Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Мәйекті 7082 0 пікір 7 Қаңтар, 2015 сағат 10:41

Тұрсын ЖҰРТБАЙ. СӘЛЕМ: ЖАҢА ОТАН ІЗДЕУШЛЕРДІ ІЗДЕУ

Ардақты оқырман, егер сіз жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Америка күнделіктері» атты жолжазба кітабының осы тарауын оқып шығып, бұған дейінгі жазбаларға қызығушылық танытсаңыз, ол бөлімдерді мына сілтемелер арқылы таба аласыз: 

http://abai.kz/post/view?id=2564

http://abai.kz/post/view?id=2551

http://abai.kz/post/view?id=2533 

http://abai.kz/post/view?id=2505 

http://abai.kz/post/view?id=2489

http://abai.kz/post/view?id=2464     

http://abai.kz/post/view?id=2450

http://abai.kz/post/view?id=2410 

http://abai.kz/post/view?id=2392

http://abai.kz/post/view?id=2365

http://abai.kz/post/view?id=2341

http://abai.kz/post/view?id=2328

http://abai.kz/post/view?id=2298 

http://abai.kz/post/view?id=2264

http://abai.kz/post/view?id=2251

http://abai.kz/post/view?id=2238 

 

17 қаңтар, Бостон – Салем – Плимут.

Сәлем қаласының аты – Сәлем, яғный, бейбіт қала. 1632 жылы осы бұғазда іргесі қаланған. Канаданың шекарасы осы арадан 200 шақырымдай ғана. Үндістерді жиі көруге болады. Таң қалғаным – жапондар көп екен. Бұлар ұлы Отан соғысынан бұрын қоныстанып, солтүстіктегі концлагерге орнығып қалғандар. Сәлемнің тарихы – Американың атын шығарған тарих. Іргетасын Кенан Роджерс деген балықшы  қалапты. Содан бастап Сәлемнің аты сонау Индияны дүрліктіреді. Неге дейсіз бе? Адамның ойына келмейді.

Бірінші, тері илеп, былғары жасап, капитал жиыпты. Екінші, ну орманның байлығымен кеме жасаған. Пуритандарға тән еңбекқорлықтың нәтижесінде жер өңдеп, егін салып, киім тігіп, саудасын күсет етеді. Соның ішінде, мұзды ағаш үгіндісіне орап, өкпенің сары жөтеліне ем –  кәдімгі мұзды Индияға сатады. Бұл – үлкен сауданың көзіне айналады. Ол кезде ағылшын королі қарақшыларға да патент беріп, пайдасының 10 пайызын қазынаға алады екен. Сәлемдіктер де қарақшыларға ұн, тері (былғары), киім, тамақ беріп, олардың олжасынан бөліседі. Бұл бір жолдық емес, тұрақты, түсімді кәсіпке айналады.

Сәлемнің атын шығарған қарақшылар ғана емес екен. Оны «Мыстан қала» атандырған және өздері қатты намыстанатын  бір қатыгез оқиға өтіпті. Ол кезде зәңгілер солтүстікте еркін өмір сүреді. Ақкөңіл, әңгімеші, балалардың сүйікті күтушісі атанған Титиба атты әйел болыпты. Кешке от басында балаларға, шайтан, мыстан, дию араласқан неше түрлі қиял-ғажайып ертегілерді айтады. Бұл ертегінің кең таралып кеткені сондай, ақыры діншіл пуритандар мыстан аулауға көшеді. Титибаны және екі әйелді ұстап, 1792 жылы сот жүргізіп, оларды тасқа бастырып өлтіреді. 5 жылдан соң бұл оқиғаның жалғандығы анықталады. Сөйтіп, Сәлемнің бетіне шіркеу түсіп, «Мыстан шаһар» атанады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Американың «Мыстан қаласы» деп ресми түрде жарияланып, жыл сайын қазан айының соңында мерекеленіп өтеді екен. Оған 15 мыңға жуық адам қатысады-мыс. Желкенді кемешілердің жарысы өтеді. Сөйтіп, қара ниетті қаладан мерекелі «Мыстандар қаласына» айналыпты. Американың белгілі жазушысы, жас кезімде әңгімелер жинағын оқыған Наталья Готорнның да әкесі әлгі «мыстан аулау» науқанына қатысқан екен. Жазушы әкесі мен жерлестері үшін кейінгі ұрпақтан кешірім сұрапты. Сол үшін Сәлем қаласының орталығына жазушының ескерткіші қойылыпты. Көрдім. Ары таза азаматқа деген құрмет сондай-ақ болар.

Сәлемде өтетін тағы бір оқыс мереке – наурыз айында семіздер мен шылым шегушілердің, ішкіштердің 20 шақырымдық жаяу жарысы өтеді екен. Жарыс жолын – «Азаттық жолы» деп атайды. Басты ұраны: «Біз де қабілеттіміз! Еркіміз азат» – деген сөз екен, яғный «салынды» (неудачник) емеспіз – дегенді дәлелдеу.

Жалпы бұғазда орналасқандықтан да Сәлем жасыл қала. Вермонд штаты Алтай мен Медеуді еске салатын жасыл штат. Қыста қар қалың, жазда – жәннәт. Негізгі өсетін ағаштар – қант үйеңкесі, қарағаштың бір түрі, қылқанды жапырақты қарағайлар, емен. Пуритандар мен үндістер алғаш тіл табысқанда, үндістер үйеңке шырынмен ерулік беріпті.  Қазақтар «қайың сауса» (күй аты), олар үйеңке сауады екен. Екеуінің де «сауу» тәртібі бірдей. Қыс аяғында 200 метр биіктікте шоғырланып өсетін қант үйеңкесінің қабығын тіліп, түтікше орнатады. Жанына от жағып, үйеңкенің өзегін жылытады. Содан кейін түтікшенің суағарына ағаш  шан қояды. Шырын толған соң шертпекке құйып, жертөледе сақтайды. Маңызы мол, пайдасы зор, шырын – шарапқа айналады. Мұны, шырын-шарап, шырын-қымыз, балсыра десе де болады. Қазір де ерекше бағалы. «Үйеңке сауумен» мойынсеріктер айналысады. Қант үйеңке шоғырлары мемлекеттің және мойынсеріктің күтімінде. Мысалы, Канаданың «үйеңке сауып» түсіретін жылдық табысы 50 миллион доллардан асады екен. Осы «қант үйеңкесінен» жасалатын шарап Сәлем мен Плимут қалашығының табыс көзінің бірі екен.

 

Суретте: Сәлем қаласының айлағы.

Сәлем  қаласы өзінің тас гранитімен де танымал. Вашингтонның әр үйінің қабырғасын әрлеп тұрған граниттер осы Бостоннан, соның ішінде Сәлемнің тас кентінен апарылған. Қазір бұл кәсіптің барлығы Бостонға шоғырланған.  Тұрғындар да сонда қоныс аударыпты. Қала негізінен саяхатшылардың ырыздығымен қаржыланады. Мұнда 15 мың тұрғын   мекендейді. Әрине, бұл шартты есеп. Өйткені қаланың айналасы, жол бойы үзілмейтін 1-2 қабатты үйлер. Шағын. Таза. Күтімді. Бұғазды айнала салынған үйлердің екніші, үшінші қабаттарын көктемнен күзге дейін  желқайықшылар – желкенді қайық саяхатына әуестенушілер жалдайды. Айлық пәтерақысы және рұқсат алу құны – 5 000 доллардан жоғары. Өзі бұғаз. Жел де, толқын да бір қалыпты. Теңіз десең – теңіз, мұхит десең – мұхит. Ал жеке үйдің құны 15 миллион доллардың маңы. Айлағына – верфке бардық. Үлкенді-кішілі желкенді кемелер тұмсықтарын айлаққа тығып алып, саға-сағада «демалып» тұр. Бұғаздың ішіне 500 метрдей сұғынатын серуен жолымен толқынды, желкем желді, тізілген желкенді кемелерді тамашаладық. Ежелгі «Боцмандар көшесін» араладық. Үй де, ғимараттар да XIX  ғасырдағы келбетін сақтаған. Көшелері де тар. Шағын үй. Шағын ғимарат. Шағын шіркеу. Орыс қауымдастығы да бар екен. Мешіт те бар десті. Бірақ өзім көргем жоқ. Шағын қалалардың ішінде осыншама қилы-қилы тарихы бар кенттер сирек. Көрсе – көретін шаһар екен. Әсіресе, боцмандар көшесіндегі үйлер, орамдар, көшелер, ескі ғимараттар ұнады.

