Сейсенбі, 22 Қазан 2019
Жаңалықтар 2833 0 пікір 30 Қараша, 2012 сағат 07:33

Өмір Шыныбекұлы. Оңтүстіктегі отарлау саясаты немесе қазақ қалай өзгерді?

 

Биыл Ресей императоры II  Александр  Түркстан генерал-губернаторлығын (Түркстан өлкесі) құру туралы Ерекше Комитетінің жобасын бекіту  туралы Жарлық бергеніне 145 жыл толды (Жарлыққа 1867 ж. 23 тамызда қол қойылды).

Сонымен қатар, халқымызды орасан қырғынға ұшыратқан 1932-33 жылдардағы ашаршылықтың басталғанына 80 жыл толып отыр.

Осы екі оқиғаның арасында қандай байланыс бар?!

Украина билігі өздеріндегі аштықты «халықты (украин халқын) қыруға бағытталған қолдан жасалған нәубет» (геноцид) деп саяси баға берді. Ал, біз өкінішке орай, осы ұлы нәубетті әлі толық зерделей алмай отырмыз.

Бұл қолдан жасалған нәубет пе, әлде бар болғаны соңы адам қырғынына әкеліп соққан табиғат апаты ма?

Неліктен, осы қырғында қазақ көп қырылды?

Отандық тарихшылар, саясаткерлер, саясаттанушылар және басқа да ғалымдардың арасындағы осы төңіректегі талас әлі басылар емес.

Біреулері бар мәселе мемлекет басқаруды дұрыс ұйымдастыра алмаған жалаңаяқ большевиктер мен жергілікті «шолақ белсенділерде» деп есептесе, екіншілері тек Сталинмен Голощекинді айыптайды.  Ал, кейбір «әсіреұлтшыл» зерттеушілер бар кінәні орыс халқына аударғысы келеді.

 

Биыл Ресей императоры II  Александр  Түркстан генерал-губернаторлығын (Түркстан өлкесі) құру туралы Ерекше Комитетінің жобасын бекіту  туралы Жарлық бергеніне 145 жыл толды (Жарлыққа 1867 ж. 23 тамызда қол қойылды).

Сонымен қатар, халқымызды орасан қырғынға ұшыратқан 1932-33 жылдардағы ашаршылықтың басталғанына 80 жыл толып отыр.

Осы екі оқиғаның арасында қандай байланыс бар?!

Украина билігі өздеріндегі аштықты «халықты (украин халқын) қыруға бағытталған қолдан жасалған нәубет» (геноцид) деп саяси баға берді. Ал, біз өкінішке орай, осы ұлы нәубетті әлі толық зерделей алмай отырмыз.

Бұл қолдан жасалған нәубет пе, әлде бар болғаны соңы адам қырғынына әкеліп соққан табиғат апаты ма?

Неліктен, осы қырғында қазақ көп қырылды?

Отандық тарихшылар, саясаткерлер, саясаттанушылар және басқа да ғалымдардың арасындағы осы төңіректегі талас әлі басылар емес.

Біреулері бар мәселе мемлекет басқаруды дұрыс ұйымдастыра алмаған жалаңаяқ большевиктер мен жергілікті «шолақ белсенділерде» деп есептесе, екіншілері тек Сталинмен Голощекинді айыптайды.  Ал, кейбір «әсіреұлтшыл» зерттеушілер бар кінәні орыс халқына аударғысы келеді.

Осы жерде  кезінде Англияның премьер-министрі болған У.Черчилльдің «Англияның мәңгілік досы да жоқ, мәңгілік дұшпаны да жоқ. Англияның мәңгілік мүддесі бар!» деген керемет сөзі еске түседі. «Өзіңе  өзің бекем бол, көршіңді ұры тұтпа!» деп атам қазақ та бекер айтпаған.

Әлемнің қай түкпірінде болмасын, Ресей империясы орыс халқының мүддесін барлығынан жоғары қоюға тиіс орыс халқының ұлттық мемлекеті!

1867 ж.  жарлық та,  ең алдымен орыс халқының ұлттық мүддесі тұрғысынан жасалды! Ал, Кеңес Одағы Ресей империясының заңды жалғасы - мұрагері!

Өз кезегінде Қазақстан тарихы да  қазақ халқының мемлекетқұраушы этнос екені ескеріле отырып, қазақ халқының мүддесі тұрғысында зерттелуі-зерделенуі қажет!

Ол үшін тек мұрағаттық құжаттар мен «атамыз айтқан әңгіме» жеткіліксіз. Қазақ жерін зерттеген немесе қазақ жері арқылы өткен батыс және орыс саяхатшыларының еңбектері назардан тыс қалмауы керек.1867-1917 жж. аралығында Дала өлкесі мен Түркстанда шығарылған мерзімдік баспасөз құралдары мен Ресей Статистикалық комитетінің журналдарында өте  құнды деректер бар.Сонымен қатар,қазақ халқымен бір геосаяси кеңістікте жатқан қырғыз,өзбек, тәжік, түрікмен, әзірбайжан, иран және т.б. зерттеушілерінің бұрынғы-соңғы еңбектерін егжей-тегжейлі зерделесек қана шынайы қазақ тарихын жасай аламыз! Ол үшін ең алдымен аталған еңбектердің барлығын қазақ тіліне аудару керек! (Әсіресе, орыс зерттеушілерінің жазбаларында тек зерттеу жұмыстары ғана емес олардың туған халқына деген орасан зор махаббаты бейнеленген.).

Кез келген құбылыс немесе оқиғаның алғы шарттарын ашпай, себебін табу мүмкін еместігі ежелден әмбеге аян.

Алдымен, кезінде садақ-найза асынып, жаһанды тітіренткен-көшпенділер дәуренінің өтіп, XIX-ғасырда  әлем тізгіні «отқаруға» сүйенген еуропалықтардың қолына толық көшкенін атап өткен абзал.

Еуропаның саңлақ елдері өз «олжаларын» әлемдік мұхит жағалаулары мен алыстағы жаңа құрылықтардан іздесе, Петербург шәрін тұрғызып Ресей үшін Еуропаға терезе «ойып» берген I Петр патша «алыстан арбалауға» өз елінің әзірге  қауқарсыздығын  терең түсініп «Қазақ ордасы Азияға барар кілт пен қақпа» деп оңтүстікке назар салды...

«Жұт жеті ағайынды» дейміз бе, әлде «құланның қасынуына мергеннің басуы»,... сол  I Петрдің замандастары, үш кемеңгер -Төле, Қазыбек, Әйтекенің арқасында бүкіл қазақ жұртын біріктіре білген әз Тәуке өмірден өткен соң (шамамен 1718 ж.), қазақ жерінде «бас басына би болған өңшей қиқым»(Абай) дегендей «бөліп ал да, билей берге» көшкен «хандар» көбейді. Тәукеден соң көп ұзамай Әйтеке би бақилық (шамамен 1722 ж.) болды. «Аңырақайдағы» ( шамамен 1729-30 ж.) айтулы  жеңістен кейін үлкен тақтан дәмелі болып, үміті ақталмаған Әбілқайыр «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деген ұстанымға көшті. Сол Әбілқайырыңыз Әйтекеден кейін Кіші жүздің «тізгін ұстар» бас биі атанған Ақсуат бидің халық алдында үлкен беделге ие болуына үлгертпей, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» (1723-27 ж.ж.) әлі оңала қоймаған қазақтың үштен бірін 1731 ж. Ресейге қосып тынды.

Осылайша Ресей империясының 1731 ж. басталып, 134 жылға созылған қазақ жерін әскери күшпен отарлауы 1865 ж. шілдеде Ташкентті алуымен аяқталды («жабайылар» I Петр патшаның «өсиетін» орындауға осыншама жыл «кедергі» болды).

Айта кету керек, сол кезеңде Орталық Азияда «азуын айға білеп» тұрған  «қоқаңдаған» Қоқан мен әміршілері сарай толы кәнизәктарын  місе тұтпай, қастарына «патша бала» («бәтшақар») ұстап-азғындап, қор-қорға «кәйіп» болған Бұхар, Хиуа хандықтарын Ресей айналасы 7-8 жылда «қалпақпен ұрып» алды. (Тура осы кезеңде, Ресей билеушілері «асау, жабайы қырғызға» (қазақ халқына) «үкім» шығарды).

Енді, 100 жылдан аса уақытқа созылып, қазақты икемге көнгенін шоқындырып - орыстандыруға, көнбегенін қырғынға ұшыратып, ұлт ретінде жер бетінен жоюға бағытталған отарлаудың жаңа кезеңі - келімсектердің қазақ жеріне «ұлы көші» басталды.

Ресей патшасының 1861 ж. 19 ақпандағы "Басыбайлылықты (крепостнойлықты) жою туралы" заңы (уставы) орыс отаршылдығына жаңа бір «леп» әкелді. Кенеттен келген бостандықтан «бастары айналған» шаруалар... екі күн тойлады, үш күн тойлады,...сосын «қарны аша бастады».  Кешегі қожайын быламық болса да - ас, шоқпыт болса да - киім беруші еді. Енді, оның бәрін «бостандық» алмастырды. Бүкіл ішкі Ресейді ұрлық-қарлық, тонау, жол торыған қарақшылық жайлады. Өңдейтін жері, «қой» дейтін қожайыны жоқ шаруалар (шын мәнінде кешегі құлдар) «қарақшылар» тобын құрып, үлкен жолдардан өткен керуендер мен жолаушыларға қауіп төндіріп, ел тонайтын қауіпті күшке айналды. Бір деревнядан екінші деревняға бару мұң боп қалды. Жоғалтар ештеңесі жоқ жанкештілер, тіпті өкімет әскерімен қарулы қақтығысқа түсуден де тайынған жоқ.

