Сенбі, 20 Сәуір 2024
Анық 9720 20 пікір 24 Қазан, 2019 сағат 10:29

Ұлттық құндылықтар – ұлт сақталуының кепілі

«Исконная европейская – Фаустовская культура
в конце XIX века перестало следовать своим принципам.
Эта тенденция очень тревожна для
Европы как для цивилизации»

О.Шпенглер, «Закат Европы», 1918 жыл.

Аталмыш эпиграфқа қарап сіз осы мақаланы философиялық мазмұнда деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда, бұл мақала өткір әлеуметтік, рухани өзекті проблемалар турасында. Қазақстан Республикасы 1991 жылдан бері зайырлы және демократиялы дамыған елдердің қатарына қосылуға қадамдар жасап келе жатыр, демек логикаға сүйенсек тек ғаламдық жетістіктер ғана емес ғаламдық мәселелер де бізді айналып өтпесі анық. Бұл тек ғаламдық жаһандық экономикалық дағдарысқа ғана емес, сонымен қатар рухани-ақпараттық ахуалға да қатысты. Мінекей, осы тұрғыдан келесідей ойларымды өрбітпекпін. 

Бүгінгі күннен күнге емес әр минут сайын жаһанданып, нарықталып, техникаланып және цифрланып жатқан заманда “национальная идинтичность” тұрмақ “НОРМАЛЬНАЯ светская этика” деген нәрсені сақтап қалудың өзі мұң. Бұған дәлел: ғылыми техникалық прогресстің этика мен моралдік құндылықтар, мәдениет пен адамгершіліктен әлдеқайда озып кеткені. Әрі бұл қарама-қайшылық күннен күнге арта түсуде. Осындай әлі бұрын тарихта болмаған ғылым мен мінез-құлық арасындағы құздай терең болып кеткен алшақтық өте қауіпті, әсіресе ұлттық, дәстүрлі һәм діни дүниетаным үшін. 

Ешкім аңдамай қалған, алайда аса күдікті ақпаратты айтайын. Осы айдың басында Стокгольм қаласында ғылымда абыройы бар бір швед профессоры келесідей өте провокациялы, даулы ұсыныс жасады: “Болашақта адам саны тым көбейіп кетсе әрі өмір сүруге бос орын қалмаса, онда адам етін жеуге рұқсат ету керек” деді. Бұл кісінің психикалық денсаулығын тексеру керек шығар. Тіпті аталмыш фактіге мән бермеуге де болады. Дегенмен, қазіргі Батыс Еуропа елдерінде рухани құлдыраудың күн санап күшейіп жатқанын және жүз жыл бұрын болжан кеткен “ЗАКАТ” -қа кіріп кеткенідігін де мойындау қажет. Елу жыл бұрын Еуропа әлдеқайда арлы БИКЕШ болған заманда қырғи қабақ суық соғыс жағдайында орыс коммунистері пропаганда үшін “Загнивающий Запад” деген сөз тіркесін ойлап тапты. Хрущев қазақты сүймеген шығар, алайда Батысқа қатысты пікірлеріне зер салсақ Нострадамус сияқты көріпкел болған екен.

Кейінгі кездері Батыс Еуропа және АҚШ-та кейбір ата-аналар бала құқығын сақтау жолында “әлі кәмелетке толмаған балаларға өз жынысын өздері таңдауларына рұқсат беріп жатыр”. Әрине, ол ата-аналарды диспансерге өткізу керек шығар. Әйткенмен, жергілікті ресми штат үкіметтері бұған қарсы емес. Бұл Шпенглер айтқандай, аса қауіпті һәм қорқынышты тендецияларға ұқсайды. Ал қазіргі XXI ғасырды еске алсақ, аталмыш мәселе белгілі бір деңгейде бүкіл әлемге де қатысты.

2003 жылдан бастап 2013 жылға дейін АҚШ, Норвегия, Швеция, Бельгия, Ұлыбритания әсіресе Нидерланды және тағы басқа “Еркіндіктен де еркінірек” елдерде біржынысты азаматтарға некелесуге рұқсат етілмек түгілі тіпті оларда кәмілетке толмаған буын арасында саяси және комерциялық, ақпараттық әрі мәдени  үгіт-насихатқа рұқсат етілді. Ең қызығы бұл шектен тыс либералды заңдарға демократиялы жолмен бар-жоғы 20 % халық және қоғам қайраткерлері ғана табанды түрде қарсы шықты. Сол жиырма пайызды құрайтын қоғамның сау күштерін қазіргі Еуропада фашистер деп атап, БАҚ-қа жақындатуға тыйым салған . Және олар құқықтық тұрғыдан барынша қудалануда. Бізге сондай болашақ керек пе?!

Өкінішке қарай біздің осы тұрғыдан алғандағы әлдеқайда дәстүрлі, әлдеқайда гуманистік, әлдеқайда дінге толерантты Қазақстанда “Европейские ценности” деген бүркемеленген ұранды көтеріп жүрген ресми және бейресми саясаткерлер баршылық. Олар көбінесе ірі қалалардың төл тумалары, олардың тағы бір ерекшелігі - қазақ тілі тұрмақ “қазақ”  деген сөздің өзін онша жақтырыңқырамайды. Олар үшін жалғыз тиімді терминдер келесі: казахтанец, казахстанка, представитель гражданского общества, либерализм және западный вариант демократии. Тағы олардың сүйікті сөздері өздерінің тар ғана мағынасында түсінетін “азаттық, еркіндік, адам құқығы, сөз еркіндігі және толеранттылық”. Олар ұлттық құндылықтар мен халықтық, мемлекеттік мүддеден гөрі АҚШ пен Батыс Еуропаға, әсіресе олардың адамның адам болмау құқығына ойсыз еліктеушлікті насихаттайды. Олар жаһандануды жамылып, нарықтық экономиканы алға тартып, адам құқығын қорғау конвенциясын ту етіп көтеріп, ұлтсыздықты, дәстүрсіздікті, жыныссыздықты, тамырсыздықты және түбегейлі дінсіздікті өз арын қорғағандай қорғауда. Бұлар керек десеңіз тіпті аса ауыр қылмыстары үшін сол қылмыскерлерге өлім жазасын әділ түрде қолдануға «мораторий есть везде!» деген ашық өтірікті айтып, Парламентке әлі кедергі болып жүр. Анықтама үшін: қазіргі таңда өлім жазасы АҚШ, Иран, Ұлыбритания, Израиль, Иран, Беларусь, Қытай және т.б. елдерде бар және экстремисттерге, террористтерге, педофильдерге, сериялы маньяктарға, ұлт сатқындарына және т.б. қауіпті элементтерге қатысты өз орнымен әлі қолданылып келе жатыр. Әрине, экономикалық тұрғыдан(!) Шымкент Сингапур сияқты дамып кетсін, Алматы Гонконг сияқты өркендесін, Нұр-Сұлтан қаласы Нью-Йорк сияқты гүлденіп кетсін, тіпті Тараз қаласы құдды бір Ливерпуль сияқты болып, Қарағанды қаласы тура бір Дрезден қаласы сияқты байып кетсін, алайда не болса да ұлттық нақышты жоғалтып алмау керек!!! Ал қазіргі заманда тамырсыз қалу - бір секундтің ісі!

Әрине, біздің ел Конституция бойынша зайырлы, демократиялы, құқықтық мемлекет болғандықтан мен мұндай адамдарды қудалауға шақырып жатқан жоқпын, түрмеге отырғызуға үндеп жатқан жоқпын және тіпті ең кемі цензураны да талап етіп жатқан жоқпын. Иә, олар өз пікірлерін айтуға құқылы. Қандай өмір салтын сақтағысы келсе толықтай өз еркі. Десек те, біздің Үкімет, біздің мәдениет, біздің әлеумет және ресми дәстүрлі дін өкілдері (дәстүрлі ислам өкілдері, дәстүрлі православ өкілдері және дәстүрлі иудаизм өкілдері және т.б. ) әрі кез келген қатардағы патриот азаматтар Қазақстанның экономикасын Швецияның экономикасына ұқсатуға рұқсат етсе де, Қазақстанның моралін Швецияның мораліне ұқсатуға ешқашан, ешқалай жол бермеуі керек. 

Мен Еуропалықтарды жек көрмеймін!!! Олар адамзат өркениетіне көп жетістіктер әкелді: техникалық ғылым (Эйнштейн, Леонарда до Винчи, Ньютон, Галилей т.б.), классикалық музыка (Моцарт, Бетховен, Шуберт, Штраус, Бах т.б.), реннесанстық бейнелеу өнері (Микеланджело, Рафаэль, Донателло, Рембрант т.б.) және заманауи нарықытық экономика (Адам Смитт, Карл Маркс, Макс Вебер т.б. ) және халықаралық заңнама жүйесі (Наполеон құқығы, Рим құқығы, грек құқығы, ағылшын құқығы және адам құқығы туралы декларациялар т.б.) Әйтсе де, көріп тұрғанымыздай соңғы 25 жылдың ішінде Батыстық техника мен экономика ағылшын тілі сықылды қатты дамып кетсе де, мәдениеті мен моралдік ахуалы қызығушылықтан гөрі үрейді көбірек тудыруда.

Қазақ мәдениетінің ішкі мәселелеріне тоқтайын. Көрермендердің “Сказ о розовом зайце”, “Келін”, “Бизнес по казахский” және “Рэкэтир 4” деген сияқты фильмдерге көздері үйренген. Ешкім таң қалмайды. Мойындау керек сапасы нашар болса да Сәтпаев туралы, Момышұлы, Күләш Бәйсейітова хақындағы, орта ғасырлық батырлар жайындағы фильмдер де анда-санда жылт етіп шығып қалады. Дегенмен, бүгінгі Қазақстанның ұлттық мәдениеті деген сөзді естігенде нақты һәм біркелкі сипаттама беру қиын. Француз мәдениеті десе өткен ғасырдағы сәл жақсылау, қазіргі ғасырдағы сәл Америкаға еліктеген сюжеттерді бірден еске түсіреміз, Өзбек фильмді алсақ Үнді фильміне форма жағынан ұқсас болса да, мазмұны бойынша Өзбек халқының төл ұлттық дүниетанымына толықтай сәйкес келіп тұр. Дәл сол сипатта корей фильмдері, қытай фильмдері, жапон фильмдері, кейде сәл төмен деңгейде болса да, Ресей фильмдерінің өзінен ұдайы ұлттық нақыш аңғарылып тұрады. Ал бізде ұлттық нақышқа режиссерлер тек еліктеп келе жатыр. Әлбетте, Досқан Жолжақсыновтың Біржан Сал мен Құнанбайы, Серік Апрымовтың “Бауыр” фильмі және Ақан Сатаевтың “Жаужүрек Мың бала” сынды фильмдері дәл “Выживший”, “Сумерки” немесе “Игры престолов” деңгейінде танымал болмаса да белгілі бір мазмұн және сюжет тереңдігіне ұмтылғандығы аңғарылады.  

Нағыз ұлттық мәдениеттің келесідей ерекшеліктері болуы керек: 

авторлардың және орындаушылардың ұлттық болмысты түсінбек түгілі одан жасқанбауы, 

төл тарихты, cалт-дәстүрді, күнделікті халық тіршілігін тереңінен білу. әрі ең бастысы.

Ал ең бастысы, келесі 3 талапқа сай болуы шарт!

Біріншісі, қаржылай пайдадан гөрі көркемдік-идеялық деңгейге көбірек мән беру керек, 

Екіншісі, төл мәдениетті кез келген өзге мәдениеттен еш кем санамау, 

Үшіншісі, көрерменге ұнауға тырысудан гөрі бар ойды мейлінше толыққанды жеткізуге асығу керек. 

Аталмыш үш шарт орындалған кезде ғана сапалы өнер туындысы пайда болады. Неғұрлым ұлттық нақыштағы өнер туындылары көп, соғұрлым ұлтымыздың рухани қорғаны беки түспек!

Мақаламның ең басында меңзеп өткен шетелдің зиянды ықпалын азайту үшін төл мәдени саясатты, ұлттық ТӘРБИЕНІ Үкімет деңгейінде (Білім министрлігі, Мәдениет министрлігі және Ақпарат министрлігі), тіпті Ата заң деңгейінде ресми тұрғыда бекітетін уақыт келіп жетті. Қорытынды ретінде мынадай ұсыныстарды ұсынғым келеді:

Біз білетініміздей биылдан бастап Президент жанында Ұлттық Сенім комитеті пайда болды. Дәл сол үлгіде ұлттық руханият комитетін де құру керек. Ол комитет белгілі бір деңгейде Қазақстандық жазушылардың, сценарийстердің, кинорежиссерлердің, тілшілердің, театр көркемдік жетекшілерінің шығармашылық бағытын реттеп отыруы керек.  Бұл Мәдениет және Ақпарат министрлігіне қосып берген цензура емес, бұл теледидарымызда зиянды бактерия сияқты тым көбейіп кеткен МЫЛЖЫҢ ӨСЕКШІ ҚАТЫН және АНАЙЫ ЫРЖАҚ САЙЫСТАРЫ іспеттес контенттің, “Келін”-“Борат” іспеттес ұлтқа қайшы туындылардың, ғаламтордағы ұятсыз блогерлер мен арсыз әншілердің ұлттық намысқа нұқсан келтіретін диструктивті шоу-әрекеттерін  алдын алудың, болдырмаудың жалғыз жолы!  

Бүгінгі қоғамда тым либералды әрі кейбір аса шала қазақ азаматтардың ұстанымдарын ұқпаймын. Олардың санасы үшін қазақы мәдениет тек қана мұражай ұғымымен ғана сәйкестенген, қазақ өнері тек қана ауылдағы той ұғымымен пара-пар, ал ұлттық дәстүрлі құндылықтар тіпті бейне бір мазар іспеттес нәрсе. Әрине, заманауи болу қажет, ғылымның соңғы жетістіктерінен үздіксіз хабардар болып тұру керек, ең озық әрі ең соңғы техниканы игеріп отыру қажет, жаңаша ақпараттық құралдарды пайдалана білу керек әсте оны ешкім жоққа шығармайды да. Әйткенмен, қазақ болмысы мен “XXI век” деген екі ұғымды бір-біріне қарама-қарсы қою мүлде дұрыс емес. Егер, менің оппонентерімнің бүгінгі қазақ мәдениетінің жағдайына көңілдері толмаса, онда олар “жығылғанға жұдырық” деген философияны ұстанбасын. Керсінше, мемлекеттік қазақ тілін үйреніп, классикалық қазақ тіді туындыларды сіңіріп, қазақы өркениеттің дамуына барлық мұмкін, мүмкін емес те үлесін қоссын! Егер сонда да нәтиже шықпаса, онда бәлкім иә менің көзқарасым тура болмағаны.

Кейбір оқырмандарға аталмыш мақала тым ұлтшыл, асқан ескішіл әрі аса ұраншыл болып көрінуі ықтимал. Ал түсінігі бар ШЫН ТОЛЕРАНТТЫ оқырман бұл мақаланың ұран емес, жан айқай екенін бірден ұғар. Мақаламның түбінде ұлтшылдық емес, өз ұлтына деген айрықша сүйіспеншілік пен өзге ұлттарға деген жанашырлықтың жатқандығы айқын аңғарылып тұр. Бүгінгі ұлттық құндылықтар ертеңгі күні ұлтымыздың яки ұлт руханиятының және жалпы адами салауатты, сау сана-сезімінің сақталуының кепілі болуы үшін барша БАҚ өкілдерінің қызметін бақылау керек. Әрі Өнер ошақтарының шығармашылық үрдісін, бағытын реттеп отыру абзал. Әйткенмен, ең әуелі ұлттық идея, мемлекеттік идеология негізінде төл мәдени нақты саясат ережелерін жасау қажет. Біз қандай елміз?! Шынымен, Швецияға келе жатқан ба? Әлде Өзбекстан сықылды төл тамырын сақтап қалған елге бара жатқан ұлтпыз ба? Аталмыш сауалды өз-өзімізге жиірек қойып тұрайық.

Риза Ысқақ

Abai.kz

20 пікір