаның» соңғы нұсқасында мен қателерімді осылай түзетемін. Көп адамды толғандырып отырған мәселені мен осылай шешемін.

Енді, осында сөйлеген көпшіліктің және баяндамашының: орындалуға тиісті деп көрсеткен ескертпесіне, астың суреттелуіне қатысты мәселеге тоқталайын. Осы арада осы оқиғаны суреттеген кездегі авторлық ремаркаға, авторлық түсінікке қатысты пікірлер айтылды. Мен ол ескертуді ұмытқамын жоқ, алайда 13, 16, 18, тіпті 24 жасар Абайдың ол кезде орыс демократтарының ойларын әлі білмегенін, озық ойлы адамдармен әлі кездеспегенін сіздер де ұмытпаңыздар, өз бетімен Абайдың мұны түсінуі мүмкін емес еді. Абай өзінің идеялық қалыптасуы өте баяу жүрді (шығармадан үзінді оқылады). Бұл Абайдың өз сөзі. Мен мұны орысшаға аудара алмаймын, бірақ та, сыни ойдың ол кезде қалыптаспағанын бәріңіз де білесіздер. «Айлаға да, ашуға жақтым шырақ» (дейтін кезі).

Жуан жұдырықтың кәдімгі заңды тәртіпке айналған тұсы және бұл тәртіпті Абай да орынды деп есептеген. Абайдың дүниетанымы бірте-бірте кеңейді. Қырдағы оқиғалардың барлығын сол кездің сүзгісінен өткізе алған жоқ. Оның көкжиегі бара-бара кеңейді, сөйтіп барып сол уақыттың әлеуметтік-тарихи мәнін біртіндеп түсінді. Қазақстандағы озық ойдың өзі халық арасында біртіндеп, баяу жетілді емес пе. Сондықтан да романдағы Абайдың өсуі де біртіндеп көрсетіледі.

Бірінші кітапты сынаушылар да көп, сонымен қатар, бірінші кітаптағы жазылған жайларды мақұлдайтындардың да саны аз емес.

Әрине, мен бұған да назар аударатын боламын, алайда сіздер де 13 жасар Абайдың біртіндеп ойлы адамға айналып келе жатқанын ұмытпаңыздар, табиғат пен қоғамдық өмірдің көптеген құбылыстарын материалистік тұрғыдан біртіндеп түсіне бастайды. Мұның барлығы оған орыстың демократ революционерлері арқылы жетті.

Мен өзімнің алдағы уақытта қайтадан ой елегінен өткізуді ойластырып жүрген жайларға қысқаша тоқтала кетейін. Бірінші топқа жататын асқа байланысты кедей табынан шыққандарды да суреттей кету туралы пікірге орай айтарым, кітаптың бұл арасына тиісті өзгертулер енгізілетін болады. Бұл арада: ағаттықтардың қатарына байлардың ортасының тұрмысын, тоқмейілділігін, тоқшылығын, киіз үйлерін әсірелеп баяндау турасында көп айтылды. Мұның орын алуының себебі: мен өнердің реалистік сипатын тым әсірелеп бағалаппын, сондай-ақ, осы уақытқа дейін қазақ әдебиетінде халқымыздың ана ерекшеліктері, мына ерекшеліктері қамтылмағандықтан да, соны көрсеткім келді. Егерде менің алдымда, орыс жазушыларының алдында тұрғандай, Тургеневтің, Гончаровтың, Гогольдің және басқалардың шығармалары тұрса, онда, шындығында да тұрмыстық көріністерді осыншама суреттеудің қажеттігі де тумас еді. Біздің алдымызда ондай тәжірибе болған жоқ, сондықтан да мұндай көріністерді барынша көп әрі кең қолдануға ұмтылдық. Сөйтіп, тым әсіреленуге жол берілді. Бұл баяндаулар жеңіл қырналып кететін немесе сол кездің шындығының қайшылықты тұстарында әшкерелеп кетуге болатын кемшіліктер.