Өз ағартушы-демократтары мен адамзаттың озық ойлы өкілдерінің қысымына шыдамай, басыбайлы шаруаларға еркіндік беріп «сау басына сақина тілеп алған» Ресейдің халықаралық жағдайы да мәз емес еді.

Түстік-батыста Қара теңізді қайтарып алудан үміт үзбей, жанталасқан түріктер отыр, Қап тауының теріскейін мекен еткен, ержүрек Шәмілдің «ғазауатынан» рухтанған халықтардың да оңай беріле салатын ыңғайы білінбейді. Пәленбай ғасырға созылған «оқшаулану» саясатынан жеріп, қиыр шығыста жапондар оянып келеді. «Апиын соғыстарынан» ес жия бастаған Қытай  Шығыс Түркістанға ентелеп, қаптаған шеріктеріне «қапқа салып, қатын таратып» (Қ.Жұмәділов), Ресейдің Тибетке шығар жолына жатып алды. Гиндукуш пен Гераттағы пуштундар бүгін-ертең талқандалса, ағылшындар да Памирден бері асатыны әмбеге аян болып тұр. Империяның Үндістанға беттеген жолын он жылдан аса уақытқа бөгеп, ағылшындарды неғұрлым түстіктен «қарсы алуға» мұрша бермеген Абылайдың көкжал немересі Кенесары қаза тапқанмен, оның «жабайылары» да әлі толық талқандалып біткен жоқ.

Қайтпек керек?

Ақ патшаның көп уәзірінің бірі жол тауып кетті. Сауатсыз, қараңғы орыс пен украин шаруаларына Сібір мен қырғыз (қазақ ) жерінің «көктемде арбаның дертесін жерге шаншысаң, күзде жеміс беретін» ғаламат құнарлылығы, ең бастысы, ол жерлердін иесіз, бос жатқандығы (жергілікті халықтар адам орнына саналған жоқ) насихаттала бастады. Сол жаққа қоныс аударуға ниет еткендерге  мемлекет тарапынан қаржылай және басқа да көмектер көрсетілетіні баса айтылды.

"Басы артық" шаруаларды Сібір, Қазақстан мен Орта Азияға қоныстандыру екі мәселені шешті. Бірінші, ішкі Ресейдегі тәртіп пен тыныштық біршама қалпына келсе, екінші жағынан Ресей мен Украинада «Жойылсын патша!»( «Долой царя!») деп, аттандап жүрген аш-жалаңаштар, жаңа жерлерге қоныстанған соң «А, құдайым, патшаны сақтай көр!» («Боже царя -храни!») деп, патша өкіметінің бұратана халықтар арасындағы тірегіне айналды. Яғни, осыған дейін қазақ даласындағы «полицейлік-жандармдық» міндетті тек орыс-казак әскерлері атқарып келсе, енді оған орыс-украин шаруалары қосылды.

Осы тұста айта кеткен абзал, орыс билеуші топтары арасында Түркстанды отарлау туралы біржақты көзқарас болмаған. Мысалы, Түркстан өлкесінің генерал-губернаторы К. фон Кауфман (14.07.1867-04.05.1882 ж.ж.) өлкені  географиялық, этнографиялық т.б.тұрғыда толық зерттеп алмай орыс шаруаларын Түркстан өлкесіне жаппай қоныстандырып, жергілікті халықтың пайдалануындағы игерілген суармалы, шұрайлы жерлерді тартып алудың асығыстық боларын дәлелдеуге тырысты. Ол тек  ішкі Ресейден қоныс аударған келімсектерді далалық аймақтардағы бос жерлерге қоныстандыруды  ұсынған. (Кауфман Орта Азия халықтарының ішінен орыстануға ең бейімі қырғыз (қазақ) халқы деген пікірмен, өлкеде ашылатын орыс-түзем мектептеріне ең алдымен қырғыз (қазақ) балаларын  тартуға күш салды. Кауфманның пәрменімен Ташкентте1879 ж. ашылған мұғалімдер семинариясына да, орыс балаларымен қатар жергілікті халықтардың арасынан тек қырғыз (қазақ) балалары қабылданған. 1883 ж. қырғыз (қазақ) тілінің мұғалімі Я.Лютш орыс транскрипциясына негізделген қырғыз тілінің хрестоматиясын жасаған. Аталған семинариядағы қырғыз тілі пәні осы хрестоматиямен оқытылған).

Ал, Сырдария облысының әскери губернаторы генерал Гродеков (02.06.1883-12.06.1892 ж.ж.): «Түркстандағы әрбір орыс поселкесі орыс әскерінің бір батальонына тең болар еді» дегенді жиі қайталаған. (Кейінірек, 1888 ж. Гродеков келімсектерді қаруландыруға қаржы бөлу  туралы Түркстан өлкесінің генерал-губернаторы Н.О. Розенбахқа (01.02.1884-28.10.1889 ж.) өтініш жасаған. Оның мақсатын өлкенің келесі генерал-губернаторы барон А.Б. Вревский (28.10.1889-17.03.1898 ж.) 1892 ж. іске асырып, орыс поселкелерінің тұрғындарына қару - жарақ бөліне бастады.  Мысалы, 1898 ж. Жетісуда 3000 мың винтовка таратылды. Оның ішінде 1000 винтовка орыс  казактарына тисе, 2000 винтовкаға мұжықтар ие болды).

Ш.Уәлиханов қазақ халқының өмірі мен материалдық жағдайын жақсартуға мұрындық болатын реформалар жасау керек деп есептеді. Ол қазақ жерін басқару туралы ережелер  жобасын  ғасырлар бойы қалыптасқан жергілікті басқару жүйесін негізге ала отырып жасауды  ұсынды. Ол өзінің «Сот реформалары туралы» еңбегіңде қазақ халқы үшін ең маңыздысы әлеуметтік-экономикалық жаңғыртулар деп көрсетті.

Ал, патша шенеунігі Н.А.Маев Сырдария бойында солдат поселкелерін ұйымдастыруды  ұсынды. Ол «Түркстан өлкесінде өкіметке қарсы әрекеттер бастала қалса, бұл поселкелердің  пайдасы өте зор болар еді» деп көрсетті.

1865 ж. Ресей үкіметі «Қазақ даласын басқару туралы Ережелердің» жобасын дайындау үшін «Дала комиссиясы» аталған комиссия құрды. Оның құрамына Ішкі Істер Министрлігінің, Әскери Министрліктің және жергілікті генерал-губернаторлықтардың өкілдері кірді.

Ресей өкіметі 1855 ж. бастап Жетісуға орыс казактарын қоныстандыра бастады.

1865 жылдың ақпанында Жаңа-Қоқан линиясы таратылып, орнына Орынбор генерал-губернаторлығының Түркістан облысы құрылды. 1867 жылғы сәуірде Түркістан облысы жеке бөлініп шығып, әкімшілік жағынан аймақ үшке - орталық, оң және сол қанатқа бөлініп басқарылды. Алғашында өлкенің орталығы ретінде Әулиеата қаласы қарастырылған. Бірақ, Шығыс Түркстандағы ұйғырлар мен дүнгендердің Қытай өкіметіне қарсы басталған  дүрбелеңі, орталық ретінде Қытай шекарасынан қашықтау Ташкентті таңдауға мәжбүрледі.

1867 ж. құрылған Әскери Министр Д.А.Милютин басшылық еткен  қазақ жері мен Түркстанды әкімшілік басқару реформаларының жобасын жасау бойынша комиссия бұл кезде марқұм болып кеткен Шоқанның пікірін еске де алмады. Нәтижесінде, 1867 ж. 11 тамызда «Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарының Далалық облыстарын басқарудың уақытша Ережелері»  деген құжат өмірге келді. Дала комиссиясы жаңа болыстықтар мен ауылдардың әкімшілік жобасын дайындай отырып, дәстүрлі басқару институттарының саяси қаупін бір сәтке де естен шығармады. Орыс зерттеушісі А.К.Гейнс «Үкімет күштеріне қарсы тұрмас үшін, ең алдымен қырғыз халқының сайланбалы билігін біртіндеп жою, қырғыз халқын өз билеушілері мен рулық құрылысқа негізделген өмір салтынан ажырату қажет» -деп жазды.

1867-1868 ж.ж. реформалардың  (Уақытша Ережелердің) ең негізгі мақсаты - қазақ жерін Ресейдің өзге де аймақтарымен ара-жігін білдірмей қосып жіберу үшін Ресейге бағынышты басқа ұлыстармен бір басқару жүйесіне біріктіріп, жергілікті атқамінерлердің ықпалын барынша әлсірету, оларды биліктен аластау,  рулық құрылысты  біртіндеп жойып, орыстандырып, шоқындыру болды.

1868 жылдың 11 маусымында Түркістан облысы Сырдария, Жетісу облыстарынан құралған Түркістан генерал-губернаторлығына бірігіп, орталығы Ташкент қаласы деп белгіленді. Түркістан Сырдария облысының бір қаласына айналып, Түркістан облысы «әкімшілік аймақ» ретінде күшін жойды.

Сырдария облысы Құрама, Ходжент, Шымкент, Әулие-Ата, Перовск, Қазалы, Жызақ уездерінен құралды.

 

Түркістан өлкесінің ұлттық құрамы

(1868ж)

Қала, уезд

Отырықшы халықтар

Көшпелілер

Сарт

Тәжік

Өзбек

Құрама

Еврей

Ауған

Үндіс

Қытай

Татар

Қырғыз

Қара

қырғыз

Өзбек2

Барлығы

Ташкент қ. (азиялық).

71848

-

-

-

213

25

93

3

610

261

-

-

76053

Қазалы

-

-

-

-

-

-

-

-

-

61790

-

-

61790

Перовск

-

-

-

-

-

-

-

-

-

100090

-

-

100090

Шымкент

23510

-

-

-

-

-

-

-

-

152695

-

-

176205

Әулиеата

1810

-

-

-

-

-

-

-

-

73175

28850

Құрама

24685

8330

2040

57855

130

-

-

-

20

102625

-

-

195685

Ходжент

-

46200

21095

-

-

-

-

-

-

4280

-

5815

77390

Жызақ1

33600

-

-

-

-

-

-

-

-

11200

-

-

44800

Барлығы

158453

54530

23135

57855

343

25

93

3

630

506116

28850

5815

835848

(«Ежегодник» атты басылымның 1870 ж. санында шыққан «Сырдария облысының статистикалық мәліметтері»)

11872 жылы Жызақ уезі таратылып, орнына Түркістан қаласы орталығы болып бекітілген осы аттас уезд құрылды.

2Қызылқұм, Қарақұм және Жиделі-Байсын өңірлерінде мал шаруашылығымен айналысатын - көшпелілік өмір салтынан әлі ажырай қоймаған өзбектер болған-Ө.Ш..

Өлкедегі қазақ болыстықтары туралы.

Уездер болыстықтардан, олар өз кезегінде ауылдардан құралды. «1867 жылғы заңға сәйкес, қырғыздардың  рулық құрылысын ыдырату мақсатында  ірі руларды бір басшының қол астына берудің қауіптілігі ескеріліп,  көшпелі тұрғындарды болыстықтар мен ауылдарға бөлу қарастырылды» -деп жазады Н.И.Гродеков.

1868 ж. Сырдария облысы әскери губернаторының пәрменімен Шымкент уезінде болыстық басқармалар ұйымдастыру бойынша комиссия құрылды.

Комиссия төрағасы - титулярлық кеңесші Е. Савенков, мүшелері - ротмистр Адеркас, сотник Герасимов, капитан Терейковский, аудармашысы прапорщик Сырттанов болды.

Бірнеше ай ішінде комиссия ауылдарды аралап шығып, тексеру қорытындысын басшыларға тапсырады.Тіпті, Шымкент уезін мекендейтін ең үлкен 2 тайпаға қисынын келтіріп -бірін асыра мақтап, екіншісін «басын жерге жеткізе тұқыртып» дегендей, «этнографиялық» сипаттама беріп, екі тайпаның арасына «шоқ» тастауды да ұмытпайды(ОҚО облыстық  мұрағаты Қор-1129; Тізбе-1; Іс-5.).(Жасыратыны жоқ, сонан бері 1,5 ғасырға жуық уақыт өтсе де, әлі күнге сол «шоқтың» қызуына «жылынып» жүрген ағайындар арамызда баршылық.)

Жергілікті (қазақ)  халық өкілдері мемлекеттік - әкімшілік басқарудың ең төменгі сатысына ғана жіберілді. Болыстықтарға ру аты берілгенмен, болыстықтар шаңырақ санына қарай жасақталды. Ал, рудағы шаңырақ саны мен болыстықтағы шаңырақ саны сай келуі мүмкін емес еді. Яғни, бір рудың  өз болыстығына «сыймай»  қалған белгілі бір бөлігі мәжбүрлі түрде өзге рудан жасақталған болыстықтың құрамына кіргізілді. Бұл өз кезегінде болыстықтағы негізгі рудың аз атаға, көші-қон немесе суармалы жерлерді бөлу барысында және  т.б. жағдайларда әлімжеттік жасауына кеңінен жол ашты.

Болыс басқарушысы  әрбір 50 шаңырақтан 1 өкіл қатысатын болыстық съезде  25 жасқа толған, сотталмаған, халық алдында беделі бар азаматтар арасынан 3 жыл мерзімге сайланды.

Болыс басқарушысының міндетіне:

ü  болыстықтағы тәртіп пен заңдылықтың сақталуын қадағалау;

ü  алым-салық жинау;

ü  сот шешімдерінің орындалуын қадағалау;

ü  ауыл жиналыстарына қатысып, ауыл старшинасы мен биін сайлауды қадағалау;

ü  арыз-шағымдарды қабылдап, болыстық съезд шешімдерін орындау;

Сондай-ақ, болыс басқарушысына өкімет орындарының талабын орындамау, төбелес, т.б. заң бұзушылықтар үшін 3 күн мерзімге қамауға алу немесе 3 сомға дейін айыппұл салу құқығы берілді. Билер сотына жауапкерлер мен куәгерлердің қатысуын қамтамасыз ету де болыс басқарушысының міндетіне кірді.

Болыс басқарушысына (әсіресе, алым-салық жинау) берілген осындай салыстырмалы түрдегі үлкен құқықтар болыс сайлауын бәсекелес топтар арасындағы, заңды түрдегі үгіт-насихат жұмыстарымен бірге, сайлаушылар дауысын сатып алу немесе қоқанлоққы жасау, бопсалау, уезд бастығына пара беру секілді толып жатқан  заңсыз әдіс-тәсілдер кеңінен қолданылатын  жан аяспас күреске айналдырды.

Ал, сайлау тағдырын сайлауға міндетті түрде қатысатын  уезд бастығының пікірі шешті. Әдетте, пара, сый-сияпат алған  уезд бастығының үміткерлердің бірімен ымы-жымы бір болды.

Болыстық съезд әрбір 10 шаңырақтан 1 өкіл қатысатын  ауылдық жиналыста 3 жыл мерзімге сайланды.

Болыстықтағы әрбір ауыл нөмірленді. Ауыл жиналысы ауыл старшинасы мен биін сайлап, жайылымдарды бөлді, жер дауларын шешті, ауыл шаңырақтары арасында алым-салықтарды бөлді және жиналмаған алымдар туралы шешімдер шығарды.

Ауыл старшинасының міндеті:

ü   ауылдағы тәртіп пен заңдылықтың сақталуын қадағалау;

ü  алым-салық жинау;

ü  арыз-шағымдарды қабылдап, сот шешімдерінің орындалуын қадағалау.

Болыс басқарушысына өкімет кесімді жылдық жалақы төледі. Ауыл старшыны үшін әрбір шаңырақтан жылына 1 сом 15 тиын алынды. Ал би шешкен дауына қарай дау иелерінен  алымдар алып отырды.

Ендігі жерде,  өз әділдігімен, көрегендігімен, шешендігімен және тағы басқа асыл қасиеттерімен  халық арасынан өсіп шығатын билер әлдекімдердің ойлап шығарған «шар тастап сайлау»  арқылы  сайланатын болды.

Осылайша, мыңдаған жылдар бойы қазақ халқының  әлеуметтік, экономикалық  және саяси өмірін реттеп келген билер институтына күйрете соққы берілді.

Сонымен, болыстықтардағы  әкімшілік және полицейлік функциялары - болыс басшысына (болысқа), сот билігі - билер кеңесіне, ал шаруашылық мәселелерді шешу (сайлау, көші-қон, жайылым, шабындық жерлерге қатысты) - халық өкілдеріне (әр 50 шаңырақтан-1 өкіл) жүктелген

Болыс басқармаларының бастықтарына төмендегідей жылдық жалақы белгіленген: Мысалы, мемлекет 1868 ж. ауылдар мен шаңырақ санына қарай, Арыс болысына -500 сом, Шөл болысына-800 сом, ал қалғандарына 1000 сомнан жалақы белгіледі.

Мемлекет алғаш ұйымдастырылған 9 болыстықты (Боралдай , Қазығұрт, Тартоғай, Қарамұрт, Майлыкент, Қарабұлақ, Шөл, Арыс, Сарыкөл,  Тартоғай)  ұстап тұруға 18832 сом қаражат бөлді. Көп ұзамай-ақ бұл ақша артығымен қайтарылған, 9 болыстағы 9330 шаңырақтан жиналған «шаңырақ» салығы - 32555 сомды құраған.

Жоғарыда көрсетілген «Ежегодник» атты басылымның 1870 ж. санында шыққан «Сырдария облысының статистикалық мәліметтері» бойынша, Шымкент және Әулиеата  уезінің көшпелі тұрғындарынан құралған болыстықтар мен шаңырақтар саны:

 

Сырдария облысындағы келімсектер қыстақтары

(1894 ж.)

Р/с

Қыстақ атауы

Пайда болған жылы

Шаңырақ саны

Жан саны

Р/с

Қыстақ атауы

Пайда болған жылы

Шаңырақ саны

Жан саны

Ташкент уезі

Шымкент уезі

1.

Никольское

1881

286

1117

1.

Антоновка

1887

26

143

2.

Шыназ

1884

25

120

2.

Корниловка

1887

25

150

3.

Троицкое

1886

124

516

3.

Высокое

1888

144

761

4.

Черняевка

1891

54

169

4.

Белые воды

1889

102

472

5.

Кауфман

1892

90

347

5.

Черная речка

1891

48

270

6.

Самара

1892

58

227

6.

Красноводское

1891

34

141

7.

Богородица

1892

11

41

7.

Егорьевское

1891

101

563

8.

Константиновка

1892

78

393

8.

Дорофеевка

1891

104

521

9.

Успенское

1892

7

38

9.

Тамерлановка

1891

74

374

Барлығы

733

2968

10.

Ванновское

1891

104

513

11.

Каменная балка

1892

26

157

12.

Обручево

1892

48

244

13.

Чубаровка

1892

25

147

14.

Мамаевка

1891

66

284

15.

Вревское

1892

31

146

16.

Ермолово

1894

27

110

Барлығы

985

4996

1Сонымен қатар, Әулиеата уезінде барлық тұрғындар саны -6379 адамды құрайтын 17 орыс қыстағы  мен меннониттік дін өкілдерінің  5  қауымдық қыстағы пайда болды-Ө.Ш..

1891 ж. 25 наурызда Ресей патшасы «Далалық ереже» деген заңды бекітті. 1893 ж. күшіне енген бұл ереженің 119-бабында «өлкедегі барлық жерлер мен орман-сулар мемлекет меншігі» деп жарияланды. Міне, осы ереже бойынша қазақ жерлері ғасырымыздың басынан бастап бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанға дейін отарлық талан-тараждың тағы бір жаңа сатысына ілікті.

Енді, Сырдария, Арыс, Ақсу сияқты ірі өзендерді былай қойып, шағын ғана Сайрамсу, Балдыбірек, Доңызтау өзендерінің жоғары ағысындағы  тау бөктерлеріндегі тоқымдай-тоқымдай  суармалы жерлердің өзі назардан тыс қалмады. 1899 ж. украиндік келімсектер Петропавловск (қазіргі Тасарық-Ө.Ш) селосының алғашқы қазығын қақты. Одан соң, біртіндеп, тауға қарай өрлеп Романово, Сахаровка, Руниевский, Покровка, Данило -Покровка, Суплатово, Гавриловка, Колосовка селоларын құрды. Осылайша, ғасыр соңына қарай Шымкент уезіндегі суармалы жерлердің 19,8 %-ы келімсектердің қолына өтіп үлгерді.

Отаршылар Түркстан өлкесіндегі ең ірі екі этнос - қазақ пен сарттың1(өзбектермен шатастырмаңыз)  арасына  от жағып отыруды да ұмытпады. Жергілікті үкіметтің үнсіз қолдауымен «жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» дегендей, дала қазағының орыс қаруының күшімен  жуасығанын пайдаланып,  «жұмыртқадан жүн қырқатын» сарттар үлкен жолдардың бойындағы  бұлақтардың басынан керуен бекеттерін тұрғыза бастады. «Алғашында, даланың еркін ұлы қырғыз  (қазақ-Ө.Ш. ) бұдан қауіптене қоймады. Қайта жауын-шашында пана болып, қыстың боранды күндерінде түйесі мен аттарына жем алып тұруға жақсы болды деп қуанысты» -деп жазады 1891- 93 жылдары Ташкент пен Верный қалаларының арасынан бірнеше рет жүріп өткен орыс шенеунігі және зерттеушісі И.И.Гейер. ...«Келер көктемде, әлгі сарт  керуен сарайдың айналасына тал-терек отырғызып, жоңышқа мен бау-бақша егіп, жазға салым сарайдың айналасын балшық дуалмен қоршайды. Ал, қазақтың ойында әлі дәнеме жоқ, жаңа пайда болған тату көршісімен бұлақ суын бірге пайдалана береді. Тағы біраз жыл өтеді, баяғы жалғыз керуен сарайдың айналасында басқа да керуен сарайлар салынып, баяғы шағын бұлақ басында қышлақ пайда болады. Күндердің күнінде, қазақтар өз арығынан бір тамшы да су таппай қалады. Ештеңеге түсінбеген қырғыз, салып ұрып сарт қыстағына барса,- бәрі заңды. Бұлақ та, одан шығатын су да сарттікі- қолында жергілікті орыс өкіметі берген  құжаты бар. Бұдан кейін  қырғызға  амал жоқ, басқа қоныс іздеуге тура келеді» (И.И.Гейер. «По русским селениям Сырдаринской области», (Письма с дороги) «Туркестанские ведомости» басылымы, Ташкент,1893 ж.).

Сарт пен қазақтың өзара алакөз болуы патша үкіметі үшін өте тиімді екені айтпаса да түсінікті.

( 1Сарт - XV-XX-ғасырдың алғашқы ширегінде Орта Азияны мекендеген халықтың атауы. Сарттардың бет-әлпеті тәжіктерге өте ұқсас,бірақ «сарт тілі» аталатын түркі тілінің ерекше диалектісінде сөйлейді» (Ф. А. Брокгауз бен И. А. Ефронның  энциклопедиялық сөздігі). П. И. Лерхтың пікірінше «сарт тілі» шағатай тіліне өте ұқсас.

Орыс шенеунігі, әрі зерттеушісі Л.И.Пашино «Түркстан өлкесі -1866 ж. Жолжазбалар» атты еңбегінде «Әрбір қырғыз өз руын біледі, ал сарттар өздерін  тұратын жеріне қарай  Шымкенттік, Ташкенттік, Сайрамдық т.с.с. деп атайды» деп хабарлайды.

М.Тынышбаев:   «Өзбектер қышлақтарда тұрса, сарттар қалаларда өмір сүреді. Өзбектен «руың не?» деп сұрасаң; «Кеңегес, Қыпшақ, Қатаған, Барын» деп жауап береді. Ал, сарттан ру сұрасаң; тек «қалалықпын» деп жауап қатады» (М.Тынышпаев. История Казахского народа. 178 б. Алматы,1993).

Ф. А. Брокгауз бен И. А. Ефрон аздап қателессе керек. Біздіңше, сарттар IV-VIII ғасырларда Ұлы Жібек жолының Орта Азиядағы тармақтарының бойында сауда бекеттерін тұрғызып, керуен сарайлар ұстаған иран тектес халық - соғдылардың ұрпақтары.. Сол сауда бекеттері мен керуен сарайлардың айналасында Мерв, Бұхара, Самарқан, Үргеніш, Отырар, Сауран, Испиджаб, Баласағұн, Тараз, Талғар және т.б. кенттер пайда болған. Ол кенттер кедейленген немесе басқа себептермен отырықшыға айналған түркілермен толығып отырды.Уақыт өте, түркі тілін алған сарттар саяси билікке көп ұмтыла қоймаған. Өз мүдделерінен шығып жатса, кез-келген билікпен келісімге тез келетін, сырттай қарағанда  бейбіт халық. Негізгі кәсіптері сауда, егіншілік және қолөнер болған.

Сарттар бүкіл Орта Азияның солтүстігі Түркстан мен Созақ, ал шығысы Әулиеатаға дейінгі кенттерін мекен еткен. Жергілікті халық әр түрлі себептермен кенттерге орнығып, тілдерінің түркілік негізін сақтағанмен, соғдылардың көп дәстүрін алған қазақтарды да «сарт» деп атаған.  Бізге анық белгілісі - XIX-ғасырдың  2 жартысында  шамамен әр 12 жыл сайын қайталанып жиі орын алған ауыр жұттар (1855-56, 1867-68, 1879-80, 1891-92 ж.ж.) малсыз қалған қазақтарды сарт қыстақтарына қоныс аударып отырықшылыққа ауысуға мәжбүрледі. ОҚО Сайрам ауданы - Қарабұлақ, Манкент және т.б., Төлеби ауданы - Сұлтанрабат, Ханарық, Қазығұрт ауданы - Тұрбат ауылдарының өзбек тұрғындарының көпшілігі сол қазақтардың ұрпақтары, көпшілігі әлі күнге өз шыққан руларын біледі. Қазақ халқының «Өзбек өз ағам, сарт садағам» деген сөзі осыдан шықса керек!

1897 ж. халық санағында, олардың саны  968 655 жан  деп көрсетілген. КСРО-да 1924 жүргізілген халық санағында сарт халқы тегіс «өзбек» деп жазылып, «сарт» сөзі этноним ретінде қолданыстан шығып қалды. Осы жерде айта кеткен ләзім, тұрмыс-салт жағынан өзбектен көрі қазақ халқына жақындау - 1920 ж. халық санағында саны 40 000 -деп көрсетілген ферғана қыпшақтары да 1924 ж. санақта  «өзбек» халқының құрамына «сіңіп» кетті. Жалпы бұл тақырып  әлі терең зерттеуді қажет етеді - Ө.Ш..

1896 ж. 2-желтоқсанда Ішкі істер министрлігінің құрамында "Қоныстандыру басқармасы" құрылды. Басқарманың қызметі - қазақ жерін зерттеп, оның көлемі мен ауданын, тұрғылықты халқының орналасу тәртібі мен құрамын, құнарлығы мен шұрайлылығын, егіншілік пен мал шаруашылығының қайсысына қолайлы, қысқасы, осы сауалдарға жан-жақты жауап алатындай егжей-тегжейін түгел қарастырды. Ал, Әндіжан көтерілісінен (1898 ж.)  кейін патша үкіметі  «орыс адамының қаны» төгілген жер мемлекетке сұраусыз алынады деп жариялады.

Капиталистік қатынастардың  дамуы  XIX-ғ. соңында дүниежүзілік нарықта мақта талшығына деген сұранысты арттырды. Осыған байланысты патша шенеунігі А.В.Кривошейн: «Ресейде мақта өсетін жер өте аз...ал мақтаның құны өте жоғары. Сондықтан Түркстанда астық өсіру экономикалық тұрғыда үлкен қателік болар еді. Бұл өлке қымбат та болса  ішкі Ресейде өндірілген астықты тұтынып, барлық егістік жерге мақта егілуі тиіс» дейді. Бірақ, қанша қажырлы болса да келімсектер, машақаты көп  мақта өсіруден бас тартты.  Мақта өндірушілерге арналған несиелерді өкімет, амалсыз сарттар мен тәжіктерге бере бастады. Ол уақытта қазақтың мақта екпейтіні айтпаса да түсінікті.

Ресейде 1900ж.  орын алған экономикалық дағдарыс, Корей түбегіндегі Порт-Артурда (28.01.1904 ж.) құйтақандай аралдарды мекендейтін жапондардан «оңбай таяқ жеген» Ресей халқының өз билеушілеріне деген «қара қазандай өкпесі», 1905-1906 жылдардағы аштық  Ресей үкіметінің басшысы П.А. Столыпинді аграрлық реформа аясында, «жаңа игерілген жерлерге» орыс-украин шаруаларын қоныстандыру бағытында көптеген шараларды жеделдете іске асыруға итермеледі.

П.А. Столыпиннің айтуы бойынша Ресей өкіметі «бейшаралар мен маскүнемдікке салынғандарға емес, әлділерге арқа сүйеуі қажет» болды. «Мықты жеке меншік иесін» жасау бағыты негізінен деревня орташаларының қатарын көбейтіп, ұсақ жеке меншік иелерін жермен қамтамасыз ету саясаты арқылы іске асырылды.

Ал, шаруаларға бөліп бере қоятындай ішкі Ресейде бос жер жоқ. Патша өкіметі Ресейдің отар аймақтарында келімсектер үшін «бұратаналардың» қауымдық жерлерін ашық тартып ала бастады. Келімсектерге үй салу мен шаруашылық құралдарын алу үшін  көрсетілетін қаржылай көмек көлемін ұлғайтты. Ал, кедергі келтіруге әрекет жасаған «бұратаналардың» құны сұраусыз, яғни, кез-келген келімсек оларды атып тастай салуға құқылы болды.

Осылайша, 1906 ж. 9 қарашадағы патша жарлығы бойынша жүргізілген аграрлық реформа қазақ халқының тағдырына тағы бір «соққы» беріп, олардың көпшілігін тағы да тау-тасқа, шөл-шөлейтке ығыстырды.

Сырдария қоныс аудару ауданы Басқармасына «Ұзын» (Қазіргі ОҚО, Төлеби ауд., «Ұзынарық ауылы-Ө.Ш.) арығының бойындағы 1000 десятинаға жуық суармалы жерінің мемлекет қорына заңсыз алынғаны туралы Шымкент уезі Сайрамсу болыстығының шаңырақ иесі (түпнұсқада -юртовладелец) Жәнібек Жаназаровтың 6 шаңырақ атынан жазған шағымына басқарма меңгерушісі Сахаров дегеннің 1912 ж. 16 ақпанда қайтарған жауабы төмендегідей болған: «Шағым иесінің шағымдануына еш негіз жоқ. Уақытша Комиссияның 1911 ж. 27 қарашасындағы шешімімен Қаратас болыстығының №61 қауымы мен Сайрамсу болыстығының №63 қауымы VI-ауылының жерлері есебінен құрылған «Успеновское» (қазіргі Төлеби ауданы Қоғалы ауылы-Ө.Ш.) участогіне берілген жер - біріншіден, 1000 десятина емес, бар болғаны - 617,04 десятина, екіншіден, Жаназаровқа «Мыңбайыр» жотасының оңтүстік қия-беткейіндегі (түпнұсқада - склон) белгіленген нормадан әлдеқайда артық - суарылмаса да шөбі қалың шығатын құнарлы - 4996,98 десятина жері қалдырылды . Оның үстіне, шағым иесіне өзге 6 шаңырақ иелерінің берген сенім қағазы да жоқ» (Өзбекстан Мем.Мұрағаты.№И-16, Тізбе-№1, Іс-№365, 24-і бет.).

1906 ж. өлкенің байлығын Ресейге тасу үшін екі бағыттан бастап, құрылысы  жоғары қарқынмен жүргізілген  Орынбор-Ташкент темір жолының пайдалануға берілуі  келімсектердің санын арттыра түсті.

Халықтан алынатын алым-салық мөлшері де тым ауыр еді. Әр шаңырақтан 3 сом көлемінде алынатын «шаңырақ салығынан» басқа,  болыс басқармаларын, хатшылар мен шабармандарды ұстауға, жол-көпірлерді жөндеуге, егістік көлеміне байланысты «танап» салығы, түскен өнім көлемінен «хараджы», сауда жасағаны үшін «зекет» деген секілді алым-салықтар болды. Оның үстіне, мөлшерін  болыс басқармалары белгілейтін «қара шығын» деп аталатын қоғамдық қажеттілік пен қайырымдылық шаралары үшін алынатын алымдарды қосыңыз.

XIX-ғ. соңы мен XX ғ. басында Түркстан өлкесінде шығып тұрған басылымдардағы орыс зерттеушілерінің  мақалаларынан Ресейдің қазақ жеріне мәңгілікке орнығуды көздегенін және жергілікті отаршыл үкіметтің келімсектерге қандай көңіл бөлгенін байқауға болады. ... Еріксіз «Апырай, шеттен келген қандастарымызға жағдай жасамақ түгілі, санын түгендей алмай жүрген біздің «көші-қонға» да осылай сын айтатын жан болар ма екен» деген ойға келесің!

Түркістан генерал-губернаторы қызметінде 1-ақ жыл істеп қызметімен қош айтысқан П.И.Мищенконың орнына келген А.В.Самсоновтың (1909-1913 ж.ж,) тапсырмасымен қоныстандыру жұмыстарының барысын тексеру үшін өлкені аралап шыққан генерал-лейтенант Романовскийдің есебі.

Түркістан генерал-губернаторына

1909 ж. 3 шілде

Үстіміздегі жылдың маусым айының 21 мен 28 жұлдыздары арасында ескі почта жолы арқылы Ташкенттен Шымкентке, сосын Александров жотасының етегіне жаңадан орналасып жатқан поселкелерді аралап шығып, көргендерім:

Шымкент қаласында:

а) Почта-телеграф кеңсесі. Дабылдатқыш (сигнализация. ауд.Ө.Ш.) пен күзет ойдағыдай, терезелердегі тор - темірден.

б) Қазынашылықтағы (казначейство) қаражат сомасы тексерілді. Дабылдатқыш пен күзет қанағаттанарлық, терезелердегі тор - темірден. Дабыл қаққанымызда, басқалары тапсырмада болғандықтан, айдауыл топтың (конвойная команда) төменгі шендегі 2-ақ сарбазы келді.

Бұрын атқыштар ротасына сарбаздар шақырылатын, бірақ әскери басшылықтың пәрменімен, ол тоқтатылған. Жаз айларында айдауыл топ ылғи тапсырмада болатындықтан, атқыштар ротасына сарбаз шақыруды жаңғырту керек деп есептеймін.

в) Қалалық емхана - 5 орынға лайықталған (1 сырқат жатыр), күндіз 12 адам ем қабылдай алады. Емхана қараусыз, жөнделуі өте нашар, әсіресе фельдшердің бөлмесі қатты тозған, аула қоқысқа толы, ешкім жинамайтыны көрініп тұр. Жөндеу жұмыстарын жүргізіп, тазалық сақтауға бұйрық бердім.

д) Әйелдер училищесі. Тазалық пен тәртіп өте жақсы. Ташкентте өтетін ауыл шаруашылығы көрмесі үшін оқушы қыздардың қолынан шыққан қолөнер жұмыстары өте жоғары деңгейде жасалған.

е) Шіркеу саябағы мен питомник өте ауқымды және аса зор қамқорлықпен күтіледі.

ж) Шикі кірпіштен соғылған уездік басқарманың ғимаратының күтімі жаман емес. Іс жүргізу мен қаржы кітаптары тексерілді. Орындалуы кешіктіріледі, қажетті белгілер түсірілмеген.

Жекелеген үстелдер бойынша ескертпелер:

1).Хатшының үстелі (Шнейдерман). Қырғыз капиталынан 1892 ж. алынған 7908 сом әлі күнге қайтарылмаған. Себебін анықтау тапсырылды.

2). Пәрмен беру үстелі. (Хат жүргізуші Горбатов) Төтенше съезд туралы қағаздарда ұқыптылық жетіспейді, қажетті белгілер мен тілмаштың реестрден алған қағаздарына қол қойылмағандықтан, анықтама алу мүмкін болмады.17 сәуір мен 17 мамыр аралығында өткен төтенше съезд-уезд бастығы, оның көмекшісі мен приставтар қатысқандықтан өте сәтті өтті деуге болады (онда 1304 қылмыстық, 619 азаматтық іс қаралды). ...

Шымкентте тазалық өте жақсы сақталады, барлық жер суарылады, көшелер «Люкс» шамшырағымен жарықтандырылған. Базарда тәртіп бар (пәлен жыл бойы қаламызда тәртіп пен тазалық орната алмай жүрген қалалық әкімшілік, патша шенеуніктерінің тәжірибесін үйренсе болар екен.Ө.Ш.). Әсіресе, уездік басқарма мен Николаев көшесі аралығындағы шағын үстелдер мен орындықтар орнатылған гүлзар көңілге ұнамды әсер қалдырады. Бұл жер Шымкент жұртшылығының кешке қарай жиналатын сүйікті орынына айналған.

Ойылған, әрі шаңдақты ескі Шымкент жолының бойымен Жетісу мен Әулиеата уездерінен шыққан обоздар (арба керуендері) тоқтаусыз жүріп жатыр. Жол-жөнекей келесі поселкелер тексерілді.

Ташкент уезді бойынша:

а) Черняево (орыстар) 65 шаңырақ (қазіргі «Жібек жолы» ауылы-Ө.Ш.). Өте бақуат тұрады. Мектеп пен ғибадат үйі бір қоғамдық ғимаратта орналасқан. Шаруалар ескі почта стансасын ғибадат үйі үшін беруді сұранды.

Шығындар кітабы ойдағыдай жүргізілмегендіктен, оны ретке келтіру ескертілді.

б) Константиновское (немістер) 24 шаңырақ (қазіргі Дербісек). Өте бақуат тұрады. Мектеп үйінің жағдайы өте жоғары. Ғибадат үйі де сондай. Іс жүргізу мен қаржы кітаптары өте жақсы жүргізілген.

в) Ақжар (немістер) 100 шаңырақ. Жер өңдеу министрлігінен жалға алынған жерге енді ғана орналасып жатыр. Қаражаттары бар сияқты.

г) Жері (джери?) (молокандар) (Жери -қазіргі Қазығұрт ауылы болуы мүмкін, молокандар -христиан-протестанттық діни ағым өкілдері- Ө.Ш.) 80 шаңырақ. Енді ғана орналасып жатыр, бірақ шаруалары мығым. Келес өзенінен өз қаржыларына 6 шақырым арық тартуға рұқсат сұрады. Мәселе жазбаша өтініш берілгеннен кейін қаралатын болады.

Шымкент уезді бойынша:

д) Фогелево (орыстар)(қазіргі Рабат ауылы- Ө.Ш.)) 14 шаңырақ. Жерлері өте көп, шаңырақ басына үй іргелік телімі 33/4 десятинадан болса, 380 десятина суармалы жер мен 150 десятина жайылым жері бар. Бақуат тұрады, оның үстіне өтіп жатқан обоздардан пайда табады.

Шымкенттен жаңа орналасып жатқан орыс поселкелеріне бет алдым және жол бойындағы ескі поселкелерді де көре кеттім. Жол қанағаттанарлық деуге болады дегенмен, тауда жаңбыр жауғанда өзендерден өту қиындық тудырады.

а) Добра-Шалды (Даңғыра шалған - Төлеби ауданы Қаратөбе және Төңкеріс ауылдарының маңында сондай елді мекен болған- Ө.Ш.) (орыстар) 11 шаңырақ. Әзірше тек үйлерін ғана тұрғызған, өте кедей тұрады.

б) Майбұлақ (орыстар) 68 шаңырақ. Тау жағалай 4 шақырымға жуық жіңішкелей созылып жатыр. Енді орналасып жатыр, арасында темір шатырлы үйлер де кездеседі.

в) Петропавловское (қазіргі Тасарық ауылы- Ө.Ш.)), (орыстар) 48 шаңырақ сарттардан жалға алынған жерлерде тұрады. Бақуат. Ғибадат үйі үлкен және жақсы жабдықталған. Темір шатырлы, тастан қаланған тамаша Министрлік мектебі бар.

г) Суплатово (қазіргі Қасқасу ауылы- Ө.Ш.)) орыстар 53 шаңырақ, тау баурайында орналасқан, өз күштерімен ғибадат үйін салып жатыр, әрі оны мектеп орнына пайдаланбақ. Қазына есебінен мектеп салып беруді өтінді. Әзірше, тек тұрғын үйлер ғана салынған.

д) Қарымбай 7 шаңырақ. Тұрғындар өте кедей тұрады, үйлерін әзер салып бітірген. Жерлері өте аз болғандықтан жер телімін кесіп беруді сұрайды.

е) Дорофеевка («Бірінші мамыр» ауылы- Ө.Ш.)153 шаңырақ орыстар. Өте бай, ескі село. Темір шатырлы үйлер өте көп. Діни әндер орындайтын әншілері бар шіркеуі- жақсы жабдықталған. Қол еңбегін қоса үйрететін министрлік мектебі ғимаратында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қоғамдық базар жылына 200 сомға жалға берілген.

ж) Лятерь (Ленгір болуы мүмкін-Ө.Ш.) 23 шаңырақ. Өте жарлы тұрады. Көктемде арық ақсақалы су бермегендіктен, астықтың өнімі төмен болғанын айтып шағымданды. Тексеру жүргізіп, қорытындысын баяндау туралы уезд бастығына ескертілді.

з) Тоғыс 21 шаңырақ (орыстар). Әзірше, тек тұрғын үйлерін тұрғызған. Егістікті суару үшін суды қайдан тартуға болатынын сұрады, егер жұмыс бастала қалса өздері қазатынын айтты. Уезд бастығына арық ақсақалын жіберіп, қорытындысын баяндау туралы бұйрық берілді.

Жолай үлкен сарт қыстағы Сайрамды (бұрынғы қала) көре кеттім. Қалашықта тәртіп байқалады, базары тап-таза. Болыстық басқармасы 2-қабатты шағын ғимаратта орналасқан, мұнда да тазалық пен тәртіп ізі көрініп тұр. Мамандар жетіспеуінен болса керек, поселкелерге жер бөлінгеніне 3 жыл өтсе де, шаруалар әлі толық жайласып бітпеген, көші-қон басқармасы жер межелеуді де әлі аяқтамаған. Көші-қон басқармасы мамандарының салғырттығынан кей жерлерде шекара бірнеше рет өзгертілген (мысалы Айбұлақ). Осының салдарынан қырғыздармен арада жиі жанжал туып отырады. Бұл жерлердегі орыс шаруаларының кедей тұру себептері: Көші-қон басқармасынан уәде етілген жәрдемақыны ала алмайды, себебі әлі бір жерге бекітілмеген, ал жерге бекіту көші-қон басқармасының тікелей міндеті. Осындай себептерден, Қазыналық Палата «салық бірлігі» ретінде оларға салық сала алмайды, бұл өз кезегінде мемлекет қазынасын шығынға батыруда.

Егер жерге орналастыру міндеті көші-қон басқармасынан (жер өлшеушілермен қоса) уездік басқармаға берілсе, жағдайды 1 айдың ішінде түзеуге болады.

Өз басым, көші-қон басқармасының меңгерушісін таба алмағандықтан, одан ешқандай анықтама ала алмадым.

Жоғарыда айтылған бұратана және орыс болыстықтарынан басқа, келесі болыстықтар: Ақсу, Қарамұрт, Георгиев, Бадам болыстықтары тексерілді.

Генерал-лейтенант Романовский. (Ықшамдап аударған -Ө.Ш.).

(ОҚО мұрағаты.1129 қор.1 тізбе.47 іс.). (Қасында көшірі мен 2-3 атқосшысы ғана бар жалғыз тексеруші-шенеуніктің тындырған ісі, бірінің артынан бірі тобымен жүретін біздің «тексерушілерге» үлгі болса игі деген үмітпен тәптіштеп беріп отырмыз).

1908 ж. Түркстанда Жалпыимпериялық әкімшілік жүйесін енгізу мәселесі қойылды. Телеграфпен жарақталған полиция басқармалары қалаларда ғана емес, тіпті ірі  зауыт- фабрикаларда да құрыла бастады. Осымен бір мезгілде империялық құқықтың қолданылу аясы кеңіп, өңірлік заңнама қалыптаса бастады.Генерал-губернатордың құзіретін біртіндеп азаматтық басқаруға беру қарастырылды.

1911 ж. өлкені басқару ісін реформалауға кіріскен отаршылар  «Адай көтерілісі» (1870 ж.), Ташкент уезді (1872 ж. Қарасу өзені), Әндіжан, Марғұлан уездері (1885 ж.) диқандарының  бас көтерулері,   Ташкент бұқарасының «тырысқақ көтерілісі» (1892 ж.), Қоқан, Наманган уездері (1893 ж.) мен  Әндіжандағы «ғазауат» (1898 ж.) соғыстары мен көтерілістердің тәжірибесін терең зерттеп, өлкені Әскери Министрліктін құзырынан шығару әлі ертерек деп шешілді. Осы тұста айта кеткен ләзім: жоғарыдағы қозғалыстар мен көтерілістерді айтпағанда, 1887-1899 жылдар аралығында Түркстан өлкесінде жергілікті орыс әкімшілігіне қарсы бағытталған 38 ашық қарсылық орын алған. Онан өзге тек, 1887-1898 жылдар аралығында ғана патша шенеуніктері мен келімсектерге қарсы 668 қарақшылық шабуыл жасалған. Орыс отаршылдары мен жергілікті әкімшілікке  қарсы қозғалыстар Шымкент уезiнде  де көптеп орын алған. Мысалы,  Түркстан маңында 1903 ж. шаруалар мен жергілікті әкімшілік арасындағы жанжалдың  арты қантөгіске жеткен. Шымкенттік жазушы М.Әбдәкім жазып жүргендей Бадам болыстығында 1905 ж. Қоқай би бастаған , Арыс болыстығында 1907 ж. Мамыр бастаған , Машат болыстығында  Қалыбек бастаған көтерілістер, Бадам, Арыс, Созақ болыстықтарында 1906 ж. болған қозғалыстар болып өткен.

Түркстан өлкесін басқару ісін реформалау мәселесіне  1913 ж. қайта оралған Министрлер Кеңесі Түркстан өлкесін басқару құрылымын өзгертудің негізгі ұстанымдарын дайындап, оны II Николай патша мақұлдағанмен, Мемлекеттік Дума тарапынан кедергіге ұшырап, жоба тағы аяқсыз қалды. Бірінші дүниежүзілік  соғыс басталған соң (1914 ж.) ол мәселеге оралуға империяның мұршасы болмады.

Отаршылардың рухани бейнесі

Толассыз келіп жатқан қоныс аударушылардың бет-бейнесі  Пушкиннің Абай тәржімалаған кейіпкерлерінен мүлдем алыс еді. Бұлар негізінен өз туған жеріндегі ауыр тұрмыс тауқыметінен қатты жүнжіген, ішкілікке салынған, кей жағдайда тіпті азғындаған жандар болатын.

...1890 жылдары  Егорьевка ( Көксәйек) селосындағы шіркеудің құрылысы аяқталып, енді тек ауыр шойын қоңырауды орнату жұмысы ғана қалады. Бірақ, көтеру үшін байланған арқан қайта - қайта үзіліп, қоңырау құлай береді. Бірнеше күн еңбегі еш болған село тұрғындары бастары қатып, дал болады..

Шіркеу священнигі жұмысты тоқтатып, бірнеше күн жәрдем сұрап, өз құдайына құлшылық етеді. Құдайы «сыбырлады» ма, әлде басқа жағдай ма?! ...Бір күні әулие әкей құлшылығын доғарып, селодағы жұмысқа жарамды ер-азамат атаулыны жинап, «Өз келінімен төсектес болғандар арамыздан шығып кетпесе, тап қазір осы отырған жерімізде бәріміз құдайдың кәріне ұшырап, қырыламыз» дейді. Аздаған ауыр үнсіздіктен кейін, поп әлгі сөзін қаттырақ дауыспен қайталайды. Сол кезде, топтан бастары салбырап, арасында жасамысы бар, қарты бар бірнеше кісі бөлініп шығады. Ал, аталған күнәдан ада селолықтар көтерген қоңырау еш қиындықсыз өз орнын табады.

Арқан неліктен үзілді? Азғындардың кейінгі тағдыры қалай болғаны да бізге беймәлім. Бір анығы, поп оларға Құнанбайдың Қодарға жасаған «тасборанын» (М.Әуезов) жаудырмаған! Бірақ, осы оқиғадан кейін келімсектер арасында кеңінен тараған, әлгі азғындық әдет саябырсыпты-мыс дейді жергілікті көнекөз қариялар. Шамасы, ақылды поп, қазақ халқының өздерін шеттерінен «бекзат» санайтын ұлттардың өздеріне үлгі тұтуға тұрарлық әдет-ғұрпы, салт-дәстүрімен танысып, қорытынды шығарса керек...

Қарапайым келімсектердің сықпыты осы болса, Түркстан өлкесіне жіберілген  патша үкіметінің барлық деңгейдегі шенеуніктерінің надандығы, өркөкіректігі, озбырлығы мен шенқұмарлығы туралы орыстын атақты жазушысы  М.Е.Салтыков - Щедрин өзінің «Ташкенттік мырзалар» атты атышулы памфлетінде керемет суреттеп  берді.

XIX-ғасырдың соңғы ширегінде Түркстан өлкесінде болған американдық саяхатшы Скайлер: «Орыс әкімшілігін өздері жаулап алған халықтардың тұрмысы мен мәдениеті мүлдем қызықтырмайды. Мен жергілікті халықтың тілін білетін, бай мәдениетімен таныс бірде бір орыс шенеунігін немесе офицерін кездестірмедім. Олар өздерінің артықшылығын тек күшпен дәлелдеп, өздерін тек «жаулап алушы» ретінде ұстайды»-деп жазады.

Түркстан генерал-губернаторы Кеңесінің  1911 ж. 3 ақпанда өткен  отырысында генерал-губернатор Иван Васильевич Самсонов : «...Орыс қоныс аударушылары өз жағдайларына қанағаттанбағандықтан, ішімдікке  әуес. Олар өздерінің осы кемшіліктерімен ішкіліктен қалжыраған орыстарды жек көретін еңбекқор халық мекендеген өлкенің толыққанды қожайыны бола алмайды»-деді. (Журнал Совета Туркестанского генерал-губернатора № 1 за 13.1.1911, ЦГА Узбекистана, ф. 717, оп. 1, д. 48, л. 86.).

«...Уездің орыс тұрғындары жыртқыштық өмір кешуге дағдыланған  ішкі Ресейден қоныс аударған тобырдан тұрады. Соғысқа дейін ішкіліктен бас алмады, қырғыздарға өшпенділікпен қарап, алдап-арбады, еңбектерін қанады. Жергілікті халыққа мәдениеттің орнына өз бойларындағы ең жағымсыз қасиеттерді таратты...». (Әулиеата уезінде орын алған бейбастақтықтарға  байланысты инженер М.Тынышбаевтың мәлімдемесіне Әулиеата уезінің бастығы полковник Кастальскийдің 1916 ж. 10 қарашада берген түсінігінен. ОҚО облыстық мұрағаты.).

Отаршылардың миссионерлік әрекеті

1871 ж.  Верный қаласында бүкіл  Түркстан өлкесі үшін православия дінінің  епархиясы ашылды.

Жалпы, православия діні күштеп немесе ақшаға қызықтырып дінге тартуды құптамайды. Бірақ, Түркстан епархиясы  мемлекет  бөлген  қаражатпен миссионерлік әрекетпен айналысқаны белгілі.

1881 ж. 19 маусымда Түркстан епархиясының басшысы Александр Түркстан генерал-губернаторы  Г. А. Колпаковскийге монастырь ұйымдастыру  туралы хат жолдайды. «...Монастырь - тек өзге діндегілерді православия дініне тартып қана қоймай, сонымен қатар бұратаналар арасында  орыс мәдениетін насихаттайтын орталық болар еді. Монастырьдің ашылуының діни маңызы ғана емес, мемлекеттік маңызы үлкен» деп аяқтайды ол өз  хатын.

Осыған байланысты Түркстан епархиясын  ХХ-ғасырдың басында басқарған епископ Димитрий (Абашидзе) статистикалық зерттеулер жүргізген. Жарты ғасырға (1867-1917 ж.ж.)  жуық уақыт ішінде бар болғаны  8 қарақырғыз, 2 түркімен, 3 өзбек (түпнұсқада сарт деп көрсетілген), 1 тәжік  христиан дінін қабылдаған. Есесіне, осы уақыт ішінде 9 келімсек  мұсылман дініне өтіп кеткен.

Миссионерлердің ісі Жетісуда өнімді болды.  Лепсі-Сарқанд маңын мекендейтін қалмақ арасынан 139 адамды христиан дініне кіргізгені үшін Василий Покровский деген поп императордан «3 дәрежелі Қасиетті Анна» орденін алған.

«Бұратаналардың» ішіндегі дініне ең берігі  қазақтар болып шықты. Қазақтарды қалайда дінге тарту мақсатында, 1910 ж. Қазан қаласында араб әрпімен қазақ тілінде  Библия шығарылды. Бірақ бұл да көмектесе қоймады. Жергілікті халық арасында христиан дінін уағыздауға әрекет жасағаны үшін Шымкент маңындағы Вревск қыстағының  попы  И.И.Лавринецті қазақтар Библиясын тартып алып, өзін  ұрып  өлтіреді.

Қазақ арасына христиан дінін тарату қиын екенін түсінген патша өкіметі басқа әрекеттер жасай бастайды. Қазақ даласына Ресейдің арнайы мектебінен өткен татар молдалары көптеп жіберіле бастайды. Олар әскери міндеткерлік пен салықтан босатылады.

1900 жылы «Аравияда індет шықты» деген сылтаумен Мекеге қажылыққа баруға тиым салды.

Осы арада, XIX-ғ. соңында-ақ, қазақ арасына христиан діні мен дәстүрін  ғана емес, бүгінгі күні қоғамның «бас ауруларының» біріне айналған қыз балалар

мен әйелдердің бетін бүркеп, ерлерден оқшаулау сияқты араб дәстүрін тарату әрекеттері де  орын алғанына тоқтала кеткен ләзім. Н.И.Гродеков «Ташкент маңындағы Жаңабазарда бұрынғы болыс, молда Мұса мен қырғыз Жұматай өз үйлерінде «әйелдерді оқшаулау» (затворничество женщин)  ғұрпын енгізуге тырысты. Бірақ, «әйелдерді бүркеу ата-бабамыздың салтында жоқ» деп қырғыздар олардың үстіне басып кіре берді. Молда Мұса қызының ұзату тойында да  «сарттар өлең айтпайды» деп ән салуға кедергі жасауға әрекет жасады, бірақ қырғыздар оған көнбеді» деп жазады (Н.И.Гродеков  «Киргизы и каракиргизы Сыр - Дарьинской области. Том первый. Юридический быть, Ташкент Типо-литография С.И.Лехтина -1889.)

Орыс зерттеушілері мен шенеуніктерінің қазақ халқы туралы пікірлері

Жалпы, Түркстан өлкесін зерттеген орыс зерттеушілерінің XIX-ғасырдың соңғы ширегіне дейін жазылған еңбектерін зерделесек, қазақ халқы туралы  оң пікір басым. Мысалы, 1858 ж. Сырдария бойында Қоқан әскерлерінің қолына түсіп, Жаңақорған мен Түркстан бекіністерінде 1 ай тұтқында болған орыс ғалымы Н.А. Северцов «қоқандық қырғыздардың өзге қоқандықтармен салыстырғанда адамгершілік деңгейі әлдеқайда жоғары»  екенін атап көрсеткен («Месяц плена у коканцев» Русское слово. № 11,1859 г.).

Түркстан өлкесінің қазақ, қырғыз, түркімен секілді  көшпелі халықтарының қоғамдық құрылымы туралы «Әскери-статистикалық жинақта» (1868 ж. жарық көрген) түркімендердің қоғамдық қатынастарын сипаттай келіп, былай дейді: «...Қоғамдық қатынастарда  қарақырғыздар  (түрікмендерден)  бірнеше саты жоғары тұр, олардың солтүстік көршілері қазақтар - одан да жоғары тұр» («...На несколько высокой ступени общественного развития стояли дикокаменные киргизы, а еще выше - их северныя соседя, киргизы...»).

«Түркстан өлкесі» атты энциклопедиялық басылымда В. И. Масальский «қырғыздар (қазақтар - Ө.Ш.) ақыл-ойы  жақсы дамыған, өте қабілетті, оқу-үйрену оларға қиындық тудырмайды...Қырғыздар көпшіл, көңілді, тапқыр, айлакерлік мен қулықтан да кенде емес, бірақ салыстырмалы түрде адал. Қырғыздардың тағы бір ерекше қасиеті поэзияға деген махаббаты, шешендігі мен ойының айқындығы» деп көрсетеді. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді, үйренуге қабілеттіліктің де келеңсіз жағы болатыны айтпаса да түсінікті.

XIX ғасыр мен  XX-ғасырдың басында Шымкент шаһарында болған  болған саяхатшылар: «Жыл сайын наурыз айының 1 мен 15-і аралығында  Қошқар ата өзенінің бойында, қазақтың киіз үйлері тігіліп, қой түлігінің киесі - Қошқар ата әулиеге  бағышталған  «Қошқар ата сейілі» атты ұлттық мейрам тойланады. Оған қазақтармен қоса өзбектер де белсене қатысады» деп  хабарлайды.

Ал, Н. А. Северцов: «Тамбовтықтың (Тамбов - келімсектің туған жері-Ө.Ш.) бойында тың жерді жыртып, біраз жыл пайдаланған соң, оны тастай салып, басқа жерді жыртатын солтүстік америкалық скваттер (Солт.Америкаға қоныс аударып, бос жерлерді басып алған еуропалықтар)  сияқты жыртқыштық көзқарас басым... Ал, біз надан санайтын қырғыздар табиғат сыйын үнемді пайдаланады, тоқымдай жерден мол өнім алуға тырысады, өздерінің жайылымдарын күтіп ұстап, тиімді пайдаланады, дала мен тау бөктерлеріне ағаш отырғызады. Арыс, Шыршық өзендері бойындағы тоғайлар мен  Тянь-Шань тауларының ормандарын көзінің қарашығындай сақтауға тырысады. Біз келгенге дейін Орал тауының оңтүстігі мен шығысындағы дала ормандары мен  Наурызым, Аманқарағай және т.б. қарағай ормандарын сақтап келген....Сонда, қалайша орыс мұжығынан ғана емес, шетінен өнертапқыш - механик саналатын солтүстік америкалық скваттерден де, әлі күнге жерағашпен жер жыртып жүрген қырғыз егіншісі өркениеттілеу?»- деп таң қалады.(Н. А. Северцов. «Путешествия по Туркестанскому краю и исследование горной страны Тянь-Шаня, совершенные по поручению Императорского Русского географического общества доктором зоологии, членом Императорского Русского географического и других ученых обществ Н. Северцовым». - СПб., 1873.).

«1890 жылдың соңында Қарамұрт болысында Ақсу өзенінен тартылған үлкен арықтың құрылысы аяқталды» деп хабарлайды А.Дингельштедт.

Ал, Шымкент уезді бастығының жоғары басшылыққа тапсырған рапортынан  3500 сом қаражат жұмсап, Ақсу өзенінің жоғарғы ағысынан тартылған арықты қаздырған Қоқан билігі тұсында датқа болған, Қарамұрт болыстығының  1887-89 жылдардағы болысы Қасымбек Қожабеков екенін білеміз. Ояз бастығы  арықтың суымен қосымша 1500 десятинадан астам  жерді суландыруға болатынын қуана хабарлайды. Шынында да, ол арықтың қызығын XX-ғ. басында келімсектер орнатқан Самсоновка, Подгорное селоларының тұрғындары көрді.

Жалпы, Шымкент уезінде XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында 130  бас арық немесе канал және  255 жанама арықтар болған. (Түлкібас, Төлеби аудандарындағы тау бөктерлерінде  сол арықтардың  іздері мен сілемдері әлі күнге сайрап жатыр).

Қазақ халқының діліндегі өзгерістер

«Сынықтан басқаның бәрі жұғады» дейді дана халқымыз.  Қазақ халқы да келімсектердің маскүнемдік, парақорлық, жағымпаздық т.с.с. жағымсыз әдет-ғұрыптарын бойларына сіңіре бастады. Алғаш елді аралауға шыққан отаршыл өкіметтің шенеуніктеріне  «қонақжайлылық»  танытамыз деп арақпен бай-бағландар ауызданса, бірте-бірте қарапайым қазақ та  базаршылап кентке түсе қалса, баяғыдай бозаны місе тұтпай, «ащысудан» ауыз тимей қайтпайтын болды. Бірте-бірте атамыздың  асындай болып кетті.

«1868-70 жылдардағы болыс-старшын сайлауларында ел алдында өз ақыл-парасатымен, шешендігімен бедел жинаған адамдар жеңіске жетті» дейді ресейлік тарихшы Г. А. Арандаренко (Между туземцами степного уезда / Досуги в Туркестане. СПб.,1889). «Бірақ, қағілез көшпенділер орыс өркениетімен ілесе келген орыс етігін кию, шарап ішу және  құмар ойнауды   ғана емес, «шар тастау» арқылы дауыс беру барысындағы сайлау қулықтарын да  тез үйреніп алды» дейді автор. 1890 жылдары болыстық орын үшін берілетін пара мөлшері 9000 сомға жетті. Салыстыру үшін айта кетейік:1892 ж. Түркстан өлкесінде 1 пұт еттің бағасы- орта есеппен 1,7- 2 сомды құрады. («Обзор Сырдаринской области за 1892 г.». Приложение к  всеподданнейшему отчету военного губернатора.Ташкент. Типо-литография С.И. Петухова - 1894 г.). Ал, Түркстан өлкесін тексеру үшін  Ресей Сенаты құрған комиссияны басқарған сенатор граф Паленнің есебі негізінде жасалған  Әскери Министрліктің 1906 ж. «Түркстан өлкесінің мемлекеттік және қоғамдық-экономикалық мұқтаждықтары туралы жазбаларында»  көшпенділер арасындағы болыс, старшын, би  сайлаулары туралы былай дейді: «...сайлаушыларды сатып алу мен үгіт-насихат жұмыстарына  40-50 мың сомға жететін орасан көп ақша жұмсалатын болды. ...Сайлаушыларды сатып алу жүйесі кең етек алды», «Билікке осындай жолмен келген лауазымды қызметкер ең алдымен өз шығынын қайтаруға тырысатыны -табиғи жағдай, сондықтан лауазым иесі тегін саусағын қимылдатпайды, ал сыйақы үшін барлығын шешеді»...

«Болды да партия, ел іші бүлінді...»,  «Қалың елім - қазағым...» -деп Ұлы Абайдың күңіренетіні осы кез.  Қазақтың жаңа атқамінерлері параға жұмсалған шығынның барлығын қара халықтың мойынына салды.  Елде арты адам өлімімен аталатын «барымта, барымтаға қарымта» дегендей ұрлық-қарлық, оның арты бірінің үстінен бірі оязға шағымданып, екі жақты жем болу көбейді.

Бұрын жанындағы ақын-жырау, сал-серілерімен мақтанатын қазақтың бай-бағландары, енді баукеспе ұрыларымен бәсекелесетін жағдайға жетті. Қазақтың сонғы ханы Кенесарының ержүрек ұлы, бүкіл қайратты ғұырын Ресейлік отаршылармен күреске бағыштаған  Садық сұлтан өмірінің соңғы кезеңін Қарабұлақтың маңындағы «Ханқорған» деген жерде өткізгені белгілі. Осы Садықтың  3 жылқысын Машат болысының бұрынғы болысы мен старшыны ұры жұмсап, алдырып сотты болады. Істі Шымкент уездік соты 1894 ж. 18 наурызында қарайды. Болыс пен старшынның аш емес екені түсінікті болса керек?! Ең сорақысы, қазақтың би-болыстарына «жандаралдың» (генерал-губернатор) қолынан медаль алу дүниедегі ең үлкен мәртебелі іске айналды. (Өкінішке орай, аталарының отаршылардың   қанға малынған қолынан алған «салпыншақтарын»  мақтан ететін ағайындар әлі күнге арамызда баршылық).

Сөз соңы.

Табиғатта кез келген күш, қарсы күш тудыратыны әмседен аян.

Тарихи қажеттілікке байланысты қазақ халқы да  өз арасынан Абай рухынан нәр алып  елді, жерді, ұлттық бет-бейнені сақтап қалуға ұмтылған жарық жұлдыздар шоғырын шығарды. А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Шоқай, Т.Рысқұловтар бастаған топтардың ұстанған жолдары әрқилы болса да, көздегендері қазақ мүддесі еді. Ол мүдде Ресей мүддесімен мүлде үйлеспейтін. Ал, Ресей өз мүддесін көздеді.

Ал, 1896-1914 жж. Дала мен Түркстан өлкесіне орналасқан келімсектердің саны -1 462 149  болды (А.Исмаилов «Страницы истории Южного Казахстана» (1864-1917 гг.) Алматы-2003 г.).

Бірінші дүние жүзілік  соғыстың басталуымен қазақ даласына ішкі Ресейден келімсектердің жаңа легі ағыла бастады. Соғысқа өзінің Еуропадағы басты бәсекелестері  Германия, Австро-Венгрия және Түркиядан «түк тартып, олжа аламын»  деп кірген Ресей «тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп, құлақтан айырылыптының» кебін киді. 1916 жылдың жазынан бастап, елдің екі майданда -  Еуропада және Қазақстан мен Орта Азиядағы көтерілісшілермен соғыс жүргізуі  ішкі Ресейде революциялық ахуал қалыптастырды.

1916 ж. 1 қаңтарында Сырдария  облысының аумағында ғана 190 келімсектер қыстағы болды.

Қырғыз тарихшысы Б.Исакеев «1916 ж. Түркстан өлкесінде  941 орыс қыстағы болды.  Өлкедегі жергілікті халықтың (қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен және т.б.) үлес салмағы 94 %, келімсектер 6 % құрады. Осы 6 % келімсектер суармалы, шұрайлы жерлердің  57,6 %-на ие болды» деп жазады ( «Киргизское восстание 1916 г.». Киргизиздат,1932 г.).

Бүкіл қазақ даласы мен Орта Азияны қамтыған 1916 ж. ұлт-азаттық көтеріліс  Ресей отаршыларының бұл өлкеде ешқашан «тыныш» өмір сүре алмайтынына көздерін түпкілікті жеткізді.

Сондықтан да, 1917 ж. ақпанда тақтан құлаған патшаның орнына билікке келген Уақытша  үкіметтен қазан айында билікті тартып алған Кеңес өкіметі бұл халықты  бағындыру емес, жоюдың жоспарын жасай бастады.

... Халқымыздың мыңдаған жылдарға созылған негізгі өмір салты-көшпелілік, жаңа заман талаптарына жауап бере алмай, өз дамуының -ең соңғы құлдырап, жойылу кезеңіне таяп келді...

Қазақ халқын  бұрынғыдан да ауыр, жаңа «сынақтар» күтіп тұрды.

Ол енді басқа әңгіменің арқауы!

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ,

Тарихшы

«Abai.kz»

0 пікір