Жұма, 19 Сәуір 2024
Қоғам 8951 1 пікір 21 Наурыз, 2015 сағат 00:26

ПУТИННІҢ ОЙЫ ОРТАҚ ВАЛЮТА ҒАНА МА?

Еуразиялық экономикалық одақ елдері Мемлекет басшыларының Астанадағы ақылдасуынан кейін қоғамда қызу талқыға түсетін тақырыптың да тиегі ағытылып сала берді. Осыған дейін әрәгідікте айтылып жүрген ортақ ақша айналымына қатысты сыбыс шындыққа айналатын түрі бар...

Ақордада өткен Қазақстан, Беларусь және Ресей мемлекеттері басшыларының кездесуінен кейін орыс елінің басшысы Владимир Путин шетін ой айтып қалды. «Ортақ экономикалық кеңістік аумағында біріңғай ақша айналымы жүйесін құру туралы айтатын уақыт жетті деп ойлаймын. Қазіргі жағдайға біз иық тіресе отырып жеттік, алдағы күндердегі қиындықтарға да қарсы күш біріктіре аламыз. Біз өз аймағымыздағы монетарлық саясатты үйлестіруіміз керек. Валюталық одақққа айналудың алғышарты дайын болды деп есептеймін..» деген Путиннің сөзінің астарында ЕАЭО елдерінің қаржы нарығында орын алуы ықтимал төтенше оқиғалардың сұлбасы жатқандай. Бірақ, Ресей басшысының бұл сөзіне қатысты біздің Елбасы мен Лукашенко тарапынан нақты қолдау да, түбегейлі қарсылықта білдірілмеді. Демек, алдағы уақытта қаржы мамандарының таразыға салып талқылайтын мәселесі шаш етектен болмақшы.

Жалпы, Астана төріндегі кездесуде әлемдік дағдарыстың әсері мен қаржы нарығындағы құлдырау туралы аз айтылған жоқ. Соның бір дәлелі ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың мына бір сөзін еске түсірелік:

- Қазіргі дағдарыс ол әсіресе өңірлік, және де әлемдік болып табылады. Оның туындауына біздің энергия тасымалдаушылар мен тауарларға бағаның күрт төмендеуі әсер етті. Осыған байланысты Еуразиялық одақта да тауар айналымы төмендеді. Біз бұндай тәуекелдер болуы мүмкін екенін білдік. Осы орайда біздің мақсатымыз тиісті келісімдер жасап, біздің үкіметтер іскерлік түрде барлық іс-қимылдарды талқылауға негізделуі керек. Менің ойымша, 2015 жылы Еуразиялық экономикалық одақ үшін үлкен тәуекелдер мен сын-қатерлер бар,-деді Қазақстан басшысы.

Демек, Назарбаевтың болжамды сөзінің астарында әлі аяғынан толық тұрып үлгермеген экономикалық одақ үшін монетарлық саясаттан бұрын, тауар айналымы мен өндірістік өрлеуді жолға қоюдың маңыздылығы көрініс тауып отыр. Тек, қазіргі жағдайда одақтастар арасында айқын басымдыққа ие болып отырған Ресейдің әлемдік геосаяси жағдайға ықпалы мен Путиннің лидерлік амбициясы оны ойлауға мұрша бере ме?

Қалай болғанда да Қазақстан Еуропа мен теңіз құрлығы елдері үшін аймақтағы экономикалық көшбасшы болып қала беретіні анық. Бірақ, мәселе «доллар гегемониясына» келіп тірелетін болса, еліміз түбі бір таңдау жасайтыны тағы айдай ақиқат. Тіпті, Ұлттық экономиканы долларсыздандырудың күн тәртібіне қайта-қайта көтерілуі мен ол істің жеке адамдардың қалтасындағы «көк қағазға» қатысты қатаң талап қоюмен басталуы тұрғындардан бұрын елдегі бизнес-элитаны алаңдатын сияқты. Дәл осы күпті көңіл үстінде Путиннің ортақ жаңа валюта (егер де ол ескі таныс рубль болса ше?..) енгізу туралы ұсынысы отқа май құйғаны анық. Және көрші ел басшысының ойында тек ортақ ақша ғана тұр ма? Онсыз да тұтыну нарығы ортақ елдердің келешектегі иық тіресе дамуына шекара бағандары кедергі бола бастаса қайтеміз?.. Мүмкін бұл әрекеттер «Тәуелсіздікке қатер төндіретін кез-келген ұйымнан бас тартамыз...» деген Елбасы сөзінің іс жүзіне асырылатын кезеңі жақындап келе жатқанын білдіретін шығар...

Ия, барлығын уақыт көрсетеді!

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ.

Abai.kz

1 пікір