Сенбі, 27 Сәуір 2024
Өнер 4901 2 пікір 19 Ақпан, 2020 сағат 12:10

«Жүзге татитын бес адам болса, сағаттап отырып ән айтып берер ем...»

Жуырда Алматыдағы Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармониясында дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Жанпейісов өзінің «Әнді сүйсең, менше сүй» атты жеке шығармашылық кешін өткізгелі жатқанын естідік.

Ширек ғасырдан асатын уақытта қазақ әнін насихаттауға еңбегін сіңірген, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының Дәстүрлі музыкалық өнер кафедрасының ұстазы Нұржан Қабимолдаұлын аз-кем әңгімеге тартып, алдағы кештің жайын, бүгінгі қазақ әнінің жайын сұраған едік...

- Нұржан аға, наурыз айының ортасында Алматыда шығармашылық кеш бергелі жатыр екенсіз. Әңгімені әуелі содан бастаған жөн болар...

- Жалпы, сахнада жүргеніме 25 жылдан асыпты. 1992 жылдан бастасақ, 28 жыл екен... Өнер адамы, шығармашылықтың адамы үнемі ізденісте болуы керек. Арасын ұзартпай, әлсін-әлсін есеп беріп тұру керек. Үнемі репертуарын жаңартып отыруы керек.

Алғашқы концертімді Баян Өлгейде бердім

- Осыған дейін неше рет есеп бердіңіз?

- Менің ең алғашқы жеке шығармашылық кешім 2005 жылы Моңғолияның Баян Өлгей қаласында өткен екен. Сол жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының арнайы делегациясымен Баян Өлгейге бардық. Ұшақтан түскен жерден ағайындар тани кетті. Ол кезде біздегі телеарналарда ұлттық өнерді дәріптейтін хабарлар көп еді. «Алтыбақан», «Ауылдың алты ауызы» т.б. Біз сол бағдарламалардың бел ортасында жүрдік. Өлгейдегі жұрт бізді сол бағдарламалар арқылы таниды екен. «Сен әлгі «Алтыбақанда» ән айтатын бала емессің бе», деп бірден жылы қабылдады.

Өлгейде бір жетіге жуық болдық. Елді түгел араладық. «Нұржан, бұл жаққа келгеннен кейін, бір концерт бере аласың ба» деп қолқалады. Мен: «бере аласың ба емес, беремін, еститін құлақ болса...» дедім. Содан, бір-екі күннің ішінде жігіттер барлығын ұйымдастырып, алғашқы концерт сол жақта берілді.

- Ол жақтың қабылдауы да ерекше ғой...

- Рас, ол жақтың қабылдауы да ерекше. Қаймағы бұзылмаған ел ғой... Домбыра тартсаңыз еріксіз тыңдайды, еріксіз тартылады... Одан кейін 2009 жылы Қазақконцертте жұмыс істеп жүргенімде, жеке шығармашылық кеш өткіздім. Кейін, араға біраз уақыт салуға тура келді. Денсаулығыма байланысты үзіліс алдым.

Сөйтіп, үшінші концертімді 2017 жылы тағы да Алматыда бердім. 2017 жылы Алматыда Универсиада өтті ғой. Соның аясында Алматы қаласы әкімдігінің мәдениет басқармасы өздері қолдады. «Концертіңізді өткізсек» деп өтініш айтты. Мен келісе кеттім. Дәл сол жылы «Алатау» дәстүрлі өнер театры жаңадан ашылып жатқан. Мен ең бірінші болып концерт бердім. Одан бері де міне, үш жыл өтіпті...

- Жалпы, осы 28 жылда жеке үш концерт бердіңіз бе?

- Арасында елге де барып, есеп бердім. Үзеңгілес досым, бірге жүрген әріптесім Еркін Шүкіман екеуміз бірігіп «Қос күрең» атты кеш өткіздік. Ол Қазақконцертте өтті. Одан кейін, мына Алматыда даңғарадай зал болмаса да, өзінше ерекше «Ықылас» атындағы залда, «Ғалымдар үйінің» залында концерттер бердік.

2016 жылы Дәнеш ағамыздың 90 жылдығы кең көлемде аталып өтілді. Сонда лекция концерттер, ашық сабақтар, дөңгелек үстелдер ұйымдастыруды жоспарлаған ем. Сөйтіп, «Ықылас» атындағы музейде «Әсет пен Дәнеш» деген атпен лекция концерт бердім...

