Жұма, 26 Сәуір 2024
Аймақ 9954 10 пікір 2 Желтоқсан, 2020 сағат 10:55

Өтірік есеп, жалған жауаптан қашан құтыламыз?

Бүгіндері билік пен қарапайым халық арасындағы алшақтықтың азаймай отырғандығы ешкімге де құпия емес. Мұның сыры да баршаға мәлім. Бұқараға бағынбайтын, оған есеп бермейтін, тек жоғарыға ғана жалтақтап отыратын басшылардан қандай ашықтық пен жанашырлық күтуге болады?

Ал олардың атқарып жүрген жұмыстарын сын көзінен өткізуге бағытталған өңір басшыларының есеп беруі боссөзділік пен көзбояушылыққа айналғалы қашан. Оның үстіне мұндай әкімдерді тығырыққа тірейтін, нақты факті мен мықты уәжге негізделген өткір сұрақтардың қойылмауы әлгіндей әкімдердің мұндай есеп беруді өзін-өзі мақтауға бағытталған сүреңсіз баяндамаларға айналдырып кеткендігі белгілі. Енді оған қандай сұраққа толымды да қонымды жауап берудің орнына, оны айналып өтуді терең игергендігі де шынайы есеп беруге үлкен кедергі келтіріп отыр.

Өзге өңірлерді білмеймін, ал біздің облыстың әкімі Архимед Мұқанбетов бұл «өнерді» ерекше меңгерген. Оған осы өткен аптада ғана Нұр-Сұлтанда Президент жанындағы Орталық коммуникация қызметіндегі онлайн форматында өткізген есеп беру кездесуі айқын куә. Көлемді көрсеткуіштерге толы ұзақ-сонар баяндамасы жұртты жалықтырғандығын былай қойғанда, қойылған сұрақтардың деңгейі де сол баяндаманы қолдауға айналып кеткендей. Әйтпесе, республикалық бір газеттің:»Сіздерде тұрғын үй мәселесі қалай шешіліп жатыр?» деген сауалын облыстағы баспана жағдайын анықтауға септігі тиеді деп ойлаудың өзі күпірлік. Қай әкім: «Ойбай, бізде бұл мәселе мықтап ақсап тұр. Оны шешуге әзірге мүмкіндік болмай жатыр» деп ағынан жарылады дейсің. Қайта керісінше онда барып ешкім де  тексере алмайтын, жұрттың басына жұмақ орнататындай цифларды тізіп шығатындығы анық қой. Архимед те тәжірибелі басшы. Тұрғын үй мәселесінде «Қостанайда қой үстіне бозторғай жұмыртқалатып» қойды.

Ал шындығында мұндағы салынған үйлердің саны бар да сапасы жоқ екендігін, соның салдарынан кейбір пәтерлердің іші қыста азынап, ондағы тұрғындар туысқандарын жағалап кеткендігін, болмаса жаңадан ғана бой көтерген бес қабатты үйдің іргетасы дұрыс салынбағандығынан ойсырай құлағандығын, осындай себеппен үш қабаты бітіп қалған тағы бір үйдің құрылысын тоқтап қалғандығын, ал енді кейбір үйлерде не газ болмайтындығы немесе жедел саты істемей, үлкен кісілердің тоғызыншы қабатқа әзер көтеріліп жүргендігін анау астанадағы оқырман мен көрермен қайдан білсін? Журналистердің жол салу, қазандықтар жайлы сұрақтары да осы пішіндес шала піскен дүниелер екендігін айтып жатудың өзі ұят. Осы орайда: «Неге тілші ағайындар алдымен сол өңірдегі аса күрделі, әлі де шешімін таба алмай жүрген жайттарды сараптап алып, неге сосын салмақты сұрақ қоймайды?» деген ой туындайды. Бұл не, билікке бір жағынып қалу ма, әлде кәсіби деңгейдің әбден құлдырағандығының белгісі ме?

Әйтпесе, неге, мәселен, облысымызда мына короновирус деген індет бой бермей кетіп, күніге 70-80 адам ауырып, елімізде алдыңғы қатардан түспей отырғанымыз ешкімді де алаңдатпай ма?  Алаңдатуды айтасыз, әкіміміз осы індеттің не себепті жылдам таралуының себептерін ашып көрсетудің орнына, бұл аса қауырт шаруаның «жабулы қазан» күйінде қалғандығы ұнайтын тәрізді. Әйтпесе бір тілшінің:  «Президентіміз өңірлерде короновирусты жұқтырғандардың санын бұрмалап көрсететін жаман әдет барын айтты. Ондайлар сіздерде де бар көрінеді» деген сауалына, амалсыз: «Иә, бізде де кездесті. Ол елуден сәл ғана астам (сонда ол қандай сәл ғана?) жағдайлар еді. Оның себебі--зертханалар қажетті деректерді кешіктіріп, дер кезінде жібермеген» деген жалпылама жауап алды. Ал енді «Ол не себепті уақытында жіберілмейді? Бұған кімдер жауапты? Ондайларға қандай шаралар қолданылды?» деген көкейкетесті сұрақтар мүлдем жауапсыз қалды. Яғни Архимедше айтқанда «Қой да аман, қасқыр да тоқтың» жайы.

Біздіңше, мұндай алқалы жиында облысымыздағы аса күрделі жайттар міндетті түрде қамтьылуы керек еді. Өкінішке қарай, әкім оларды да асқан шеберлікпен айналып өтті. Мәселен, өзгесін былай қойғанда біздің өңірімізде сыбайлас жемқорлық барынша үдеп тұр. Бұл дерт ауыл әкімдерінен бастап, аудан мен қала әкімдерінің орынбасарларын, әртүрлі әкімдіктің жауапты қөызметкерлерін түгел қамтуға айналған. Алайда, оған әкіміздің онша басы ауыра қоймайтын секілді. Мәселен, өткенде облысымызда екі бірдей үлкен мекеме - облыстық онкология және туберкулезге қарсы күрес диспансерлерінің екі бірдей бас дәрігері парамен ұсталып, істі болды. Алайда оларды тағайындаған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Дудниктің мұрты да қисайған жоқ. Қабылданған заңға сәйкес қарамағындағы қызметкерлер жемқорлыққа ұрынса, оның басшысы отставкаға кетуге тиісті деп, тайға таңба басқандай етіп деп жазылса да, оған былқ еткен Дудник те, оған ең болмаса «Мұның қалай?» деген Архимед те болған жоқ. Сонан соң, облысымызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес нәтижелі жүріп жатыр деуге ауыз бармайды.

Ал облысымызда бюджет қаражатын яғни халықтың маңдай терімен тапқан ақшасын қалай болса, солай жұмсау «өзіндік бір дәстүрге» айналған сыңайлы. Өйткені оны бақылап жатқан жан баласы жоқ. Мәселен, былтырдан бері Қостанамен іргелес жатқан үлкен бір шаһар - Рудныйдағы 320 миллион теңгеге орнталыған айналмалы дөңгелек (колесо обозрение) орнатылған бойда іске жарамайтындығы анықталып, «енді одан қалай құтыламыз?» деп жергілікті соттың басы қатып жүр. Құрдымға кеткен осы ақша қалай қайтарылады? Бұған кезінде сол қала әкімі неге бақылау жасамаған? Тіпті осыншама қаржының ысырап болуына сол қалалық әкімдіктің құрылыс бөлімінің басшысы ғана кінәлі деген ертегіге кім сенеді? Мен бұл облыс басшысы есебінде анау-мынау емес, қолақпандай 320 миллион теңгенің орнымен жұмсалып жатқандығына анда-санда болса да, көз салып қоюға тиісті Архимед жайлы сөз қозғап та отырған жоқпын.

Міне, біздегі кейінгі кезде үлкен үрдіске айналған облыс әкімдерінің жоғарыға есеп беру деген көзбояушылық пен жалған ақпаратқа құрылған спектакль  секілді өзімізді-өзіміз алдау ойыны осындай. Бұл тек біздің облысқа ғана тән деген асыра сілтеушіліктен аулақпын.  Бұл өзге өңірлердің әкімдеріне тікелей қатысты, бәріне де ортақ дүние. Егер мұндай кездесулерде өңірлердің шынайы бейнесі ашылып, ондағы күрделенген мәселелер мен аса өзекті проблемалар сараланбаса, ондай дөкейлерді қаншама нөкерлерімен бірге астанаға шақырып, оларға жайлы да жақсы орын беріп, бюджет ақшасын ысырап етудің қажеті де жоқ шығар. Қайтарымы жоқ дүниенің қып-қызыл зиян екендіігін айтып жатудың өзі артық.

Жайберген Болатов

Abai.kz

10 пікір