Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2786 0 пікір 4 Қараша, 2013 сағат 10:31

Интернет-конференция. Рақым Айыпұлы

Реке, «Атажұртты бетке алып көш келеді» атты кітабыңыздағы өте құнды көзқарас-пікірге толы жазбаларыңызды оқып, ұлттық рухыңызға тәнті болдым! Енді мына бір сауалдарға ой қоссаңыз? Осы жолғы көші-қон заңына енген өзгерістерді "халық қалаулылары" қолдағанмен, Елбасымыз кері қайтаруы мүмкін.

Реке, «Атажұртты бетке алып көш келеді» атты кітабыңыздағы өте құнды көзқарас-пікірге толы жазбаларыңызды оқып, ұлттық рухыңызға тәнті болдым! Енді мына бір сауалдарға ой қоссаңыз? Осы жолғы көші-қон заңына енген өзгерістерді "халық қалаулылары" қолдағанмен, Елбасымыз кері қайтаруы мүмкін. Сол арқылы ол кісі тағыда бір рет бедел жинау науқанын бастайма деген ойдамын. Бұл жөніндегі ойыңыз қалай? 2."Нұротан" үшін жанын қия, белсенді еңбек сіңірген Аслан Мусин мен Бақытжан Жұмағұловтың осы жолғы Нұршылдардың құрылтайынан шеттетілуінің себебін қалай түсінеміз? Бекқожа Жылқыбекұлы

-Мен сіз сияқты Елбасы аталған заң жобасын кері қайтарады деп үміттенемін. Қалай деген күнде де Қазақстан Президенті көші–қон саясатын 20 жылдан аса табанды жүргізіп келді емес пе. Ойланбай жасаған осы бір қадам арқылы бір-ақ күнде барлығын сызып тастамайтын шығар. Екінші сұрағыңызға нақты жауап бере алмаймын. Себебі мен «Нұр отан» партиясының мүшесі емеспін. Аталған партиядағы кадрлық өзгерістер сол партияның ішкі мәселесі болып табылады.

– Бұл заң қандай заң өз көзіңмен көрдіңізбе?

-Аталған заң жобасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  деп аталады. Сол заң  жобасында   ҚР «Азаматтық туралы» заңы:16. бапының 1) тармақшасында ҚР аумағында заңды түрде кемінде 5 жыл тұрақты тұрған, немесе ҚР азамттарымен кемінде 3 жыл некеде тұрған оралмандар ғана ҚР азаматтығын алатындығы айтылған. Ал,ҚР «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 23 бапының 1) тармақшасына енгізілген өзгерістерге сәйкес тек «ҚР Үкіметі орамландарға қолайлы деп белгілеп берген аймақтарға қоныстанған этникалық қазақтар ҚР-да тұрақты тұруға рұқсат аларда «төлем қабілетін растаудан босатылады»-деп жазылған. Демек, егер аталған өзгертулер шынымен қолданысқа енетін болса, бұдан былай елге оралған қандастарымыз ҚР Үкіметі орамландарға қолайлы деп белгілеп берген аймақтарға ғана қоныстануға мәжбүр. Заң жобасында бұдан басқа да елге оралған этникалық қазақтардың құқығын шектейтін өзгерістер жетіп артылады.

–       Рақым аға барша қазақты екіге жарған бұл заңға Президент қол қойса онда қазақ елін аңсайтын шеттегі қазақтың күні қараң болары хақ, сіз бұл ұлтқа жасалған қауіптің бетін қалай қайтаруға болады деп ойлайсыз?

-         Ең басты үміт Елбасында. Егер елдегі ақпарат ағынына зер салып отырған болсаңыз, аталған заң жобасы Сенатта қаралғалы бері ұлттық бірлікке қатер төндіретін мұндай кереғарлыққа ұлтымыздың бетке ұстар зиялыларынан бастап, тұтас ұлт болып қарсы болуда. Себебі, бұл тек оралмандардың ғана мәселесі емес, бұл біртіндеп қалыптасып  келе жатқан ұлттық мемлекетіміздің болашағымен тікелей қатысты мәселе.Сондықтан мұндай ауқымды мәселеге мемлекет басшысы бейжәй қарамайды деп үміттенемін.