Солтүстіктегі Сәлем кентінен кері – оңтүстікке бұрылдық. Тағы да Бостон арқылы өттік. Өйткені Бостонның атақты жер асты жолын көруді өтінгендер болыпты. Біз де естігеміз. Реті келмеген шығар деп ойлағамыз кеше. Бүгін аспанды  тұман (бұлт емес) бүркемепті. Алыстан биіктігі 45 метрлік ұстын (стелла) көрінді. Ақ граниттен. Бұл америкалық азаттық әскерінің ағылшын армиясын жеңген  жеріне қойылған ескерткіш. Міне, жер асты жолына да жеттік. Бостонды жер астымен кесіп өтесің. 5 000 адым. Әр сантиметрі сатулы және әр қаланың көлемі алғашқы белгіленген межеден  (мысалы, Бостон үшін 1613 жылдан бастап) өзгермейтінін, штат ауыстырмайтынын ескерсек, өте үлкен аумақ. Қаланың ішіндегі зәулім ғимаратың Бостонға емес, Вермонд, не Массачусетс штатына қарауы мүмкін. Ол жер ешқашанда Бостонның шекарасына жатпайды. Біздегі сияқты қаулымен қусырып, не далита бермейді.  Сондықтан да тарихи ғимараттарды қалпында сақтап, қаланың жарасымын бұзбас үшін, жері тұтастай жақпар тасты әрі қымбат екеніне қарамастан, 1992-2005 жылдар арасында 15 млд. доллар жұмсап, жер асты жолын салыпты. 12 миллион тонна тас шығарыпты. Менің ойыма соншама мол кеңістіктен  «орын таппай» Ақмоланың тарихи үйлерін қиратып жіберген  1997-2004 жылдар еске түсті. Бостон метросы XIX  ғасырдың сексенінші жылдары қолға алынған Америкадағы ең ескі метроның бірі.

Тескен жолмен зулап отырып 20 минуттың ішінде Бостонның оңтүстік бүйірінен шыға келдік. Сәулеті тосын ғимараттың жөнін сұрап едім Әнуар: «Порте» компаниясының ғимараты. Дүниедегі ең қымбат әрі асыл заттарды сақтайтын қойма. Дәлірек айтсам – қазына. Мұның ашылуына көнені, асыл дүниелерді зерттейтін ғалымдар себепші болған. Сөйтіп, олар компания құрған, қазір әлемнің әр түкпіріндегі ең асыл заттар мына қаракүрең, тұмса ғимараттың ішінде» – деп түсіндірді. Ғылыми бизнес және жаңа бизнес! Гарвардтық бизнес!

Тағы да көк жартасты орман, өзен, қант үйеңкесі, қарағаш, бұта, қарағай аралас тоғайлар басталды. Бір-бір үйді қолтықтарына қысып алыпты. Үйдің ауласы – көкмайса. Көкмайса екпесең қалтаңды тесетіндей айып салынады екен. Неткен табиғи байлық! Біз өзіміз қызығын көрмейтін жерасты байлығына мақтана-мақтана, оған иелік етуден айырылып қалдық. Ал мынау орман, өзен, ақтас, көктас, шырынның бәріне өздері ие. Өздері өндіреді, өздері өсіреді, өздері сатады, өздері игілік көреді. Бармақ тістететін-ақ игілік. Бармағын бізден бұрын да тістеген Лампинати ұлысының көсемі – король Филипп (солай аталып кетсе керек) екен. Ол 1675-1676 жылдары ұлы ұлыс азаттық көтерілісін ұйымдастырыпты. Сондай талантты қолбасы болыпты. Қаза тапқан пуритандықтардың саны 4 000 асыпты. Амалы құрыған пуритандықтар амалын тауып король Филипті – үндістердің көсемін үндістердің өзіне өлтіртіпті (Біздің Кенесарыны, Исатай-Махамбетті өзіміз жауға сатып, өзіміз қолымызбен өлтіргеніміз сияқты). Сөйтіп, жергілікті американдықтар дар ағашына өзінің бастарын өзі ұсыныпты. Бұл да тарих. Тарих. Бірақ әділетсіздік пен сатқындық тарихы.

