Дүйсенбі, 21 Қазан 2019
Жаңалықтар 1543 0 пікір 28 Тамыз, 2013 сағат 12:20

Саясатнама

«Ағаш атты» ерттеп мінудің тауқыметі немесе танымал саясаткер болу yшiн 55 млн тенге керек

«Өз елімнің басы болмасам да, сайының тасы болайын»... Бұл –кешегіден қалған пәлса­палық ой. Ал бүгін ше? Бүгін ешкімнің де қатқан қара тас болғысы келмейді. Кез келген жеткіншек халықтың көз ал­дын­да жүретін танымал тұлға болуды армандайды. Әу дейтіндей даусы жоқтар әншіге, бетінің қызылы барлар журна­лиске, енді біреулері биші, сықақшы, суретшіге айналып шыға келетін кезеңде саясат әлемінде бағын сынап, саясат­кер болып танылу қаншалықты қиын? Біз осы сауалдың жібін иіріп көрелікші...

Кәсіби саясаткер болу үшін...

«Ағаш атты» ерттеп мінудің тауқыметі немесе танымал саясаткер болу yшiн 55 млн тенге керек

«Өз елімнің басы болмасам да, сайының тасы болайын»... Бұл –кешегіден қалған пәлса­палық ой. Ал бүгін ше? Бүгін ешкімнің де қатқан қара тас болғысы келмейді. Кез келген жеткіншек халықтың көз ал­дын­да жүретін танымал тұлға болуды армандайды. Әу дейтіндей даусы жоқтар әншіге, бетінің қызылы барлар журна­лиске, енді біреулері биші, сықақшы, суретшіге айналып шыға келетін кезеңде саясат әлемінде бағын сынап, саясат­кер болып танылу қаншалықты қиын? Біз осы сауалдың жібін иіріп көрелікші...

Кәсіби саясаткер болу үшін...

«Саясат – ағаш ат» деп жатамыз... Сол ағаш атты ерттеп міну үшін туабітті талант қажет екенін жоққа шығара алмаспыз. Бірақ ешкім де саясаткердің шекпенін талантымен кие салмайды. «Өз үйінде сызу сызбаған адам сыртқа шыға сала ою оюы да мүмкін емес. Демек, белгісіз тұлға саясаткерге айналуы үшін, ең алдымен, интеллектуалды білімі, қоғамға деген өзіндік көзқарасы, түр-тұрпатында тар­тым­дылығы, халықтың алдында сөз жұптар­лық шешендігі болуы міндетті... Сая­саткер дегеніміздің өзі нақты саяси идеологияны басшылыққа ала отырып қоғамдық шешім қабылдайтын кәсіп иесі болғандықтан, бұл саланы үлкен нарық деп білгеніміз жөн. Белгілі саяси экономист М.Вебер де бұл саланы кәсіп ретінде қарас­тырып, «кездейсоқ», «жұмысына қо­сым­ша», «кәсіби саясаткер» деп үш түрге бөліпті. Бізге керегі – кәсіби саясаткер...

Кәсіби саясаткер болу үшін не істеу керектігіне зер салалық...

Біріншіден, белгілі бір саяси идеяның болуы міндетті. Екіншіден, сол идеяны жүзеге асыратын адамды тауып, оны тұлғаға айналдырар жолдар қарастырылады...

Бұл орайда саяси дұрыс қадам жасауды үйрететін политехнологтер, киім-киісі мен жүріс-тұрысын реттейтін имиджмей­кер­лер, халық алдындағы сөзін жазып беретін спичрайтерлер, саяси нарықты бағамдап отыратын саяси маркетологтер­дің жұмысы іске қосылады.