–       Құрметті Айып мырза!

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап АТАЖҰРТҚА қайтуды аңсаған ҚАЗАҚТЫ оралтуға бар ынтасымен, жар құлағы жастыққа тимей атсалысқан Қазақтардың Дүниежүзілік Қауымдастығының бірінші орынбасары Қалдарбек Найманбаев ағамыздың кезіндегі басталған жұмыстары қазіргі кезде одан әрі өз жалғасын табуда ма (Квота бөлдіру, Кіші құрылтай, оралмандарды жоғары оқу орындарына тегін оқыту, т.б.)?

 – Қауымдастықты басқаруға Қалдарбек ағамыздай төраға бола алатын адам қазіргі ҚАЗАҚ қоғамында бар ма? Болса кімді көрсете алар едіңіз (тек лексиконында "Ұрғаным бар" сөзі кездеспесе дұрыс болар еді)?

– Қазақстан Халықтарының Ассамблеясына деген көзқарасыңыз қалай? Меніңше сол Ассамблеяға бөлінетін қаражатты шетелдегі ҚАЗАҚТАРДЫ оралтуға жұмсаса, Қазақ қоғамы көп нәрседен ұтатын еді (1.Тіл, 2.Дін, 3.Демография, т.б.)

 – Шетелдегі жоғары квалификациялы ДӘРІГЕР,ҒАЛЫМ,СПОРТСМЕН,ЖАЗУШЫ т.б. ҰЛТЫ ҚАЗАҚ азаматтарымызға "АЗАМАТТЫҚТЫ" бірден беру мәселесі шешілсе, қатарымыз шамамен қанша адамға толығар еді деп ойлайсыз?

 – Қазақтарды АТАЖҰРТҚА тезірек қайтарудың көкейіңізде жүрген тағы басқа да қандай механизмдері бар деп ойлайсыз(ҮНДЕУ тастау)?

 Ізгі ниетпен, қайтҚАЗАҚ бауырыңыз.

–       Өкінішке қарай, өз басым Дүниежүзі Қазақтары Қауымдастығының қазіргі жұмысы екі деген бағаға лайық дер едім. Марқұм Қалдарбек Найманбаев ағамыз елге оралған және оралмаған қандастардың қамы үшін аянбай тер төгіп еді. Ол кісіні ерекше бағалап құрметтейтін Қабдеш Жүмаділов ағам «Қауымдасқан қазақтың Қалдарбегі» деп атаушы еді. Ол кезде басы ауырып, балтыры сыздаған ағайын аталған ұйымның алдын босатпайтын. Бүгінгі күнде Қауымдастық ғимаратының қаңғырап қаңқасы ғана қалғандай әсерге бөленесің. Қасынан өткен сайын өткен күндер еске оралып жүрегім сыздап кетеді.

    Екінші сұрағыңызға байланысты айтарым, біздің қазақ өте дарынды халық. Бір Қауымдастық емес мемлектті басқаруға қабілеті қаптал жететін тұлғалар жетіп артылады. Әсіресе, 30 бен 40-тың айналасындағы іні-қарындастарыма үлкен үмітпен қараймын. Отаршылдық санадан ада, еркін ойлайтын бізден кейінгі буын өкілдерінің арасында өз ұлтын шексіз сүйетін, ел сенімін ақтайтын ондай тұлғалар жетіп артылады.

    Қазақстан Халықтары Ассамблеясы хақындағы менің жеке көзқарасым -мәселе Ассамблеяның құрылғандығында және оған мемлекет тарабынан қанша қаржы бөлінгендігінде емес. Ұлтаралық татулық пен ел тыныштығы жолында жұмсалған қаржыда арман жоқ қой! Гәп, оның қоғамдық ұйым ретіндегі мәртебесі мен құзіретінде болып тұр. Біз әлемде жоқ жаңалық ашып, жеке бір қоғамдық ұйым туралы заң қабылдадық. Ата заң мен заңдарға сәйкес барлық қоғамдық ұйымдардың мәртебесі тең болуға тиіс. Ешбіріне ешқандай да артықшылықтар берілмеуі керек. Бірақ, Қазақстан Халықтары Ассамблеясына Парламент сайлауында екі қайтара дауыс беру құқығы беріліп отыр. Осыдан кейін түсінбестік туындайды. Үй ішінен үй тігудің қажеті қанша дегендей. Әрине, қазақ көші Ассамблеяның ақшасына қарап қалған жоқ. Бұл екеуінің мүддесін бір-біріне қарсы қоюға болмайды.

  Шетелдердегі жоғары санаттағы этникалық қазақ мамандарын елге шақыру айрықша маңызды жұмыс. Оларды елге тартуды қазақ көшінің қалың нөпірімен қабаттастыра жүргізген тиімді. Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды дейді біздің қазақ. Оның үстіне, олар да қарға тамырлы қазақтың балалары. Ауыл-аймағы, туыс –туған, жұрат - жегжаттары бар дегендей. Оларды ел-жұртынан бөле-жарып арнаулы жағдай жасаудан қазақ көші ұтылмаса, ұтпайды. Ал, олардың қарым қабілетін ел мүддесі жолында тиімді пайдалану бұл мүлде бөлек әңгіме.

   Өз қандастарын елге шақырудың дайын тәжиірбесін Израил мен Германиядан үйренуге әбден болар еді. Тек осы бағытта табанды саясат жүргізе алсақ. Ондай саясаттың жемісі тек ұлттың демографиялық өсімі ғана емес, ұлттық экономикамызға да тың серпін әкелер еді. Мысалы, Өзбекстан, Қытай және Моңғолия қазақтары ауылшаруашылығына жан бітіріп, қаңыраған қазақ ауылдарының тамырына қан жүгіртер еді. Сенбесеңіз мына бір ресми дерекке жүгініп көрелік. Іргедегі көршіміз Қытайдың Шынжаң аймағында  табиғи жайылым аумағы 48 милион гектар ғана, яғни, бізбен салыстырғанда төрт есеге жуық аз. Соған қарамастан, 2011 жылдың  маусым айындағы мал басы 57 милион 990 мың бас, жыл соңында қолда қалатын мал басы 36 милион 970 мың басты құраған. Осы жылғы өндірілген еттің мөлшері 1 милион 990мың тонна. Бір қуанарлығы осы мал және мал өнімдерінің басым көпшілігін сол жақтағы өз қандастарымыз бағып өсіреді әрі өндіреді. Міне сол сияқты төрт түлігін мыңғыртқан Моңғолиядағы қазақтар, бақшасын жайқалтып, барды ұқсата білетін Өзбектегі ағайындар елге қосылса құт болар еді.

    Салыстыру үшін айтар болсақ еліміздің тәбиғи жайылымы 189 млн гектардан асады екен. Өткенде , Парламенттік тыңдауда баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің дерегіне жүгінсек,өткен жылдың өзінде  сиыр етін өндіру көрсеткіші 373,5 мың тоннаны, қой етін өндіру 153,8 мың тоннаны, шошқа етін өндіру 192,7 мың тоннаны, жылқы етін өндіру 85,1 мың тоннаны, құс етін өндіру 123,1 мың тоннаны, сүт өндіру 4 миллион 851,6 мың тоннаны ғана құраған. Қытайдың жаз жайлауы, қыс қыстауы жалғасып жатқан бір өлкесінің тәбиғи жайылым аумағы мен өндірілген өнімнің салыстырмасына қарап жылайсың ба, күлесің бе?!

                                              (Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір