Сенбі, 27 Сәуір 2024
Ақмылтық 1959 20 пікір 28 Наурыз, 2024 сағат 13:39

Қазақстанға төнуі мүмкін қауіп қатерлер легі қандай?

Сурет: qazsporttv.kz

Қазақ календары бойынша жылбасы саналатын Наурыз айы да келіп жетті. Еліміздің түпкір‑түпкірі оны жаңаша, биыл ғана қабылданған «Нурызнама» бағдарламасы бойынша салтанатты түрде атап өтті. Ұлыстың ұлы күні он күн бойы тойланып, оның әрбір күні ұлттың салт‑дәстүріне және азаматтық қоғам қалыптастырған құндылықтарға арналды. Наурыз, шын мәнісінде, Қазақстан халқын бір кісідей біріктірген, алыс‑жақынды табыстырған айтулы мерекеге болып тойланды.

Алайда, қоғам өмірі үнемі тек шаттықтан тұратын таусылмас мереке емес. Бізде қоғамда да, мемлекетте де шешілмеген шаруалар әлі де болса шаш етектен десек – шындықтан алыс кетпейміз. Бұрыннан қордаланған сұрақтардан өзге, қолға алынған жаңа мәселелердің өзі оған жанамалатып ондаған жаңа сұрақтарды көлденең тартуда. Содан болар, қоғамның әрбір мүшесі үшін өмір ағыны тым жылдамдап, уақыт сығамдалған кейіпке енгендей күйге көшті. Мұндай кезеңде көп мәселенің аңғарыла бермеуі ғажап емес – ол мәселелер сырғып қана елеусіз қалып, болашақта оның дүмпуі кері әсер етуі әбден мүмкін. Осыны ескере келе, бүгінгі мақалада біз Қазақстан қоғамына төнуі мүмкін қауіптер тізбегін ашық айтып, оларға біршама түсініктемелер бере кетуді жоспарладық.

Сонымен, алдымен қоғамдағы әлеуметтік және мәдени‑идеологиялық мәселелерге назар аударамыз. Қазіргі таңда елді алаңдатып жүрген сұрақтар қатарына мыналарды жатқызар едік:

1. Мемлекет құраушы ұлт – қазақ ұлтының мәдени және рухани тұтастығының әлсіздігі мәселесі.

Бұл, әрине, елдегі ұлттық бірегейліктің дамуымен тығыз байланысты. Алайда, біз айтып жүрген «ұлттық бірегейлік» өздігінен жаңа сипаттағы ұлт қалыптастыруға қауқарсыз. Себебі, «ұлт қалыптастыру» қызметін тек қана мемлекет қана жүзеге асыра алады. Осы бағытта қоғам әлі де мемлекет тарапынан шешуші қадамдарды көре алмауда. Соның нәтижесінде елімізде ұлттық болмысқа төнер қауіп‑қатерлер әлі де жеткілікті болып отыр. Қоғамдық пікірді зерттеу барысында қазақ қоғамының әлі де «мемлекеттігін» сезінбегені, көптеген ішкі және сыртқы оқиғаларға баға беруде қоғамның мәселеге «мемлекеттік мүдде» тұрғысынан келе алмауы, оны талқылауда қоғам мүшелерінің пікірлерінің бір‑біріне қарама‑қайшы болып шығатыны – осыған толық дәлел бола алады. Ендеше, мемлекет билігі осыны үнемі назарда ұстап, қоғамды зерттеуді күшейтуі тиіс, әлемдік тәжірибелерге жүгініп, унитарлы мемлекетке сай келетін ұлттық тұтастықты қолға жедел алуымыз керек деп санаймыз;

2. Ұлтаралық шиеленісті болдырмаудың алдын алып отыру.

Қазақстан халқы бұрыннан көпұлттлық жағдайда өмір сүріп келді. Тәуелсіздіктен кейін, тарихи жағдайларға байланысты еліміздің ұлттық құрамы табиғи екшеуден өтті – көптеген ұлт өкілдері өздерінің түпкі отандарына оралды. Қазақ халқы тұңғыш рет араға ғасырлар салып өз елінде көпшілікке айналды. Әрине, қазақтар сол замандардан бері ұлтаралық толеранттылықтың үлкен тәжірибесінен өтті. Оған қазақ халқының ежелден қалыптасқан «жан‑жағына ашық» көзқарастағы ұлттық дүниетанымы мен салт‑дәстүрлері ықпалын тигізді. Алайда, сонымен қатар, бодандық заманында қазақ ұлтында «мемлекет құрушы ұлт» ретіндегі тәжірибе жинақталмады. Ал, енді «мемлекеттік жауапкершілік» ұлт иығына артылған заман тәуелсіздікпен бірге келді... Шынын атсақ, ұлт оған дайын болмай шықты: ұлттың өз мүддесін мемлекеттік деңгейге көтере алмауы, әр мәселені локалды сипатта ғана шешуге ұмтылысы, өңірлер дамуының синкреттілігінің сақталмауы, онда «өңірлік эгоизмнің» көрініс беруі, ұлттық байлыққа тұтас иелік ете алмауы – еліміздегі барлық этностарды қазақтың ұлттық мәдениеті мен руханияты төңірегіне топтастыруға, қазақ мәдениетінің өзгелерді өзіне сіңіруге қауқарсыз қалуынан орын алды. Оның «көшірмесін» тіл мәселесінде де байқауға болады. Мұның барлығын ұлтаралық қатынаста татулық пен бірізділіктің болуына төнетін астарлы қауіп деп санауға болады. Ендеше, алдағы жылда мемлекет билігі осы мәселені үнемі назарда ұстағаны жөн;

3. Ұлттық болмыс эклектизмі, немесе, болмыстан ажырау қаупі.

Бұл сұрақ жоғарыдағы сұрақтармен тығыз байланысты және ондағы мәселелердің көпшілігі сол сұрақтардың дер кезінде анықталып, шешімін таппағанынан туындап жататыны анық. Дегенмен, «ұлт болмысының тұтастығы» мәселесі мемлекеттік биліктің бар деңгейінде үнемі қарастырылып, күнделікті атқарылатын іс‑шаралар қатарында тұратын мәселе дер едім. Себебі, бұл мәселе Әл Фараби бабамыздың тілімен айтқанда «потенциалды интеллектіні» сатылы түрде дамытып, оны «әрекетшіл интеллект» деңгейіне жеткізу мәселесі. Яғни, қарапайым тілмен айтсақ, бұл – жаңа туған сәби тәрбиесінен бастап, азаматтарды «ел басқарушы тұлғалар» деңгейіне көтеру мәселесін қамтиды. Енді, осылардың әр буынына назар салсақ, онда бала тәрбиесінде де, мектеп тәрбиесінде де, отбасылық тәрбиеде де, азамттық тәрбиеде де өзара сабақтастықтың жоқтығын көреміз. Бала – балалығымен жүр, дана – даналығымен жүр. Екеуі бір‑бірін танымайды десе болады.  Олай болса, бізде баланы тұлға ретінде қабылдау, немесе, баланың болашақ тұлғалық бейнесін көре алу қалай дамымаған болса,  ел азаматтарының да іскерлік қабілеті, ойлау қарымы, қарым‑қатынас мәдениеті де «мемлекеттік мүдде» деп аталатын арнада тоғыспаған. Осындай бей‑берекеттілік мемлекеттік деңгейде «кадрлық эклектизмге» жол ашып, көп мәселелер шешілмей жатыр. Кейде, мұнда тіптен мемлекет мүддесіне қауіпті қадамдар да орын алып жатады. Соның бірі, күні кеше ғана көтерілген «Елтаңба мәселесінде» анық көрінді. Елтаңбаны сынаушылар өз сынын дәйекті ете алмады, ал, жақтаушылар – әзірге Елтаңбаның көрнектілігін алға тартып қарсылық танытуда. Алайда, жақтаушы жақ әлі де Елтаңбаның ұлттық болмысқа қандай себептермен сай келетінін мәдени, рухани, тарихи және қазіргі заман тұрғысынан өткір дәлелдеп бере алмай отыр. Мұнда да қоғам пікірі эклектикалық сипатқа ие болып бара жатыр. Ендеше, мемлекетте қоғам пікіріне жік салатындай ұсыныстар әуелі «қоғамдық пікірді талқысына» салынуы керектігі анық болды. Ұлттық болмысты біртұтастандырудың  ең зайырлы тетіктерінің бірі осы – ұлтпен ақылдасып, оған өзінің ұлт екенін үнемі сездіріп отыру керек! Бұл зайырлы мемлекеттіліктің белгісі, оның ең басты демократиялық құндылығы.

Әбдірашит Бәкірұлы

(жалғасы бар)

Abai.kz

20 пікір