Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3507 0 пікір 29 Қыркүйек, 2011 сағат 05:44

Балташ Тұрсынбаев: «Артық астық зиян» дегендерді жауапқа тарту керек

Соңғы мәліметтерге қарағанда, астық тиеген көліктер иін тірескен күйі қоймалардың алдында қаңтарылып тұр. Ал қоймада орын жоқ. Орақ тимеген алқаптың көлемі әлі шексіз. Мұның өзі «қыруар еңбегім еш болып, астығым қардың астында қала ма?» деген диқанның қауібін расқа шығаратындай. Ендеше ел үкіметі мұндай жағдайға неліктен дайын болмай шықты? Астықты аз жисақ та, көп орсақ та, бізді ылғи қырсық айналдыра беретіні несі? Бұл сауалдарды бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі, мемлекет және қоғам қайраткері Балташ Тұрсымбаевтан сұрағанды жөн көрдік.

- Биыл Үкімет «Соңғы 60 жылда болмаған бидай орамыз,   20 млн тоннадан артық астық жинаймыз» деп кеуде соғып жатыр. Бірақ табиғаттың берген осы көл-көсір сыйын да біздің билік кәдеге жарата алмайтын түрі бар. Өткен аптадағы үкімет отырысында Мәсімовтің өзі «астықтың бір бөлігін алқапта сақтайтын сияқтымыз» деп мұртының астынан міңгірледі. Соған қарағанда, диқанның адал еңбегі қардың астында қалатын секілді ме, қалай?

- Солтүстігі болсын, оңтүстігі болсын, батысы мен шығысы болсын, қазақтың жері - құнарлы жер. Бірақ салыстырмалы түрде алғанда, баяғы совет заманындағы рекордқа әлі жеткен жоқпыз. Ол кезде 34 млн тоннаға дейін бидай орғанбыз. Ал қазіргі жинап алғалы жүргеніміз - 17-18 млн тоннаның шамасы. Демек, бұл сексенінші-тоқсаныншы жылдардағы өнімге қарағанда соншалық көп астық емес.

Соңғы мәліметтерге қарағанда, астық тиеген көліктер иін тірескен күйі қоймалардың алдында қаңтарылып тұр. Ал қоймада орын жоқ. Орақ тимеген алқаптың көлемі әлі шексіз. Мұның өзі «қыруар еңбегім еш болып, астығым қардың астында қала ма?» деген диқанның қауібін расқа шығаратындай. Ендеше ел үкіметі мұндай жағдайға неліктен дайын болмай шықты? Астықты аз жисақ та, көп орсақ та, бізді ылғи қырсық айналдыра беретіні несі? Бұл сауалдарды бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі, мемлекет және қоғам қайраткері Балташ Тұрсымбаевтан сұрағанды жөн көрдік.

- Биыл Үкімет «Соңғы 60 жылда болмаған бидай орамыз,   20 млн тоннадан артық астық жинаймыз» деп кеуде соғып жатыр. Бірақ табиғаттың берген осы көл-көсір сыйын да біздің билік кәдеге жарата алмайтын түрі бар. Өткен аптадағы үкімет отырысында Мәсімовтің өзі «астықтың бір бөлігін алқапта сақтайтын сияқтымыз» деп мұртының астынан міңгірледі. Соған қарағанда, диқанның адал еңбегі қардың астында қалатын секілді ме, қалай?

- Солтүстігі болсын, оңтүстігі болсын, батысы мен шығысы болсын, қазақтың жері - құнарлы жер. Бірақ салыстырмалы түрде алғанда, баяғы совет заманындағы рекордқа әлі жеткен жоқпыз. Ол кезде 34 млн тоннаға дейін бидай орғанбыз. Ал қазіргі жинап алғалы жүргеніміз - 17-18 млн тоннаның шамасы. Демек, бұл сексенінші-тоқсаныншы жылдардағы өнімге қарағанда соншалық көп астық емес.

