Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4326 0 пікір 19 Шілде, 2013 сағат 09:31

Жолтай Жұмат. Ару- ақындарға бас ию

(эссе)

Осы күні қалам ұстаған қатарлас жігіттердің біразымен сөйлесе бастасаң, «менде кім көп, дос көп» деп бөседі. Іштей қызығасың да. Достың көп болғаны қандай ғанибет!

Имандай шыным, жас кезімнен менде қаламдас-серіктес дос тым көп бола қойған жоқ. Әдебиет атты киелі шаңырақтың ақ табалдырығын әп деп аттаған кезде, әрине, дос көңілді бірнеше жігіттер едік. Уақыт өте келе, өмір деген алып бәйгеде үзеңгі қағыстырып келе жатып, орта жолда біразынан айрылып та қалдым! Көбісі келместің кемесіне мінді. Тағдырлары қысқа болды. Жазғанынан жазары көп еді, әттең!...

Сол балаң шақта аралас-құралас болған аз достың бірі – Есенғали. Оның өзі де қазіргі кезде сирек сөйлеседі, аз хабарласады. Алайда, аман жүргеніне, бір кезде өнер әлеміне бірге келген құрдасымның бар екеніне іштей тәубе етіп қоямын. Сол досым... бір күні төбеден түскендей етіп:

          - Арулардан ақын шықпайды!-деп дүңк еткізгені бар. Әуелде бұл сөзін           әзілі болар деп, оншалық маңыз бермей, қалжыңға ұластырып жіберіп едік. Содан бері де біршама уақыт сырғыпты. Досымның әлгі бір өзекті өртер екі ауыз сөзі неге екені белгісіз, ойымнан кетпей тұрып алғаны.

«Арулар неге ақын болмауы керек?! Олар қалайша ақын бола алмайды?»

 

(эссе)

Осы күні қалам ұстаған қатарлас жігіттердің біразымен сөйлесе бастасаң, «менде кім көп, дос көп» деп бөседі. Іштей қызығасың да. Достың көп болғаны қандай ғанибет!

Имандай шыным, жас кезімнен менде қаламдас-серіктес дос тым көп бола қойған жоқ. Әдебиет атты киелі шаңырақтың ақ табалдырығын әп деп аттаған кезде, әрине, дос көңілді бірнеше жігіттер едік. Уақыт өте келе, өмір деген алып бәйгеде үзеңгі қағыстырып келе жатып, орта жолда біразынан айрылып та қалдым! Көбісі келместің кемесіне мінді. Тағдырлары қысқа болды. Жазғанынан жазары көп еді, әттең!...

Сол балаң шақта аралас-құралас болған аз достың бірі – Есенғали. Оның өзі де қазіргі кезде сирек сөйлеседі, аз хабарласады. Алайда, аман жүргеніне, бір кезде өнер әлеміне бірге келген құрдасымның бар екеніне іштей тәубе етіп қоямын. Сол досым... бір күні төбеден түскендей етіп:

          - Арулардан ақын шықпайды!-деп дүңк еткізгені бар. Әуелде бұл сөзін           әзілі болар деп, оншалық маңыз бермей, қалжыңға ұластырып жіберіп едік. Содан бері де біршама уақыт сырғыпты. Досымның әлгі бір өзекті өртер екі ауыз сөзі неге екені белгісіз, ойымнан кетпей тұрып алғаны.

«Арулар неге ақын болмауы керек?! Олар қалайша ақын бола алмайды?»

 

***

Сол Есенғали досым –қатар өскен қаламдас құрдасым, осыдан бірнеше жыл бұрын елу жасқа толды. «Елуін әр-әр жерлерде тойлап жатыр екен» деген хабар құлағыма жетіп жатты. Өзі хабарласпаған соң, мен де үнсіз едім. Бір күні телефон соқты...

- Сен менің елуге тоғанымды естіген боларсың,-деді.

- Иә, естіп жатырмын. Сенен бұрынырақ толып қойғанбыз сол елуіңе...- деп қалжыңдадым.

Бес-алты ай үлкендігімді алдыма салып айтқаным ғой. Есенғали да саспады.

- Онда неге елге білдіріп, атап өтпедің?-деді өзіме сауал беріп.

- Әй, мен сондайға құлықсызбын...

- Жарайды, ол енді өз шаруаң,-деді Есенғали дос. – Ал, саған телефон шалып жатқаным-келесі аптада Астанада шығармашылық кешім өтеді. Соған міндетті түрде қатыс.

- Келемін. Қатысамын.

Бір жетіден соң Есенғалидың әдеби кеші өтті. Әдебиетпен өнерде өз орны бар, сырбаз азамат А.Сейдімбек (марқұм) ағамыз жүргізіп, үлкен қаламгеріміз Ә.Кекілбай сөз сөйледі. Мақтады. Жеріне жеткізіп сөз айтты. Одан соң да бірнеше кісі мінбеге көтерілді. Мен де оқталып, сөз сөйлемек болып отыр едім, Ақселеу ағам:

         - Ендігі сөзді кешкі дастархан басында жалғастырайық,-деді. Оған да көндік.

Дастархан үстінде Есенғалиды жағадан алып:

         - Сен неге арулардан ақын  шықпайды дей бересің?  Бұл сөзіңе дауым бар,-деп, қайдағыны қозғап, қияс сөз айтуға ыңғайсыздандым. Тек Ақселеу аға сөз бергенде Есенғалидың баяғы бала кезінде маған арнаған «Досыма» деген бір өлеңін (өз қолымен жазып берген еді) көрсетіп, соны оқыдым да, өзіне қайтардым...

Айтпақшы, сол күнгі кеште ақын Марфуға Айтқожина апайымыз мінбеге көтеріліп, сөз сөйлеп тұрып:

- Осы Есенғали інім «біз секілді әйел кісілерден ақын шықпайды» деп айтыпты,  мен бұл сөзін әуелде ауыр қабылдадым,-деді.

Залдан, әр-әр тұстан дауыстар естіліп қалып жатты. Көбісі-әйелдердің үні болды. Ішімнен ойладым: «Әй, Есенғали-ай, сен де кей-кейде тым артық кетіп қаласың-ау осы!»

Есенғали еш сөз айтпады, күлді де қоя салды...

 

***

Ақын досымның осы бір әзіл сөзі (бәлкім, әзілі емес те шығар) мені осы күнге дейін әртүрлі ойларға жетелеп келеді.

Поэзия – көркем әдебиеттің ең биік асқар шыңы. Оған екінің бірінің қолы жете бермейтіні ақиқат. Ал, сол өлең сөз біздің халқымызда қай кезден бастау алды? Поэзиялық шығармалардың түп-төркіні қайда?

Менің білуімде – поэзияның асқақ шыңы Аналардың әлдиі. Сәбиіне сызылтып айтатын жүрекжарды әні...

Менің білуімде, өлмес өлеңнің көкесі – бесік жыры. Бесік жырын біздің аналарымыз қай кезден бастап айтыпты?

Осы ана әлдиі мен бесік жырын бүгінге дейін түбірлеп зерттеп, толымды пікір айта алған кім бар?

Демек, поэзияның бастау бұлағы – бесік жырына барып тірелсе керек. Ал, сол бесік жырын еркек айтты ма, жоқ әлде аналар айтты ма? Әрине, аналар! Менің есімнен әлі күнге дейін өзімнің әжем – Сарагүл кейуананың бесік жыры кетпейді. Ол кісінің даусы қандай еді! Әуезі қандай еді! Сөздері ше! Тіпті қазіргі кезде азды-көпті бірнеңелер жазып, өзімді жазушымын деп кеуде қағып жүрген болсам, соның бәріне де мен ең әуелім әжем Сарагүлге, сосын өз анам Бекзадаға қарыздар да парыздар сезінем!

Шіркін-ай, қазақ халқы осы күні төл поэзиясының асқар биігіне көтеріле бастаған болса, біз неге сол үшін Аналар әлдиі мен бесік жырына рахмет айтуды ұмытады екенбіз?

Бұл аз десеңіз – әйел қауымы әлемдегі ең сұлу, ең әсем, ең көрікті жаратылыс емес пе? Олардың өмірге келуі, арамызда болуы, тіпті әсем жүрісі мен сәнді киім киісінің өзі де қай-қайсымызға бөлекше шабыт бермей ме! Содан да болар, ақын Мұқағали Мақатаев:

     - Әйелдерді еркектерден көп дейді,

Ойбай! Ойбай! Бола берсін көп мейлі!

Әйел деген әдемі ғой, әдемі,

          Әдемілік бізге көптік етпейді!- деп тектен-тек ағынан жарыла жырламаған ғой.

          Ал, енді сол сұлулық әлемі өз бойындағы әсемдікпен шектеліп қоймай,  оған қоса сыршыл жүрекпен жыр өрнектей алса – бұл деген ғажап құбылыс болмас па!

          Ендеше, арулардың ақындығына жіті қарап, жақсы жырларына  тек қана таңдай қағып, қол шапалақтауымыз керек шығар!

            

 

***

Қазақ поэзиясында жарқ етіп көрінген ару-ақындар баршылық! Олардың өлеңдерін оқып отырсаңыз, тағы  да сол баяғы әуез – бесік жырының әуені еміс-еміс естіліп қалып жатады.

Ұлтымыздың ақиық ақын-жігіттерінің көбісі дерлік ару-ақындарды аялап өткен, оларға құрметпен қараған. Тіпті ең ғажайып, ең жақсы жырларын арнаған. Мысал дейсіз  бе? Айталық.

Поэзиямыздың жарқ еткен жұлдызы – Төлеген Айбергенов (1937-1967) өзімен қатарласа шықан Марфуға Айтқожинаға қандай жыр а рнаған десеңізші!

          Сен қарайсың мен бе деп,

Жаралғанды айтуға!

Мен қараймын сен бе деп,

Желбіреген бар туға!

Ей, сырлы саз, сырлы саз,

Мөлдіреген Марфуға!

Сендей қызға өлең аз,

Өмір керек тартуға!..

Төлеген ақынның дауылпаз жырлары туралы аз айтып, көп айтып жатпай-ақ қоялық. Ал, енді мына өлеңінде қандай құдірет бар! Өзіңіз ойлап қараңызшы, жүрегінің түкпірінен шымырлап шыққан мөлдір сезім емес пе? Ақын қыздың бар көркі мен парасатын  осы шумақтарға қалай сыйғызып жіберген дерсің! Тіпті, ағынан жарыла «сендей қыз үшін бір өмірді қиюға да болады» деп құпия сырын да білдірген.

Ақын әрі қарай:

     - Жақұт па едің, япырмау,

Жанарымды жасқаған!

Бір бұлқынып Атырау,

Жағаға әкеп тастаған,-деп жалғастырады.

          Содан кейін ақын тау суындай арқыраған мөлдір сезімін әзер тізгіндеп, соңғы шумақта былай деп түйіндейді:

     - Боялды аспан сан түске,

Кеш қойнына мекендеп,

Мен шошындым тал түсте,

Сөніп кеттім бе екем деп!..

          Пәлі, ақының қалай-қалай сілтейді,ә! Ой да, сезім де, құмарлық та, ынтызарлық та – бәрі бар. Ақын қыздың балғын бейнесін көз алдыңа сол қалпында әкеліп, асқақтата түседі. Ойыңа ой, қиялыңа қиял қосады. Қайта-қайта оқи бергің келеді осы жырды....

Ал, Марфуға-ару бұл бағаға лайық ақын бола алды ма? Әрине, болды. Бүгінгі таңда Марфуға Айтқожина деген есім исі қазаққа танымал. Оның өлеңдеріне талай-талай әндер жазылды. Өзге тілдерге аударылып, жер-көкті  шарлап бара жатыр.

Поэзия көгінде жарқ ете қалған Төлеген ақын өмірден ерте кетті. Кім біледі, тірі жүргенде Марфуға-ару туралы тағы да ғажап жыр кестелер ме еді, қайтер еді!

Ол өмірден өткенде қазақтың тағы  бір талантты ақыны Мұқағали Мақатаев жоқтау жыр жазды. Сол өлеңінде «өмірден шын ақынның өткенін тұңғыш рет көріп тұрғанын» айтып, өксігін баса алмады.

Мұқағали демекші, ол да қырық бес жасында мына фәниді тәрк етті.

Мұқағали Мақатаев (1931-1976) та қазақтың ару-ақындарын ерекше ардақ тұтқан. Бәріне де аса зор ықыласпен қарады. Жылы сөзін ғана айтып қойған жоқ, отты жырларын да арнады.

Сондай өлмес туындыларының бірі – ақын Фариза Оңғарсыноваға арналған ғажайып өлеңі.

          - Фариза! Фаризажан! Фариза-қыз,

Өмірде ақындардың бәрі жалғыз...

Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз,

Бірімізден біріміз арылармыз.

Біздерді де жоқтайтын жан болса егер,

Шаң басқан архивтерден табылармыз, -деп басталатын бұл өлең осы күні қазақ жастары жатқа білетін, тіпті ән ғып айтатын өте танымал шығарма.

Сол жырдың бір тұсында:

- Жанарымды тұманмен тұмшаладым.

...Серіппесі үзіліп тұр садағым!

Жігітінен қазақтың дос таба алмай,

Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын!

Ауырлар деп ойлап па ем мұнша халім!-деген жолдар да бар. Ақын-жүрек неге осынша тарықты екен? Неге қазақтың жігіттері бір-біріне тым салқын? Неге  таланттылар тағдыры тайғанақ, жолы ауыр?

Әлде... Мұқағали Фаризаны ару-ақын бола тұра Махамбет-мінез байқатып жүрген өрлігі үшін ұнатты ма? Сол үшін басын иіп, «Мен сенімен дос боламын» деп көңіл түкпіріндегі асыл сезімін ақтарып салды ма?

Әлде... Мұқағали ақын да осы өлеңді жазып отырып, баяғы балғын шағын сағына еске түсірді ме екен! Анасының әлдиі – бесік жыры санасында әуез болып тұрып алды ма екен?

Қалай десек те, ару-ақындарымыздың болғаны, арамызда жайраңдап жүргені, сырлы өлең өрнектегені ғажап нәрсе ғой!

Сол Марфуғаның, сол Фаризаның бүгінгі сіңлілері ондап, жүздеп саналады бүгінгі күні! Ішінде өте талантты, адуынды жырлар жаза алған, қалай мақтасаң да жараса кететін ару-қыздар баршылық. Күләш Ахметова қандай! Гүлнар Салықбайдың отты жырлары ше! Бұдан өзге де көптеген талантты ару-қыздардың поэзиясы туралы, жауқазындай жас өскін жайлы неге ғана ойланбайды екенбіз? Қайда бүгінгі күннің Төлегені мен Мұқағалиы?

 

***

Бәрі де менің бала күнгі досым Есенғалидың бір ауыз сөзінен басталып кетті! Әрине, шын поэзия – таланттың сәулесі. Оған тек қана таланттылар қалам тербеп жатса, нұр үстіне нұр!

Мейлі жігіттер, мейлі ару-қыздар жазсын – бүгінгі ойнақы заманымызға отты жыр, ойлы өлең керек. Ал, оны туғыза алмасақ – онда әуре не болып керек.

Абай атамыз айтпақшы, «өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» екені рас болса, онда оны бөлісіп-бөлшектер еш жөніміз жоқ.

Жалғыз ғана тілек-жақсы жырға шын жанашыр болып, қолдау көрсетуге асығайықшы, достар!

Abai.kz

0 пікір