Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3309 0 пікір 26 Наурыз, 2013 сағат 04:24

Жанат Ахмади. Дүрбелең (жалғасы)

3

Қаніке аруаққа атап сойғызып жатқан «ақсарбастың» етіне ешкім қарап отыра алмады. Аздан соң жан-жақтан тез жиылған көп аттылармен жүз қаралы кісі болып, Тайлақбайдан бастап барлық үлкендер бірге аттанып, Әли аулына жетті. Бұл екі ара онша қашық емес, екі-үш қырдың асты болатын. Мұнда келіп, ай-шайға қарамай, ауыл үстінде әңгір-таяқ ойнатқандар, көп қауға сақалды, шатынаған, шаргез байлар екен. Сонада күзгі ас-нәзір үстінде Мамозымен бірге келген жақсы ат, жаңа киімді көп сақалдар. Бұлар ат ойнатып жеткен бойда Әлиге «қызды шығар» деп ауылдың жиырма шақты жаяу дүңгенін бықпырт тигендей ғып қуалап сабап, кез келгенін ат үстінен ұмтылып ұрып, соның аяғынан амалсыз үлкен төбелес бастала берген. Аттылар ауыл адамдарын әр тұста қуалап тығып, көбірек тықсырғанымен, қызды тартып ала алмаған екен. Жаңа қазақ жігіттері жетердің алдында бағанағы хабар бойынша соңдарынан тағы қырық-отыз аттысы шапқылап жетіпті. Соның бәрі енді жаяу таяқ, сойыл шошайтқан Әлилерді әр жерде ортаға алып, сойылға жығып, кез келгенін ат омырауымен қақтырып қуалап ұрып, ауыл үстін озан-шуға батырған. Әлегін аспаннан келтіргендей күйге жеткізіп бара жатқан. Қатын-баланы да таңдамай ұрып, ұлар-шу ғылып сабаған. Тұс-тұста ұстағанын кергілеп сабауда. Аз үй кедейдің шақ-шалекейін шығарып, түтіп бара жатыр еді.

3

Қаніке аруаққа атап сойғызып жатқан «ақсарбастың» етіне ешкім қарап отыра алмады. Аздан соң жан-жақтан тез жиылған көп аттылармен жүз қаралы кісі болып, Тайлақбайдан бастап барлық үлкендер бірге аттанып, Әли аулына жетті. Бұл екі ара онша қашық емес, екі-үш қырдың асты болатын. Мұнда келіп, ай-шайға қарамай, ауыл үстінде әңгір-таяқ ойнатқандар, көп қауға сақалды, шатынаған, шаргез байлар екен. Сонада күзгі ас-нәзір үстінде Мамозымен бірге келген жақсы ат, жаңа киімді көп сақалдар. Бұлар ат ойнатып жеткен бойда Әлиге «қызды шығар» деп ауылдың жиырма шақты жаяу дүңгенін бықпырт тигендей ғып қуалап сабап, кез келгенін ат үстінен ұмтылып ұрып, соның аяғынан амалсыз үлкен төбелес бастала берген. Аттылар ауыл адамдарын әр тұста қуалап тығып, көбірек тықсырғанымен, қызды тартып ала алмаған екен. Жаңа қазақ жігіттері жетердің алдында бағанағы хабар бойынша соңдарынан тағы қырық-отыз аттысы шапқылап жетіпті. Соның бәрі енді жаяу таяқ, сойыл шошайтқан Әлилерді әр жерде ортаға алып, сойылға жығып, кез келгенін ат омырауымен қақтырып қуалап ұрып, ауыл үстін озан-шуға батырған. Әлегін аспаннан келтіргендей күйге жеткізіп бара жатқан. Қатын-баланы да таңдамай ұрып, ұлар-шу ғылып сабаған. Тұс-тұста ұстағанын кергілеп сабауда. Аз үй кедейдің шақ-шалекейін шығарып, түтіп бара жатыр еді.

Бір шеті қызды тартып алуға аттан енді түсе бастаған екен. Тап сол мезгілде Арыппай бастаған отыз жігіт те қырғидай келіп киліккен. Бұлар дүңгеннің санын көпсініп, олардың қырық-елу сойылшысынан тайсанатындар емес, еркіне жіберсе оларды көкпар ғып әкетеміз дейтін, Шерудің анық жорықшы сайлы жігіттері. Тұмақтарының бауын жымырып байлап, ықшам киініп, шекпендерінің етегін белге қыстырып, немесе ышқырланып алған, әлекедей жаланып келген, «Іздегенге сұраған» ителгі көздің өздері болатұғын. Ат айылын төстеп тартып, анталаған қомағай көзбен тойымсызданып, солар келіп жеткенде мұны көрген мол санды дүңгендер үдерісіп бұлардан өзгеше қимыл күткендей болысқан... Тас түйіндей топ жігіттің тақымдарында және білектеріне ілген аяқтарының басына бауынан іліп сүйреткен шоқпар, сойылдары да сай.

Мамозы қазақтың бұ келісінен мән күтіп, осылардың арт жағынан секемденіп қалған. Сескене тұрып өз ойын қазаққа деген кешілмес ызамен топшылады. Алғашында араша сұрай келген, бұл топты азсынғандай сойылдарын сығымдап ұстап едіреңдеген, қызба бас жігіттерін Мамозы өзі тоқтатқан. Сонымен қазақ жігіттерінің сұрай келген арашасын ықтиярсыз тыңдасып, шапқындарын лезде бөгей, шарасыз тежеген. Дүңген тілімен айқұш-ұйқыш айғайласып, өзді-өзін қатты ақырған үнмен жылдам басып, бір сәтте су сепкендей толастай қалған. Қыздарын енді сөзбен жеңіп әкетпек еді.

Керімбектер жеткенде, Мамозы тобы қазақтың осы кейінгі жағын тосып қалғандай, шеттеу шығып, өздері жеке иіріліп тұрған еді. Мамозының көреген көңілі келе жатқанның қарасын шолып жіберіп, мығым шендескен, қаралдысы берік аттаныс екенін өзгеден анағұрлым ерте ұқты. Және «Қызды алып қаштырған Керімбек» деген өз ойына енді еш шүбәсі болмады... Осы үшін  шоқтай үйіріліп арнайы жиын отырған деп білді.

Бір-біріне жапсарласа тығылып, жыпырлай салынған, бірыңғай домдама, аласа, жұпыны там үйлердің шұғының гүл қаптаған беткей жағын алып тұрған Мамозы тобы Керімбектерге қарай жүрді. Алдыда Арыппайдың жүйрік қара атына мінген Мамозымен тағы бір төрт-бес үлкен сақалды, ірікті байлар. Суық түспеи ширатылған шетінен салмақты мығым кісілер. Есік алдында өздерінше бір жеке топ боп тұрып қалған Арыппайлар шоғыры да екі топтың ортасына таман қиыстап қосылған. Осылайша үш жақтан келе жатқан үш топ Әлилер мекенінің өр жағында тиіп тұрған Қарымсақ ауылының қыстауларымен екі ортадағы кең көк жазаңда түйісе берді. Артқы жақта көп жаяу болып Әлилер де жылжып келеді. Қолдарындағы таяқ-сойылдарын әлі тастамаған. Қарсы екі топ бір-біріне түнерген түспен көз тастасып, сұлық аяңмен жақындаса берді. Әлі екі жақ тоқтамастан сонадайдан үн қатып, алдымен зіл тастаған Мамозы өзгеше қияпатпен:

- Е, Керімбек шаңия*. Тағы бастадың ба! Қызды алдырғаныңмен қоймай, сойыл алып, жасақ жинадың ғой, ә?! Осыныңды ұмытпа! Осыныңды есіңде ұста! - деді, көзін сығырайта: - Өз көріңді өзің қазғың бар екен, мына сойылдыларыңды ертең мойындайтын бол! - деп, қос бүктеулі қамшысымен Арыппайлар тобын асқақ нұсқады. «Жауап бер» дегендей боп, ойнақшып тұрған қара ат үстінде шиыршық ата бүйірін таянды. Екі жақ арқан осы кезде бойындай жерде ат басын тартысып, тоқтаса берді. Керімбек әуелі Мамозы қасындағы өзге үлкендермен иек қағысып сәлем берісті. Кейбірі жай Мамозыға ергендері болмаса, Керімбекпен де сыйласып жүретін: Мажалаң, Нұрма, Сүнжүк, Сыр, Ыбырай дейтін атқамінерлер. Мамозы сөзіне жауабын Керімбек шапшаң айтып, түрілген қабақ пен кірпігін суық қаға үн беріп:

 

*Шаңия - ел басқарған лауазым.

 

- Иә, сенің басыңа қарға саңғып кетсе де, Керімбек ұшырған қарға болады ғой! Сен алдымен анау әл үстінде жатқан адамымыз үшін жауап бер! Ана дүрелеп кеткен адамың, әне, әл үстінде жатыр! Егер жазатайым, сол бірнеңе болатын болса, мына тұрған халыққа сенің құның бір-бір қойдан да келмейді. Сен өзге емес, осыны ұқ! - деп сөзді басқа жақтан бастады.

Керімбектің бұл айтып білдіргені осыдан он-он бес күндер бұрын Мамозы биылғы бәжі жұмысымен елді аралаған. Сонда Дербісалы руының ішінде Бурабайдың аталас бір ауылындағы құмарпаз Қырықбай деген жігітті салық жөнінен дау шығып, жанжал туады да, қасындағы екі шабарманға Мамозы жығып сап дүрелетіп, аяусыз жаза тартқызады. Сол жігіт ішкі жағына зақым жеткен бе, соққы ауыр тиіп, күні бүгін орнынан тұрмай, төсек тартып қалыпты. Сонан бері жас сорпамен қалжалап жатса да, беті бері қарамай қойды дейді. Ерегістен туған ызамен дізеге салып езіп ұрғанда, өкпе-бауырға дәз кетсе керек, қақырса қан түседі деген. Бурабай кешелі бері Керімбек үйінде көпшілікке қайта-қайта соны айтып, көп күпінумен боп, ата-атадан келген кісілерге осыны қатты шаққан. Қазір Керімбек тоқтай бергенде ендігі сөзді сол Бурабай қағып әкетті. Кер атты тебініп жіберіп, ұзын қызыл буырыл сақалы желк-желк ете, алдыға шыға берді де:

- Сасай теке құсаған иттің баласы! Осы сен неден құтырып, не істеп жүрсің! Уа, қой! Уа, қой, деймін шұнақ! Ана адам, әне, өлім үстінде жатыр! Әгер-әкім сол бірнеңе болатұғын болса, сақалыңнан лақша қайырып, ана қоқа кеңірдегіңнен өзім бауыздаймын! - деп, ақыра сөйлеп, зірк-зірк тепсінді.

Бұрын өз бетіне дәл мұндай ашумен балағат айтылмаған Мамозы іштей шынымен-ақ ығысайын деп қалған. Көзі ақшаңдаған Бурабай мына түрінде төбелес бастап жібере ме, деп шошыды. Осы кезде Мамозының суырылып жауаптаса алмасын байқап, оның қасындағы біреу кие сөйледі. Тілі қазақшаға жатық емес. Екі шықшытына сақал жіберген, қара қасты, қызыл бет бай:

- А, Керімпек! Әли сістен піске жақын емес ме? Сен өзінің қазақын пілсе полмай ма? Дұңған да не шарбан бар? Арбақ атқыр, Әлиді пайлап әкетсек те піс өзіміс пілеміс! - деген. Бұл Әлимен бірге көшіп келген кедейлерді жалшылықта ұстағанның бірі еді. Сол кезде мына жақтан Әли:

- Байларсың! Ол баяғыдағы түсің шығар! - деп саңқ етті. Қолында сығымдап ұстаған бір қысқалтаң, жұмыр бел темірі бар, соны салмақтап, білеп қойып қалшылдап тұр екен. Өзінің оң жақ қабағы айырыла жарылыпты. Бет-аузын, көзін басып кеткен, алдыңғы өңірін былғаған жосқын қан бар. Сол әлі де тоқтамай, әредік сайын сүртсе де қайта жылып ағады. Мұндай жаралы бір емес, жаяулардан ұшырай түседі. Әсіресе біреудің жуан білектен қолы сынып кеткен. Және таяқ тиген екі қабат бір жас әйел шошынып, талып жығылып еді. Әли жаңағы адамды тастай бере, Мамозыға ақыра айқайлап:

- Ей, Ма-сың-ку!* Енді мен өлмей қызды ала алмайсың! Бар! Баратын жеріңе бара бер! - деп бір-ақ кесті.

 

*Ма-сың-ку - хайуан (ма - хайуан) деген сөз (қытай, дүңген тілдерінде).

 

Мамозы Әлиге тіл қатпай, әлі де Керімбекке уыттана: - Керімбек сен асықпа!.. Сен тоқтап тұр!.. Аз шыдасаң көрерің алдыңда! - деді. Бүгінгі келген, дүңгендердің тек өздері ғана емес-ті. Күреге беделі зор, қазақ жерінде өздеріне үлкен мекен-жәй салып, көп малай, малшы-жалшы ұстап даңқы елден-елге асып отырған бір-екі бай қытайлар да бар еді. Бүгін Мамозы соның бірнешеуіне хабар жіберіп, қастарына бірге мыналарды да ала келген. Олардың куәлігі Күре үкіметіне дүңгендікінен анағұрлым беделмен өтеді.

Сондықтан Керімбекті ақтайтын сөзге Күре өзі қойған болыс Абдолла кірісті:

- Ей, шақалақ! - деп, қамшылы қолымен Мамозыны нұсқап: - Сенің танып алғаның Керімбек пе? Жүзіміз істеген істі бірімізден көрме! Қолыңнан келерің болса, мұны істеткен мына мен! Мен деп бар! Бұрын Керімбек болса, енді Абдолла бастапты деп бар. Осыған жауапты мен берем! Тұтас тұрған мына халық береді... Бар! Тарта бер! - Ол бар Шеруге бүгін шындап иелік етіп сөйледі. Осы, кезде қарасұр атына Тайлақбай да леп беріп қалып:

- О, Мамозы шырақ! «Айғыр ұшынса ат болады, ат ұшынса ет болады», - дейді. Сендей жігіт көппен ойнап, бір күні мерт болады. «Кес» десем, басыңды қазір кескізем!, - деп бар тұлғасынан от шаша қарады. Оңайлықпен қозғалмайтын қарттың айбаты арыстандай десе боларлық еді. Мамозы жүрегі ойнамалы адамдай, ес-ақылы орнында тұрмай, жүйткіп тұла бойымен шошып қалды. Қара құлақ сұр ат тізгін тартып, тықыршып тұр. Еркін қайратқа бір жарамай, жүрегі аттай тулап соққан ел ағасы Тайлақбайдай иесінің күйін көзге тартқандай, ауыздығын да қаршылдатып шайнап қояды. Мына жақта Арыппай мен Нүсіпбек бастаған жігіттер де мінбелей келіп тұр екен. Егер осы жерде Тайлақбай, не Керімбек бір ауыз ұран тастаса, тайсалғалы тұрған біреуі жоқ сияқты.

