Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 10364 0 пікір 25 Тамыз, 2014 сағат 08:24

Монтессори: мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамдық ортаға бейімдейді

 «Балаларға бірінші кезекте дамуға қолайлы орта керек».

Мария Монтессори

 

2014 жылдың 25-30 тамызы аралығында «Дара» қоры алғашқы рет мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейтін педагогтар мен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері үшін Монтессори жүйесіне арналған семинар өткізеді. Семинарды белгілі Монтессори-педагог, Санкт –Петербургтың ерте дамыту институтының әдіскері Татьяна Игрушкина жүргізеді. Бес күн аралығында республиканың 6 аймағынан келген 25 маман Монтессори жүйесінің негіздері мен әдістерін меңгереді.  Семинар «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның қолдауымен Қазақстанда инклюзивті қоғам құруға бағытталған жоба аясында ұйымдастырылған. 

Балалар дәрігері ретінде Мария Монтессори өмірінің басым бөлігін түрлі ауытқуы бар жеткіншектерді емдеуге арнаған. Көп жылдық тәжірибесінің нәтижесінде ол балалардың дамуындағы түйіткілдерді көп жағдайда медицинаның емес, педагогиканың көмегімен түзетуге болатынын түсінеді. Осылайша,  жеткіншектердің дүниетанымы мен қабілетін ынталандыруға жағдай жасау арқылы оның үйлесімді дамуына ықпал ететін жаңа әдіс ойлап табады.  Оқу үдерісі әрбір баланың мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін ескере отырып құрылатындықтан, Монтессори әдісі мүгедек балалармен жұмыста кеңінен қолданыс тапқан. 

 Бүгінде Қазақстан бойынша мүмкіндігі шектеулі балалардың саны 150 мыңға жуықтайды. Астанада 2 мыңға тарта мүгедек бала тіркелген. Оларды өмірге бейімдеп, дамыту үшін жоғары білікті мамандардың көмегі керек. Әрі балалармен жұмыс істеуге қолайлы орта қажет. Монтессори жүйесі бойынша жабдықталған арнайы бөлмелерде бұл талапқа сай барлық жағдай қарастырылған. Өкінішке орай, еліміздегі бейімдеу және білім беру мекемелерінде мұндай жабдықтар да, Монтессори жүйесін меңгерген мамандар да  жоқтың қасы.

«Дара» қоры 2013 жылдан бастап мемлекеттік балалар мекемелерін Монтессори құралдарымен жабдықтауды қолға алды. Астана қаласындағы бейімдеу орталығы мен Шортанды қаласындағы сәбилер үйіндегі екі кабинет жабдықталды. Жыл аяғына дейін Қарағанды, Ақтөбе, Көкшетау қалаларында осы жүйе талаптарына сай жабдықталған бейімдеу орталықтары ашылады. Сонымен қатар қор Алматыдағы Түзету педагогикасының ұлттық –ғылыми орталығында да Монтессори бөлмесін ашуды жоспарлап отыр. 2015 жылдан бастап мемлекеттік балалар мекемелерінің мамандары осы орталықта Монтессори әдісін меңгереді. Әзірге жергілікті мамандар бұл жүйенің ерекшеліктері мен артықшылықтары туралы қор ұйымдастырған семинарлар барысында біле алады.

Әрбір түзету кабинеті жыл сайын 1000-ға тарта мүмкіндігі шектеулі балаға көмек көрсетуге есептелген. Енді оларды оқытуда  Монтессори әдісі де кеңінен қолданылмақ. 

БАҚ өкілдерін семинардың ашылуына шақырамыз. Басталуы - 25 тамыз күні6 сағат 9-00-де. Мекен-жайы Астана қаласы, Жангелдин көшесі, 9. Қосымша ақпарат алу үшін «Дара» қорының  PR-менеджері Хадиша Сержановаға хабарласыңыздар.   тел.: +7 7017554953,  7 (7172) 755263 или pr@dara.kz.  

------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------

«Дара» жеке қоры мүмкіндігі шектеулі балаларға, ата-анасының қамқорлығынан айрылған жеткіншектерге, медициналық және білім беру мекемелеріне қолдау көрсетеді. Қор жобалары қолдауға мұқтаж топтардың балаларына, оларды әлеуметтік өмірге бейімдеуге және оңалтуға бағытталған. Қордың Астана мен Алматыда және  Бурабайда филиалдары бар.

Астана қ, Қонаев д-ы, 12/2, 156 офис. Тел +7 (7172) 75 52 63 astana@dara.kz веб -сайт www.dara.kz

 

Абай-ақпарат

0 пікір