Бір концертте орындаған әнді екінші концертте қайталамауға тырысамын

Алла қаласа наурыздың 11-інде өтетін концертті Отырар сазы оркестрі өздерінің жоспарына енгізіп, алғашқы ұсынысты өздері айтқан еді. Қазір дайындықты бастап кеттік.

- Репертуарыңыз қандай? Қанша ән орындалады? Қандай әндер? Өзіңіздің орындауыңызда ел құлағына сіңген бұрынғы әндер ме? Жаңа әндер ме?..  

- Жалпы, мүмкіндігінше бір концертте орындаған әнді екінші концертте қайталамауға тырысамын. Мен ғана емес, басқалары да солай жасайтыны белгілі ғой. Алдындағы концерттердің репертуарлары, программалары бар. Солармен салыстырып отырып, арнайы бағдарлама жасадық. Наурызда өтетін концертте бас-аяғы 14 ән орындаймын. Соның ішінде, оркестрдің сүйемелдеуімен 4 ән орындалады. Бұл да концерттің бір ерекшелігі болмақ...

«Отырар сазы» оркестрі, Тілендиев атындағы мемлекеттік академиялық фольклорлы-этнографиялық оркестрі дейді... Өте беделді, үлкен ұжым. Кезінде Нұрағамыз құрған... Ол төрт әннің өзі ешкім әлі айта қоймаған жаңа әндер. Жаңа әндер деп айтатын себебі де бар. Мен Талдықорғанда филармонияда бір жарым жыл жұмыс істедім.  Жамағат Темірғалиев деген талантты, дирижер ағамыз бар. Қазір зейнетте. Сол кісі оркестр құрған. Маған: «Нұржан, сен оркестрмен ән айтсаңшы», деп 4-5 ән ыңғайлап берген. Жамағат Темірғалиев оркестргетүсірген сол әндер орындалады. Шыны керек, бұл әндер Талдықорғанда біраз уақыт орындалып жүрді. Кейін ұмытылып қалды. Ол әндерді де кез-келген адам орындап кете алған жоқ.

Ұлбике мен Күдерінің айтысын орындаймыз

«Қалқаның әні», Кенен атамыздың «Баста өлеңі», Әсеттің термесі, Дәнеш ағамыз жеткізген әндер бар. Соларды оркестрге лайықтап орындамақшымын.

Тарихта Ұлбике мен Күдерінің айтысы деген болған екен. Сол айтысты кезінде Мырзатай Жолдасбеков ағамыз спектакль қылып жазыпты. Ол спектакльдің музыкасын Алтынбек Қоразбаев жазған екен. Халықаралық байқаулардың лауреаты, нағыз қазақи әуені бар, мәнері бар Бибігүл Қилымхан деген қарындасым екеуіміз сол айтысты қайтадан оркестрге лайықтап орындаймыз.

Оның сыртында, өзім жеке репертуарым бар. Дәкеңнен алған, үйренген әндерім бар... Жалпы, жеке өзім 10 ән орындаймын. Оның ішінде ұстазым Дәнеш ағамыздың айтылмай жатқан әндері өте көп. Сол әндерді орындаймын. Дәкең жеткізген халық әндері бар. Өте сирек орындалады. Соларды орындаймын. Репертурыма қосқан әндерімнің бірі Нұрғиса Тілендиевтің «Дариға домбырамды берші маған» деген әні бар.

Картинки по запросу "дәнеш рақышев"

Дәнеш ағамыздың әнін айтатын жастар да көбейді

- «Танығың келсе Дәнешті, жантайып жатып ән есті» дейтін сөз бар... Шынында, сол сөз бүгінде «Танығың келсе Дәнешті, Нұржаннан барып ән есті» дейтіндей-ақ... Дәнеш Рақышевты іздегенде, жұрт артындағы сізді іздейді... Жалпы болашақта Дәнеш атамыздың кешін өткізу жоспарыңызда бар ма?

- Шіркін-ай! Оның бәрі жоспарда бар ғой. Былтыр Дәнеш ағамызға осы Алматыда үлкен көше берілді. Өткенде сол көшемен жүріп өттім. Әр үйге жеке-жеке тақтайшаларын қойыпты. Әдемілеп айшықтап тұрып жазыпты. Енді, болашақта сол Дәкеңе, ақылдасып белгі тақта қойсақ.