Мысалға, Абай қонақтарды салтанатпен қарсы алып жатыр, ал сол рәсім былай тарқайды. Құнанбай Мекеге аттанғалы жатыр (сол кезде Дәркембай мен Қиясбай келіп Қодардың құнын сұрайды), ал осы көрініс Құнанбайдың тағылық мінезін танытпай ма? Саятшылар суреттелетін көріністен кейін адамдар үш күнге созылған боран мен өгей шеше сияқты қатал табиғаттың шеңгелінде қалады, ал қазақты аңқау бала етіп көрсетсең бәрі де жарқын бола кете ме?

Кей-кезде автор барлығын тәптіштеп баяндап беруге міндетті емес, оны көркем қабылдауы арқылы оқырманның өзі ойланып табуы тиіс. Соған қарамастан кейбір тұрмыстық суреттеулерді қысқартатын шығармын.

Менің ойланып-толғануыма мүдделі ететін бір жайларды қойын дәптеріме жазып алдым, уақыттың тапшылығынан оны тізбелеп жатпаймын. Мүмкін, жазушылардың өзара оңашалау қоян-қолтық бас қосуы өте қалса, соның бәрін тізбелеп шығып, қажетті деген ұсыныстарды өңдеу барысында енгізуім де мүмкін.

Енді өзім үшінші топқа жатқызғандардың «Абай» романы жөніндегі айтқандарына тоқаталайын. Кешеден бері сөйлеген жолдастардың айтқанындай: әдебиеттің мүддесінен аулақ, кеңес жазушыларының алдына партия қойып отырған міндеттерден мүлдем мақұрым, өзінің жеке бақай қулықтарының мүддесін күйттеген, ойы пасық, өзінің міндетін тек құртып жіберу деп түсінетін жекелеген адамдардың арамызда отырғаны шындық. Ондай «қырыпсалушылық» осы арадан да, Досалиевтің сөзінен де байқалды. Шындығын айтсам, күйінейін деп – күйіне алмайсың, сүйінейін деп – сүйіне алмайсың, жетісіп емес, жерініп күлуге ғана тура келеді.

Сондай «қырыпсалдың» біріне мысал ретінде «Ғылым Академиясының жаршысының» №4 санындағы Әуезовті жамсатып салған мақаланы алуға болады. Онда автордың көзін құртуға арналған бір топ материал басылған. Осы арада кемшіліктер мен қателіктер туралы айтылды, мен олардың пікіріне сенемін, сол үшін алғысымды білдіремін. Нағыз талқылау – авторға септігі тиген талқылау дейді ғой. Ол жазушыны ғана емес, қоғамның өзін де демейді. Сол арқылы жұртшылық авторды ғана емес, өзіне де септігін тигізеді.

Мен сіздерге мынадай өтініш айтқым келеді: кеңес әдебиетін, кеңес жазушысын кез-келген бұзақы мен қаскүнем адамдардан қорғай көріңіздер, өйткені олар әдебиетке әдеби мүдде үшін келген жоқ, керісінше, өзінің сұрғылт өмірін әдебиеттің айналасында жүріп ағартқысы келгендер. Міне, жазушыларды осындай сұрқылтайдан қорғау керек, жазушыға заңды көмек көрсету дегеніміз осы. Мен сол көмекті күте отырып, біздің ақылымыздың, намысымыздың және арымыздың өкілі болып табылатын жоғары лауазымды мекемелерден сондай зор көмекті күтемін».

Ал тарихи уақыт пен дәлел, көркемдік шешім мен әлеуметтік жандүние психологиясы, көркемдік шындық деген асқақ ұғымдардан мақұрым мұндай саяси қысымдардың мәжбүр етуімен суреткер «Абай жолы» атты үшінші-төртінші кітабында идеологияға ырық беріп қойды.

Сонымен, қосымша «қыстырмалар» (Д.Әбілов) кіргізіп, «Қарашығын» сияқты тарау қосылды. Әкесі «қатыгез Құнанбай» мен «өзіне қарсы ағасы Тәкежан» және «әзәзіл Әзімбай» сияқты жағымсыз кейіпкерлерден басқа Абайдың айналасында туыс қалмады. Бәрінен тазартылды. Тұрағұл іспетті бесіктегі сәбиінің маңдайынан иіскеудің өзі таптық-идеологиялық қылмыстың қатарына жатқызылды.