Елнұр Бейсенбай, саясаттанушы:

 – Бір адам көптеген жылдар бойы қоғамдық істерге үн қосу арқылы танымал саясаткер бола алмай жүріп, бір-ақ күнде лауазымды қызметке тағайындала қалуы мүмкін. Біздің халық осындай адамдарды танымал саяси тұлғаға айналды деп ой­лай­ды. Бұл дұрыс емес. Саясаткер қоғам­дық істердің, бастамалардың басында жү­ріп танылуы тиіс. Ал мемлекеттік қызметте жүрген­нің бәрі – саясаткер емес, шенеунік­тер. Олар биліктің тапсырмасын орындай­тын – атқарушы менеджерлер. Осыны бө­ліп ажырата білгеніміз жөн. Десе де, ше­неу­нік бола тұра, мемлекетке жаны аши­тын, қоғамдық істердің басы-қасында жүретін саясаткерге айналуына болады. Бұл – бір. Екіншіден, белгісіз адамның сая­си сахнаға шығуына, танылуына түрлі сай­лау­лар көп мүмкіндік туғызады. Бізде көп­те­ген саясаткерлеріміз бүкіл халық ат­са­лысатын президенттік, депутаттық сай­лау кезінде танымалдыққа ие болып жата­ды. Ол кезде тұлғалық тегін жарнама жа­сау­ға мүмкіндік мол.

Маркетингінің мүмкіндігі қандай?

Енді бір мамандар сайлау күнде болмайтындықтан, танымал саясаткерге айналу үшін тек халықтық сайлауды күтіп отыру нәтиже бермейтінін айтады. Олар­дың пікіріне сүйенсек, танымал саясаткер болудың басты жолы идеяның өтімділігі екен. Бұл жерде саяси маркетингіге (ағыл. market – базар, нарық) баса мән беріледі. Саяси маркетинг қызметі қымбат болғаны­мен, саясат субъектілерінің белсенділігін арттыратын тиімді құрал екені рас. Өйткені бұл сала саяси жағдайды зерттеуге, саяси конъюнктура туралы ақпарат жинауға, субъектілердің шынайы мүмкіндіктерін есепке ала отырып саяси акцияларды жоспарлауға жол ашып береді.

Айдос Сарым, саясаттанушы:

– Кез келген азамат саясатқа келген кез­де белгісіз адам болатыны белгілі. Ол аза­мат түрлі саяси технологиялар, қо­ғам­дық белсенділігі, баспасөз құрал­дары арқылы өзін-өзі танытады. Бүгінгі кезеңде беймә­лім адамның атының ха­лық­қа тез танылуын әлеуметтік желілер жеңілдетіп отыр. Интернеттің пайда болуының арқасында бір минуттың ішінде бүкіл елге белгілі бола ала­сыз. Ғаламтордың аясының кеңуі сая­сат­ты да, саясатқа кірудің технологияларын да демократияландырып жатқанын мо­йын­дауымыз қажет. Десек те, осындай кезде біз саяси нарықтың қажеттілігін толығымен игере алып отырған жоқпыз.

Рас. Саясаткер болу тек мұнымен шек­телмейтіні белгілі. Саяси акциялар, түрлі шаралардың шығынын есептеп әуре болмай, осы бір бес саладан шыққан есебімізді ғана түйіндесек, 55 млн теңгенің төбесі көрінеді екен.

Логикалық есеп

Танымал саясаткер болу үшін кемінде 55 млн (шамамен 366 мың доллар) теңге қажет

Мамандар белгісіз бір азаматты бес жылда та­ны­­мал саясаткерге айнал­дыруға болатынын айтады. Осы бес жылда бұл жо­баға қанша қаржы жұм­салуы мүмкін. Ло­ги­калық есеп жасап көрелік.

1. 5 жылда 60 ай бар. Ол азаматтың жалақысы 200 мың теңге деп алсақ, 60 ай ішінде 12 млн тең­генің құлағы қалқаяды екен.

2. Саясаткердің имид­жін қалыптастыра­тын тұ­рақты имиджмей­кер жұ­мыс жасайды. Оның айлық жа­лақысы кемі – 100 мың теңге. Осы соманы бес жыл­­­дың 60 айына шақса­ңыз, 6 млн болады.

