Жұма, 26 Сәуір 2024
Қоғам 6788 0 пікір 9 Сәуір, 2014 сағат 10:30

Әміржан Қосанов. ПАТРИАРХТЫҢ КҮЗІ

Әлемдік әдебиеттің классигі Габриэль Маркестің осы аттас романы бар. Ондағы кей тұстары гротеск пен сюрреализмге ұласып кететін ол туындының сюжеттік желісімен ешбір байланыстырғым келмесе де, Қазақстан басшылығында ширек ғасыр бойына отырған президент Назарбаевтың да саяси күзі туралы әңгімені бастағым кеп отыр.Өйткені осы жылдардың алғашқы қорытындыларын қазірдің өзінде шығара беру керек сияқты. Ол өткен жолымызды байыпты да байсалды түрде сараптап, ертеңгі күнге лайықты жоспар жасауымыз үшін әбден қажет.Талай жыл билікті қатты сынға алып, саяси оппозицияда келе жатқан менің бағам мынадай: президенттің ел алдындағы сөзсіз еңбектерін мойындау және жақсылығын айту керек, бірақ оның жеке басын орынсыз дәріптей бермей, осы жылдар ішінде орын алған кемшіліктерді де ұмытпағанымыз жөн. Қазақша айтсақ, жақсылығын асырмай, жамандығын жасырмау керек.

 

Бар былықтың басы – басынған билік пен тасынған байлық!


Сөз жоқ, кез келген билік басындағы адамға баға бергендегі критерийлердің аса маңыздысы – ол басқарған елдің экономикалық дамуының деңгейі. Иә, Қазақстан экономикасы көптеген елдерден көш ілгері. Оны тоқырап қалды деп айту қиын болар. Осы орайда кешегі жоспарлы социалистік халық шаруашылығын нарықтық рельске көшіруде билік 90-жылдардың ортасындағы өліара шақта біршама батыл қадамдар жасағанын мойындау керек. Біраз асыра сілтеушіліктер болса да, сол кезде уақыттың өзі талап еткен жекешелендіру, коммуналдық-тұрғын, қаржы, банк салаларындағы терең реформалар дер кезінде атқарылды.Бірақ биліктің осынау реформаторлық еңбегін ескере отырып, экономиканың осындай біршама жоғары деңгейде сақталуының басқа да себептерін атауды «ұмыта» береміз. Көп «бәрекелдінің» ішінде біраз «әттеген-айлар» да бар.Біріншіден, ол – кешегі Совет Одағынан қалған бай да базалы мұра. Әсіресе, Құдайдың өзі бере салған жерасты пайдалы қазбалар мен оларды өндіру саласы. Әлем нарығында ол байлық әрқашан да сұранысқа ие болмақ. Міне, біздегі осы саланың өліп-өшіп қалмауының бір себебі осы. Өкіметтің жыл сайынғы даму көрсеткіштерінің өсуі де дәл осы шикізаттық салаға қатысты. Бірақ та «Бізде сол шикізатты өңдеу, тауар өндіру не басқа жоғарғы технология дамып жатыр» дегенді естімейсіз! Осы күнге дейін экономикалық есірткіге айналған мұнайға тәуелділіктен әлі де құтыла қойған жоқпыз. Оның өзі ғаламдық диверсификациялану дәуірінде өте-мөте қауіпті жайт. Мәселен, АҚШ пен Еуропа қазір тақтатастық (сланцтық) мұнай мен газ проблемасын шешіп, ертеңгі күні Ресей не біз сияқты дәстүрлі экспортерлерге түспеу үшін барлық әрекет жасап жатыр. Бұл процесс, әсіресе, Ресейдің Украина аумағын аннексиялауынан кейін жаңа қарқынға ие болды. Екіншіден, кезінде қабылданған нарықтық заңдардың көп қызығын көпшілік емес, билік басына бір табан жақын ат төбеліндей топ армансыз көріп қалды. Көріп жатыр! Әсіресе, кешегі жалпыхалықтық меншіктегі экономиканың сүбелі тұстарын – мұнай мен кен орындары, зауыт, фабрика, банкілерді – жеке адамдардың қолына өтіп кетуі – қаймана халық үшін терең де түсініксіз құпия. Билік о баста «халықтық капитализм» құрамыз деп уәде берген еді, ал шын мәнінде ол «жабайы капитализмге» айналып кетті. Яғни нарықтық экономика халыққа емес, «Форбс» журналының бетін бермейтін қазақстандықтарға ғана қызмет етіп жатыр.Үшіншіден, Ұлттық қорда 70 миллиард доллар қаржы бола тұра, жыл сайын бюджеттегі 1 миллиард доллар игерілмей жатқан «қолайлы» тұста, отандық тауар өндірісін дамыта алмауымыздың саяси себебі де бар: бізде олигархтардың лоббиі бар да, шағын және орта бизнестің мықты лоббиі, яғни жанашыры мен саяси тұрғыдан қолдаушысы жоқ! Бізде жеке банктерді қолдауға ондаған миллиард доллар бір күнде бөлінеді де, әрбір ауылда бір тері не ет өңдеу цехын ашуға қаржы жоқ болып шығады!Міне, осынау, сырт көзге нарықтық (яғни, бәсекелестік) сыртқы сипаты болғанмен, іс жүзінде жабық, ашық та әділ бәсекеден мүлдем ада, оның үстіне мемлекеттік реттеуден (яғни, сол шенеунктерге пара беру арқылы ғана бизнес жүргізе алатын) бас ала алмай келе жатқан экономиканың негізін қалаушы президенттің өзі деп түсінеді халық. Оның үстіне, елдегі ең бай олигархтардың елбасының өзіне не оған етене жақын адамдарға тікелей қатысы бар деген әңгімелер де жоқ емес. Ол ақпаратты жоққа шығарып жатқан ешкім де жоқ.Ол компаниялар ешқашан президент тарапынан сыналмайды. Кеше ғана ұлттық валюта құнсызданғанда, халықтың қалтасы бір сәтте 20 пайызға орталанып қалғанда, табысқа кенелген тек қана осы, пайдалы қазбаларды экспортқа шығарып жатқан белгілі кәсіпорындар болғаны да рас.Олигархтық негізде құрылған, солардың мүддесіне ғана бағытталған экономика қарапайым халықтың мүддесіне жұмыс істей бастай ма? Міне, гәп сонда! 