Әбдірахым Жаймұрзин: «Абай» романы туралы әңгіменің күрмеуі аталмыш мәселеден әлдеқайда күрделі болатын. «Абай» романы туралы «Казахстанская правданың» беттерінде жарияланған мақалар жөнінде өзіміздің көптеген жазушылармен әңгімелесіп, жеке пікірлерін сұрап көрдім. Олардың барлығы да ондағы мақаламен келіспейтінін ашық айтты. Мен Орталық Партия Комитетіне жазушылардың осы пікірлерін дұрыс деп білетінімді айтып, мұндай сыңаржақ, үстірт жазылған сындардың әдебиетке зияннан басқа пайдасы жоқ – дедім. Содан біраз уақыт өткеннен кейін табан астынан «Казахстанская правданың» редакторы Никитин мен мені Орталық комитеттің жабық бюросына шақырды. Бюрода екеуміз де өз пікірлерімізді айтып, біраз сайысқа түстік. Бюро ешқандай шешім қабылдамады. Екеуміздің де Орталық комитеттің мүшесі екенімізді, оның алдыңда жауапты екенімізді ескертумен аяқтады.

Енді «Абай жолы» романын талқылау үшін оған әзірлік жұмысына кірісуге тура келді. Ол кезде Жазушылар Одағында істейтін Сейітжан, Әнуар, Тайыр, Зейнолламен пікір алысып, осыған бір жақсы баяндамашы табуды ойластырдық. Бұдан бұрын Ғабиден Мұстафиннің «Қарағанды» романын талқылаған тәжірибеміз бар болатын. Онда келешегінен өте үлкен үміт күттірген, әсіресе сол кездегі жас жазушылар ортасында абыройлы, инабатты Мұқан Иманжанов марқұм баяндама жасап, жұртты қатты риза еткен еді. Енді тағы бір жаңа, соны баяндамашы іздестіруді ойластық. Көп кешіктірмей жолдастар: Тахауи Ахтановқа тоқталық деген пікір айтты және оны маған келешегі мол, біздің әдебиеттің «жас перілерінің» бірінің өзі деп мінездеме берді. Бұл бағаның дұрыстығын кейін өмірдің өзі көрсетті ғой. Баяндамашы да, шығып сөйлеген жолдастар да романға жоғары баға беріп, оны біздің әдебиетіміздің биік шыңы деп бағалады.

Романды талқылау: Қазақстан әдебиетшілерінің әдетте байқалып жүретін жікшілдікке, дөрекі социологиялық қисынсымақтарға еліктеушілікке қарсы тұра алатын бірлігі күшті қауым екендігін, оның шынайы әдебиет жетістіктерін бағалай да, қадірлей де білетіндігінің көрінісі болды. Қазақстан Орталық партия Комитеті талқылауды дұрыс, ойдағыдай өтті деп бағалады».

Бір заңды да кездейсоқ жай, арада тура жиырма жыл өткенде осы талқылауға қатысқан «қазақстандық сенімді адамдардың ақпаратымен қаруланған» мәскеулік Алла Марченко тура осы сынның ықпалымен қосылған тарауларды: «Роман-эпопеяға жат, шынжырлап жалғасқан жалған желі»,– деп сынады. Т.Ахтанов өзінің «Ол биік бізге әлі бағынған жоқ» деген қарсы мақаласы арқылы тағы да төрелік айтты.

Ал сол биікті бағындыруға шабуылдап жүрген кім?

Ол қазақ әдебиетіне тұтқа болғысы келген, М.Әуезовтің өзі: «Пішту! Қайдан шыққан білгішсің!.. Сен қазылыққа жарасаң – жетіскен екенбіз»,– деген тұтқырдың бірі болатын. Кейін Әуезовшіл болды: «Менің екі бетім бар. Біріне түкірсе, екіншісін тосамын»,– депті бірде Тахауи Ахтанов пен Қалтай Мұхамеджановқа.

Біз үшін оның екі бетінің де қадірі жоқ. Сондықтан да ол бетті сіздерге де көрсетпей, жаба салуды жөн көрдік.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір