Жұма, 26 Сәуір 2024
Билік 5804 9 пікір 25 Ақпан, 2021 сағат 12:17

Тоқаев: Жер сатылмайды! Жалға да берілмейді!

Шетелдіктерге жерді сатуға заң жүзінде біржола тыйым салынады. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. 

«Мемлекет басшысы: Халқымыз үшін жер мәселесі қашанда аса маңызды. Бұл – мемлекеттігіміздің берік негізі және қасиетті символы. Қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды деп бірнеше рет айттым. Бұл мәселеге қатысты қауесеттерді тоқтату қажет.

Сондықтан, мен мынадай нақты шешімдер қабылдадым. Біріншіден, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты», - деді Қазақстан Президенті.

«Комиссия (Жер реформасы жөніндегі комиссия) жұмысының әрбір кезеңі және онда ұсынылған шаралар туралы халықты үнемі хабардар етіп отыру керек. Басты міндеттің бірі - комиссия жұмысының және шешім қабылдаудың ерекше ашықтығын көрсету. Біз жерге қатысты қоғам тарапынан көтерілген барлық мәселені дұрыс және тиімді шеше аламыз деп сенемін», - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы бұл шешімдер ең алдымен, ел экономикасын дамытуға және азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға арналатындығын баса айтты.

«Ең бастысы, жер шетелдіктерге сатылмайтыны туралы түбегейлі шешім қабылданды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Abai.kz

9 пікір