Ендеше біз неден қиналамыз? Біздің қиналатынымыз - қоймалардың бәрін құрттық. Арғысын айтпай-ақ қояйық, тоқсаныншы жылдары біздің республикамызда мемлекеттік қоймалардың сыйымдылығы 24 млн тонна болған екен. Солардың барлығы да жұмыс істеп тұрған. Оған қоса, ұзын-ырғасы 18 млн тонна болатын шағын қоймалар бұрынғы колхоз-совхоздардың қолында еді. Екеуін қосып жіберсеңіз, 42 млн тонна астық сақтайтын әлеуетіміз болғанын көресіз. Бірақ қайда ол? Бәрін құртты. Қиратқанын қиратып, темір-терсегін металлоломға өткізді. Қазір қаңқасы ғана қалды. Бос тұр.

- Сонда осы уақытқа дейін үкімет түк бітірмеген болды ғой. Ресми мәліметтерге қарасақ, элеваторларда былтырғыны былай қойғанда, алдыңғы жылғы астық жатқан көрінеді.

- Қоймада былтырғы, алдыңғы жылғы астықтың жатқаны соншалық жаман нәрсе емес. Өйткені қоймада астық болу керек. Оны стратегиялық запас дейді. Ол қоймада сақталады. Бұрын да болатын. Бірақ оны жылжыту керек еді ғой. Астықтың негізгі отаны - үш облыс, бұрынғы бес облыстың жұрнағы. Ол - Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облысы. Осы аймақтағы астықтың бәрін жазда оңтүстікке қарай, шығысқа қарай жылжытып, қоймаларды босату керек еді. Сөйтіп жаңа астыққа орын дайындау керек еді. Бірақ онымен ешкім шұғылданған жоқ. Әйтпесе сол қоймадағы астықтың өзі аса көп емес.

- Сіз 17-18 млн тонна боп қалар дейсіз, ал биліктегілер кемі 20 млн тонна астық орамыз деп күпінуде. Әлде сан қуып сықпырта беретін үкімет тәуелсіздіктің 20 жылдығына орайластырып, астықты ауызша орып жатыр ма?

- Алқаптың жайқалып тұрғанын көзбен көргенмен, таразыға салып өлшеген ешкім жоқ. Орақтан түсетін олжаның нақты қанша боларын мен де білмеймін, олар да білмейді. Мәселе мүлде басқада. Егер сол астықты жиып ала алмай, сақтайтын орын таба алмай, далада қалдырсаң, диқанның маңдай термен өсірген астығын алқапта шірітсең, сенің егістігіңде қанша астық тұрғанынан не пайда?

- АШ министрі Асылжан Мамытбеков: «Біздің дәстүрлі экспорттаушыларымыз 6 млн тонна астық сатып алады, ішкі қажеттілікке керегі 8 млн тонна. Біз жылда астықты артық өндіреміз. Бұл - зиян», - дейді. Оны қалай түсіндік?

- Мамытбеков деген министріңді халық ортаңқол саудагер, ауыл шаруашылығынан хабары жоқ адам дейді. Оны енді халық айтып отыр, мен емес. Ол жігіт айтады: «Көп астық бізге керек емес, халыққа жеткілікті деңгейде жинап алу керек, сонымен тоқтау керек» дейді. Бұл енді аграрлық саланың қалай дамитынын білмейтін адамның сөзі. Егер 18-20 млн тонна астықты биыл жинап алсақ, ол да көп емес. Өйткені малға жем ретінде, қазіргі мал санына есептегенде 10 млн тонна астық керек. Элеваторларда кептіріп, елеп, жөнге келтіргенше астықтың 15-20 пайызға дейінгі мөлшері малдың тамағына қалады.

Министрдің өзі көшеден келген саудагер болған соң, оның айналасында жүргендер де өзімен деңгейлестер. Сондықтан олар «көп астықтың керегі жоқ» дейді. Бұл - бір жағынан масқара, ұят. Екіншіден, мұндай сөз айтқан адамдарды жауапқа тарту керек. Өйткені біздің халқымыз 16 млн болса, сол 16 млн халықтың өмірі ауыл шаруашылығы саласымен тікелей байланысты. Бүгінгі күні астық өсіріп жатқан диқандарды бала-шағасымен қоса есептесең, Қазақстан халқының 30 пайызын құрайды. Иә, олар өсірді. Екті, орды. Енді келіп, не дайындығы, не қоймасы жоқ үкімет «Не істесеңдер, соны істеңдер!» деп, ат-тонын ала қашып отыр. Бұл қалай сонда? Тәуелсіздіктің 20 жылдығын өздері айтып жатыр, жетістіктерді жіпке тізгендей етіп, өздері айтып жатыр. Ал ертең астық жанып, шіріп далада қалады. Сонда ондай жетістіктен не пайда, не қайыр?!

- Қазақстан 2008 жылы астық экспортына уақытша тыйым салды. Ал 2009 жылы аттандап жүріп астық алқаптарының көлемін 1 млн 200 мың гектарға дейін ұлғайтты. Егіс алқабын кеңейтем деген диқанға үкімет қолдау көрсетті. Енді келіп, «артық астық зиян» дейді. Осының өзі қазақ билігінің нарықты болжап отыру саясатынан мүлде мақұрым екенін көрсетпей ме?

- Ондай саясат болса, мынадай күйге душар боламыз ба? Демек, ол жоқ деген сөз. Президенттің жолдауы кезінде бір қағаздарды жазады. Содан кейін жылдың соңында бір-екі парақты сүйкеп тастайды. Оны халыққа көрсетеді «Біз, міне, мына жолмен дамып бара жатырмыз» деп. Содан кейін ұмытып кетеді. Бұлар өздерінің бүгін айтқанын ертең ұмытып кететін адамдар ғой.

Басқадай айтсақ, «Басы ауырмағанның басқаменен ісі жоқ» дегеннің кері. Мысалы, үкіметтегілер астық өндірісінен әлем бойынша үшінші орын аламыз деп даурықты. Оның бәрі өтірік ақпарат, өтірік әңгіме. Кейбір адамдар оған сеніп те қалады. Ал ауыл шаруашылығы саласын білетін адамдар сенбейді. Көрдің бе, бос сөз, құр былшылдың ақыры енді осыған әкеліп соқты.

- Мамытбеков айтқан   6 млн тоннаның өзін экспортқа шығару үкіметке оңай соқпайтын секілді. Енді қараңызшы, көрші Қытайға газ-мұнай кендерінің құлағын ұстаттық. Қытай бидай экспорттаушы ел, сонау Америкадан астық тасиды. Бірақ қазақтың астығын алмайды. «Қытайды өткел қылып, қиырға шығып кетеміз» деген жоба-жоспарлар әлі күнге арман боп келеді. Жалпы, осы экспорт мәселесіндегі Қазақстанның саясаты қаншалықты салмақты?

- Қытай алып қайтеді? Егер нақты, жүйелі келіссөздер жүргізілмесе, құжаттарға қол қойылмаса, Қытай не деп алады? Олардікі дұрыс. Мәселен, биыл «астық шықты, ал» дейміз, Қытай алады. Келесі жылы астық жоқ. Біз айтамыз: «Кешіріңіз, бізде астық жоқ биыл» деп. Сосын ол не істейді? Жүгіріп Америкаға барады. Америка: «Өй, сен былтыр алмадың ғой, біз басқалармен келісіп қойдық, соларға береміз» дейді. Көрдің бе? Сондықтан жаңағы айтқан қойма мәселесіне қайтіп келеміз. Егер біз жыл сайын 6-7 млн тонна астықты сыртқа шығарамыз десек, оның жартысы жылдан-жылға ауысып отыруы керек. Олар қоймада жатуы керек, олар дайын болуы керек. Сол кезде барып бізге сенеді. Ал біз қайтеміз? Бір жылы 6 млн сатамыз дейміз, одан кейінгі жылы 4 млн. Арғы жылы құрғақшылық ұрса, 2 млнға бір-ақ түсеміз. Сондықтан біз қоймаларды қалпына келтіріп, жыл сайын            6 млн тоннадан сатып отыратын болсақ, бізге сенім пайда болады.