 Дәл осындай азаттық үшін болмаса да, жеке бастарының шексіз еркіндігі мен жөнсіздігі үшін күрескен қарақшылардың  «Көңілді төбе»  немесе «Жынды төбе»  оқиғасы да осынау орман ішінде, Бостон мен Плимуттың ортасында өтіпті. Қарақшылардың сәлемдіктермен  ерекше сыбайласқаны естеріңізде шығар. Корольдің өзі әбден еркіндеткен қарақшылар, соңында пуритандардың өзін мойындаудан бас тартады. «Күнәһарлар төбесіне»  жиналып алып, олжаларын бөлісіп, әйелдерді қосып алып, жын-ойнақ салады. «Жынды төбеге» жыны ұстаған «таза дін иелері» – пуритандықтар қарақшыларға  қарсы жасақ құрады. Бар қаруын жиған қарақшылар екі-үш күн күтеді. Ақыры «көңілді төбедегілердің» капитаны Мортон бас боп мас болады. Олар ұйқыға кеткенде пуритандар басып алады. Тұтқындап, Англияға жібереді. Түрмеде жатып, «Пуритандардың әуейілігі» («Нравы пуританов», «Көңілді төбегілердің» жын-ойнақтары суреттелген шығарманың аты мағынасы бойынша аударылды)   атты кітап жазады. Ол өте үлкен сұранысқа ие болыпты.

Міне, осындай таныстыруларды тыңдай отырып, Американы  – Америка еткен алғашқы «табан тасқа» – Плимутқа да жеттік. Бұрын да хабардар болғанымызбен, көзбен көргендей әсер бермейді екен. Сондықтан қысқарта баяндаймын.

Суретте: Америкалықтарға Американы ашқан кеме осы.

Плимут – Атлант мұхитының солтүстігіндегі бұғаздағы қала. Тұрғындарының саны 15 мыңның маңы. Жағалауды жағалай бір-екі қабатты үйлер қоныстанған. Сәлем мен Плимутта сүңгуір қайық құрастыратын және торпедо сынайтын кәсіпорын бар. Демалысты орын. Тарихи орын болғандықтан да, саяхатшылар қысы-жазы үзілмейді. Әсіресе, Американың барлық мектебінен келетін оқушылар толқыны ерекше. Өйткені, елуінші жылдары  «Тамырымызды танимыз» деген ұранмен басталған оқушылардың саяхаты – бүкіл Американы оятып, Плимуттың тірілуіне себепкер болып, оған екінші өмір сыйлапты.

Суретте: Плимут қаласының өткен ғасырлардағы жалпы көрінісі.

Оның тарихы мынадай: 1620 жылы 112 адам Англиядан  – Филадельфия мен Нью-Йоркке 5 жылға жалдамалы жұмысқа жіберіледі. Олар мінген кеме ашық мұхитта бағыттан адасып кетеді. Айдындағы адасу кезінде 2 адам өліп, 3 адам өмірге келеді. Ақыры  түн ішінде бір жағалаудағы жартасқа тіреледі. Кемедегілер бас қосып, қалайда осы жағалауды мекендеп қалуға уағдаласады. Сөйтіп, кемедегілер таң атқанша Америка құрылығындағы барлық декларациярдың басы, «Мэй флаур»  – «Май гүлі» деп аталған атақты  «Келісім» үндеуін жазады. Онда: ер-әйелдің құқығы тең; біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін; еңбек бөлісі – ортақ; неке – қасиетті – деген мағынадағы ант сөзі жазылады. Сол антқа барлығы қол қояды. Мұның «Долана гүлі» – деген де халықтық атауы бар.

 

Міне, Плимут мүйісінде оқушылардың қаржысымен жасақталған «Наутилус» атты желкенді кеме осы.

Таң сыз бере, ұмытпасам екі әйел, екі еркек жағадағы ұзындығы екі метрлік тасқа табанын басып тұрып «Үндеуді» оқиды. Мүйіске «Плимут» деп ат қойып, жағаға шығады. Бақыттарына орай үндістердің толық жиналмай қалған жүгері атызына тап болады. Үндістермен тіл табыса отырып, күзге жетеді. Пуритандардың басты ұраны – демалыссыз, күндіз-түні  құдайға құлшылық ету және еңбектену болғандықтан да, үндістердің негізгі дақылы жүгері мен картопты егіп, жаздай күтіп, күзде тоқшылыққа қолдары жетеді. Асқабақтың қапығына құйып ішетін, жүгерінің ұнынан жасалған Бостонның әйгілі умаш көжесі сол кезде пайда болса керек. Ал жағалау үндістері сол жылы түгелдей сүзектен (біреулер шешектен, қызылшадан, тырысқақтан, іш ауруынан деседі) қырылып қалыпты.

Қалайда үндістердің ағзасында қарсы күресе алатындай дәруі жоқ, еуропалықтармен қоса келген жұқпалы ауру екені анық. Оның күнәсін кім көтеруге тиісті екенін бір Алла біледі. Бірақ, Джефферсонның жоғарыда келтірілген: «Сіз болып, біз болып, шешек болып, Американы игердік қой» – деген кекесінді сөзін әр американдық біледі. XX ғасырдың 50-жылдарындағы «Балапан» (бэби, яғни, жаппай бала табу, біздегі «Көк көрпе») науқаны тұсында, мектеп оқушылары Плимутқа тұмсығын алғаш тіреген кеменің сызбасын сұратып Лондонға хат жазыпты.  «Долана гүлі» кемесінің сызбасы сақталған екен. Бүкіл Американың мектеп оқушылары 2 жыл бойы ақша жиып, сол кеменің көшірмесін Англияда жасатыпты. Кеме жасалып біткен соң, ол кемеге 112 адам, оның 58-і әйел (негізінен актерлар) отырып, біз де жаңа ғана көлік басын тіреген мына бұғазға қайраңдапты. Бүкіламерика деңгейіндегі салтанат өтіпті. Мұражай ашылыпты. 1972 жылы солтүстік полюс арқылы дүниені шыр айналып шыққан «Наутилус» желкенді кемесі де осы айлақта көрмеге қойылыпты.

Міне, сол кемені біз де көріп тұрмыз. Кәдімгі желкенді кеме. Желкені желбіреп тұр. Үш-төрт кемеші арқанын керіп, желкенін тартып, тіреу бағанына (матча) өрлеп-түсіп жүр. Бұл – көрмеге қойылған нұсқа болғандықтан да, оларды ғылыми қызметкер, жөндеуші деген дұрыс шығар. 112 адам, 58 әйел, 3 бала мынадай шағын желкенді кемеде қалай айлап өмір сүргеніне таңданбасқа лажың жоқ. Міне, мынау пуритандар алғаш аяқ басқан табан тас. Екі шаршы метрдей. Үстіне сенек құрып, мәрмәрмен қоршап, ескерткішке айналдырыпты. Шағын серуен алаңы бар. Соның ортасында мемориальдық тұғыртас тұр.

Суретте: пуритандар алғаш аяқ басқан табан тас.

Қарсы бетте 58 әйелдің ерлігіне сүйінген ескерткіш қойылған. Мағынасы да, мазмұны да түсінікті. Пуритандар үшін әйел қасиетті жаратылыс. Тіпті, дәл қазіргі американдықтар матрихатқа бет алып бара жатыр-мыс – дегеннің бір емеуіріні осыдан-ақ байқалады. Алыс көкжиекте мұхит айдыны, айдында кемелер қараңдайды. Сүңгуір қайықты көргеміз жоқ. Көгілдір айдын көгілдір аспанмен астаса ұштасып кеткен тұсында жер де аспанмен тұтасып,   шырқаулап кеткендей әсерге бөлейді. Табаныңның астына қарап, жер басып тұрғаныңды сезінесің. Бұғаз болғандықтан да толқындары ұсақ, бүлкіл тербеліс қана. Аз уақыт серуендеп, жағадағы Плимуттың қант үйеңкесінен жасалған шарабын сататын дүкенге барып, дәмін таттық. Сақи екі-үш тамшыдан асырмай 8 түрлі шараптың дәмін тұщындырды. Естелік үшін бір шишасын алдым.

Жалпы, Плимут – бір-екі қабатты, шағын, күтімді үйлерден тұратын жатаған, курортты тарихи қала. Негізінен жаз айларында келетін желкенді қайықшылар мен саяхатшылардан несібін айырады. Сүңгуір қайық жөндейтіндердің жөні басқа. Соншама аңызға айналған бұғаз бен қалаларды (Бостон, Сәлем, Плимут) көріп, көзайым болғанымызға риза көңілмен көлікке отырып Рот-Айленд штатына  бет алдық.

Сөйтіп отырып, пилигримдердің – жаңа отан іздеушілердің тегі туралы әңгіме де басталып кетті. Бұл әңгімелерді күнделікке жазбасам да болар еді. Бірақ, өз басым күнделікті – күнімнің қалай өткенін есте қалдыру үшін емес, көргенімді – көңіліме түйіп, сон өз елімнің өмірімен, тарихымен салыстырып, пікір қорыту үшін жазатын болғандықтан да, Әнуардың әңгімесі тұсында ойға оралған қызықты салыстыруларды ысырып тастағым келмеді және бұл деректер таңсық әрі тарихымыз үшін де саңлаулы салыстыруларға жол ашады.

(Жалғасы бар...)

Абай.kz

0 пікір