Жұма, 26 Сәуір 2024
3327 0 пікір 25 Ақпан, 2020 сағат 13:24

Ұшақ апатынан зардап шеккен 52 адамға өтемақы берілді

Бүгін Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев Bek Air ұшағы апатынан зардап шеккендерге өтемақы берілгенін айтты. 

Ластаевтың айтуынша, зардап шеккен 52 адамға өтемақы төленген.

-Мемлекет тарапынан төленуі тиіс өтемақы берілді. 52 адам зардап шекті. Оларға өтемақы берілді. Қазір сақтандыру төлемдері жүріп жатыр. Сақтандыру компаниялары жайлы айтатын болсақ, барлығы қажет құжат тізіміне байланысты. Ол компания өтемақыны толық өндіріп береді. Бұл мәселе біздің бақылауымызда, - деді Талғат Ластаев.

Ол сондай-ақ Bek Air билеттерінің ақшасын қайтаруға қатысты сұрақтарға да жауап берді.

-Билеттердің бір бөлігінің ақшасы қайтарылды. Қазіргі уақытта Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті сотқа арыз берді, осы билеттердің ақшасын қайтару бойынша. 100-ге жуық адам хабарласты, - деді комитет басшысы.

Еске салайық, 27 желтоқсанда Алматыдан елордаға ұшып шыққан Bek Air ұшағы биіктік жоғалтып, әуежайдан ұшып шыққан бетте құлаған. Бортта 95 жолаушы және экипаждың бес мүшесі болған. Ресми мәлімет бойынша, 12 адам қаза тапқан.

Артынша, апаттан зардап шеккендер өтемақы ала алмай жүргендерін мәлімдеген болатын.

Abai.kz

0 пікір