Мамозы енді тіл қатпады. Әлгіндей суретпен көзге түскен Тайлақбайға тілсіз безеріп, тылсым бола қарап тұрды да, атты мойынға салып жіберіп, бұрыла жөнелді. Сол кезде қалған тобы да оның соңынан бір сәтте лап етіп жапырыла ілесті.

Әлидің інісі Осман қызды мұнда сақтамай, таң ата келген бойда осындағы Өмірші сайы дейтін қалың тоғайлы сайды өрлеп кеткен болатын. Бағана Әлиге Керімбек сәлемін жеткізген жастардың бірі ол екеуін алып, сол сайдың басымен асып түсіп, ары қарай Керімбек аулына жөнеліп кеткен.

Бұл күні Әли аулының маңында оншақты жігіт қалып, үлкендер осындағы дүңген үйлерінің шеккен жапа, көрген соққысын толық көріп-біліп, соған байланысты келер күнге керекті акт және арыз жазып олардың өздерінің тегіс қолдарын қойғызып алып аттанған. Сол үлкендер тобымен бірге болып кейін осында қалған Мақсұт пен Мамыртай Әлидің үйіне кіріп біраз аялдаған-ды. Кіре берісте үйшіктей ауыз үйі бар кішкене мекен ішінде, төр жақта аз ғана жүк тұр. Қабығы алынбаған ағашты қатарластырып төсеп соған жиған, сұрғылт түсті, үш-төрт көрпе көрінеді. Және сондай жұтаң көріністі, екі-үш бұдыр жастықтар ішіне арпа, қышы сабаны тығылғаны байқалып тұр.

Еденге қамыс бойра төсеп, соған әлдеқашанғы бір жұлымы шыққан құрым киіз салынған. Бұдан бұрын Мақсұт бұлардың тап осыншалық жұқана тартып, кедейлесіп кеткенін білмеуші еді. Ертеңге қалдырмай, осы бүгін-ақ бір текемет және бірдемелерді өгізге артқызып жіберуді ойлады. Әлидің нұсқасына қарап; білегіне ескі мешпентінің жеңі жетпей, білезік буынының жоғарғы жағынан, былай қарай қолы сорайып, ашық тұрғанына жаны ашып кетті. Өзінің қабағы жаралы. Қазандықтың көмейімен жалғасқан, екі кісі сыйып жатарлықтай, биіктеу текше, ұзын қаң* бар. Соның бас жағына төргі бұрышқа тігінен сүйеп қастерлеп қойған жаңа астауға көзі түскен Мамыртай қолының сыртымен Мақсұттың тізесінен түртіп, ым қағып қойды. Былтыр Қарымсақ үйінен көрген, ернеуінің алақандай безі бар, терек астауды Мамыртай жаңылмай танып отырған.

 

* Қаң - ішін от жалыны аралап өтетін адам жатуға арналған жылы орын.

 

Шашын екі бұрым етіп өрген, сөйлесе алдымен үлкен, күрек тістері ақсиып көрінетін, арғымақтай дерлік биік бойлы, жайдары жүз жас әйел кіріп шығады. Бұлаңдаған қайқақ денесінде қажымаған шапшаң, жеңіл қимыл бар. Түр кескініндегі жұмыс, бейнет, тұрмыс табы болмаса, ежелінде ту қайратты жаралыс байқалтады. Әли соқа айдаса, мала басып, тұқым сеуіп, орақ орса, десте салып, бау байлайтын, және өздігінен тұлық айдап, шаңтас жүргізе беретін нағыз бір үлкен жұмыскер әйел осы. Өзі баяғы Мамозы қолынан өлген баласынан өзге ұл көтермеген. Содан кейінгі бірі әке, бірі шеше болып бетіне қарап отырған қызы әлі жастау. Алданыштары сол. Көктемгі аңызақ жеген, тарғылданған жүзінде бүгін ерекше бір желпініспен қоса, арылмай тұрған уайымдай күдік, мұң бар-ды... Үміті мен қаупі - келін келіп өздеріне сүйеу тапқаны және соның соңы. Ол Мақсұтты көптен көрмесе де, еркін ажармен өзімсініп жайраңдап:

- Мақсұт інім, қалай, қуанып жатырсыңдар ма? Әкім ағаң келе жатыр деп еді ғой, келді ме? Ата-аналарыңыз шат-шадыман қуанып жатыр ма? - деп бәрін сұрады. Сол ауылдың адамдарын өзіне жақын сүйеу санап, бірге сүйінгендей, ағынан жарыла жарқылдап тұр. Өзі парықшыл, және анық бейнет иесі кісіні еріксіз өзіне тартқандай. Мақсұт оған шынайы кішілікпен жөнін айтып, туысқанының келгенін, бауыр-туыстың барлығы қуанып, шаттанып жатқанын білдірді. Әйел Мақсұттарға өз үйінен ас ауыз тигізіп, бетіне қызыл бұрыш езіп құйып «ашлампұң» деген тағам әкелген. Мақсұт тәуір көруші еді, рақаттанып жеді де, Мамыртай оның ежір ішінде аппақ боп, іркілдеп тұрған жылауық тектес көрінісіне бажайлап қарады да:

- Қой бәтір, жалқаяқ сияқты екен, өзің ала бер, - деп аузына салмай қойды. Бұл ауыл бүгін соқ-қостарын жеге алмай қалған. Бар тіршіліктерінің тиек, тынысы болған азынаулақ жерлерін бір күн, бір сағат та болса, жан салып тырмыштаулары керек болатын. Мақсұттармен азырақ сөйлесіп, бүгінгі болған барлық оқиғаны басынан бастап, айтып шыққан Әли әңгімесін асығыс аяқтата беріп, әйеліне:

- Әмина, бар айт, енді тезірек бәріне, аттарын тегіс қамдасын, - деді қазақша. Далаға өздері де шықты. Оң жақ көзін бастыра қабағын Әминаның жаңа ақ жаулығымен қиғаш таңған Әли шұбар сауыр қара бурыл аттың қатарына бір шыл жиренді қосады екен. Аттарға қамыт-саймандарын кигізіп жылдам кетуге жабдынып жатыр. Әлиді қара тартып көшіп келген Елахұн деген қызық мінезді кембағал ұйғыр бар еді. Сол бүгін таң атқалы енді көрінді... Бағана, Мамозылар ат ойнатып жеткен заматта, жан таппай қорқып кетіп әйеліне:

- Қотын, мені пақалмен көміп тастағына, садағаң кетей! - деп, үйі іргесіндегі мая сабанның қопсыған етек жағына сүңгіп кеткен-ді. Әзір құлақшынында сол сабан қиқымдары ілескеніне қарамастан, қолына бір келте темірді сығымдап ұстап, өз-өзінен қоразданып жүргеніне жұрттың бәрі күлуде. Бірақ сабанға тығылғанын ешкім байқамады деп ойлаған Елахұн:

- Пахат, маған ешкім тимеді. Әлиге оқшап, пешенемді жарған болса, дадаңның қашыға бар деп, өлтіріп өтеттім, - дегені шын күлкілі болатын.

Өргі жақтан қос-қос атпен Қарымсақ, Мұрыншақ және сол ауылдың бірнеше ер-әйел егіншілері де дайындалып келеді екен. Қарымсақ ауылының және бір төрт-бес үйі бұлар құсап жазда ең болмаса қыстаудан жылжып, көкке де шықпай, бірлі-жарым ескі-құсқы киіз үйі барлары осындағы тамдарының ығынан қалқайтып алып, дүңгенмен бірге анық жаяу жатақ боп жататын. Бұт артары жоқтар. Қыстаулықтың сыртында мінеу тұрған, алақандай жазаңға иіріліп қонып, бір-біріне ықтағандай тозығы жете жүдеген, қара барқын, құрым үйлер, сол кедей ағайындар.

Жаңағы атқа мінген ерлердің артынан сүметілгендей боп, жаяу ерген, қолдарына нан, талқандарын түйіп, сусын ұстаған, жүздері сынық қыз-қатын осы үйлерден бірлеп-екілеп шығып келеді. Момын, қаяу жүзді, бір-екі қыз Мақсұт, Мамыртайларды көріп, иіндеріне ілген, жұтаң киімдері мен бойларынан қорына ма, жеңге, шешелерінің қабатына таман тығыла жүреді. Соларды паналап, бұға жүргілері келгендей. Бірі - Мақсұт былтыр Қамардың жанында көрген, ұзын қыз, бойы сорайған Тәйімхан. Жанындағыларды далдалап, алдымен тығылған сол болғанымен, оның бойына ешкім пана бола алған жоқ. Өз ата-аналарының «оң жағында» отырып, сонша міскін, теңсіздікте жасып өсіп келе жатқандықтары білінеді. Тәйімханның ата-анасы басында бір байдың жалшысы болып жүрген. Бай бәйбіше бір нәрседен Тәйімханға ұрсып:

- Ыштансыздың түсіне екі қары бөз кіреді!.. - дегенінде бойжетіп қалған қыз байғұс екі күнге дейін жылап жүреді. Содан әкесі:

- Түйіншек арқалап кетсем де, байларға кіріптар болмайын! - деп бір түнде көшіп жөнеледі. Бай үйінен тамсанып бірдеме жесе де бәйбіше «ауыздарының дәм алғышын қарашы! Таңдайларын тақылдатпай жесе қайтеді!?» деп қыжырынып отыратын.

Тәйімханның жаңағы сиқын көзі шалған Мақсұт қасындағы Мамыртайға күбір етіп:

- Қарамай тұрайықшы. Байқұсқа киім жібертейікші, - деген. Қазизаның «бой жеткен қыз мұңлық» дегенін есіне алды. Сол анық, рас сөз болса мыналардан өткен мұңлықтардың жоқ екені де рас еді.

Ауыл алдында соқаға мінетін көп шапақ көз дүңген балалардан басқа, белдерін орамал, жаулықпен байлаған, дүңген әйел, қыздар да қауақтағы, ежір көзедегі көже, сусындарын алып шығысып жатыр. Егінді сенікі-менікі демей бірінен соң бірін жабылып айдайтын. Соқаға мінетін Бағдат шілия-қамыты салынған баяғы «лоңқа торы» атпен Мақсұттың қасына келіп, өзінің шәңкілдек үнімен:

- Мұғалім-еке! Үйге бармайсыз ба? Үйде Қазиза бар ғой, біздікіне барып қымыз ішіңіз! - деп, үні, түрі, болмысымен жабыса өтініш етіп қадалып тұр. Өзі биыл алғаш ашылған Мазы мектебінде бірінші сынып оқыды. Ес білгеннен тартып өзінің бала қиялымен жанындай жақсы көрген Мақсұт енді өз мұғалімі болғанға өзге бала алдында масаттанып жүретін. Тіпті ел болып мектепті жаңа көргендігі ме, оқытушы - аяулының аяулысы. Бас жақта, анау былтырғы жұрттарына барып Қарымсақ ауылы қонған. Мақсұт өткен жылы, ел жайлаудан қайтқандағы сапарынан кейін, сонан бергі аралықта, Қамарды қыста келіп бір-ақ рет көре алған болатын. Жер шалғай, жол алыс емес. Бұл жөнінде ойланса болды, Мақсұт өзін айналада айыр тілін шығарған, айдаһар өлкесінің ортасында қалғандай сезінеді.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір