Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Мәйекті 6789 0 пікір 30 Шілде, 2015 сағат 19:15

Тауфих Шеғиров. КЕЛЕШЕК ТУРАЛЫ РОМАН – ФЭНТЕЗИ

Бірінші бөлім

 Миләдиден бергі 2230 жылғы 5-шілденің талма түсі болатын. Күн кірпігінен от тамып, ақ шағыл құм беті  май шыжғырған табадай жер-дүниені қуырып тұр. Сэр Роберт Бакпайоф-Джонсонның шалқыған көк мұхит, ну ормандар мен өркеш-өркеш тау сілемдерін көктей өтіп, Оршүтстанның шегіне іліккеніне де сағат жарымнан асып барады. Құм көшкен тұлдырсыз қу медиеннің ұшы-қиыры жеткізер емес. Көкжиекке дейін көлкіген сағым ғана әрнәрсенің елесіне ұқсап мың құбылып, көз алдайды. Осынау шет-шегі бітіп бермейтін құм далаға құлази қарап , біраздан соң сэр Роберт қобалжи бастаған. Шынымен адасып, абайсызда Африкадағы Сахара шөліне шығандап кеткеннен саумын ба осы деген  күмән көшті көңілінен. Алдындағы компьютер экраны мен картаға сенбей, спутник арқылы диспетчер орталығымен байланысып, координатын хабарлап еді, ешқандай ауытқымапты. Бағыты дұрыс. Енді бір жиырма шақты минутта межелі жеріне жетпек. Көңілі жайланып, езуінде түтіндеген  сигарын құшырлана сорды.

Сэр Роберт елуді еңсеріп тастаса да қапсағай, сидам денесінде бір қырым арам ет жоқ,  бойы тіп-тік, серпінді, шымыр. Сом иығы шолақ жең қоңыр жейдеге сыймай тырсиып тұр, серейген қол-аяқтарының сіңірі ширатқан болат сымдай білем-білем. Әлбетте, қаршадайынан алақанының сүйелі бес елі боп ескек есіп келе жатқан адамның денесі шарболаттай болмағанда қайтеді. Монтананың шатқал бұзған ақ көбік өзендерін каноэмен бойлай жүзіп, қаншама рет теңізге шықты десеңші. Амазонканың таудан құлап, тасқа шапшып өкірген ағыстары да бұдан қалған. Әйтеуір тасқынды су, тулаған толқын десе, қаны ойнап, қолтығына қанат біткендей көңілі шарқ ұрып шабыттанып кетеді. Күні бүгінге дейін аптасына бір рет Калифорния жағасындағы таудай толқындардың жалына жабысып сноуборкпен сырғанамаса көңілі көншіген емес. Серіппедей солқылдаған зор тұлғасы мен қабақ астынан үңірейген қоңырқай  суық көзін, көктұқыл шақпақ иегін көргенде-ақ жүрегің солқ етіп, кезінде сұрапыл киборгтың өзі болғансың-ау деген ой қашады көкейіңнен.

Сэр Роберт – АҚШ-тың белді сенаторлардың бірі. Калифорния штатынан сайланған. Оршүтстан үкіметінің арнайы шақыруымен келе жатқан беті. Ертең – осы елдің ұлттық мейрамы. Мемлекеттің негізін қалаушы күн сипатты ұлұғ сәруардың туған күні. Үлкен бір елдің ресми өкілі болса да халықаралық рейспен ұшпай, әдейі өзінің екі кісілік шағын флайерімен шыққан. Мұндай сапардың сәті күнде түсе бермейді ғой, әйтеуір жолаушылап шыққан соң, ешкімге кіріптар болмай ел-жер көріп, еркін саяхаттап қайтқанға не жетсін. Флайерге мінсе, өзін қанатты құстай еркін сезінеді: қалай ұшам, қайда қонам демейді, шаңғысын жайып айдынның үстінде сырғи береді,  шассиын түсіріп алақандай жерге де қона кетеді. Бұл бір, айтты-айтпады,  техникалық ақыл-ойдың соңғы ғажабы. Әлем ғалымдарының ғылымның әр саласындағы ашқан озық жаңалықтарының басын құрап, жапон қонструкторлары жасап шығарған. Жер бетіне әлі көп тарай қойған жоқ. Американың өзінде мына өзі сияқты санаулы байларда ғана бар. Әуеде қалықтап жүрген түйеқұстың жүмыртқасы сияқты. Сопақша, сүйір. Мініп ал да ұша бер. Жарық та, қараңғы да, дауыл да, жауын да – бәрі бір, оған  ештеңе кедергі емес. Адамзаттың бүкіл даналығын бойына сыйғызған ғаламат ақылды машина. Құлаймын не адасамын-ау деп қорықпайсың. Биіктікті де,  жылдамдықты да өзі реттейді. Алдындағы сәл кедергіден био-магниттік өріс арқылы бағытын кілт өзгертіп айналып өтеді. Барар жеріңнің координатын компьютердің миына енгіз де кофеңді ішіп көсіліп отыра бер. Энергиясы шексіз. Өйткені желдің екпіні, күннің қызуынан бастап, ең аяғы әжетханадағы нәжістен ұшқан газға дейін ол үшін сарқылмас қуат көзі.

Баяғының адамдарының ой-санасы қандай шектеулі болған десеңші. Осыдан жүз жылдай бұрын бүкіл энергиялық қуатты мұнай деп аталатын органикалық заттан өндіріпті. Сан ықылым замандар бойы жер қойнауында жатқан өсімдіктер мен жан-жануарлардың шіріндісі. Сол үшін соғысып-қырқысқан. Күші мығым бір ел екінші елді жаулап, мұнайлы аймақтарын басып алып отырған. Қысқасы, мұнай әлемдік экономиканың бірден бір қозғаушы күші еді. Халықаралық валюталардың құны биржадағы мұнай нарқымен өлшенді. Бүкіл завод-фабрика, қаптаған транспорт мұнай өнімімен жұмыс істеді. Қара тұман түтіннен дүние тұншықты. Атмосферадағы азон қабаты жұқарып, ыдырап-тесіліп, шақырайған күн сәулесі жан шыдатпайтын. Антрактиданың мұзы еріп, мұхиттар көтеріліп, енді болмаса топансу қаптауға дәс қалған. Құдай оңдап, сол мезетте мұнай сарқылып, апаттың жолы кесіліпті. Әйтсе де ажалдан аман қалдық деп тәубаға келген адам баласы жоқ, «Құдайсыз қалғаннан мұнайсыз қалған қиын екен, ендігі күніміз не болады» деп дағдарысты. Көшпенділер сияқты, қайтадан ат-арбаға көше ме? Үйлеріне от жағып отыра ма бықсытып? Атом энергиясы қалай болғанмен тығырықтан шығарар жол емес. Бәрібір жаппай пайдалану қауіпті әрі уранның табиғаттағы қоры шектеулі. Қашан да тарихты алға жылжытатын тапшылық пен қажеттілік қой. Талмай ізденген көп марқасқаның бірі күндердің күнінде ұлы жұмбақтың шешуін тапқан, шектеусіз энергия алу үшін протонды орбитасынан қозғап, жылдамдығын сәл арттырсаң жетіп жатыр екен. Сол күннен бастап адамзат прогрестің жаңа сатысына қадам басты. Енді міне тырнақтай ғана қоспа пластина жер шарын жүз рет айналып шығам десең де артығымен жетіп жатыр. Жылдамдатылған протон жылу, жел, дыбыс, газ... кез келген сыртқы күштің әсерінен реакцияға түсіп шексіз энергия бөліп шығарады.

Аз уақыт ішінде жер шарының бір бөлігінен екінші бөлігіне көктей өтіп, климат төтен өзгергендікі ме, сэр Роберт делсал маужырап отыр. «Классиктің» екі шыны - аяғын ішсе де серги алар емес. Жағын жырта есінеп, көгілжім иллюминаторға селсоқ көз салған. Ұшы-қиырсыз ақшағыл кеңістік  ақтарыла төңкеріліп ақ теңіздей толқып жатыр. «Япыр-ау, неткен өлі дала, қыбыр еткен тіршілік жоқ!» Көкірегіндегі күрсінісі көк шыбындай ұшып шығам дегенше панелдегі қызылды-жасыл шамдар жыпылық қағып, Бородиннің «Қыпшақ биі» шалқып қоя берді. Онысы – межелі жерге жеттік, ұйықтап жатсаңыз, ояныңыз, мырза, деген белгі. «Мынау бітеу дала ғой. Қаласы қай жерде?» деп абдырап айналасына қарағыштағанмен көзіне астана атаулы үйреншікті ұлы шаһарлардың сұлбасы іліне қоймаған. Флайер қалықтап кеп дірілсіз    жайлап жерге қонды. Көк шардың бүйірі ойылып, есік ашылғанда, ұйтқыған жел бір уыс ыстық құмды үйіріп бетіне бір-ақ ұрды. «Мынау қайтеді-ей!» Лапылдаған ыстық ауаға қақалып, тісінің арасында шықырлаған қиыршықты түкіріп тастауға сэр атына лайықты сырбаздығы жібермей, еріксіз қолорамалымен аузын сүрткен боп амал қылған. Жерге төселген ұзын, қызыл жол кілемнің үстіне табаны тиер тиместен есіктің екі босағасына қаздиып тұра қалған еңгезердей екі жігіттің бірі төбесіне күн түсірмей қолшатыр тоса қойған. Тісі ақсия күлімдеп қарсы алдынан шығып, сәлемдесіп жол бастаған биік лауазымды ресми өкіл мен қос қапталда сап түзеп құрметті қарауылда тұрған сарбаздардың түр-тұлғасы мына өзі сияқты бүтіндей саксондық: жақтары қушия созылған, ақ кірпік, шикіл сары, еңсегей бойлы, арсиған  кесек бітім. Азиялық бір нышан жоқ. «Сонда бұл елдің халқы саксон тектес болғаны ма?» Ұзын-шұбақ былқылдақ қызыл кілемді қызыл судай кешіп келіп,  желге сатырлай желбіреген АҚШ-тың ала туы мен Оршүтстанның көк байрағының түбіне тоқтады. Екі елдің гимні ойналып болған соң анадайдағы есік пен төрдей керілген ақ лимузинге отырған. Биоэнергиямен жүретін машина сылаң қағып дыбыссыз сырғи жөнелді.

Сәлден кейін ақша құммен астаса аспанға тік өрлеген бозғылт таудың етегіне маңдай тіреп, айқара ашылған өрнекті дарбазадан аттағандары сол, айнала мүлдем басқаша бояумен көз арбап құлпырып сала берді. Күмбез астындағы қала! Қас қағымда Эдемнің жаннат бағына топ ете түскендей есі шығып аңтарылып қалды бір сәт. Қалғып кеткен жоқпын ба осы деп басын шайқап-шайқап қойды. Түсім дейін десе, ой-санасы айқын, бәрін ап-анық көріп тұр, өңім дейін десе, көңілі сенер емес. Қай жағыңа қарасаң да қалың ну, шайыры аңқыған самырсын мен қызыл арша. Сыңсыған мың сан жасыл желек самал желпіп, жұпар ауа сарайыңды ашады. Гавайидағы әсем қалалардың бірін Кіндік Азияға көшіріп әкеліп қоя салғандай. Қос жиегін пальма көмкерген кең де түзу көшелер. Баққа малынған сан пошымды коттедждерді өрлі-қырлы дөңдер жотасына қонжитып-ап көзден алып қашып барады. Қала жатаған. Тек аракідік күнге шағылысып он-он бес қабаттық әйнек офистер сораяды әр тұстан. Түс мезгілі болған соң ба, көшеде арлы-берлі жүрген биомобильдер некен-саяқ, жүргіншілердің дені велосипед мінгендер. Қыраттың иінінен мөлт етіп көрініп, қиғаш қалып бара жатқан көл жағасы жыпырлаған халық. Қайық есіп, суға шомылып мәз-мәйрам болған жұрттың дауысы тымық ауада еміс-еміс жаңғырып естіледі. Оршүтстанның соңғы астанасы шынында да кісі таңғаларлық екен. Қазіргі өркенниеттің мақтанышы болып отырған Нұрабат шаһарының атына сырттай қанық болғанмен, Жаратқан нәсіп етіп көріп тұрғаны осы. Ғажап! Жоқ, ғажап деген жай берідегі сөз, сыр-сипатын бейнелер сөзді адамзат әзірге ойлап таппағандай, әйтеуір көңіліндегі әсерге лайықты балама қапелімде тіл ұшына үйіріле қоймады. Қасындағылардың айтуынша, төбесі күмбезденіп, 1500 метр биіктікте биологиялық қабатпен қоршалған. Ені 12, ұзындығы 18 шақырымға созылып жатыр. Жылдың қай мезгілінде барсаң да ақ құмын тілерсектен кешіп, асау толқынын төске алып, айрықша жаратылысына көз мейірің қанатын Гавайиды жаңа бекер еске алмапты. Бәрін көрсін, тамсана түссін дегендей баяу сырғыған машинаның әйнегінен қай жағына қараса да – қойыны сабат саябақ. Жер бетінің ең әсем, ең асыл ағашы мен өсімдігі осында тамыр жайған ба дерсің. Жанай өтіп бара жатып зәулім секвояның төбесіне қарасаң, басыңдағы қалпағың жерге тұскендей. Әр тұста ірге қоспай шоқтанып жеке-жеке өскен ксерафит, акация, суккулект, зәйтүн тоғайлары. Африкада тұқымы құрып бітуге тақаған баобабты көргенде тіптен таңырқады. Бір өзі кішігірім  бір төбешікті қанатының астында басып жатыр. Діңінің шеңбері үндістердің вигвамының  орнындай. Күні кешеге дейін Амазонка бойындағы жабайылар осы алып ағаштың діңін ойып баспана ғып тұрған жоқ па. Ақыры түбіне жетіп тынды. Қос қапталда дөңгеленіп қалып бара жатқан ойдым-ойдым алқаптарда қызыл арша мен эндемикке, қызылды-жасылды гүлдер мен нілі төгілген шалғын жарыса өсіп жайқалып тұр. Саванна да, жунгли де осында. Бананды бір тістеп бір-біріне лақтырып, ерсілі-қарсылы ойнап жүрген, енді бірі кокостың сүтін ішіп, қауашағын төбесіне төңкеріп беті ағал-жағал боп жол ортасында отырған орангутангтарды клаксонды бажылдатып әзер үркітесің.

Мұнда жер бетінің басқа тарабындағыдай  қыс,  күз деген ұғым жоқ. Жыл – он екі ай бір-ақ маусым – шыбынсыз, қоңыржай жаз. Қашан көрсең де өңін бермей жайқалып тұрған мәңгілік жасыл желек. Барокко  стиліндегі үлкенді-кішілі ғимараттар да жер бедеріне үйлесіп, табиғаттың бір бөлшегіндей әсем жымдасып кеткен. Тек көше-көшенің қиылысында, үйлердің қабырғасында жыпырлай ілінген көсемнің портреттері ғана осынау әдеміліктің сынын бұзып тұрғандай. Көзіңді қалай алып қашсаң да танауы тәмпиген моңғол бет еркек жымың қағып қарсы алдыңда тұра қалады. Евроцентристік талғамда тәрбиеленген мұның азиялық кейіп-кеспірге мұрын шұйіре қарайтын әдеті. Оның орнында тісі маржандай ақсиып Голивудтың актері не ұзын сирағы жуан санына дейін жалаңаш топ – модель саған қиыла қарап қылымсып тұрса, көзге қандай сүйкімді көрінер еді. Бұлар қыз сияқты қылмитып көсемдерінің суретін іліп қояды екен. Америкада басқа түгілі Вашингтонның да суретін ілмейді. Азиялық сана деген осы-ау, сірә. Баяғыда, күн сипатты сәруардың тұсында, оршүттердің түрі осындай болған ба екен? Үш ғасырдың ішінде қалай өзгерген, ә? Осы ой емексітіп, көңілін әуестік билеген. Бағанадан бері аузы жабылмай, ілтифат көрсеткен рәсіммен елпілдеп қаланың өткен-кеткенімен таныстырып келе жатқан сабаншаш, шикілсары жігітке еңсеріліп, тағы да алдарынан қалықтап шыға келген кезекті бильбордқа иек қақты:

– Мына кісінің суреті иконадан да көп-ау деймін?

– Бұл – біздің мемлекетімізді құрған адам!

– Қараймын да таң қалам. Патшаларыңыздың түрі бір бөлек те, сіздердің түрлеріңіз бір бөлек. Уақыт қалай өзгертеді, ә?

– Иә, уақыт бәрін өзгертеді ғой!

– Сонда осы отырған бәріңіз де оршүтсіздер ме?

Дипломатиялық мектептің майын ішкен сырбаз жігіт ұртындағы үйірілген әдемі жымиысын өшірімегенмен көзі тікенектеніп жалт қарады:

– Біз – оршүт емеспіз, оршүтстандықтармыз! – Содан соң жұдырығына жөткірініп тастады да, – Оршүттерді қазір көресіз, көрімдігіңізді дайындай берсеңіз де болады, – деді көзінің қиығынан қуақы күлкінің құйрығы жылт етіп. 

Көзайым сәт көп күттірген жоқ. Үш қабатты, шағын мейманхананың алдына келіп тоқтаған. Жүкші не кезекші ме, жарыла ашылған әйнек есіктің аузын төбесімен өңмеңдей сүзіп бір жалбыр шаш жігіт шыға келді. Жүрген сайын шайқалақтап, аяғын бір жағына шойнаңдап басады. Таяп кеп жүзін тіктеп  сәлемдескенде сэр Роберт селк ете түсті. Таңырқағаны ма, әлде қорқып кеткені ме – итжығыс арпалысқан астан-кестен сезіміне ен таға алар емес қапелімде. Әуелгіде ұлұғ мейрамдағы болатын карнавалға дайындалып, бет-аузын бояп алған ба деп ойлаған. Тіптен олай емес. Бір көзі көк, бір көзі қара, бірі қиық, бірі дөп-дөңгелек. Шашының қақ шекеден айрылған жартысы сары, жартысы қара. Мұрыны да, бүкіл бет терісі де солай. Жарты-жартылай сары мен қара. Қас-қабақ, шықшыт, иек дегеніңіз дүниенің екі қиырынан әкеп зорлап қиюластырып қойғандай. Бір жақ қол-аяғы ұзын, екінші жағынікі қысқа. Бір терінің астында екі жарты дене итіс-тартыс өмір сүріп жатқандай. Үш ұйықтасаң түсіңе енбес, мың ойласаң қиялың шалмас құбыжық, тосын тұрпат. «О, Иисус!» деді ішінен Құдайына жалбарынып, Құдайын еске алған бойда төсіндегі сабалақ жүнге көмілген алтын баулы кресі өз-өзінен тербеле бастағандай болған. Жоқ, кеудесіне сыймай дүрсілдей жөнелген жүрегінің дүмпуі екен. Жай адам жалғыз-ақ қолымен іліп жүре беретін қара чемоданды қапсыра құшақтап, қос жағына кезек теңселе  мықшыңдап бара жатқан кемтар мүскінді көзінің қиығымен ұзатып сап тұрған қосшы жігіт жұқана бетіне  жұқалтым күлкі жағып, «оршүтіңіз осы» дегендей бұған қарап білінер-білінбес езу тартты.

Мейманхананың жайлы төсегі жамбасына тастай батып түн бойы аунақшып ұйықтай алған жоқ. Кірпігі сәл айқаса  берсе, әлгі құбыжық сурет елестеп селк ете түседі. Бағанағы сабан шаш сары жігіт мейман деп қызмет көрсетуден гөрі кісілік ілтифаты жоғары, адамға үйірсек, жұғымды жан болса керек. Аэропорт басында күтіп алғаннан бәйек боп қолды-аяққа тұрғызған жоқ. Қасынан бір елі шықпай, бірінші қабаттағы рестораннан кешкі асты бірге ішіп, іңір үйірле үйіне бір-ақ қайтқан. Өзі әңгімешіл екен. Тыңдап отырсаң, білмейтіні бит ішінде ме дерсің.

 2

Ерте, ерте, ертеде, есек құлағы келтеде, өзі батыр, өзі аңғал Бозақ деген жұрт болыпты-дүр. Жері кең, көңілі одан да дарқан, етек-жеңін қымтамайтын, даласындай далиып жатқан ел деседі. Қыздарының беті қызыл, шашы ұзын екен. Еркектері шеттерінен апайтөс, жүрістері балпаң, бір отырғанда бір тайдың етін жеп, бір жатса, бір апта ұйықтайды-дүр. Ал жаумен шайқаса қалса, отыз күн аттан түспей ұрыс салатын  ердің  сойы болыпты. Салқар сақара, сеңгір тау, мөлдір көл, тасқынды өзендеріне төрт тарабындағы анталған көршілері қысық, қисық, көк көздерінің сұғын қадаумен өтеді. Қызыққанмен қылар қайрандары жоқ. Қидаласса желкесі қиыларын біледі. Жауға шапса – батыр, жай күнде сауықшыл, сері, ит жүгіртіп, құс салатын саятшы, байлыққа қызықпайды, жылтыраққа елікпейді, «малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» дейтін осынау такаббар, бекзат жұрттың тізесін бүгілтіп, кекжиген басын иілту үшін не істемек ләзім? Ақыры, отыз бақсы, сексен сиқыршы қырық күн зікір салып, дуа оқып көктегі перінің қызы – Пәри Рузимен сөз байласады.

– Бозақты жолдан тайдыру үшін қылмаған һайламыз қалмады- дүр, – деп Бас сиқыршы шағынып зарын төгеді. – Бұ не деген парықсыз жұрт екенін ұқпадық, жүдә. Кедейіне байлық бердік, байына бақ бердік, бағланына тақ бердік – бірін де алмады: кедей кекжиіп қайқайған төсін қақты – менің байлығым кеудемдегі намысым дегені; бай қаспақ танау баласын бетінен сүйіп, төбесіне көтерді – менің бағым – ұрпағым дегені; бағлан айналасындағы елді көрсетті – менің алтын тағым – қарайған жұртымның рахмет-алғысы дегені. Ештеңеге қызықпайтын бұл жұртты өзгертуге жер бетіндегі ешқандай сиқырдың күші жетер емес-дүр!

 – Со да сөз боп па? – Перінің қызы сақалдары сапсиып, алжа-алжасы шыққан бақсылар мен кәрі сиқыршыларға «әй, өңшең аратамақтар-ай» дегендей тыжырына бір қарап алды. – Оның бабын табу оп-оңай!

 – Қалай? – деді Бас сиқыршы маңдайындағы жалғыз көзі жыпылықтап.

 – Олардың көкірегінде шүкіршілік деген иман отыр. Соны  қуып шықсаң болды – алтын кілт қолыңа түсті дей бер!

Күңнен туған Қодарғұл бес жасқа келгенде күнде таңертең күннің көзінен алтын шүйкедей домаланып кіп-кішкентай сары қыз жерге түседі. Үрпиген шашы да сары, өзі де сап-сары. Күлімдей қарап, кіп-кішкентай қолдарымен Қодарғұлдың қолынан ұстайды. Айдалада жалғыз өзі қозы бағып құлазыған бала дос табылғанына қуанып кетеді. Көк шалғынның үстінде асыр салып көбелек қуады. Дөңгелек, жұқалтым тастарды айдынға жанай лақтырып «майжалатпақ» ойнайды. Бұзауға мінеді... Күні бойы екеуден-екеу ойнауға бір жалықпайды. Әбден қас қарайғанда ғана сары қыз кішкентай саусақтарын елбірете қош айтып, күннің соңғы сәулесімен бірге көкжиекке сіңіп жоқ болады. Қодарғұл аңырған күйі құлағы қалқайып қыр басында ұзақ тұрады. Тастап кетіп қалғанына өкпелегені ме, әлде «әттең, қуып жетіп алатындай қанатым болса ғой!» деп өкінгені ме, әйтеуір көңілі алабұртып, еріксіз күрсінетін. Таң атысымен күн көзінен төгілген алтын жіпті бойлай жүгіріп сары қыз тағы да жерге түсетін. Өстіп туған ай тураған еттей таусылып, жыл артынан жылдар жылжып өтіп жатты. Қодарғұлмен бірге сары қыз да есейе берді. Енді сары қызбен түнде ғана ұшырасатын болды. Бұрынғыдай емес, шашы, қас-кірпігі қара, үлбіреген жүзі боз биенің сүтіндей аппақ. Ымырт жамырай қолаң шашы қара түндей жайылып, екі көзі жұлдыздай жарқырап жанына келеді. Солқылдаған ыстық тәнін тақап, алқынған демі алқымын шарпып-шарпып өткенде, төрт түліктің арасында өсіп, бұқа-текенің күйек науқанындағы қызықтарын көре-көре көзі ерте ашылған бозбала есінен танды. Екеуі көк шалғынға көміле құлаған. Кішігірім төбешікті солқылдатып, арсы-күрсі екеуі қосыла ыңырсығанда қастарында жайылып жүрген үйірлі жылқы қасқыр шапқандай дүркірей үріккен. Аспанда ай қорғалап, ұяттан өртенген ақ дидарын тоқымдай қара бұлттың етегіне басты.

Пәри Рузидың ай-күні жеткенде, мырзаның тұмса тоқалы да таңсәріден бері онекі қанат ақорданың босағасына керілген арқанға асылып, «Би-Бәтима пірім-ай!» деп қинала сыңсып толғатып  жатыр еді. «Түс, түс!» деп келісаппен жерді түйгіштеп әбден сілесі қатқан кәрі кемпір бір сәт  үнсіз қалған. Кіндік тұсы солық етіп, ілкіде бойы жеңілдеп сала берген келіншек талықсып кетті. Осы мезетті аңдып тұрғандай перінің қызы керегенің көзінен сыбдырсыз кірді де өз баласын келіншектің етегінің астына тастап, шарананы іліп алып ғайып болды.

Гүжілдей шар еткен жабайы дауыстан келісапқа маңдайын сүйеп қалғып кеткен құшынаш кемпір селк етіп көзін ашып алған. «Үйбу, бала түсіп қойған екен ғой!» деп апалақтап барып, келіншектің етегінің астына ентелей үңілген. Аяқ-қолы тырбаңдаған қызылшақаға ұмсына беріп, кірпік қақпай өзіне тесірейе қадалған шегір көзді көріп шалқасынан түсе жаздады. Көзіне шапталып қалғандай құбыжық сурет жанарынан өшер емес. Шашы аппақ, жылағанда езуі ырсиып отыз тісі ақсиып көрінеді. Ғұмырында талай сұмдықты көріп, анау-мынауға оңайшылықпен селт ете қоймайтын құшынаштың сірі жүрегі атқақтап аузына тығылды. Етегіне сүріне - қабына жерге екі-үш аунап тұрып, сыртқа ата жөнелген. Хабар күтіп, есік алдында арлы-берлі қарыштай адымдап тықыршып жүрген мырза сүйінші сұрағалы шықты деген дәмемен кемпірге еміне қарсы ұмтылған:

- Ұл ма?! – деді екі көзі жайнай демігіп.

- Мырза... Сұмдық!.. М-м-масқара! – Кекештенген кемпірдің сөзінің аяғын күтпей мырза асығыс басып үйге кіріп кеткен. Шығуы одан да жылдам болды:

- Жоғалт көзін. Ел көрсе, сүйекке таңба!

- Мырза, мені ондай іске қинамаңыз. Құдайдың алдында күнәһар бола алмаймын.

 Мырза аяқ-қолы селкілдеп абдырап тұрып қалған. Желкесіне найза кезегендей зордың күшімен кібіртіктеп кемпір қайтадан есікке беттеді.

Етегін жылы сумен шайып, аяқ-қолын бауырына алған соң келіншек шарылдаған шаранаға қолын созды:

- Құлынымның сілесі қатты ғой, әкеліңізші, емізейін.

Не істерін білмей сасқалақтаған кемпір  бір орында тыпырлап:

- Ханым... ханым! – дей берді. – Емізбей-ақ қойыңызшы.

- Жоқ, әкеліңіз!

Құшынаш еріксіз әмірге көнді. Алпыс екі тамыры иіген ана ештеңені көрер емес.

- Жарығым! Жаным! – Еміреніп ақ мамасын шарананың аузына тосты. «Іштен шыққан шұбар жылан-ай!» деді ақсиған жалғыз қасқа тісімен астыңғы ерінін тістелеген кемпір қарауға дәті шыдамай сырт айнала беріп.

Жұлқылап, қанымен қоса солқылдатып сорған қорқаудың тісінен жас ананың емшегі қағынып, екі аптадан соң көз жұмды.

Уайымға қайғы жамалып, мырза қатты күйзелді. «Бұл бір құтсыз мекен болды!» деп, тік көтеріліп басқа қонысқа төңкерілген. Баланы бесігімен ескі жұртқа тастап кетеді. Межелі жерге жетіп, түйені шөгерсе, құданың құдіреті, жылаған баланы тербетіп бесік алдарында тұрады. Ел шошынып, не істерін білмей дағдарады. Бірі садақпен атып тастайық десе, екінші біреулер өзенге лақтырайық, су ағызып әкестін пәлекетті дейді. Бірақ олай етуге ешқайсының дәті бармайды. Үйлер тігіліп болған соң, боз қасқа шалып, Тәңірге «тасаттық» береді. Сол кезде ауылға ақ сақалы беліне түскен жалаң аяқ-жалаң бас диуана келеді асатаяғын сылдырлатып. «Баланы маған беріңдер» дейді. Бесігімен көтеріп, тау арасындағы құрым күркесіне алып келеді. Диуана жаңа күшіктеген қаңғыбас, қабаған қара қаншықтың күшіктерін жерге көміп, баланы иттің баурына салады. Күшіктері көмілген жерді тырналап, иіскелеп, отыра қалып ұлып көзі мөлт-мөлт жасаураған қаншық емшегі әбден сыздаған соң еріксіз көнген. Бала солпылдата сорып, қарыны бұлтиып бой-бойы шыға терлеп ұйықтап кетеді. Кейде оның қомағайлығына шыдай алмай, қыңсылап орнынан тұрып кетсе, аузымен емшекке жармасып, екі қолы тиген жеріне тас жабысып, бұтының арасында салақтап кетіп бара жатқаны. Бала күшік сияқты тез ширап, ерте жетілді. Сүтпен енген қасиет сүйегіне сіңді. Қажырлы, қайсар, суыққа да, ыстыққа да төзімді. Ашкөз, қорқау, алдына ас келсе, қасындағы адамнан қызғанып, көзі қанталап кетеді. Есейе келе айналасына ұры иттей тиді. Күндіз елдің өрістегі тоқты-торымын ұрлады, түнде шидің артында тұрған қазанның бетіндегі қаймағын сыпырып жеп, сабадағы қымызын арқалап әкетті. Ығыр болған жұрт мырзаға шағынды. «Мынау бір тірі күйік болды-ау»» деп қаһарына мінген мырза диуананың күркесіне келіп зікір салды:

–  Атадан азып туған мына құбыжықты баяғыда өлтіріп тастайық деп жатқанда арашаға түсіп алып қалған сен едің. Елде жоқ сұмдықты шығарып, ағайынды бүліктіріп бітті. Кәне,  ұстап бер, ат құйрығына байлап өлтіремін!

–  Сауға, тақсыр! – деді диуана асатаяғын сермеп. – Иса көктен түсерде, Мәвди жерден шығарда дүниеде не қилы хикметтер болар-дүр. Бұл да сондай нышанның бірі шығар. Бөрі сыйған кең далаға бір ұры сияр, жүре берсін!

Мырза сөзге тосылып, атбасын кері бұрған.

Диуана балаға Итемген деп ат қойды. Ел де солай деп атады. Итемген қарулы, қайсарлығымен қоса сұғанақ, тіміскі, күресіннен сынық тебен көрсе көзі қылиланып кететін дүниеқоңыз боп өсті. Ұрлықтан жинаған малының тұсағы егізден, тушасы тоғыздан төлдеп, аз жылдың ішінде байып шыға келді. Қалыңын төлеп бір байдың қызын алды. Мыңғыраған малы өріске сыймады. Бірақ төрт қанат қараша үйдің төрінде сілкіп салар сырмағы болмады. Арам өлген малдың көн тулағының үстінде қатыны екеуі домалай кететін. Қылқұйрықтың үйірін шұрқыратып мыңдап айдаса да табаны жер сүзіп қотыр тайға жайдақ мініп жүрді.

Қылығы ерсі, құлығы бөтен. Бақсының моласындай жалғыз шошайып ел шетінде бөлек отыратын. Думаншыл, дарқан, ағайынмен еншісі бөлініп көрмеген жомарт Бозақтар «мынау қайдан шыққан пәле!» деп шошынып қарайтын. Қыста қар сұрасаң бермейтін қалтыраған қарау. Ауыл-аймақта тірі жанмен аралсып өз үйінен шыны шетін тістетіп көрген емес. Өзгені жарылқамақ түгілі өзінің аузы жарып ас ішпеді. Қатыны қазанның қаспағын  қырып жеді, жалғыз ұлына құрттың қоқымы мен бір уыс бидайды ешкінің тулағына шашып  беретін. Боран-шашында қалжырап қара тұтып келген құдайы қонаққа есігін ашпады, қайыр сұраған тіленшіні ит салып қуатын. Жан баласында жоқ осынау рахымсыз қараулығына жағасын ұстаған жұрт бірте-бірте оның Итемген атын ұмытып, «шық бермес Шығайбай» атап кетті. Шығайбайдың өмірінде қолынан дәм татқан жалғыз адам – Алдаркөсе. Ел кезіп жүрген Алдар Шығайдың сараңдығын естиді де «бұл сығырдың әуселесін көрейін» деп, бір күні қараша үйдің түндігінен түтін бұрқ ете қалғанда, сәлемін соза айтып кіріп келеді. Шығайбай арам өлген тоқтыны бұтарлап жатыр екен, қонақтың сәлемін де алмайды, төрлет деп те айтпайды. Алдар айыл жисын ба, мысқылдай күледі:

- Пай-пай, Шығайбай деген мырза деп естуші едім, дәл мал сойып жатқанда келіппін, аузымның салымын қарашы! – деп беліндегі кісесін шешіп, іргеге тастайды. Қонақтан оңай құтылмасын біліп, амалы құрыған Шығайбай ет салып:

- Піс, қазаным, бес ай! – деп қазанды отқа қояды: Алдар:

- Отыр, көтім, он ай! – деп отыра кетеді. Сөйтіп күндіз тұрмай, түнде ұйықтамай тапжылмастан бес ай отырады. Бес ай дегенде өлексенің көкжасық шандыры піседі-ау әйтеуір. Алдына келген сіңір-шеміршекке дейін сыпыра соғып әбден тойған соң Алдаркөсе:

- Дұшпаннан түк тартсаң да пайда! – деп етегін сілкіп, орнынан тұрыпты.

Шығайбай жалғызының маңдайынан иіскеп еміренбейтін, жар төсегінде жалындап ләззәт таппайтын, есесіне тышқақ тушаға теке артылып жатса, «е, мынау енді екеу болатын болды ғой, әлде егіз табар ма екен!» деп жаны сүйсінетін. Жинаған алтынын өгіз терісінен тігілген шөнекке салып, иен таудың қуысындағы жеті қақпағы бар үңгірге тығып қоятын. Күн сайын ел жатқанда, жан адамға көрінбей бұқпантайлап барып, үңгірдің түбіндегі алтынын бауырына басып, сағаттар бойы есі кете елжіреп отырған күйі таң ата бір-ақ қайтатын.

Ішпей-жемей жинаған алтыны ат басындай болды. Бірақ ол да аз көрінді. Баюдың жаңа жолын ойлап, Мысырдан керуен тартқан саудагерлерге ілеседі. Сахараға жеткенде қырық күн көз аштырмай қара дауыл соғып, мал-жанның қырылғаны қырылап, тірі қалғаны бір-бірінен адасады. Шығайбай жарты денесін құм басып, шыбын жаны әне-міне кеудесінен ұшайын деп жатқанда, ғайыптың күшімен құмыра ұстаған бір әулие ұшыраса кетеді. Хал үстіндегі мүскін:

- Суыңнан бір жұтым берші! – деп жалбарынады.

- Жарайды, – дейді әулие. – Ақысына не бересің?

- Құдайдан сұрап алған жалғыз ұлымды берейін, қолыңа су құятын құлың болсын!

- Маған құлдың керегі жоқ. Өзім де құлмын, Құдайдың құлымын.

Қасықтай су жұмырына жұқ болмаған соң тағы бір жұтым сұрайды. Әулие тілегін орындап:

- Ақысына не бересің? – дейді.

- Қалыңмалына қырық нардың жүгін беріп алған Ай мен Күндей әйелім бар, соны ал – босағадағы күңің болсын!

- Маған күңнің керегі жоқ. Ай мен Күнге айырбастамайтын өзімнің жарым бар.

 Екі ұрттам су да ажалға араша болмасын біліп жаны ышқынған бейшара тағы бір жұтым сұрап зар иледі. Әулие ол тілегін де орындап, өтеуіне не беретінін сұрайды.

- Өмір бойы тірнектеп жинаған ат басындай алтыным бар еді, соны ал!

Әулие басын шайқап мырс етеді:

- Қатын-балаңнан жылтыраған тас қымбат болғаны ма?

- Ой, қария, қызық екенсіз, – дейді ес жия бастаған мүскін. – Сақалыңыз беліңізге түскенше соны да түсінбейсіз бе? Алтын болса, бәрі де менікі емес пе: Тақты да Бақты да сатып алам. «Қатын – жолда, бала – белде» демей ме атам Бозақ. Қалыңын беріп алған сұлудан ұлын да, қызын да сүймеймін бе! Бірақ енді бәрі бітті. Не болса да шыдап, өлсем – алтынды құшақтап өлуім керек еді. Соңғы тамшыны бекер іштім!

Сонда әулие:

- Жоқ, дұрыс істедің. Соңғы жұтқаның у болатын! – деп жалт бұрылып жүре береді.

Шығайбайдың жалғыз ұлының ел қойған аты Қарынбай болатын. Мыңды айдаған байдың баласы болса да аузы асқа жарымай тулаққа шашылған бидайды жүннің арасынан теріп жеумен күні өткен сорлының құлқыннан басқа қайғысы жоқ еді. Күндіз-түні тек тамақты ойлай-ойлай көзі қарнына түсіп кетеді. Дүниеге қарынымен ғана қарайды: қарыны тойған күні айнала жайнаған ұжымақ, қарыны ашса – тас қараңғы түнек.

Қарынбай ержетіп, балалы-шағалы болғанда, баяғы әулие «бұ бейшара жоқшылықтан өмірі өксіп қор болып жүрген шығар» деп мүсіркеп, түсінде оған аян береді. Әкесінің алтыны қайда екенін айтады. «Бірақ жақсы ниетпен бар!» дейді. Қарынбай үңгірді іздеп табады. Алты тас қақпадан өтіп, жетіншісін ашып қалғанда, алтынға оратылып жатқан жеңді біліктей сары жылан басын қақшаң еткізіп көтеріп алып, айыр тілі сумаңдай ысылдайды:

- Неғылған пендесің?

- Мен Шығайбайдың ұлы Қарынбаймын.

- Не іздедің?

- Әкемнің алтынын алуға келдім.

- Сен мұны борық көлдің түбіне апарып таста. Суы тазарып тұщылансын. Балық көбейеді, құс қонақтайды. Жер көркейіп, айналасындағы мал мен жанға сая болады.

- Жо-жоқ, не деп тұрсың? – деді Қарынбай қарынындағы көзі алайып. – Мен өз алтынымды өйтіп суға тастай алмаймын!

- Бұл - ұрлық-қарлықтан жиналған һарам алтын, ешкімге опа бермейді. Өстіп борық суға тастаса, сумен бірге тазарады.

- Алтында һарамдық жоқ.

- Сен де әкең сияқты азғын екенсің! Жылан патшасы алтын айдарлы Бапы айдаһар маған әдейі күзеттіріп қойған. Ниеті бұзық пендеге бермеймін!

- Әкел алтынымды! – деп тепсіне ұмтылған Қарынбайдың мойнына оратыла кетіп, жылан айыр тілін дәл самайдан сұғып алған. Қарынбай сол жерде екі аяғы аспанға серең етіп, сеспей қатты.

Қарынбай атадан жалғыз болғанмен, артындағы ұрпағы қаулап өсті. Кәлимаға тілдері келмесе де, Пайғамбардың жолын ұстап, бас-басына төрт-бестен қатын алды. Бәйбіше-тоқалдардың құрсағы құнарлы болып баланы балағынан битше домалатсын. Жылдар дөңгелеп, ғасыр ауысқанда қарынбайлар рулы ел болып, бара-бара Бозақтың іргелі тайпасына айналған.

Адамның қандай жамандыққа да көре-көре көзі үйреніп, еті өледі ғой. Әуелгіде қарынбайларға жиіркене қарайтын бозақтар енді: «Осылардікі ақыл-ей, қалай тіршілік етудің жөнін біледі-ай!» деп тамсануды шығарды. Маңдалада маң-маң басқан бекзаттықтың басы иілді. Бозақтың сызат түспеген асыл сүйегін ашкөздіктің жегіқұрты кемірді. Қыр баласының қанжығасына жабысып көрмеген ұрлық пен қарлық суық қолын сумаңдатып босағадан сығалады. Ит кірмесін деп ергенегін таяқпен тірей салатын боз үйлердің есігіне иттің басындай құлып салынатын болды. Батырдың орынын барымташы басты. Мал ашуы – жан ашуы деп, ауыл мен ауыл, ағайын мен ағайын жауласты. Сойылға жығылып талай боздақ солқылдап тұрған шағында қыршынынан қиылып көктей сұлады. Ерлік баһадүрдің көкірегіндегі алтын тағынан түсіп, ұры-қарының қолындағы кір сасыған шоқпарға таласты. Жаудың кеңірдегін қиған қайқы қылышпен жіліктің ұңғыл-шұңғылын мүжіп ошақ басында шөкелеген елді кім басынбасын. Зеңгір таулары мен кең шалқар даласы айналадағы анталаған жаудың ежелден көз құрты еді. Шегір көз бен сығыр көз көршілер қос бүйірден көк сүңгісін қадап жан алқымға келген сәтте Бозақтың соңғы ханы Кете баһадүр аруақ шақырып атойлап атқа қонған. Бірақ қаны қызып, қаруын сайлап, желкілдеген ақ тудың түбінен табылғандар аз болды. Қарынбайдың қаптаған қалың үрім-бұтағы жерден бауырын көтеріп, атқа бұт артуға жарамады. Кете хан азбыз деп  тізгін тартқан жоқ. Ат төбеліндей шағын жасақпен жаудың жер қайысқан қалың қолына қарсы шапты. Аспанға шапшыған асау айғырдың сауырына қанжар ұрып атқақтаған қанын ұрттай сала от құсқан зеңбірекке жалаң қылышпен ақыра ұмтылатын. Бет-ауыздары қып-қызыл, сақалдарынан қан тамшылап өлген-тірілгендеріне қарамай тебітіп төңкеріліп келе жатқан ұлы нөпірді көргенде жау қолындағы от қаруын тастай бере тұра қашар еді. Жардың қуысынан ербиіп басын көтерген алтын иық офицер алай-дүлей ұйтқып өте шыққан қара дауылдың соңынан қарап тұрып: «Біздің қаруымызды бұларға бергенде не болар еді, сақтай гөр, Құдайым!» деп үсті-үстіне шоқынатын түсі қашып . Не керек, Кете хан күші өзінен мың есе басым жаумен кең сахарада жортып жүріп он жыл бойы аш бурадай шайнасты. Аңдыған жау ақыры баспалап жүріп айласын асырды. Жансыз салып, кейбір азғырындыға ерген әскер басын тайтұяқ алтынға сатып алады. Шайқас болатын түні жасақтың тең жартысы сытылып, жау жаққа өтіп кетеді. Қапияда қыспақта қалған қайран баһадүр жаралы арыстандай жанталасқаннан не қайран, астындағы атына зеңбіректің добы тиіп, өзі шала-жансар жатқан жерінде тұтқынға түседі.

Ер қадірін ер білген ғой әзелден. Жау патшасы да аруақты ердің сойы болса керек. Кете ханды өлтірмей қайтсеңдер де тірі алып келіңдер деп бұйырады. Айналаға ат шаптырып, өлі денеге жан салатын не бір атышулы балгерлерді алдыртады. Екі-үш ай емдеп-домдаған соң Кете ханның беті бері қарап аяғына қонады. Патша ақ сарайда ханға оң тізесінен орын беріп, күміс тостағанға бал шарап құйып өз қолымен ұсынады.

– Дұшпаның да ер болсын деген ғой. Жау болсаң да сенің басың достан қадырлы. Сен менің – тұтқыным емес, мейманымсың. Тектіні тексіз ғана қорлайды, сенің асыл нәсіліңе, асып туған арыстан жүрек айбатыңа тәнтімін. Елдесейік, баһадүр! Қан жаласып анда болайық. Мәртебеңе лайық қызмет беремін. Әскердің бас қолбасшысы боласың. Тек маған ғана бағынасың. Империяға қызмет етесің!

– Елдесуден қашпаймын, тақсыр! – Кете хан шаншылып отырған күйі патшаға жүзін тіктеді. – Сыйлағанды басым жерге жеткенше сыйлап өтемін. Бірақ мен бір Құдайға ғана бағынамын, халқыма ғана қызмет етемін!..

Патша білінер-білінбес миығынан жымиып қойды:

– Намысын қорғап атқа мінгенде, соңыңнан ермеген елге қалай қызмет етпекшісің? Сенің халқыңда болашақ жоқ!

– Қандай болса да ол – менің халқым. Сонымен бірге жасап, бірге өлемін!.. Беті бері бұрылмайтынын аңдаған патша айлаға көшті.

– Жарайды, біраз күн жатып менің сый-құрметімді көр. Содан соң еліңе қайтарсың.

Етегін жел ашпаған қырық сұлу қызды таңдап алып, қырық отау тігеді. Қырық күн сауық-сайран жасап, күн сайын бір сұлуды қойнына салады. Кете хан ешқайсына жуымайды.

– Жауға сідігімді қор қылмаймын! – дейді. Ашуға булыққан патша дірілдеп-қалшылдап кетеді.

– Найзаға көтер! – дейді жендеттеріне айғайлап. Қырық жігіт қырық найза тіреп тік көтеріп алады. Патша айызы қанып жоғары қарайды.

– Кекжиіп болмап едің, түздің жаман тағысы. Өлген қандай болады екен, көр енді!

– Аузы түкті сасық кәпір, өлсем де сенен найза бойы биік тұрмын! – деп Кете хан сақылдап күле бергенде, жендеттер: «Ох, атаңның гөрі, қоқи!» деп жерге тастап жібереді. Көзі қанталған патша басын алыңдар деп бұйырады. Кетені түрегелтіп қойып бауыздайды. Кәлимасын үш қайырып иманын үйіргенше бас жендент қайқы қылышымен қылша мойыннан орай шалып жібереді. Кете хан қос жұдырығын тас түйіп, тісін шақыр-шұқыр қайраған сайын қаны қорқырай атқақтап, көзі шарасынан шыға тесірейген күйі орнында тапжылай тұра береді. Қаны әбден сарқылып, соңғы тамшысы моншақтың көзіндей мөлт етіп мойнынан үзіліп түскенде ғана гүрс етіп құлайды жерге. Мұндай жансірі қайсарлықты бұрын-соңды көрмеген «қоқилар» зәресі ұшып тұра безеді. Патша да таң-тамаша. «Япырай, адам баласы да мұнша мықты болады екен-ау, мұның жүрегі қандай болды екен?» деп ойлайды. Әуестік билеп, кеудесін жарғызып қараса, жүрегінің басында тебен инедей қап-қара қыл бар екен дейді. «Сендерге мына баһадүрдің тырнақтай ерлігі дарыса, дүниені төңкеріп тастар едіңдер» деп, тырнақтайдан бөліп сарбаздарына жүректі жегіздіртіпті. Айтқанындай, патшаның ғаскері де, одан өрбіген ұрпақтары да шеттерінен жаужүрек боп, жарты әлемді жаулап алыпты. Патша Кете ханмен қоса қолға түскен тұтқынның бәрін қырып салады. Тек ханның жорық жыршысы Асанбай жырауды ғана тірі қалдырады.

– Маған бағынбағанның киетін кебі осы. Көрген-білгеніңді еліңе айтып бар! – деп босатып қоя береді.

Бір көзінен жас ағып, бір көзінен қан тамып зарлаған жырау қаңғалақтап еліне қарай жөнейді-дүр. «Шыққыр көзім, осыны да көрдің-ау!» деп өз көзін өзі ағызып жібереді. Айналасын сипалақтап күн жүреді, түн кезеді. Еңіреген дауысы аспан астын күңірентіп, көл кешіп, бел асып ел шетіне жеткенде:

– Басың кесілді, Бозақ! Бассыз қалдың, Бозақ! – деп айғайлайды. «Мына қаңғыған соқыр диуана не сандырақтап тұр, басымыз орнында тұрған жоқ па!» деп Бозақ төбесін сыйпайды.

– Ол – бас емес, мойынның ұшы! – деп жырау одан әрмен жаны ышқынып еңірейді.

– Басымыз болмаса, бөркімізді қай жерімізге киіп жүрміз? Сұңқылдаған соқыр түк көрмейтін болған соң оттай береді! – деп Бозақтың қарынбайлары қолын бір сілтеп, жерге шырт түкіреді. Асанбайдың күндіз-түні жағы сембейді. Күндіз ботасы өлген боз інгенге қосыла боздап, түнде төбе басында ұлыған көк бөрімен бірге зарлайды екен. Сөйтіп боз даланың о шеті мен бұ шетіне жоқтау айтып теңселіп жүреді де қояды. Күндердің күнінде иен түзде ұлыған көкбөрімен бірге іштегі зарын төгіп, өксіп отырғанда жаны үзіліп кетіпті. Жаны көк бөріге көшеді. Содан бері түн ішінде айға қарап ұлыған қасқырдың үні зарлы боп естілетін көрінеді-дүр.

Соқыр өлгенмен, айналадағы көзі бар көршілер де: «Осы қарынбайларда бас жоқ» деп кемсітетін болыпты. Оған талағы тарс айрылып жатқан қарынбайлар жоқ. «Басымыз жоқ болса да қарынымыз тоқ, қайдағы-жайдағыны ойлап уайымдамаймыз. Қайта осынымыз жақсы!» дейді екен шеңбірек атқан қарынын тыр-тыр қасып.

Мүлдем азғындап төртаяқтап кетпей тұрғанда бұл адасқан пақырларды бетінен қайтарып түзу жолға салайын деген ниетпен бір күні Періште оларға уағыз айтады:

 – Ей, пенде, сендер аузымен отығатын ойсыз-мұңсыз мақұлхат емессіңдер ғой. Ішер ас, киімнен басқа сендерді екі дүниеде де мәңгі ортаймас бақытқа бөлейтін Аллаһтың өлшеусіз Ниғметі бар. Таусылмас азық, тозбас киім деген сол.

– Ол не? Алтын ба? – деп қарынбайлар шу ете түседі. Періште басын шайқайды:

– Алтыннан да қымбат.

– Алтыннан артық болатындай ол не? – дейді қарынбайлар таң-тамаша болып.

– Иман!

– Оны қайдан табамыз?

– Нәпсіңді тиып, қанағатшыл, қайрымды бол. Сәждеге жығылып, мына Кітаптың хикматына шүбәсіз ден қойсаң, иман өзі-ақ көкірегіңе ұялайды! – деп Құранды қолдарына ұстатады.

Қарынбайлар әу бастан дінге шорқақ еді-дүр. Ынтасыз, енжар болатын. Таң-азаннан ұйқысын қиып намазға тұруға, мұсылманның парыз-уәжібін өтеуге мойындары жар бермейді. Ұлы бабамыз Шығайбайдан бері тоңқаңдап намаз оқымай-ақ Тәңірдің оң көзіне ілігіп, әулетімізден ырыс үзілмей, шөп басы айыр шығып, қойымыз егізден қозылап келеді ғой. «Қара қойдың кеудесі, мен – Құдайдың пендесі» деп, үш мәрте шын көңілмен қайырсаң жетеді, намаз деген сол, сонымен-ақ қиямет күнінде жүзің жарқын боп пейіштің төріне топ ете түсесің деп өздерін алдарқатып мәз. Құранды оқуға ерініп, құр бастарына жастанып жатады. Күндердің күнінде тісі қышып жортуылға шыққан көртышқан, етке тойып ап, небір әдемі түс көріп киіз үйдің түндігін демімен желпілдете қорылға басып жатқан Қарынбайдың қасына еппен жорғалап барады. «Итке темірдің не керегі бардың» есебімен, «осы Қарекеңе Құран не керек?» деп ұрлап алады да кеміріп жеп қояды. Мұны көрген Періште: «мыналар мал болмайтын жұрт екен, жүдә!» деп қолын сілтеп теріс айналады.

Заманнан заман озғанда қаһарлы Қағанаттың іргесі шайқала бастаса керек. Бауырына басқан ондаған ұлыс жүз жылдық ұйқысынан оянғандай жан- жақтан атой салып: «бөлінеміз, жеке ел боламыз!» деп айбат шегеді. От ұстап қопаға жүгірейін деп тұрғандар көп. Патшаның үрейі ұшты. Алтын сарайға жақсы мен жайсаң жиналып ап күн ойланды, түн толғанды. Әбден бастары қатты. Қағанаттың қабырғасы қақырайын деп тұр. Не істеу керек? Төбесінен шыбын тайып жығылғандай тақыр таз біреу шоқша сақалы шошайған иегін алақанына салып алып  үш күн, үш түн бойы ұйқы көрмей ойланып, бір уақытта:

– Таптым! – деп сұқ саусағын шошайтып ұшып түрегелді. – Патшаны өлтіру керек!

Естіп отырған ел жағасын ұстайды:

– Есің дұрыс па?

– Дұрыс болғанда қандай! Ұлы қағанатты құтқарудың одан басқа жолы жоқ.

– Сонда патша кім болады?

– Сен боласың, мен боламын, кез-келген болады.

– Біз патша тұқымы емеспіз ғой?

               -Адам баласының бәрі туғаннан тең. Қолына тізгін тисе, ошақ басындағы            қатын да патшалықты басқара алады. Ұлы Отанымыздың мүддесі жолында бай да, бағлан да құрбан. Алтын тақты ірітіп-шіріткен ақсүйек, бекзаттардың өз обалы өзіне. Билікті қолдарыңа ал деп кедей-кепшіктің қолтығына су бүріксек болды, еркін ел  болсам деп еліріп жүрген әр ұлт екіге жарылып  өз ішінен бүлігіп жанымен қайғы боп кетеді.

Аңтарылған ел ес жиып тіл қатам дегенше, тақырбас еркек жүре сөйлеген күйі жылдам басып сыртқа шыға жөнелген.

Көше біткенді бұрғылап лек-лек жөңкіген халық. Алба-жұлба киінген, айғайлап, ашына сөйлеген кедей-кепшік. Көбі еліріп ішіп алғандар. Тақырбас кісі қара былғары плащының етегі делеңдеп екпіндей басқан күйі қала ортасына келіп тоқтаған бронепоездің үстіне қарғып шықты да шиыршықтап газет ұстаған оң қолын серпе көтеріп, жалынды үнмен айғай салды:

– Оян, әлемнің қор болған құлдары! Ғасырлар бойы қанымызды сорып келген капитал әлеміне майдан ашып, мойнымыздағы құлдық қамытып қиратамыз. Есе-теңдікті қанды күреспен тартып аламыз. Зауыт-фабрик – жұмысшыларға, жер-шаруаларға, билік халық Кеңесіне берілсін. Қағанаттың ендігі иесі – бізбіз! Езілген еңбекші тап, шық соңғы шайқасқа! Алға!

Теңселген қара нөпір тақырбастың қол сілтеген жағына қарай кенер бұзған тасқындай лап қойған. Ақ сарайды қиратып, Алтын тақты төңкеріп тастады. Қолына мылтық-қылыш алып, жетпегені айыр мен балта ұстап ентелеп-елеуреген тобыр батыстан-шығысқа, теріскейден-күнгейге оңды-солды шиырлап, жолындағының бәрін қоғадай жапырсын. Адам қаны судай ақты. Қанды өзенді етігімен шылп-шылп кешіп үсті-басы қанға боялған қаһарлы тобырды қызыл әскер деп атады. Топ бастаған тақырбас Қызыл патша атанды. Қызыл патша құдайсыздар мемлекетін орнатты. Шіркеу мен мешітті қиратты, сау қалғандарын малқораға айналдырды. Христиандар шошынып маңдайы мен кеудесін оңды-солды шұқылап шоқынды; мұсылман «Астағфираллаһ» деп жағасын ұстаған. «Мынаған бір зауал болар!» дескен. Ештеңе де болған жоқ. Ғибадатхананың қасына жиналған қалың елдің алдына шығып Қызыл патша айғай салды:

– Құдай, құдай дейсіңдер, сол құдайды көрген біреуің бар ма, кәне, айтыңдаршы?!

Қалың ел мүдіріп жерге қарады.

– Бәлкім, сен көрген шығарсың?– деп ақ сақалы беліне түскен пірәдарға қарап мысқылдай күлді.

– Ол көзге көрінбейді! – деді пірәдар.

– Неге?

– Оның  тәні де, жаны да жоқ. Ол ешкімнен туылмаған, ешкімді тумаған.

– Сонда жоқ нәрсе дүниені қалай жаратады?

– Ол бар!

– Бар болса қайда? Көкте ме, жерде ме?

– Ол біздің жүрегімізде!

– Менің жүрегімде жоқ!

– Менің жүрегімде бар!

– Ендеше көрейік! – деп қасындағы қызыл әскерге иек қаққан. Қабақ танығыш қызыл әскер мойнындағы шошайған мылтығын алып пірәдарды атты да салды. Қанжарымен кеудесін жарып жүрегін суырып алды. Қызыл патша қан сорғалап бүлк-бүлк тыпырлаған жүректі тілгілеп, жан-жағына әуелете көрсетіп сақылдай күлді:

– Кәне Құдай? Осы ма құдайларың?!!

Жұрт шошынып, серпіле шегінгенмен, «шынында бұл қалай өзі?» деген бір күдік кетіп еді іштерінде.

Байтақ империямен жарысып, «Құдайды қуу» науқанына Бозақ даласы да дүрліге ат қосты. Әсіресе Мырқымбай Қарабайыштар жыртық бөркін аспанға атты. Молда-қожаны қойдай қуып, қамшымен шықпыртты-ай дерсің. Сөйтіп бүкіл ел Құдайдан тазарды. Бірақ адамдар Құдайсыз өмір сүре алмайды екен, бәрі бір өздеріне басқа құдай жасап алды – Қызыл патшаны алтын тақтан Құдайдың тағына көтерді, соның сөзін жаттады,  соған табынды. Үйінің төріне суретін ілді, парк-алаңдарға ескерткішін орнатты. Мейрам сайын гүл апарып қойды. Пионерге өтсе де, комсомолға өтсе де, әскерге кетсе де «Адал боламын!» деп серт беріп балбал тасқа тағзым етті. Бір рет жасап үйренгеннен кейін Құдайды үсті-үстіне жасайтын болды: автономияның, ауданның, ауылдың... құдайы. Құдайлар қаптап кетті, қайсысына табынарын білмей бастары қатты. Көп өтпей адамдар жасанды құдайлардан жалыға бастады. Шын Құдайы жоқ мағынасыз, сүреңсіз өмір тұйыққа тіреген. «Бізге жалған Құдайлардың керегі жоқ, әу бастағы Жаратқан иеміздің алқауында боламыз!» деп бұлқынған халық бір-ақ сәтте құдайсыздар үкіметін астан-кестеңін шығарып төңкеріп тастаған. Ең қызығы, сол заманның бар қызығын көрген қып-қызыл коммунистер де, қызыл әскер де араша түспеген. Империя құлаған күні тоқсан тоғызға кеп алжып жатқан Мырқымбай ғана күйіктен не қыларын білмей: «Сталин жасасын!» деп айғайлапты да ескі маузерін көмейіне тығып бір-ақ басыпты. Құданың құдіреті, оқ тескен жарадан қанның орынына қызыл ұран жазатын қызыл бояу ағыпты-мыс.

Ол уақытта дінге бой ұру бүкіл елде модаға айналады. Төңірегіндегі мешіт, шіркеу, синагогтарға ағылған өзге ағайындарға қарап, «қой, модадан қалған ұят болады!» деп Мырқымбайдың кіндігін жалғаған Қиқымбайлар да діндар бола қалады. Кент-шаһарларындағы атты кісі түсіп қарағандай, жаяу кісі жатып қарағандай мешіттердің күмбезі көкпен таласты. Бірақ бозекең Аллаһтың ниғметін иманнан іздемейтін, бұл фәнидегі біліп-білмей істеген күнәсі үшін кешу сұрап, тәубаға келудің орнына, күйкі тірліктің зарын айтып жалбарынатын. Құдайды бас ауырып, балтыр сыздағанда жанына шипа беретін сиқырлы тәуіп иә болмаса не сұрасаң да «мә, қоңқай» деп  ұстата салатын жомарт меценат сияқты көретін. Бірде мешітке барған екі бозақ елдің бәрі тарап кеткеннен кейін де бірімен бірі жарысып намазды ұзақ оқыпты. Ақыры мойнына он мың доллардың  алтын шынжырын таққан, кірпі шаш дөй қара шыдай алмай қасындағы жүдеу өңді жігітке бұрылып: «Әй, сен қанша сұрап тұрсың?» дейді. Анау: «Бес жүз керек, – дейді жасқана міңгірлеп. – Балам үйленетін боп... соған кредит алмасам, жететін емес...» Дөйқара қалтасынан жалма-жан бес жүз доллар суырып алып: «мә, мынаны ал да қайқай. Мен екі миллиардты қалай аларымды білмей есім шығып жүрсем, бес жүз дейді ғой. Сен ондай ұсақ-түйекпен Құдаекеңнің мәзгасын майыстырма. Пшел вон!» деп бөксесінен бір-ақ тепсе керек.

Жалпы бозекең Құдайды басына іс түскенде ғана керек қылатын, не қартайғанда есіне алатын. Ондайда олардан өткен тақуа жоқ: әйелі хиджап киіп, бет-аузын тұмшаланып, еркегі тасбих тартып, түшкірсе де «әлһамдуллаһ» деп, бес уақыт тас маңдайын еденге тақ-тақ ұрып тоңқаңдап жатқаны.

Олар сауда жасағанды жек көретін. Тері-терсек жиған арбакешті не малын базарлаған біреуді көрсе, «саудагерде иман жоқ» деп, мың жыл бұрынғы мумие боп қалған мәтелдерін көлденең тартып ағашатқа мінгізетін. Ал Құдаймен саудаласқанда Бұхараның сарты мен Мысырдың саудагері олардың жанында жіп есуге жарамайтын. Оқыған намаз, тұтқан ораза, берген пітір-садақасының өтемін бірден талап ететін: «Жаратқан ием-ау, мұның қалай? Саған құлшылық етпек түгілі, атыңды да ауызға алмайтын арақкеш пәленшекеңнің асығы алшысынан түсіп алшаң басып жүрісі анау. Пітірімді берем, намазымды қаза қылмаймын... сонда да ісім бір алға баспайды. Бұл қалай? Осының әділдік пе, шұнақ Құдай?!!» деп кейіп, тұлан тұтып талағы тарс жарылғанын көрсең! Ұрлықпен байыған бизнесмендер істері жүрмей қалса, дереу мешітке жүгіріп барып садақа беріп: «О, Құдай, мен саған бес жүз теңге садақа бердім, енді сен маған миллион доллар банкіден кредит әпер!» деп талап етіп жер тепкілейтін. Қажыға барған байлар, қайтып келген соң қажылығын жуып, жарты жыл тойлайды екен.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір