Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Жаңалықтар 557 1 пікір 17 Сәуір, 2024 сағат 19:19

«AMANAT» партиясының арнайы қоры несиеге батқан қазақстандықтардың жағдайын жақсартуға бағытталған

«AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыру жұмысы жалғасуда. Оның негізгі мақсаты – азаматтардың қаржылық сауатын арттыру. Жоба былтыр сәуір айында бастау алғаннан бері 100 мыңнан астам адам оқудан өтті. Енді партиялықтар жеке қосалқы шаруашылықтарды аграрлық кооперативтерге біріктіру арқылы «Қарызсыз қоғам» жобасы түлектерінің табысын арттыруға көмектесуге ниетті.

Сурет: Аманат партиясы баспасөз қызметінен алынды

Осы мақсатта «AMANAT» партиясы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, «Halyk Bank»-тың және «Банк Центр Кредиттің» қолдауымен «Қамқоршы AMANAT» қоры құрылғаны туралы хабарлайды. Тиісті меморандумға бүгін «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахманов, «Halyk Bank» Басқарма төрағасының орынбасары Ертай Салимов және «Банк Центр Кредит» вице-президенті Анастасия Овсянникова қол қойды.

Сурет: Аманат партиясы баспасөз қызметінен алынды

Дәулет Кәрібек «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысушылардың үштен бір бөлігінде екі және одан да көп несиесі бар екенін атап өтті. Сондай-ақ балалары мен немерелерінің қарызын өтеуге мәжбүр зейнеткерлер де кездеседі. Жоба аясында барлығы 100 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Енді олардың табысын жоғарылату міндеті тұр.

«Партияның «Қарызсыз қоғам» жобасы несие қамтын киіп, мұқтаждыққа тап болған азаматтарымызға тікелей әрі нақты қолдау көрсету үшін қолға алынып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл еліміздің барлық өңірінде жобаның екінші кезеңі басталады. Негізгі мақсатымыз – халқымыздың қаржылық сауатын барынша арттыру, сол арқылы азаматтарды қарыздың тұзағынан құтқару», – деді ол.

Сурет: Аманат партиясы баспасөз қызметінен алынды

«Қамқоршы AMANAT» қоры оқу-әдістемелік орталықтардың қаржыландыру көзіне айналады. Аталған орталықтарда тілек білдірушілер теориялық білім алып қана қоймай, ауыл шаруашылығының түрлі бағыты бойынша тәжірибелік дағдыларды игере алады. Қатысушылар үшін тәжірибелі зертханалар мен жобаларды толық жүзеге асыруға қажет барлық құрал қолжетімді болмақ. Бұған қоса, құрылып жатқан кооперативтерге лизингке өндірістік жабдықтар ұсынылып, қайтарымды гранттар беріледі.

Сурет: Аманат партиясы баспасөз қызметінен алынды

«Жамбыл облысы Меркі ауданында «Агросауат» атты алғашқы орталық ашылды. Ауданда ауыл шаруашылығын дамыту әлеуеті жоғары. Тұрғындардың басым көпшілігінде шамамен 10 сотық жер бар. Көбісі бақша егеді, мал өсіреді. Алайда тек 1%-ы ғана ауыл шаруашылығы өнімдерін сатады. «Қамқоршы AMANAT» қоры жеке-қосалқы шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіріп қана қоймай, малды, тұқымды бірыңғай сатып алуға, машина-трактор стансаларын ұйымдастыруға, өнімді сертификаттауға және өткізуге көмек көрсететін, қайта өңдеу жобаларын дамытатын, өнім сақтау қоймаларын салуға ықпал ететін және өзге де жұмыстар жүргізілетін тұтас экожүйе құруға мүмкіндік береді», – деді «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаева.

Сондай-ақ оқу-әдістемелік орталықтар жеке-қосалқы шаруашылықтардың және кооперативтердің қандай тауарлар өндіруі керек екенін анықтау үшін әр ауданның және нақты ауылдың мамандануын анықтауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, «Қарызсыз қоғам» жобасы былтыр 2 мамырда Halyk Bank-тың қолдауымен қанатқақты режимде бастау алды. Сарапшылардың дәрісінен бөлек, жобаға қатысушылар enbek.kz порталына тіркелу және ЖК ашудан бастап, соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу және берешекті өтеу кестесін әзірлеуге дейінгі түрлі сұрақтар бойынша кеңес алады. Сондай-ақ, оқыту барысында қатысушыларға заңгер көмегіне кепілдік беріледі. Олар әр қарыз алушының несие тарихын жеке зерттеп, қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша кеңес береді.

Курсқа жазылу үшін qogamfin.kz. сайтындағы нысанды толтыру қажет. Жобаға қатысушылар күндізгі форматта сауатын арттырып, бір топта 50 адамға дейін оқытылады. Дәрістің ұзақтығы – 5 жұмыс күні.

Abai.kz

1 пікір