3. Қазір танымал поли­тех­нологтердің бір кон­суль­тациясы 2 мың мен 4 мың доллар көле­мінде. Орташа есебі – 3 мың дол­лар. Яғни 450 мың теңге. Сіз­дің болашақ саясаткері­ңіз жылына кемінде алты рет консульта­ция алса, бес жылда 30 рет политехно­лог­ке жүгінеді деген сөз. Енді осы 30-ды 450 мыңға көбейтіңіз. 13 млн 500 мың теңге көз алдыңызда күлімдеп тұрады.

4. Спичрайтерлікпен бір маман айналысса, оның жалақысы да 100 мың теңгеге бағаланса, бес жыл­дың 60 айына 6 млн теңге төлеуге міндет­тісіз.

5. Саясаткеріңіз саяси жарнама үшін айына кемі бес мәрте республикалық басылымдарға, әлеумет­тік желілерге мақала жазып, телеарналар мен радио­лар­ға сұхбат беруі тиіс. Мұ­ның көпшілігі тегін жү­зеге аса­тыны белгілі. Бір­ақ респуб­ли­калық газеттерде бір жарнама­лық мақала­ның 1 миллионға, телеар­на­­лар­дың 5 мину­ты 2,5 миллион­ға бағаланатынын ес­кер­­сек, аталған бес мәрте­лік қадам үшін 17 млн 500 мың теңге жұм­салады екен.

Түйін

Саясаткердің имиджін қалыптастыру технологиялары біз айтқан жайттармен түгесіліп қалмасы белгілі. Біз жасаған есеп те, нақты бір тұлғаның танымал болуына жеткілікті қаржыны айқындап отыр дей алмаймыз. Тек ұлттың жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын саясаткер болудың оңай еместігін айтқымыз келген болатын.

 

Қанат БІРЛІКҰЛЫ


 

Саяси нарық

Спикерлік индустрия бізге қашан келеді?

Тақтан түссе де, аттан түспеген әр саясаткер­дің сөзінің дуасы кетпейді, саяси салмағы кемімейді, егер өз қаді­рін сақтаса... Өркениетті елдер­де саясат­керлер­дің «нарық­тық құны» болады. Мәселен, лауазымымен қош айтысқан саясаткерлер­дің елге берері, айтар тағылы­мы мол, сон­дық­тан ірі ком­паниялар көпті көрген сақа сая­сат­кердің айтқан сөзі­не, берер дәрісіне қыруар ақша төлейді. Сая­сат сахнасындағы осын­дай нарықты «спи­кер­­лік индустрия» дейді, жалпақ тілмен айтсақ, «шешендік индустрия­сы». Бұл ділмарлық индустрия біз түгіл, Ресейдің өзінде әлі құлашын кеңге жая қойған жоқ. Дегенмен уақыт өте келе, мұндай нарықтың ауылы біздің елімізге алыс болмас. 

Немістің FOCUS басылымы аузы дуа­лы саясаткерлердің дәрістерінің құнын шы­ғарған екен. Неміс саясаткерлері фран­цуздық және америкалық саясаткер­лер­ден аз табатын болып шықты. Мы­салы, Германияның экс-канцлері Г.Шре­дер­дің дәрісі 50 мың евродан 75 мың евроға дейін барады екен. Дегенмен не­містерді аузына қаратқан Герхард Шре­дер шетелдік әріптестерімен тайталаса ал­майды екен. Мәселен, Ұлыбритания экс-премьері Тони Блэрдің бәсі 200 мың евродан басталса, 250 мың доллардан кем бағаға қызмет етпейтін Николя Саркози еуропалық нарықта көш бастап тұр. Оған осындай үлкен соманы амери­калық Morgan Stanley банкі санап берген екен. Германияның қазіргі канцлері Ангела Меркельдің қызмет құны 60-80 мың евроға жетеді. Жалпы, саясаткер­лердің сөзақысы АҚШ-та жоғары баға­ла­нады. Сөзінің нарқы жағынан АҚШ-тың экс-президенті Билл Клинтон алдына жан салмайды. Минутына 5555 доллар табатын Билл Клинтонның кесімді бағасы – 390 мың евро. Билл Клинтон 2001 жылы президенттік лауазымынан кет­келі бері сөз сөйлеп, дәріс оқудан 89 млн доллар тапқан екен. КСРО-ның бірін­ші және соңғы президенті Михаил Гор­бачев­тің сөзақысы 100 мың евроға жетіп жығылады.

 

Ділмарлар нарығы

АҚШ-тың экс-президенті Билл Клинтонның сөз ақысы –390 мың евро.

Францияның экс-президенті Николя Саркозидің сөз ақысы – 250 мың евро.

Ұлыбританияның экс-премьері Тони Блэрдің сөз ақысы – 200 мың евро.
КСРО-ның бірінші және соңғы президенті Михаил Гобачевтің сөз ақысы – 100 мың евро.
Германияның экс-канцлері Герхард Шредердің сөз ақысы – 50-75 мың евро.


 

Партия құруға қанша қаражат қажет?

Тәуелсіздіктен бергі 20 жылдан астам уақыттың ішінде Қазақстанда талай партия құрылып, талайы «дү­­ние салып» жатса, бірқа­тары бі­рігіп еңбектену жолын таңдады. Кей­бірі идеялық тоқыраудан дағда­рыс­қа тап болса, ендігісі кадрлік ре­зерв­­тің жұтаңды­ғы­нан, азаматтық бел­­сенді­ліктің болмауы­нан, енді бірі қар­­жылық қиын­дық­тардың сал­да­ры­нан бәсекеге төтеп бере алмай, бір­жола жоға­лып кетті. Қазірдің өзінд­е іс ба­рысын­дағы партиялар­дың ба­­сым көпшілігі пассив дең­­­гейде жұ­мыс жасап жатыр.

Саяси ортада «өлі партияны тірілтуден гөрі жа­ңа партия жасақтап, жаңа идеяның атын қам­шылау тиімді болады» деген тұжырым бар. Алай­да партия жасақтаудың жүгі – алпыс бат­пан.

Жалпы, Қазақстанда партия жасақтау үшін оның 10 адамнан тұратын бастамашыл тобы жә­не республика бойынша 50 мыңнан кем бол­май­тын жалпы мүшелері болуы керек. Сонымен қатар елдің әр аймақтарында филиалдар ашы­лып, әрбірінің құрамында кемі 800-1000 адам­нан болуы қажет. Бұл – заңдық талап. Сонымен қа­тар партияның алғашқы үгіт-насихат жұмыста­рына қыруар қаржы мен қажырлы еңбек қажет болатыны айтпаса да түсінікті. Ал алғашқы белестен өтіп, тіркеліп, Парламент қатарынан аз да болса мандатқа ие болған партияны Үкімет қаржыландыра бастайды. Үкіметтен бөлінетін қаржының көлемі партияның Парламент сайла­уында жинаған даусының пайызына байланыс­ты. Партияны жаңадан жасақтау қанша қиын бол­са, оны ұстап тұру, ісін өрге домалату да оңай емес. Көп жағдайда қаржылық қиындықтар қол­байлау болатыны түсінікті. Біз партияның қолы­на Үкіметтен немесе демеушілерден бөлек, мү­шелік жарна арқылы түсетін қаржыға есептік шолу жасаған едік.

Партия туралы логикалық есеп-қисап

Биліктің негізгі партиясы болып отырған «Нұр Отанға» бөлек есеп қажет екені анық. Дәл қазір біз өзге партиялардың жағдайын шамамен есепке салып көрсек деп едік. Қазақстан заңна­ма­сы бойынша тіркеуге отырушы партияның қатарында 50 мың адам мүшелікте болу керек. Қазақстандағы тоғыз партияның арасынан ресми тіркеудегі мүшелерінің саны ең азы Қазақстан коммунистік халықтық партиясына 54 мың адам тиесілі. Көптігі жағынан «Нұр Отаннан» кейін «Ақ жол» тұр – 175 мың адам, одан соң «Патриот­тар» партиясы – 172 мың. Орта есеппен алғанда, әр партияда 90 мың адамнан бар. Кез келген пар­тияда мүшелік жарна деген болады. Партия қата­рына өткен қазақстандықтар партияның сая­сатын дамыту үшін, ұранын іске асыру үшін өз қалтасынан ақша шығарады. Ең төменгі жар­на 500 теңгені құрайтын болып шықты. 90 мың мүшесі бар партияның мүшелік жарнадан бір жыл­да жинайтын қаржысы 45 млн теңге болуы ке­рек екен. Алайда мүшелік жарнаны төлеу ерік­ті түрде жүзеге асырылады. Яғни партия мүшесі оны төлемеймін десе де өз еркі. Шындығына кел­генде, партиялық жарнаның 50 пайыздайы жиналса да, жақсы көрсеткіш болар еді. Алайда кейбір партия қызметкерлерінің айтуынша, 50 пайызы да жиналмайды. Дегенмен біз осы 50 пайыз көрсеткіш бойынша есепке салып көрсек, жылына 22-23 миллион теңге шығады екен. Партияның ісін өрге домалату үшін бұл көп ақша ма, партияның саясатын халыққа жеткізу жолын­да түрлі шаралар жасауға 22 миллион теңгеге не істеуге болады?

Партияның жарнасы екі көлік алуға немесе 1 шақырым жол салуға ғана жетеді

Миллион деген аты болмаса, теңге жүзіндегі бұл ақшаның валюталық құны үлкен емес екені анық. Долларға шаққанда 150 мың АҚШ валю­тасы шығады. Бұл ақша мемлекеттік тапсырыспен екі көлік алуға ғана жетер еді. Ал Алматы қаласы әкімшілігінің есебіне салсақ, бұл ақша бір шақырым жол салуға ғана жетеді. Яғни партия мү­шелері патриоттық танытып, парызын орын­дап, жылдық жарнасын адал жинап берген ақша­ға бір шақырым ғана жол салуға болады. Әрине, біздің партиялар жол салып жатқан жоқ, ендеше, бұл ақшаны қайда, қалай жұмсап жатыр, оны да редакциямыздың есебіне салып көрелік. Кез келген партияның республикамыз­дың әр аймақтарында филиалдары болады. Демек, республика бойынша 14 өкілдік бар. Оның біреуі – негізгі орталық. Орталық бөлім­ше­де 20 шақты қызметкер бар. Партия басшысы, орын­басар­лары, хатшы, бірнеше заңгер мен есеп­ші, ең ақыры еден жуушы. Ал аймақтағы бө­лім­шелерде орта есеппен бес қызметкерден болуы керек. Яғни жалпы есепте бір партияның барлық кеңселерінде жалпы саны 80-100-ге жуық адам тұрақты жұмыс жасайды. Барлық қызметкерлер­дің орташа жалақысын 80 мың деп алайық. Сонда оларға төленетін жалақының жалпы есебі 1 миллион теңге көлемінде болады. Жылына 12 миллион теңге. Яғни мүшелік жар­на­дан жиналған 22 миллион теңгенің 12 мил­лионы жалақы есебінде төленді. Ар жағында 10 млн теңге (65 мың доллар) қалды. Оның біршамасы бөлімше­лер орналасқан кеңселерді жалға алуға төленеді. Яғни партия өз саясатын ілгері жылжыту үшін демеушілердің көмегіне жүгінуге мәжбүр.

Ал Парламент қатарына өткен партиялардың жағдайы дәл осындай мүшкіл деп айта алмаймыз. Себебі ол партияларға Үкіметтен төленетін қара­жат тым болмаса қызметкерлерді ұстап тұруға жететіні жоғарыда айтылды.

Әрине, мүшелерінің саны бойынша да, билік­тегі деңгейі бойынша да «НұрОтан» пар­тия­сын өзгелермен салыстыруға келмейді. Ресми есеп бойынша, «Нұр Отан» ХДП қатарында 900 000 адам бар. Соның 50 пайызы мү­шелік жарна төлейтін болса, 225 миллион теңге бо­лар еді.

Партияны жасақтау, оған қолдаушы элек­торат қалыптастыру, демеушілер мен қаржы көз­дерін іздеп, партияны ұстап тұру мәселесі жөнін­де саясаткерлердің жеке пікірін де білген едік. Сарапшыларымыздың бірі – партияны тіркеу мә­селесінің машақатын сезініп жүрсе, екіншісі тәуел­сіз Қазақстанның партиялар тарихына шолу жасаумен болған.

 

Мамандар пайымы

Мэлс Елеусізов, эколог:

– Шындығына келгенде, партиямызды құра алмаудың негізгі себебі халықтың көңіл күйі болған жоқ. Яғни партия құру үшін қажетті талаптардың барлығын орындай алма­дық, қол жинау қиын болды. Алайда үмітіміз өшкен жоқ. Елімізде экология мәселесінің маңызды екендігі жиі айтыла бастады. Халық түсіне бастады. Оның үстіне «EXPO 2017» көрмесінің Қазақ­станда өткізілуі экологиялық тақы­рып­ты одан ары пы­сық­тап жатыр. Партия құру үшін сенімді демеушілердің болғаны дұрыс. Себебі партияны құрғаннан кейін де оның жұмыстарын ілгері домалату үшін қыруар қаржы, қыруар еңбек қажет. Соған қарамастан, Қазақстан­ның саяси нарығындағы мүмкіндіктерді, партиялық мүм­кін­діктерді жоғары бағалаймын. Біздегі партиялар Парла­ментке өтіп, мемлекеттің қаржысына қол жет­кізгеннен кейін босаңсып кетеді. Басшыларының партия жұмыстары­мен айна­лысуына уақыты болмай жатады. Бұл дұрыс емес. Екінші жағынан, қазір кәсіп­кер­лері түрлі кәсіпорындар партияларға демеушілік жасамай­ды. Себебі сенбейді. Бірақ ол жағдай да мәңгі емес, өз­герістер бар. Өз басым көп ұзамай «Табиғат партия­сының» ашылатынына және саяси алаңда тиімді жұмыс жүр­гізетініне сенімдімін.

Дос Көшім, саясаттанушы:

– Парламентке өткен болса, алған пайызға бай­ла­нысты мемлекет қаржыландырады. Нақты көлемін біл­мей­мін, бірақ оңай қаржы емес. Тым болмаса, шенеу­нік­терін ұст­ап тұруға жетерлік ақша деп естідім. Жалпы айтқанда, Қа­зақ­станның саяси нарығында партиялық мүмкіндіктер тө­мен деп айтпас едім. Әрине, бәрі сайлаулардың әділ­ді­гіне келіп тіреледі. Бұл да уақыт талабына сай өзгере жатар.

Ғани Қалиев, «Ауыл» партиясының төрағасы:

– Партияның жұмысына ең бір ауыртпашылық түсі­ре­тін мәселе, ол – қаражат мәселесі. Қазақстанның жағ­дайында партияға жеке демеуші табу өте қиын. Сон­дықтан оған сену­ге болмайды. Ал Үкімет тек Парла­мент­ке өткеннен кейін ғана қаржыландырады. Яғни осы арада қиындықтар бар. «Ауыл» партиясына келсек, ха­лықпен қарым-қатынас­қа түсіп жұмыс жасау үшін біз өзі­міздің мүшелеріміздің күшіне ғана сенеміз. Біреу ша­ра­ның орнын алып береді, енді біреу тағы бір қажет­тіл­ікті көтереді. Біздің партияның жұмысы өнімді болуы үшін ауыл-ауылды аралап, түрлі шаралар өткізіп, түрлі бас­тамалар көтеру үшін ұзақ уақыт бойы қаржы жи­нақтауымыз қажет. Партиялардың несие алуы мен салы­ғы да жеңілдетілмеген. Яғни таза ерік-жігер­ге, еңбекке сүйенуге тура келеді.

Сәдуақас КЕБЕКБАЙ


 

Халыққа қандай идея өтімді деп ойлайсыз?

Мақсат Жақау, саясаттанушы, «Ақ жол» ҚДП Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары:

– Халық үшін қымбатшылықты төмендететін экономикалық жаңғыру, жасампаз кәсіпкерлік, әлеуметтік реформалар бағытындағы идеялар өтімді.

Ұлттық идеяның кірпіші қаланған кезде үлкен жетістіктерге жол ашылаты­ны әлемдік тәжірибеден мәлім. Дамушы елдерден индустриялды дамыған елдер­ге ұмтылатын ұлт ретінде әуелі жаңашыл білім, отандық өнім, бәсекеге қа­білетті технология мен менеджмент аса қажет. Зейнетақы реформасының аза­маттың мүддесін ескеріп, мемлекеттік бюджетке салмақ түсірмейтіндей етіп жа­салуы, жергілікті аймақтарда кәсіпкерліктің дамуына жол ашу, кәсіпкердің қоғам­дық жауапкершілігін ерікті түрде орнату маңызды жайттардың бірі. Он­сыз да жұмыс тауып беріп отырған кәсіпкердің қалтасына әкімшіліктік, салық­тық салмақ салу әлеуметтік әріптестікті арттырмайды, керісінше, аймақтың бюд­жетіне, әлеуметтік орындарына үлес қосу арқылы жауапкер­шілігін сезінуге мүм­кіндік жасаған абзал. Қызмет көрсету және тауар өнімінің сапалы­лығына жағ­дай туғызса, кәсіпкер арзан әрі сапалы өнімді көрсетуі мүмкін. Ал бұл асы­ра сілтеген қымбатшылықты тұсаулап, халыққа қолжетімді бағаны жасайды.

Берік Ағыбаев, Болашақ РҚ-ның Жастар қанатының жетекшісі:

– Әрбір бесінші қазақ өзге елде өмір сүреді. Меніңше, олардың тілдері, діндері, салт-дәстүр мен алдағы жоспар-мақсаттары біздікімен ортақ болуы керек. Ол үшін біздер бір кітаптан сусындауымыз қажет деп ойлаймын. Біздің қозғалыс осыдан бірнеше жыл бұрын осы оймен Алматы қаласындағы типография, кітапханалар және жеке авторлардан 15000-ға жуық қазақ тіліндегі заманауи кітап жинап, шекарамыздан тыс қалып қойған Ресей, Моңғолия, Өзбекстан қазақтарына тегін таратып берген еді. Меніңше, бізге осындай идеялар аса маңызды болса керек. Қазір сәті түсіп, сол игі баста­мамыз жалғасын тауып жатыр. Бірақ та бұл жолы кітаптарды шетел қазақ­тарына емес, өз ішіміздегі шалғай ауылдарда отырған қазақтарға жеткізіп жатырмыз. Яғни біз үшін орталықтан алыс ауылдарға мән беру, қол ұшын созу идеясы да өтімді деп ойлаймын. Көбіне мұндай игі бастамалар ауызбен айтылып, іске аспай жатады. Сол себепті де идеяны айтып қана қоймай, ойы­мызды іске асырудың төте жолын таба білгеніміз жөн.

Әміржан Қосанов, тәуелсіз саясаткер:

– Қазіргі Қазақстан үшін ең бір көкейкесті идея – ұлттық идея. Әңгіме тек қана рухани (тіл, мәдениет, тарих) саламен шектелмеуі керек. Оның ауқымы мейлінше кең болып, экономика, әлеуметтік сала, геосаяси басымдықтар (Тәуелсіздікті қорғауды қоса) секілді проблемаларды қамтуы тиіс. Қазіргі қоғамда осы мәселелерді жүйелі түрде зерттеп, негізгі мақсаттарды анықтай алатын күштер пісіп-жетілді. Ең бастысы – қоғам жағынан сұраныс та ерекше. Осының бәрін XXI ғасыр талаптарына сай, өркениетті әрі жоғары интел­лектуалдық деңгейде жүзеге асыруға әбден болады.

"Алаш айнасы" газеті

0 пікір