- Дұрыс қой, әрине, бірақ астықты қоймада бірнеше жыл сақтау қосымша шығынды қажет етеді. Біздің үкімет осыдан қашып отырған жоқ па?

- Канаданы білесің, бұл ел фермерлердің өсірген астығын сатып алады да, мемлекеттің, ірі корпорациялардың қоймасында сақтайды. Сосын жаңағы айтқанымыздай, жылына 15 млн тонна сатамыз дейді. Өскені 20 млн болсын, 5 млнын осы қоймаларда сақтап қалады. Келесі жылы қуаңшылық болды, 5 млн төмен алды. Бірақ өткен жылғыны қосып, тағы 15 млн сатады. Қысқасы, қойманың аздаған шығыны мемлекеттің стратегиялық мақсатына кедергі келтірмейді. Сондықтан да Канада - астықты держава.

- Бірқатар сарапшылар Кедендік одақ қазақ астығының экспортын жеделдетуі мүмкін деп болжаған. Қазақ бидайы үшін Қара теңіздің қақпасы ашылар деп үміттенген. Сол үміттің бәрі далада қалды-ау, аға?

- Кедендік одақ не істейді, егер біз өзіміз қимылдамайтын болсақ. Олар біздің далада қалған астығымызды жинап бере ме? Жоқ әлде «Бәрін жинап әкеліңдер, біз корабльдерімізді дайындап қойдық, тасып берейік» дей ме? Олар өз астығымен әуре боп жатыр. Демек, Кедендік одаққа ренжудің түкке де қажеті жоқ. Өзіміз жұмыс істеуіміз керек.

- Бізде түсінбейтін нәрсе көп. Астық асып-төгіліп жатыр. Осыған орай Азық-түлік корпорациясы астық сатып алу бағасын 26500 теңгеден 25000 мыңға төмендетті. Бірақ қыркүйектің ортасында астықты өңір Павлодардағы нан бағасы 5-10 теңгеге қымбаттады. Бұл нені білдіреді?

- Сен неге Павлодарды ғана айтасың, бүкіл Қазақстан бойынша нан қымбаттады. Және дұрыс ол.

- Диқандар бидайын қайда апарарын білмей, қиналып отырған аймақтың бірі сол Павлодар емес пе?

- Саудагер ақшаны қалай табады? Оларға ақша керек, сондықтан қымбаттатты 15 теңгеге. Одан келетін табыс саудагерлердің қалтасына түседі. Неге десең, мемлекет тарапынан бақылау жоқ. Тексеру жоқ. Сондықтан саудагер білгенін істейді, нарықты көлденең тартады. «Қымбат десе, халық нан жемесін» дейді. Ол бағасын қойды. Нан жегің келе ме - ал. Жемейсің бе - алма.

- Бір жарым миллиард халықты асырап отырған Қытай елінің өзінде нан бағасы тұрақты. Диқанның міндеті - өсіру. Мемлекет оны қымбат бағамен сатып алады. Ал ішкі нарыққа арзан бағамен түсіреді. Арасындағы айырмашылықты үкімет өз қалтасынан төлейді. Сөйтіп диқанды да қолдап, халқының да қарнын тойдырып отыр. Ал біздің үкімет мұндай қадамға барғысы келмейді, ә?

- Тек Қытайда ғана емес, көптеген елдерде солай. Олар дотация береді. Дотация деген не? Мысалы, мен бір тонна бидайды өсіретін болсам, оны үкімет алады да, 30 доллар ма, 50 доллар ма, әр мемлекетте әртүрлі, үстіне ақша қосып береді. Ал бізде ондай жоқ. Халық өзінше бөлек, үкімет өзінше бөлек. Үкіметтің кеңсесі бар, халықтан жинаған салықтың ақшасы бар. Сондықтан олар сұрауы болмағаннан кейін, ойына не келсе, соны істейді. Қазір алдыңа қарасаң да, артыңа қарасаң да - «Нұр-Отан». Бір партиядан құралған парламент. Сол бір партиядан үкімет, сол партиядан әкімдер, сол партиядан салық жинап жүргендер тарайды. Сонда мұны кімнен сұрауға болады?

- Бүгінде ауыл шаруашылығы ең жемқорлық жайлаған саланың біріне айналды. «Қазагроның» өзі ақша жымқыруға, жауапкершіліктен жалтаруға арналған құрылым сияқты көрінеді. Қазаққа «Қазагро» керек пе өзі?

- Не керегі бар? Керегі жоқ. Дұрыс айтасың, жауапкершіліктен жалтарудың амалы бұл. Ертең министрге «Мынауың қалай?» десең, «Мен емес, «Қазагро» дейді.Түбін тексеріп, іс қозғай бастасаң, көп жегендері шетелге қашып кетеді. Ең қызығы - оны ешкім іздемейді. Қазақтың үлесін жеп семіргендер шетелден жағдайын жасап алған. Жатыр сонда дүниені жалпағынан басып.

- Ауыл шаруашылығын аяғынан қайта тұрғызып, баяғы қалпына келтіру үшін жұмысты неден бастау керек, аға?

- Аграрлық саланың жұмысы көп. Оны дамыту үшін үкімет күллі процестерді күнде бақылап отыруы керек. Жергілікті жерде үкіметтің әкімі бар. Солар көзқарасын түзеу керек. Олар жауапкершілікті шаруамен бірге мойнына алу керек. Сол кезде барып жұмыс түзеле бастайды. Қазір әкімнің халықта шатағы жоқ. Облыстың әкімі президенттің үкімімен тағайындалған. Кетсе, президенттің үкімімен кетеді.

Сондықтан халықтың алдында есеп бермейді, халықпен санаспайды. Өйткені халық оны сайлаған жоқ. Сайламаған соң, орнынан да алып тастай алмайды. Шенеуніктің бәрі бір-ақ адамға тәуелді. Сондықтан халық бір жақта, үкімет бір жақта. Міне, 20 жыл осылай болып келеді.

Әне, Қызылағаш. Үлкен ауыл. Халық қырылып қалды. Жергілікті жұрттың айтуынша, қаза тапқандардың саны ресми ақпараттан бірнеше есе көп. Осынша адамның өмірін бір әкім екі-үш сағаттың ішінде шешіп тастады ғой. Өмірден кетті олар, көз жұмды. Кім жауап берді? Облыстың әкімі ме? Ол жоғарылап, президенттің қасына барды. Одан төменгілері де қызметте жүр. Сондықтан халық өзі сұрамаса, көзін ашып қимылдамаса, осылай бола береді.

- Мұнайшылар көтерілді ғой, бірақ билік міз бақпай қойды.

- Маңғыстауда бір кішкентай топ қана көтерілді. Жаңаөзен мен Қаражамбаста. Басқалары үндемей отыр. Мұнай өндіріліп жатыр, шетке суша ағып жатыр, ақшасын алатындар алып жатыр. Егер күллі мұнайшылар көтерілсінші, онда Үкімет басқаша сөйлесер еді. Олар көріп отыр ғой, екі жерде екі топ қана бас көтеріп жатқанын. Сондықтан олар «Отыра берсін, қарындары ашқан соң, өздері жұмысқа шығады» дейді. Болды.

 

Сұхбаттасқан

Сансызбай НҰРБАБА,

«D»

«Общественная позиция»

( «DAT» ГАЗЕТІНІҢ ЖОБАСЫ. 32 (115)  28 қыркүйек 2011 жыл

0 пікір