Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3864 0 пікір 1 Қараша, 2011 сағат 14:00

Жарқырайды Теміртаудың оттары

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ:

Магнитка тарихы, Теміртау тарихы, оның адамдарының тағдыры менің тағдырымның ажырамас бөлігі.

Іргелі жоба іске асады

Біздің Теміртау металлургиялық комбинатын алыпқа теңеуге әбден лайық. Ал оны былай қойғанда, алыптың алыбы деудің де еш артық­тығы жоқ. Болат, шойын, қаңылтыр өндіру жөні­нен елімізде ғана емес әлемдегі көшбасшы өнді­ріс ошағы екені баршаға аян. Отандық ин­дус­трия­ның қажымас қара нарындай кәсіпорын елі­міз­дің экономикасын алға ұмтылдыруымен ор­ны бөлектігін әрдайым айғақтап келе жатса, дамудың жаңа кезеңіне дем соқтыруы да ерекше. Сол тынысына қарай қазақстандық өндіріс өрісі кеңейіп, соны серпін есіп келеді. Алыптың адымы оның құлашын одан сайын қанат жай­ды­рып, іргелі жетістіктерге арқаландыра түсуде. Елбасы тапсырмасына сәйкес, бұл күнде өзінің күш-қуатын барынша арттыруға бет түзеген комбинатта жаңару арқылы ертеңгі биік белестерге берік негіз үстемеленіп жатыр. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарлама­сы аясындағы облыстағы ең ірі инвестициялық жобаның бірі де осында іске асырылуда.

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ:

Магнитка тарихы, Теміртау тарихы, оның адамдарының тағдыры менің тағдырымның ажырамас бөлігі.

Іргелі жоба іске асады

Біздің Теміртау металлургиялық комбинатын алыпқа теңеуге әбден лайық. Ал оны былай қойғанда, алыптың алыбы деудің де еш артық­тығы жоқ. Болат, шойын, қаңылтыр өндіру жөні­нен елімізде ғана емес әлемдегі көшбасшы өнді­ріс ошағы екені баршаға аян. Отандық ин­дус­трия­ның қажымас қара нарындай кәсіпорын елі­міз­дің экономикасын алға ұмтылдыруымен ор­ны бөлектігін әрдайым айғақтап келе жатса, дамудың жаңа кезеңіне дем соқтыруы да ерекше. Сол тынысына қарай қазақстандық өндіріс өрісі кеңейіп, соны серпін есіп келеді. Алыптың адымы оның құлашын одан сайын қанат жай­ды­рып, іргелі жетістіктерге арқаландыра түсуде. Елбасы тапсырмасына сәйкес, бұл күнде өзінің күш-қуатын барынша арттыруға бет түзеген комбинатта жаңару арқылы ертеңгі биік белестерге берік негіз үстемеленіп жатыр. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарлама­сы аясындағы облыстағы ең ірі инвестициялық жобаның бірі де осында іске асырылуда.

Металлургия өндірісінде домна пештері аса маңызды буын саналады. Жұмыс ауқымы көп ретте солардың ісіне тікелей байланысты болады. Кезінде қуаттылығы, жарақтандырылуы жағынан озық болған бірқатары ескірді, үздіксіз үдеріске мүмкіндігі төмендеді. Сондықтан қайтадан күрделі жөндеуден өткізіліп, толықтай жаңғыртылуын уақыт талабы алға қойды. Биылғы жазда « Арселор Миттал Теміртау» АҚ осындай жобаға өтініш беріп, атқарылуын өз мойнына жүктеді. Ел индустриясын дамытуға арналған маңызды құрылыстардың қатарына қосылды. Бүгінде күннен-күнге түрленіп, түлену үстіндегі № 2 домна пеші осы құрылыс­тың қыз-қыз қайнаған орны.

Ол енді аз уақыттан кейін жаңаша екпін-қабілетпен жұмысқа кіріскен кезде шойын өн­діруді тәулігіне 3 мыңнан 3,7 мың тоннаға ұл­ғай­туға мүмкіндік береді. Осыны жылға шақ­қан­да 1,3 миллион тоннаға дейін жеткізіледі деген сөз. Бұған дейін де үлкен сұранысқа ие өнім көлемінің өсуі кәсіпорын табысын молайтумен бірге ел экономикасына пайда түсіреді. Аталған жобаның белгіленген мерзімде іске қосылуына бар күш-қабілетті жұмылдырып отырмыз.

Сөз орайында айтқанда, комбинат бойынша қолға алынған жобалар бір бұл ғана емес. Сорт­тық илек өндірісінде әзірлемелерді үздіксіз құю мәшинесі қолданыла бастады. Соның арқа­сында өндіріс мәдениеттілігін жақсартуға, еңбек өнімді­лігін арттыруға жақсы жағдай туды. Мұ­ның ал­дын­да да кәсіпорынды қазіргі заман­ғы технологиямен жасақтауға көп күш пен қаржы арнаған ин­вестордың сол үрдісті жалғастыруы­ның жар­қын нышанына аталған екі жоба толық айғақ. Таяу жылдар ішінде болат өндіруді жы­лы­на 6 миллион тоннаға жеткізуді көздеуші «Арселор Миттал Теміртау» компа­ния­сы теміртаулықтарға осы­лайша берік тірек болатындығын танытуда.

Тегінде, алыптарға алып істер жарасады. Теміртау металлургиялық комбинаты соны ұс­та­на­ды қашанда. Осыдан біраз жылдар бұрын құл­дырауға шақ қалған кәсіпорын қазір даму өрінде деп айта аламыз. Сол өтпелі кезеңде Елбасының қолтықтан демеп, қамқорлыққа алып, сенімді инвестор тартуының арқасында екінші өмір біткен өндіріс ошағы келешегі кемелдігіне сенім үлкен. Өйткені, ұдайы жаңару, жаңғыру жолында. Ал жаңару бар жерде тыныс тың, қадам кең ғой қашанда.

Петр ШАТАЛИН, № 2 домна пешінің құрылыс жөніндегі менеджері.

 

Дерек пен дәйек

Теміртау ме­тал­лургиялық комбина­тында соңғы жыл­дар­да мынандай ны­сандар күрделі жөн­деу­ден өтіп, іске қо­сылды:

  • №1 қаңылтыр қақтау цехы;
  • № 1 үздіксіз болат құю цехы;
  • жылына 320 мың тонна өнім шы­­ғаратын ыс­тық­тай қалайылау жә­не мы­рыштау цехы;
  • №3 домна пеші;
  • сортты илек өн­­дірісінде әзірлеме­лерді үздіксіз құю мә­шинесі;
  • № 2 домна пеші­нің іске қосылуы жақын;
  • таяу жылдарда комбинатта болат пен шойын өндіру жы­­лы­на тиісінше 6 және 1,3 миллион тон­­наға жеткізіледі.

Өңір өндірісі өрісті

Облысымыз үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясындағы жобаларды іске асыру бойынша еліміздің өзге өңірлері арасында көш бастап келеді. Индустрияландыру картасына енгізілген жалпы сомасы 282,2 млрд. теңге құрайтын 45 жобаның жыл басынан бері 9-ына жол ашыл­ды. Соның ішінде өткен жылы Қарағанды құю-мәшине жасау зауыты база­сын­да БелАЗ жүк көліктерінің қосалқы бөлшектерін шығарумен қатар, оны құрастыру да жолға қойылды. Биыл жыл аяғына дейін тағы 15-і іске қосы­ла­ды. Бұлардың ішінде өңірлік қана емес, республикалық деңгейлік маңызы бары аз емес. Мәселен, Теміртаудағы №2 домна пеші, «Сары Қазына» ЖШС катодты мыс өндіретін зауыт құрылысы, «Хорм-Т» ЖШС ферроқұйма өндірісі кешені, «Қазавиаспектр» кәсіпорнының ауыл шаруашылығы ұшақ­тарын жасау өндірісі, Қарағандыдағы жылу-электр орталығын жаңғырту мен қуаттылығын арттыру мәні зор жобалар қатарына жатады.

Байқалып отырғандай, өңірде өндірістік салаларды дамытуға басым көңіл бөлінген. Бұған мүмкіндік пен әлеует жеткілікті. Бәсекеге қабілетті өнімдер көлемін ұлғайту, индустрия игілігін беріктендіру алға қойылған негізгі мақсат. Дамудың заманауи талғам-талабынан табылуға бет түзеген аймақ экономикасы алдағы уақытта жоғарыда аталғандай іргелі жоба­ларға арқа сүйейді.

Ерболат КАРГИН, облыстық кәсіпкерлік жәнеөнеркәсіп басқармасының бастығы.

 

Металлург болғанымды мақтан етем

Мен металлургтер қатары­на кейінде қосылған жас буынның бірімін. Расын айт­қанда үлкен толқыныс үстінде келіп едім. Аға әріптес­терім­нің көмек-қолдауы, ақыл-ке­ңесі арқасында бұрын бей­та­ныс еңбекке үйреніп кеттім. Қазір өзім де біраз ізбасар­лар­ға тәлімгермін. Домна пеші алдында шойын қорыту екінің бірінің қолынан келмесе, соны мең­геріп әкеткеніме қуа­ныш­­тымын.

Ұжым мүшелерінің басым бөлігі жастар. Көбі ауылдық жерлерден ортамызға қосыл­ған замандастар. Металлург болу­ды шын жүректен қала­ған­дары, қиын жұмысқа шы­да­ғандары белді де беделді әріптестерге айналып келеді. Жалпы бізде талпынған аза­мат­қа кәсіби біліктілікті көтеру үшін барлық жағдай жасалған.

Кәсіпорын көз алдымызда өзгеруде. Кейде алдында бар­ған цехқа тағы бір айналып соқсаң танымай қаласың. Бұ­ған дейін № 3 домна пеші күрделі жөндеуден өткізілсе, енді мінеки, № 2-сі сондай жаңарған қалыпқа енгелі тұр. Күні кеше ғана өндірістің не екенін білмеген біз әлемге танымал комбинатта еңбек етуді зор мәртебе тұтамыз.

Тоқтархан ЫСҚАҚОВ, жұмысшы.

 

Жаңару, жакңғыру қалыпты үрдіс

Комбинатымызда барлық өндірістік буын маңызды саналады. Жұмыстары бір-бірімен тығыз бірлесіп, ұштасып жатады. Соның ішінде біздің электрліболат балқыту өндірісінің де өзіндік орны бөлек. Құрамына оттегі конвертор цехы бар мұнда жүздеген жұмысшы еңбек етеді. Жылына 5,2 миллион тонна дайын слябинг шығарылып отыруы солардың қажырлы еңбегінің арқасы. Кейінгі кезде қатарымызды толықтырушы жастар жағы көп. Қиын да жауапты металлург мамандығын қалаған ынта-ықыластарына ризалығымызды тәжірибеміз­ді үйретіп, шеберлік шыңдатумен білдіріп келеміз.

Басқа салалардағыдай бізде де өндірістің жыл сайын жаңарып, жаңғырып жатуы қалыпты үрдіс. Онсыз болмайды. Әлемдік рынокта бәсекелестік одан сайын күшейген уақытта озық технология көмегі арқылы алға ұмтылу аса қажетті әрекет екені белгілі. Кәсіпорынды қанатында ұстаған «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының бұл ретте келешегін ерте ойлап, дамуға дем беруде ештеңеден аянбауы көңілге көрік береді. Демек, Магниткамызды жаңа белестер күтеді. Солай боларына да сеніміміз үлкен.

Мысал үшін бүгінде өндірісіміздің тың қуат көзі - әзірлемелерді үздіксіз құю қондырғысын орнату аяқталды. Ол жылына 1,5 миллион тонна осындай өнім өндіруге мүмкіндік береді. Айта кету керек, бұл - комбинат күш-қуатын күшейту бағытында іске асырылған маңызды жобалардың бірі. Мұндай қарышты даму кепілі еселенген жігермен еңбек етуге ұмтылдырмай қоймайды. Со­ның жарқын көрінісіне біздегі өндіріс ырғағы айғақ.

Владимир ЯБЛОНСКИЙ, электрлі болат балқыту өндірісінің бастығы.

Шойын қорытушымын

Мен осы мамандық иесі екенімді мақтан тұтамын. Бұл метал­лургтер арасында аса қадірленетін кәсіп болса, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан Магнит­ка­сындағы еңбек жолы да содан басталғанын білемін. Шойын қорыту сияқты жауапты міндетті атқару горновой­шыларға жүктеледі. Сол қатарға қосылғаныма төрт-бес жыл болып қалды.

Осы орайда, әсіресе былтырғы жылы болған мынадай оқиға ұмытылмақ емес. Алғашқы қазақстандық шойын алынуының 50 жылдығына байланысты ұйымдастырылған мерекелік шо­йын қорыту сенімі Нұрым Әліпбаев, Владимир Ткаченко сынды әріп­тестеріммен бірге маған да көрсетілген болатын. Үшеуіміз Елбасы бастаған ардагер горновойшылардың көзбе-көз қадаға­лауы­­мен ісімізді атқарып шықтық. Өз міндетімізді мүлтіксіз орындадық қой деп ойлаймын. Осы рәсімге қатысушы Владимир Колбаса сынды атақты горновойшы арқамыздан қағып, қолымызды қысып, ризалық білдіргені естен кетпейді.

Магнитка, Теміртау кезіндегідей жастарға қанат бітіретін үлкен еңбек мектебі. Қазір комбинат құрамының басым бөлігі өзімдей отыздың ар жақ, бер жағындағы замандастарым. Дені Қарқаралы, Ақтоғай, Нұра сияқты аудандар мен алыс ауылдарынан келіп, осында тағдырларын тоғыстырған жастар. Қалаған мамандықтарын меңгерді. Отау тікті. Менің бес бауырым да жанымнан табылып, бір ортада еңбек етіп келеміз.

Кімде-кім тұрмысына тірек кәсіпорнының жақсы жақтарына қуанады ғой. Ондағы күннен-күнгі өркенді өзгерістерге біз де мерейліміз. Өсе беруіне үлесімізді екпінді еңбек арқылы қосу содан туған тілек.

Марат АТШАБАРОВ, № 4 домна пешінің горновойы.

Беттердегі материалдарды дайындаған «Егемен Қазақстан­ның» Қарағанды облысындағы тілшісі Айқын НЕСІПБАЙ, суреттерді түсірген Дмитрий Кузьмичев, Валерий Петухов.

0 пікір