 

Әуелгісі – әлеуметтік әділеттік!


Экономика не үшін керек? Әрине, ең алдымен, халықты асырау үшін керек! Осы тұрғыдан алғанда, экономиканың жоғарыда айтқан біржақты сипаты Қазақстандағы әлеуметтік саясатының да болмысын анықтап отыр! Әрине, ресми статистикаға және мемлекеттік ақпарат көздеріне сүйенсек, Қазақстан халқының тұрмысы тамаша, зейнеткерлердің жағдайы – зайырлы, ауылдағы ағайын – ауқатты.Бірақ, біздің елде бәрі бар: мұнай да, газ да, алтын да, хром да бар. Бірақ бізде бір нәрсе жоқ: бізде Әділеттік жоқ!Әділеттің жоқтығы, әсіресе, әлеуметтік салада көзге ұрып тұр.Неге осыншама бай мемлекетте оның азаматтарының басым көпшілігі соншалықты кедей тұрады?!Меніңше, президенттің жақсылығы мен кемшілігі туралы айтқанда біз өмірдің осы ащы шындығын басшылыққа алуымыз керек.Және де елге сіңірген еңбегі өз алдына бір төбе елбасының ахиллес табаны дәл осы – әлеуметтік әділетсіздік - деп ойлаймын!Әлеуметтік қарама-қайшылықты Астана мен Алматыда, басқа да үлкен қалаларда ақпараттық алюкобондпен тұмшалап, сырт көзден жасырып қоюға болатын шығар. Бірақ әрбір ауыл, ондағы жаппай дерлік жұмыссыздық, ілдәлап күн көріп жатқан қарапайым қазақтың күнкөрісін қалайша көрмейсің?!Мәселен, барлық қазақстандықтар теледидардан Грекияда ереуілге шыққан зейнеткерді көріп жатыр, ол кісі: «Менің зейнетақым 800 евро ғана! Мен қалай өмір сүрем осы мардымсыз ақшаға? Үкімет кетсін орнынан!». Осыншама бай елде тұрып 100 евро ғана зейнетақы алатын қазақ ойлана бастайды емес пе осыдан кейін...Иә, кез келген мемлекет қуатты әлеуметтік саясатты жүргізе алмайды, өйткені оған тиісті қаржы керек. Бірақ көптеген ел, біз секілді пайдалы қазбаға бай болмаса да, өз халқының тұрмыс деңгейін жоғарғы дәрежеде сақтап келе жатыр. Оларда жалақы да, зейнетақы да, медицина мен білім беру саласының сапасы мен қолжетімдігі өркениетте дәрежеде. Неге дейсіз бе? Оның екі себебі бар: олардың экономикаларының құрамында отандық тауар өндіру мен шағын және орта бизнестің үлес салмағы жоғары және де, ең бастысы, ондағы өкіметтердің заманға және адамға сай әлеуметтік саясат жүргізуге үлкен саяси ерік-жігері бар! Оның өз себебі мынау: егер де өзінің өмір сүру деңгейіне риза болмаса, ол елдерде халық келесі сайлауда сол өкіметке дауыс бермей қояды да, ол билік өз орнынан кетеді!Өкінішке орай, бізде ондай, өз-өзінен билікті жаңартып, жақсартып, тәубасына келтіріп және де халықтың мұң-мұқтажын ойлайтын өкімет жүйесі қалыптасқан жоқ. Өйткені жүйелі түрде өтіп, жүзден жүйрікті анықтайтын, халықтың көңілінен шыққандарды сайлап алатын дәстүр жоқ бізде! Ең бастысы – билік басындағылар өздерінің болашағын қаймана халықтың тұрмыс деңгейінің өсуімен байланыстырмайды! Теңсіздік дегеннен шығады. Кезінде қарапайым металлург боп еңбек жолын бастаған Назарбаев президент бола алды. Ал енді ол өз қолымен құрған қоғамда оған еш туыстық қатысы жоқ қазіргі қарапайым жұмысшы президент бола ала ма? Міне, гәп сонда.

