Жұма, 26 Сәуір 2024
46 - сөз 5578 0 пікір 16 Қыркүйек, 2014 сағат 15:26

Шотландиядағы референдумға қатысты бір ой

Айдос Сарым, саясаттанушы:

Шотландтықтар мен ағылшындардың тарихы оңай тарих емес. Екі елдің арасында кескілескен шайқастар да, қандық жорықтар да орын алған. Бірақ ағылшындар мен шотландтықтар бүгінгі Ұлыбританияның негізін қалаған, даңқты тарихын жасаған этностар. Әрине, ағылшындардың рөлі, тілі, саясаты басым болғандықтан оларды отарлаушы деуге негіз бар. Қанша жерден жақсылық көрсе де, экономикалық мүмкіндігін пайдаланса да Шотландияның өр мінезді азаматтары азаттығына деген күресін тоқтатқан емес. Біресе бәсеңдеп, біресе өршіп отырған ұлттық қозғалысы бүгін мәресіне жақындап қалған сияқты. 
Айтпағым басқа еді. Талай жылдан, ғасырдан бері бір ұлт, бір ел деген мемлекет бөлінейін деп жатыр. Біздер де болып жатқан жағдайды мұқият қадағалап, тиісті сабақ алуымыз тиіс. Бір қызығы мен сұмдығы мынада: кезінде екі халық бір-біріне аса қашық болмаған. Екі этностың арасындағы шекара кезінде аралды жаулаған римдіктер салып кеткен ескі қамалдардың орнымен өтеді. Адриан және Антонин деген қорғандар араға қаншама ғасыр өтсе де ағайын халықты екіге бөліп, тарихи жәдігер, көненің көзі болып қана саналатын дүние кеше ғана біртұтас мемлекетті екіге жаратын түрі бар. 
Мықты боламыз десек кезінде отарлаушылар құрып кеткен шекаралар мен жіктерден құтылайық. Қазақ ішіндегі де, түркілер арасындағы да! Оларды көненің көзі, бұрынғының атауы, тарихи жәдігер деп аялап-құрметтеудің қажеті шамалы. Бүгінгі әзіл-күлкі жіктер ертеңгі күні тапжылмас, мызғымас ерекшелікке, әкені-балаға, ағаны-інісіне айдап салатын күшке айналып кетуі ғажап емес. 
Ойланайық!

0 пікір