Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3552 0 пікір 29 Қыркүйек, 2011 сағат 10:04

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҚОЛДАУ – ЕЛ БІРЛІГІН ҚОЛДАУ!

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҚОЛДАУ - ЕЛ БІРЛІГІН ҚОЛДАУ!

Қадірменді тіл жанашырлары!

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҚОЛДАУ - ЕЛ БІРЛІГІН ҚОЛДАУ!

Қадірменді тіл жанашырлары!

Өздеріңізге мәлім, таяуда біз, ұлт зиялылары, партия, қоғамдық ұйым мүшелері, ақын-жазушылар, өзге де тіл жанашырлары бірлесіп, мемлекеттік тілдің бүгінгі аянышты жағдайы туралы баспасөз беттерінде ашық хат жарияладық. Ашық хатта мемлекеттік тіл төңірегінде қордаланып қалған өзге де жәйттермен қатар Конституцияның 7-бабының 2-тармағын алып тастау туралы мәселе көтердік. Себебі, Конституцияның 7-бабында «Мемлекеттік тіл - қазақ тілі» - деп бадырайып жазылып тұрса да, 2-тармаққа «орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген тіркес ендірілген. Елімізде орыс тілі екінші мемлекеттік тіл бола алмайтынын Қазақстан республикасының Конституциялық Кеңесі бірнеше дүркін дәлелдеп берсе де, сол бір 7-баптың 2-тармағы жұртты әлі шатастырып, орыс тілі заңсыз мемлекеттік тіл рөлін атқарып келе жатыр. Осы үшін де өзіміздің көптеген шалақазақтарымыз «бізде орыс тілі мемлекеттік тіл ғой, сондықтан қазақ тілін үйреніп әуре болудың қажеті не?» деген ойдың ауқымынан шыға алмай келеді. Ал елімізде орыс тілі этносаралық, халықаралық қатынас, байланыс тілі деңгейінде қала береді. Бұған ешкімнің дауы жоқ. Атазаңға осыны нығыздап енгізуіміз қажет. Біздің бұл ойымызды кейбір орыс тілді басылымдар мен ғаламтор сайттары көпе-көрінеу бұрмалап, жала жабуда. Олар тіл жанашырларын әсіре ұлтшыл етіп көрсетіп, республикамыздағы өзге ұлт өкілдерін бізге қарсы айдап салуға тырысып бағуда.

Ашық хатта атап өткеніміздей, біз әрқашанда республикамызда орыс тілінің және барлық этностар тілінің, олардың салт-санасының, рухани құндылықтарының салтанат құруын, өркен жаюын қалаймыз. Сол ықыласымыз, талабымыз ешқашан өзгеріске түспек емес. Ал мемлекеттік тілдің әлі күнге дейін басқа елдердегідей бәрімізді біріктіретін дара күшке айнала алмағаны ащы шындық.

Осыған орай, 2011 жылдың 2 қазанында, жексенбі күні сағат 11-де, қалалық әкімшіліктің арнайы рұқсатымен, Алматы қаласындағы «Сарыарқа» кинотеатрының маңындағы алаңда «Мемлекеттік тілді қолдау» акциясын өткіземіз.

Егер Сіздер, шын мәнінде ұлтымыздың болашағына, оның тіліне, діліне, салт-дәстүріне жанашырлық танытсаңыздар, онда бізбен бірге боласыздар! Тілсіз - ұлт жойылады. Тілсіз - ұлттық құндылықтардың ешқайсысы да өркен жая алмайды. Егер біз мәңгүрттенбеген, өз бағыт-бағдары бар ұлт екендігімізді, рухани күш екендігімізді танытсақ қана, өзгелер де бізбен санасады. Рухы оянған, намысын жоғалтпаған ел екендігімізді айқындар кез келді. Бейбіт көңілмен, шынайы рухтастық жағдайда өтетін сол басқосуда шыншыл ой-пікір тоғыстыралық.

Ұйымдастыру комитеті

 

Республикалық «Мемлекеттік тіл»

қоғамдық қозғалысының төрағасы

М. Шахановқа

Сіздің 2011 жылдың 16 қыркүйегіндегі №36 ағымдағы жылдың 02 қазанында «Сарыарқа» кинотеатрының артындағы алаңда бейбіт жиын өткізу жөніндегі жазған өтінішіңізге орай төмендегіні хабарлаймыз.

Қазақстан Республикасының 1995 жылдың 17 наурызындағы №2126 «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» Заңының 4-бабына және Алматы қаласы Мәслихатының ХҮІІІ сессиясының 2005 жылғы 29 шілдедегі №167 шешіміне сәйкес, Алматы қаласының әкімдігі «Сарыарқа» кинотеатрының артындағы алаңда 2011 жылы 02 қазанында сағат 11.00-ден 13.00-ге дейін бейбіт жиын өткізуге рұқсат береді.

Қоғамдық қауіпсіздік пен аймақтық санитарлық тазалығын сақтау ұйымдастырушыларға жүктелетіндігін хабарлаймыз.

С.Сейдуманов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары

 

Жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан «Мемлекеттік тілді қолдау» акциясы жергілікті биліктің рұқсатымен өтіп келе жатса да Алматыдағы жоғарғы оқу орындарының басшылары студенттердің заңда көрсетілгендей бейбіт шерулерге қатыса алатын құқықтарын бұза отырып, олардың азаматтық ұстанымын көрсетуіне жол әкімшілік тұрғыдан жол бермей келе жатқаны анық. Осы жайтты ескеріп, «Мемлекеттік тіл» қозғалысының төрағасы Мұхтар Шаханов қаладағы оқу орындары басшыларына арнайы хат жазған. Сол хаттардың бірі - әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлына жолданған.

«Абай-ақпарат»

Әл-Фараби атындағы

Қазақ Ұлттық Университетінің

ректоры Ғ.М.Мұтанов мырзаға

Қадірлі Ғалымқайыр Мұтанұлы!

 

2011 жылдың 2-қазаны күні сағат 11-де, Сары-Арқа кинотеатрының маңындағы алаңда Алматы қалалық әкімшілігінің рұхсатымен, дәстүрлі «Мемлекеттік тілді қолдау» акциясы өткізіледі. (Әкімшіліктің рұхсат қағазының көшірмесін жолдап отырмыз). Өткен жылы қалалық әкімшіліктің жасырын тапсырмасына орай жоғарғы және арнаулы оқу орындары елдік, ұлттық мүддеге сатқындық жасап, жатақханаларға ұстаздардан арнайы күзетші қойып және «кім де кім «Мемлекеттік тілді қолдау» акциясына қатысса, сол студент оқудан босатылады» деген әңгіме аясында қатаң жұмыс жүргізілді. (Бірнеше баспасөзде жарық көрген менің «Ұлтын сатқан ұстаздар» атты өлеңім осы оқиғаға арналып еді.) Қалалық әкімшілік бізді биылғы жылы ешқандай жасырын тапсырма бермейтініне сендірді. Егер білім ордаларының басшылары тіл мүддесін дамытуға қорқақтық, рухани сатқындық жасап, өз тарапынан жасырын тапсырма берсе, ол басшының есімі «Мемлекеттік тілге қарсы жұмыс жасаушылардың» тізіміне ендіріліп, баспасөзде, ғаламторда бүкілхалықтық талқылауға түседі. Мемлекеттік тілге қарсы үн көтеремін деп, қартайған шағында беделі бес тиынға дейін құлдыраған Бибігүл Төлегенованың күйін кешуі әбден мүмкін. Бұл бейбіт, мемлекеттік тіл мүддесі төңірегінде өтетін рухани жиынға туған тілінің, ұлтының тағдырына жаны ауыратын әрбір басшы өз жеткіншектерін өзі бастап келсе несі айып? (Оқу орындарындағы жағдайды арнайы бақылайтын қоғамдық топ құрылды.) Мұны ескертуді азаматтық борышым деп санадым.

Егер осыдан үш жыл бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынған «Ел бірлігі» доктринасындағы, түпкі бастауын «американдық ұлттан» алатын «қазақстандық ұлтты» біздер, қоғамдық күштер, бірлесе қарсы шығып, доктринадан алдырып тастамағанымызда, бәріміз тұтас бір ұлтқа айналып, «мен қазақпын», «мен ұйғырмын», «мен өзбекпін» десеңіз жауапқа тартылып, бірте-бірте республикамыздағы өзге этностар тіліндегі оқу ошақтарымен қатар, қазақ мектептері, қазақ тілді оқу орындары жұмысын доғарар еді. Сонда мынадай қызметте сіздің де салтанат құруыңыз неғайбыл болатын. Мұны ескерту себебім, ел мүддесін көздеген қоғамдық, рухани күштерге үрке қарамаған жөн.

 

Құрметпен,

Мұхтар Шаханов,

Республикалық «Мемлекеттік тіл» және

«Тәуелсіздікті қорғау» қоғамдық қозғалыстарының

төрағасы, Қазақстанның халық жазушысы

PS. Осы мазмұндас хаттар Алматы қаласындағы жоғарғы және арнаулы оқу орындарының басшыларына жіберілді. Енді кімнің кім екенін уақыт көрсетеді.

«Абай-ақпарат»

0 пікір