Жұма, 26 Сәуір 2024
46 - сөз 3065 0 пікір 21 Қаңтар, 2020 сағат 15:33

Ғафу Қайырбековтің жары Бәдеш апаның естелігі

Ғафу Қайырбековтің жары Бәдеш апа өмірден озыпты. Қолынан дәм татып, ескінің әңгімесін тыңдап едім. Апаның ықшамдалған естелігін осы жерде де бөлісіп қояйын...

"Ғафудың әкесі Ғалия медресесін бітірген, сауатты адам болған, алайда, Ғафекеңнің сегіз жасында қайтыс болып кеткен екен. Менің әкем 1937 жылдары ұсталып кеткен. Сөйтіп, екі жетімек шаңырақ көтергенбіз. Сол екі жетімек аудармадан түскен қаламақыны тірнектеп жинап, үй соғып алдық. Ол кезде жеке үйі барлар аз, соны қызық көре ме, әйтеуір үйімізден қонақ арылған емес. Сол замандарда әдебиеттің төңірегінде жүрген қаламдас достарының көпшілігі біздің шаңырақтан дәм татты. Олардың әдебиет жайлы талас-тартысты әрі қызғылықты әңгімелеріне талай куә болдық.
Ғафу 1956 жылы Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды. 1952 жылы Жазушылар одағына қызметке кірген уақытынан көзін жұмғанша осы одақтың жұмысын атқарды. Ауырып жүріп те жұмыстан қалған емес. Осы шығармашылық үйін жанындай жақсы көрді. Жазушылардың қарашаңырағын қатты қадірледі...

Ал, біз жазушының жарлары, жеке өзім, Ғафекең қызмет етсе де, сол үйге баса-көктеп кіріп бара алмайтынмын. Алда-жалда Ғафуға жолығу керек болса, телефон соғып, «Балалар әлемі» дейтін дүкеннің алдында күтіп тұратын едік. Үлкен-үлкен жазушылар, ақын ағаларымыз отырған шаңыраққа қалай басып кіресің? Осы күні ғой, Ғафекең жүрген жерлер еді деп, сағынышымызды басу үшін шаңыраққа еркін, өзімсіне кіретініміз.
Мұхтар Әуезов біз Сочиде жүргенде қайтыс болды. Ғафу газет оқып отыр еді, дауысы қатты шығып кетті. Не болды екен деп жалт қарасам, көзінен жас ағып бара жатыр екен. Сөйтсем, Мұхаңның хабары газетке басылыпты. Ғафудың сонда жазатыны ғой: «Мен Сочиде жүргенде тау құлады, Қапқаз ба десем, Мұхаң екен. Ол – бәйтерек, мен оның бұтағы екем...» Мұхтар Әуезовті қадір тұтпаған қаламдас інілері жоқ қой. Ғафу да ағасын ерекше құрметтеп, аса жақсы көрген еді. Жастайынан солардың қасында жүріп, үлгісін алды ғой.

Ғафекең аударма саласында да бірқатар еңбек сіңірді. Расул Ғамзатовты аударды. Сол аударманы оқыған Ғабит Мүсірепов: «Әттеген-ай, мынаны Расул оқыса, қайта жазатын еді», – дейтіні бар.
1958 жылы Мәскеудегі онкүндікке барған ақын-жазушылардың ең жасы, ол кезде отыздағы Ғафу еді. Мен де бардым. Ғафу мені ешқашан қасынан тастаған емес. «Киев» меймамханасына орналастық. Баукең көрші бөлмеге орналасты. Әлі есімде, вестибюлде Баукең отырады. Мен Ғафудың артына жасырынып барып, именіп амандасып өтіп кетемін. Сол жерде Баукеңді бірінші көруім. Сөйтіп, Мәскеуде Баукеңмен бірге бірінші рет шәй іштік. Өзі шақырып, дәм татқызды. Әрі сұсты, әрі мейірімді секілді көрінді. Бұл онкүндікке қатысқан қаламгерлердің кішісі Ғафу екенін айттым ғой, келіндердің де ең жасы менмін. Сондықтан үлкен-үлкен ағаларға қызыға қарағаныммен, олар Ғафумен тілдесе бастағанда, ұялып, сәл сырттап тұрамын. Тағы бірде вестибюлмен көтеріліп келе жатсақ, Ғабит Мүсірепов, Ілияс Омаров тұр екен. Ғафу ағаларының алдында еркін болатын, «Ассалаумағалейкум» деп амандасады. Олар да жарқын амандасып жатыр. Мен амандаса сала, Ғафудың арқа жағына тығыла түсіп, үлкендердің көзіне көп көрінбеуге тырысамын...

Мен қызметті ерте тастадым. Ғафекеңнің жазуын, өлеңдерін де үйде басып, қолжазбасын реттеп отыратын адам керек қой. Ғафу түнімен өлең жазады. Ертеңгісін бетімнен сүйіп: «Өлеңді бітірдім» дейді. Бетімнен сүйетіні – көңілімді көтергісі келетіні, маған өлеңдерді машинкаға басып қой дегені ғой. Мен де ондай сәттерде Ғафудың өлеңдерін тап-тұйнақтай етіп, машинкаға басып қоям. Соның арқасы шығар, осы күні Ғафудың қолжазбаларын реттеп, көп томдықтарын, жинақтарын шығару ісін өз қолыма алдым"...

Қарагөз Сімәділдің әлеуметтік желідегі жазбасынан

Abai.kz

0 пікір