 

Сырты - бүтін, іші - түтін сыртқы саясат

Президент о бастан «көпвекторлы» саясат ұстанды. Жаңадан қалыптасып келе жатқан ел үшін ол тактика дұрыс болған сыңайлы. Бірақ уақыт өте, біздің дипломатия біржақты сипат ала бастады. Нәтижесінде біздің кешегі көп бағытты векторымыз Кеден, сосын Еуразиялық Одаққа кеп тірелді.Меніңше, барлық ел өз басымдығын анықтау үшін біршама уақыт өту керек. Қаржылық әрі қарым-қатынастық дағдарыстан аман-сау өтіп алайық. Жан-жағымызға жіті бақылап, оңды-солымызды танып алайық. Біржақтылыққа ұрынбайық. Өзінің түпкілікті мүдделері бар Казақ елі кіммен, қаншалықты терең одақтас болу керек, сол жағын асықпай, дабыра етпей, анықтайық. Ол үшін уақты керек. Ол кезде Ресей мен Қытай, азиялық көршілер мен басқалар қай жерде боларын бір Құдайдың өзі біледі.Сонымен бірге сыртқы саясатта «мұрагер» факторы бар екенін ескеру қажет. Яғни, елдің қай елмен, қай аймақпен, қай Одақпен бірге болуын объективті шарттар емес, мемлекеттің түпкілікті мүдделері емес, сол болашақ мұрагерді олардың қайсысы қолдайды деген субъективті сауал шешіп кетуі мүмкін!Ресей секілді әлеуеті өзінен 10 есе үлкен елмен бір Одаққа енген еліміз енді толыққанды саяси тәуелсіз бола ала ма? Міне, гәп сонда

 

Бір адам ғана саясатпен айналысатын елдің болашағы бұлдыр!