Осында режиссер, деректі фильм түсіріп жүрген талантты жастар бар. Солар маған хабарласып, Дәнеш туралы деректі фильм түсіруге ұсыныс айтып, қазір бастап та кетті. Сосын, Дәнеш ағамыздың бүкіл әндерінің ноталық жинағын қазіргі сабаққа, әдістемелік құрал ретінде әзірлесек...

Қазір Дәнеш ағамыздың әнін айтатын жастар да көбейді. Келіп үйреніп жатқандар да, арнайы шәкірті атанып, оқып жатқандар да бар. Алдағы уақытта Дәнештің әнін айтатын әншілердің, соның ішінде жастардың басын қосып, үлкен бір кеш өткізу жоспарда тұр. Қазірдің өзінде сол жұмыстардың басы басталып кетті.

Әкем бізді Абаймен тәрбиеледі

- Кештің аты - «Әнді сүйсең, менше сүй». Биыл Абай тойы ел көлемінде аталып өтілмек. Әупісмілләсі басталып та кетті...

- Концертімнің атын «Әнді сүйсең, менше сүй» деп қойдым. Ол ұсыныс Бексұлтан ағамнан болды.

«Басқасын білмеймін, бірақ сенің әнді қаншалықты жақсы көретініңді білемін ғой. Биыл Абайдың 175 жылдығы. Сондықтан Абаймен де байланыстырсаң... Репертуарыңда Абайдан да болу керек қой» деді.

Репертуарымда бар. Бірақ, Абайдың төл, өз әні емес. Менің әкем Қабимолда деген кісі Абайды жатқа білген кісі. Бізді кішкентайымыздан Абаймен тәрбиеледі. Ұрысса да, ақыл айтса да Абайды алға тартатын. Абайдың бүкіл өлеңдерін жатқа айтатын. Өз жанынан шығарған екі әні бар. Сол екі әуенге салып алып, Абайдың әндерін айта беретін. Сөйтіп құлағымызға сіңірді.

Құдайға шүкір, Абайдың он шақты әндері халықтың ішіне кеңінен таралып, айтылып жүр ғой. Ал әкімнің әнін, Абайдың сөзін оқудың реті де, орайы да келіп тұрған соң, осы жолы репертуарға қостым. Бұл жаңаша болады деп ойлаймын. Өз әкемнің әні. Оны мен орындамағанда, кім орындайды... Сондықтан, Абайдың өлеңіне жазылған «Мен боламын демеңдер» деген әнді орындамақпын.

Көкелерге жалынып жатып жасаған кеш бәрібір өтімді болмайды

- Кеш өткізгелі отырған филармонияның залы кішілеу емес пе? Бәлкім, әлгі «Айта, айта Алтайды, Жамал апа қартайдының» сөзі дерсіз, бірақ, неге осы бізде дәстүрлі әннің кеші Республика сарайында, кемі Студенттер сарайында өтпейді?

- Ол деңгейде кеш жасау үшін әуелі үлкен қаражат, үлкен демеу керек. Шыны керек, оған біздің жағдайымыз сәйкес келмейді, біріншіден. Екіншіден, дәстүрлі музыканың өзінің залдары бөлек болады. Иә, анадан қарыз алып, мынадан қарыз алып, аға-көкелерді салып немесе жалынып-жалпайып жатып, тыраштанып жасауға болатын шығар. Бірақ, ол өтімді болмайды. Әр музыканың өзінің тыңдаушысы болады. Дәстүрлі музыканың тыңдармандары өзі бөлек болады. Керек десеңіз, дәстүрлі музыканың тыңдармандары өз ішінде бөлінеді. Ал енді, маған салсаңыз, маған даңғарадай зал керек емес. Бір тыңдаушының өзі жүзге татитын бес адам болса, тоқтамай 4-5 сағат ән айтып беруге болады. Айтып та жүрміз. Ал, бірақ, залға бөлек қой енді...

Тыңдарманның деңгейі орындаушыдан жоғары болуы керек

- Демек, дәстүрлі әннің аудиториясы электоралды дейсіз ғой? Мысалы, эстраданы екінің бірі тыңдайды...

- Дәстүрлі әннің талғамы бөлек. Біздің әніміз де, күйіміз де талғамды қажет етеді. Тыңдаушыны талғайды. Тыңдарманның деңгейі өте жоғары болу керек. Тіпті, орындаушыдан да...

Мысалы, біз Құдайға шүкір, осы өнердің арқасында біраз шет елдерді араладық қой. Фестивальдерге арнайы шақыртты. Оңтүстік Кореядағы дәсүтрлі музыкаға байланысты үлкен фестивальге бардым. Қытайдың оңтүстік провинциясындағы үлкен фестивальге шақырды. Парижде екі рет болдым... Ол жердегі зал біздікі сияқты даңғарадай емес. Арнайы дәстүрлі музыкаға салынған залдар. Өзінің акустикасы есептеліп салынған зал. Тыңдаушыларының да саны шектеулі. Ана жерде отырсаңыз, дыбыс күшейтетін техниканың қажеті жоқ. Микрофондарыңыз керек емес. Отырасың да әніңді айтып, күйіңді тарта бересің. Тамаша. Біздің мынау «Ықылас» атындағы залдың аудиториясы сияқты.

Расында, ол жерде біздің ән айтып, күй тартқанымыз тіпті бөлек. Дыбыс жинақы, онан соң тыңдармандарың да қасыңда бірге отырады. Одан алатын әсер де бөлек болады. Өйткені, ол өтірік ауыз жыбырлатып айтатын фонограмма емес қой.

Сондықтан концерт беретін зал маған өте ұнайды. Ол жерде 500-600-ге тарта адам отырады. Бір шетінен ол органный зал. Оның акустикасы да керемет. Отырар сазы оркестрінің негізгі залы - сол. Сондықтан, ары бері артынып-тартынбай-ақ, қояйық деп сол жерге жоспарлап өткізіп отырмыз.

Дәстүрлі өнердің насихаты қазіргі талапқай сай емес

- Әңгіменің басында «Моңғолияға барғанда жұрт білетін, теле-экрандарда насихат болатын» дедіңіз... Қазір ше? Насихат неге жоқ? Болса, қане?

- Мен өзім Алматыға 2000 жылы келдім. Алматыда өнердің қайнап тұрған кезінің үстінен түстім. Ол кезде Алматының бір өзінде дәстүрлі музыкаға байланысты концерттер өз алдына, Халықаралық деңгейде үлкен фестивальдер өтетін. Телеарналардың өзінде ұлттық өнерді насихаттауға арналған хабарлар жүріп жатты. «Ауылдың алты ауызы», «Алтыбақан» деген тамаша бағдарлама болатын. Әсіресе, осы дәстүрлі музыканы арқалаған өнерлі жастарды көрсететін, өнерін ортаға салатын хабарлардың бірі осы болатын. Одан кейін Қазақстан арнасында «Жетісаз», «Қазақтың 100 күйі», «Қазақтың 100 әні» деген тамаша жобалар болды. Солардың бәріне ат салысып, бел ортасында жүрдік. Қазір өкінішке қарай, жоқтың қасы.

Алматы телеарнасында «Інжу-маржан» деген хабарымыз бар. Бірақ, жүйелі түрде насихаттайтын хабарлар жоқ. «Домбыра» телеарнасы ашылды ғой. Соны ашқан жігіттердің бәрі осында келіп, өздері ақылдасқан болып, « сіздер жазған дүниелеріңіз бар ма, осыған бір қолдау көрсетіңіздер» дегеннен кейін қолдағы бар дүниені беріп, көмектестік. Олар да хал-қадірінше насихаттап жатыр. Жақсы. Бірақ, қазіргі талапқа сай, қазіргі тыңдаушының сұранысына сәйкес емес.

Мысалы, шоу бизнестегі бағдарламаларды түсіргенде қызылды-жасылды, жарқыл-жұрқылымен, неше түрлі қылып түсіреді.

Мүмкіндігінше ұлттық құндылықты дәріптеуіміз керек

-Ол үшін қыруар қаражат керек шығар?

- Кім біледі? Бірақ, дәл біздің дәстүрлі музыканы дәріптеуге келгенде әйтеуір, тартынып қалады. Сол жағына келгенде қарның ашады. Бірақ, олар сөйтті екен деп, біз тыныш жата алмаймыз ғой. Өзіміздің хал-қадірімізше насихаттауға тырысамыз.

Құдайға шүкір өнерімізді көрсетіп, фестивальдерде, алыс-жақын шет елдерде болдық қой. Әр ұлт өз ерекшелігін көрсетуге тырысады. Жұрт соны көруге тырысады. Сонымен танығысы келеді. Оңтүстік Кореяға, фестивальге жалғыз бардым. Бәрімізге уақыт берді. Маған 15-20 минут... 15-20 минуттың ішінде мен өзімнің бүкіл өнерімді көрсеттім. Әр мемлекетке, әр ұлтқа уақыт берді. Үш-төрт күн сондай фестиваль өтті. Ал, кететін кезде, өздерінің бір-бір ұлттық музыкалық аспаптарын бізге көтертіп жіберді. Сыйлық деді. Бұл не? Бұл тарату. Өздерінің ұлттық құндылықтарын тарату, дәріптеу. Көрдіңіз бе? Сол сияқты біз барғаннан кейін де, өзіміздің өнерімізді, қыл-аяғы киімімізге дейін, ұлттық аспаптарымызға дейін мүмкіндігінше көрсетіп, дәріптеуіміз керек қой.

Шыны керек біздің аспапқа таңқалады. Айналып келіп, «ұстап көрейікші», «шертіп көрейікші» деп жатады. «Екі ішекті, тоғыз пернелі аспаптан осындай музыка шыға ма», «ұлттық классикалық музыкаларды орындауға болады екен ғой» деп таңқалып жатқандар болды. Мүмкіндік болған жерде біздің ұлттық құндылықты көрсету керек.

Парижде екі рет болдым. Осы дәстүрлі музыкаға байланысты фестиваль еді. Сол кезде концертімізге арнайы келіп тұрып: «Анау көнеден келе жатқан музыкаларыңды сақтап келе жатқандарың үшін» деп алғыстарын айтқан. Әйтпесе, кейбір Еуропа елдері өздерінің түпкі тамырында жатқан төл музыкасынан айырылып қалды ғой...

Классикалық музыканы тыңдаудың өзіндік шегі бар

Құдайға шүкір, тыңдаушы бар. Оның сыртында сол тыңдаушыларды тәрбиелеуіміз керек.

- Кешіңізге оралайықшы, біраз әріптестеріңіз қолдаған екен...  

- Концертке қатысатындар туралы айтсам, ол әуелі Ақан Әбдуәлі. Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының ректоры. Біз бірге оқыдық. ­Өнер жолында бірге жүрміз. Ақанда үлкен өнер бар. Әсіресе, Жетісу өңірінің жыршылық-орындаушылық өнері бар. Ақан бастап, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы қоштап, басты қолдаушы болып отыр.

Концерт бірыңғай ән болып кетпеу керек. Күй де болады. Ол да менің досым, қызметтес әріптесім Мұрат Әбуғазы. Бұл азамат нағыз шертпе күйдің шебері. Өнер зерттеуші. Ол да біздің Дәнеш ағамыздың мұрасын жинастыруда өзіндік үлесін қосқан азамат.

Одан кейін Бибігүл Қилымхан деген қарындасым бар. Қазақконцертте бірге жұмыс істедік. Өзіндік дауыс мәнері, орындаушылық өнері бар. Қазір сахнаға шығып жүрген жастардың ішінде танымал.

«Отырар сазы» оркестрі, оның диржері Нұрғиса Тілендиевтің қызы Дінзуһра Тілендиева. Өзі дирижерлық етеді.

Концерт бір жарым сағатқа жоспарлап отырмын. Өйткені, біздің дәстүрлі музыкалық концерттер бір жарым сағатқа жетпеуі керек. Жетсе, аспауы керек. Бұл ұлттық классикалық музыка ғой. Таза академиялық концерт. Классикалық музыканы тыңдаудың өзіндік шегі бар, деңгейі бар. Одан асып кетті ме, адамды шаршатып аласың. Жаңағы сол уақытқа дейін алған рахатын, ләззатын шашып аласың, жоғалтып аласың.

-Кешіңізге сәттілік! Ойдағыдай өтуіне тілектеспіз...

-Сіздерге де рахмет! Келіңіздер, күтеміз...

Сұхбатты дайындаған Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

2 пікір