Егер де экономика мен әлеуметтік салаларда біршама жетістіктер бар деп мойындай алсақ, қоғамдық-саяси тұрғыдан Қазақстан нағыз авторитарлық елге айналғанын ішкі көз де, сыртқы көз де біліп, көріп жатыр.Сөз жоқ, Тәуелсіздік алған алғашқы кезеңде біздің президент мүлдем басқаша еді! Саяси аренамызда атқарушы билікке тәуелсіз, әрқилы пікір өкілдері жиналған, Үкіметке өз дегенін істете алатын мықты Жоғарғы Кеңес болды. Президент те ол кезде шынайы демократ ретінде өз аяғымен сол Парламентке баратын, ашық та бәсекелі пікірталас жүргізіп, өз сөзін өткізе алатын. Нағыз лидер екенін ол сонда танытқан.Бірақ уақыт өте елде демократия мен пікіралуандығының аумағы тарыла берді.Бәленің бәрі 1995 жылы Конституцияға шұғыл түрде өзгерістер енгізіп, биліктің бәрін бір адамның – президенттің қолына шоғырландыра салудан басталды. Содан кейін президент те өзгерді, қала берді, биліктің барлық тармақтары, келе-келе қоғамның өзі өзгерді!Оның үстіне өкімет халықты осы конституциялық реформа «жанға бататын, бірақ міндетті түрде қолға алынуы тиіс экономикалық реформалар жасау кезеңінде ғана сақталады», «уақытша сипатқа ие» деп алдаусыратты. Қарап отырсақ, сол транзиттік кезең 5 не 10 жыл емес, тура 20 жылға созылып кетті. Және де одан сайын созыла беретін секілді! Осы жылдар ішінде бізде президенттің сөзсіз еңбегін мойындау гротескіге айналып, жеке басқа табынуға ұласып кетті! Нәтижесінде билікке айтылған кез келген азды-кем сын бас билік, яғни президентке бағышталған боп саналатын болды! Сөйтіп, айналамызға, биліктің болмысына, саясаты мен күнделікті тірлігіне объективті көзқарас қалыптастыру тіпті мүмкін болмай қалды.Бүгінде президентке «әй детін әже, қой дейтін қожа» табылмай қалды.Арагідік өз ойын не болмаса болмашы болса да сыни пікірін айтушылар сол сәтте «президенттің жауы» атанып, не қастандықпен өлтірілді, не түрмеге жабылды, не шетел асты, не басқаша қудаланды! Нәтижесінде президенттің маңайына «ләббай-тақсыризм» идеологиясын мықтап санасына сіңірген, ол жаңа өнердің алуан түрлі әдіс-тәсілдерін меңгеріп алған саяси жағымпаздар шоғырлана бастады. Қазір басқаның емес, нақ солардың бағы жанып тұр! Дер кезінде президентке жағатын бастама көтеріп жіберсең, сол сәтте өсесің не билік тарапынан басқаша бір жақсылыққа кенелесің! Жағымпаздық пен көзбояушылық мемлекеттің ресми саясатына айналып қана қоймай, күн көрістің, карьераның басты механизмі ретінде орнықты.Президент құрған жүйенің тағы бір моральдық іргетасы - оның отбасы мүшелерінің мемлекеттік істерге және мемлекеттік меншікке қатысы бар үлкен бизнеске тым белсенді, кей жағдайда тым көзге қораш араласуы деп айтсақ артық болмас. Ол да қоғамның, соның ішінде, елбасының бала-шағасының қатарластарының заңды наразылығын туғызып жүргені рас. Қаттырақ айтайын: жастайынан партия-кеңес номенклатурасында боп, төменнен карьера жасап өскен, өз ортасында өзінің еңбегімен, басқа таланттарымен бәсекелесіп жүріп өскен президентке қолдан жаңа жау тауып, қарсыластары мен сыншыларының қатарын көбейткен де - нақ осы оның отбасының мүшелері! Нәтижесінде әкемізбен жасты президент өз балаларымен жасты біздің ұрпақты өз дұшпаны санап, қудалауға жол берді.Сынықтан басқаның бәрі жұғады, отбасына қатысты осы теріс үрдіс биліктің төменгі деңгейіне де жетіп, қазір эпидемия сипатын ие болды. Ол шенеуніктердің қисыны қарапайым: егер де елбасы өз құдасын не күйеубаласын тайраңдатып қойса, менің және менің туыстарымның қай жері кем?! Саяси арена «бір актердің театрына» айналған елде бәсекеге лайық, әрі еліне танымал болашақ елбасылары қалыптаса ала ма? Міне, гәп сонда!

 

Ұлы таңдау


Шынымды айтсам, мен қазіргі президенттің жағдайын, оны мазалап жүрген құпия ойларды түсінетін сияқтымын.Ол, сөзсіз, тарихта қалғысы келеді. Және де жай ғана қайраткер ретінде емес, елден ерекше әрі қайталанбас, қазақтың тарихында бұрын-соңды болмаған (және де болуы одан кейін болуы да мүмкін емес!) тұлға ретінде қалғысы келеді. Сондықтан да соңғы кезде оның жеке басын дәріптеу үрдісі еселеніп, өкінішке орай, тіпті сорақыланып барады. Елбасына жағынамын деушілер артық қыламын деп, тыртық қылып жатқанын бәрі көріп жатыр. Мойындау керек: Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев, сөзсіз, тарихта қалады! Елге сіңірген еңбегі – бір төбе. Дегенмен, ол осы жылдары еліміздің қолы жете алмаған тұстарға да, елде орын алған кемшіліктерге де жауап береді. Өйткені, біздің мемлекеттік жүйеде ең басты шешімдер тек қана оның құзырында.Билік өз уысында әрі саяси оппозиция өкімет пен кейбір сатқын саясаткерлердің кесірінен әлсіреп қалған қазіргі тұста бізде ішкі және сыртқы саясатқа нақты ықпал ете алатын ең басты саясаткер нақ президент боп отыр. Осыған орай менің президентке айтар екі нақты ұсынысым бар (әрине, менің қояр талаптарым бұлардан гөрі қаттырақ екенін жұрт біледі, бірақ дәл бүгін биліктің не істеп, не қоюға шамасы жететінін алдын-ала сезетін реалист болуымыз керек шығар).Бірінші. Экономика саласында өзін-өзі ұятқа қалдырып келе жатқан олигархтық жүйеден нарықтық заңдарды басшылыққа алатын, сонымен бірге қуатты әлеуметтік мән-мазмұны бар шынайы «халықтық капитализмге» өту жолын осы бастан қарастырып, сол шаруаны өзі бастап кетуі жөн секілді. Қазіргі 2030 не 2050-жылларға арналған стратегияларда мұндай концептуальды бағыт жоқ. Ең бастысы, пайдалы қазбаны сатудан түсіп жатқан қыруар қаржының қызығын қаймана қазақ болашағы бұлдыр 2050-жылы емес, дәл бүгін көре бастауы тиіс! Мұндай қадам, сөзсіз, елде әлеуметтік әділеттікті орнатудың алғышарты болар еді!Екінші. Ел ішінде «Назарбаев кеткен соң өміріміз не болады?» деген әртүрлі әңгіме көп. Оның ішінде «Елбасының орнын кім басады?» деген одан да өткен бір мазасыздық бар. Меніңше, осы әңгімені президент өзі бастап, өзінің қазіргі саяси әрі адами қуаты бар кезінде тиісті алғышарттарын жасап кетуі керек сияқты. Бір нәрсе айқын: Қазақстан экономикасы мен саяси жүйесі дәл бүгінгідей өкілеттігі бар «екінші елбасын» көтере алмайды! Сондықтан да қазіргі президент өзінің уысындағы билік өкілеттіктерін парламент, үкімет, сот арасында қайта үлестіре бастағаны дұрыс болар еді. Бір сөзбен айтқанда, бір адам емес, мәселен, 300 депутаттан тұратын, құрамына қоғамда бар барлық күштер енген мықты парламент Қазақстан болашағының кепілі бола алады!Бір сөзбен айтсам, дәл қазіргі саяси жүйе Назарбаевсыз қызмет ете алмайды! Өйткені біздегі барлық мемлекеттік институттар президенттің жеке басына қызмет ету үшін құрылған. Сондықтан осы тарихи тығырықтан шығудың бір ғана жолы бар: бір адамға ғана бағышталған жартыкеш жүйені өзгерту керек.Ерте ме, кеш пе, ол жүйе өзгеретіні белгілі, себебі кез келген авторитаризм өз түбіне өзі жетеді, оған тарих куә.Сондықтан қазіргі президенттің алдында ұлы таңдау тұр: не сол өзгерістерді ол өзі бастап, өз қолымен жүзеге асырады, не ол өзгерістер оның қатысуынсыз өтеді!Өз басым алғашқысын қалар едім. Өйткені екінші мүмкіндіктің арты қиын болып кетуі әбден мүмкін.Меніңше, қазір қоғамда да, биліктің өз ішінде де алғашқы нұсқаны қолдаушылар баршылық. Сонда ғана Назарбаев секілді шын мәніндегі Патриархтың күзі Қазақстанның аязды қысына емес, жасампаз көктеміне ұласар еді.Бірақ ондай қадамдарға президент өз еркімен бара ма? Әлде ашынған халық билік туралы мәселені онсыз, өзі шешіп тастай ма? Міне, гәп сонда!

Abai.kz

0 пікір