Сенбі, 20 Сәуір 2024
Алашорда 8282 29 пікір 18 Қазан, 2019 сағат 11:45

Қызыл қырғынды кімдер жасады?

(Жалғасы. Басы мына сілтемеде)

Бала күнімізде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіндегі босқындықты көріп, көңілдері жүдеген, азап-тозаққа өртеніп, өзегін өкініш оты шарпыған аталаларымыздың әңгімесін естіп өстік. Шыны керек, ол кезде аталарымыздың айтқандары қиял-ғажайып ертегісі сияқты сезілетін. Әлі

күнге дейін Оңғарбай ақсақалдың айтқан естелігі есімнен кетпейді.

Бір де Оңғарбай атам: «... Таң ата ағайынды үш әкеден тарайтын үлкені бар, кішісі бар, еркегі бар, әйелі бар 17 адам атқа қондық. Үлкендері балаларды алдына өңгеріп, артына мінгестіріп алып жүрді. Мен ол кезде алты жастағы бала едім. Қайда жиналғанымызды, қайда баратынымызды басында түсінген жоқпыз. Тау бөктеріндегі малшы ауылдың малы мен иті де көші-қонға әбден төселіп алған. Адамдар атқа міне бастаған да өредегі құлындар мен өрістегі жылқы мен ірі қара, қотандағы қойлар да көшке дайындала бастады. Түн қараңғылығын жамылып, жолға шықтық. Бізден бір күн бұрын жол шалуға кеткен жігіттер өзен өткелдеріне, жол айырықтарына, сай ауыздарына белгі қойып отырыпты. Көш сол белгі бойынша жылжып отырды. Екі күн суыт жүріп, айналасы ашық, екі беті құз жартасты терең сайға іліндік.

– Осы сайды өрлеп, аман-есен өзеннен өтсек арғы бетке жетеміз, – деп атам Әбді жігерімізді жанып қояды.

Ұзақ жолға шыдамай балалар аттан құлай берген соң екі күбіні атқа теңдеп, бізді соған салып қойған. Мен шешем Марзияның атына артылған күбі де келе жатырмын. Сайға ендей кіріп, асуға жақындағанда жұрттың күдігі де сейіле бастап еді. Бір кезде тарс етіп атылған мылтық дауысы естілді.

– Қап, әкеңнің, Атықай құрттың бізді, – деген атамның зор дауысы тауды жаңғырықтырып жіберді.

Атықай ашаршылық жылдары ата-ана, туыс-туғанынан айырылып, жалғыз қалғанда атам асырап баққан ұл екен. Көш қозғалған күні ізім-ғайым жоғалып кеткен.

Кезеңді иелеп алған әскерилер жан-жақтан атқылап, плометтер сақылдап кетті. Артқа қайтар жол жоқ. Сайдың аузын қарсы жақтың адамдары иелеп алғаны белгілі. Не болса да, алдыға қарай жүру керек. Алдымен жылқы мен сиырды шұрқыратып, кезеңге қарай айдады. Әр жерде оқ тиген малдар тыпырлап, жанымен әлек болып жатыр. Бір-екі туысқанымыз оққа ұшті. Жан үшін жанталас басталып кетті. Бізді күбіден шығарып, сиырдың құйрығынан ұстатып, шешелеріміз артыныздан иетеріп өрлеп келеміз. Үлкендер екіге бөлініп, бірі көшті қозғап, енді біреулері ұры соқпақпен кезеңге қарай тартты. Атыс қараңғы түскенше жалғасты. Тек кезеңнен атам екеуіміз ғана аман-есен асып түстік. Қалған он бес адам сол сайда қырылып қалды, – деп мүлде түсініксіз әңгімені айтқаны әлі күнге есімде.

Біз атамның айтқанына сенбейтінбіз. Бірақ, атамның шын айтқанын, оларды кімдердің қырып-жойып, қанды қасап жасағанын тағы да сарғайған парақтардан таптым.

«25 маусым жарлығы» шыға салысымен Түркістан өлкесіне әскери жағдай енгізілді. Айта кетерлігі, осыған дейін патша өкіметі қазақ-қырғыз жеріне қанша әскер қойғаны туралы көп айтыла бермейді. Оның үстіне көтеріліс кезінде көтерілісшілерді басу үшін тағы да қанша әскердің енгізілгені де жасырын қалып отыр.

Жетісуды алғаннан бері орыстың өкімі күшке таянып, әскер, қамшы, абақтымен ел билеп келе жатқандығы айтылып келеді. Қалай да орыс өкіметі Жетісуға орыс келтіріп, оны «сенімсіз көшпеліге» күзетші қылды. Оларға жабдық үлестірді. Казак-орыстың еркек кіндігіне мылтық, жабдық үлестіріліп және туысымен жер кесіп берілді. 1914 жылғы неміспен соғыс шыққанда Жетісу орыстарына мылтық-қару қайта үлестірілді. Оғымен бердеңке берілді. Бұларға өзін-өзі қорғаушы дружина жасауға ерік етілді.

Бұл туралы Ілияс Жансүгіров Мәскеу архивтерін ақтарып-теңкеріп, ақиқатты анық жазып кетіпті. Соны оқып көрелік:

«...Жетісуда көтеріліс болатынының алдында Қапалда, Алматыда және Жаркентте бір-бір сақтық әскерінің дружинасы. Бұлардың әрқайсысында 885-тен бесатар бар еді. Бақтыда 221 мылтықпен бір рота және Аягөзде 55 мылтықпен бес қарауылдық команда бар еді. Лепсіде 90 мылтық, Пішпекте 194, Қарақолда 75, Нарында 75 мылтық бар еді және Пішпектің жергілікті командасында 24, Алматының жергілікті командасында 44 бесатар бар еді. Бұдан басқа Алматыдағы зеңбірек қоймасында 101 мылтық бар еді. Мұның үстінде жабдықсыз атты запастың 3 бөлімі болды. Мұның үстіне Бақтыда, Жаркентте, Нарында казак-орыстың бір-бірден полкі, 100-ден, 120-дан қылыш бар еді. Алматыдағы казак-орыс запасында 264 қылыш, Бақты, Нарын, Алматы мен Қапалдағы дружинаның екі-екіден пулеметі болды. Осы жоғарыда көрсетілгендерден Алматының дружинасының 1-ротасы Әулиеатаға, 20 казак-орыс, 30 ратник Бақтыдан Шәуешекке барып тұрды. Сөйтіп өкімет қолындағы күштің ұзын саны 3736 адам еді. Бірақ казак-орыстың ауруларын санамағанда, анық сойыл соғары 500-ден аспайтын. Көтеріліс туындап, «облыс соғыс халында» деп жарияланғанда Жетісу 17 учаскеге бөлінді. Әрбір учаскенің басында бір-бір комендант белгіленді. Олардың қолында белгілі мөлшерде әскер күші болды. Аякөзде, Бақтыда, Талдықорғанда, Ақсуда (Пішпек), Тоқпақта, Загорныйда (қырғыз), Қарқарада, Қырғызсайда (Жаркент), Қарақолда, Нарында және Зайтса пикі мен Ұзынағашта учаскелік началник пен пристаптардың әрқайсысында 15 аттыдан солдаты болды. Бұлар ең керекті күш саналды. Өйткені, приставтар өзінің қарулы солдаттарымен өз учаскесін не жұмыс болса да тынбай аралап тұрды. Бұл қазақ-қырғыз көңілін басуға үлкен Алматыдағы горнизонда,

Алматы оязында тәртіп сақтауға, қала-қаланы қорғауға қатты кірісті. Пішпектегі горнизон таратылмады. Онда 100-дей ратник атқа мінгізілді және жазалау отрядының барлығы да аттыдан болды».

Көтеріліс туылған соң әр ояздың әскер санын тағы да молайтты.

(Лепсіде: Аягөзде 40, Бақтыда 50, Шұбарағашта 50 атты ратникпен Бақтыда казак-орыс сотясы (жүзі).

Қапалда: Ақсуда 15, Қапалда 20, Алтынемелді 20 атты ратник.

Жаркентте: Жаркент қаласында казак-орыстың бір жүзі, Қарқарада 40 атты ратник пен Нарында казак-орыс жүзі.

Алматыда: Казак-орыс жүзі.

Бұлар алғашқы қойылған әскер күші еді. Мұның көбі күзет жұмысын атқарады».

«Жетісудағы әскердің аздығы Жетісудағы көтеріліске қосымша болды. Өйткені ақыл көзіндегі қазақ-қырғыз Жетісудағы әскер азайғандығынан орыс тұқымы ұрысқа кетіп азайды деп ойлады. Орыс әкімдері Герман-Түрікті жеңіп, қиратып жатырмыз деп дақпырт салса да, Ресей Күшінің майданда әлсірегендігін көпшілік көңілі түсінгендей болды. Орыстың мылтық атуға жарайтыны ұрысқа кетіп болды. Мұның басына үлкен зауал туды деп ел күңкіл қыла бастады. Еуропа соғыс басталған соң-ақ Жетісудағы казак-орыстардың егінін ылғи қазақ-қырғыздан лаушы алып орғыздырды. Пішенін шаптырды, боғын құйдырды. Осыдан қазақ-қырғыз орыс біржола таусылды дегенді айтатын болды».

Жетісудағы өкімет адамдары ел толқи бастағанда жаман састы. Шеттен келетін әскер көмегін тығыз мұндағы орыстардан ұйыстырды.

Алматыда алғаш көтеріліс көріне бастағанда жаяудан 300 солдат, аттыдан 460-тай солдат жасалды. Алматы қоймасынан 2 зеңбірек алынды және Жаркент пен Қапалдан бір-бір рота Алматыға жіберуге хабар қылынды. Әулиеатадағы 6 рота әскер қайта шақырылды (тамыздың 7-сінен №2658 телеграмма). Тамыздың 23-індегі телеграмамен 2000 бесатар және орыстарға бердеңке жіберуін Ташкеннен өтінді.

«Жетісудағы көтерілісті басуға Ташкенен асығыс ретте әскерлер шықты: 1)подполклвник Гейцеттің отряды: мұнда екі рота, екі зеңбірек, казак-орыстың бір жүздігі. 4 пулемет. Саперлар командасы, телефон, телеграф жабдығымен, Бұлар тамыздың 9-ында жүргізілді. 2) подполковник Алатрцевтың отряды. Мұнда оқшылардың 4 ротасы, бір зеңбірек, бір жүздік казак-орыс саперлар командасы, 160 шолғыншы бар еді. Бұлар тамыздың 15-інде шықты. Осы екі отряд екуі де Пішпек, Тоқпаққа жүргізілді. 3) капитан Бурныйдың отряды Скоблевтен Әндіжан арқылы Нарынға жүргізілді. Мұнда оқшылардан 3 ротасы, 4 пулемет, казак-орыстың жүздігі, 80 атты шолғыншы, саперлер командасы, екі тау зеңбірегі бар. Бұлар тамыздың 17-інде шықты. 4) Орынбор-Семей арқылы Термізден Сібірдің 240 дружинасы 8 пулемет, 28 атты шолғыншы жүргізілді. 5) Самарқаннан 243 кісі Самар дружинасы,. 6) Скоблевтен 732 кісі Саратов дружинасы және 2 жүздік казак-орыс Жетісуға жүргізілді. 7) Пішпектің өзіненде екі ерікті атты дружина жасалды. Мұның

бірі 200 кісілік орыс та, енді бірі 100 кісілік дүңген және 150 кісідей төменгі шенді мен қызметтен босатылған саркідір солдаттар.

Бұдан басқа барлық ояздың начальнигіне казак-орыс, крестиянның атысқа жарайтынынан өзін қорғау отряды жасалуға бұйрық қылынды. Тамыздың 13-інде Қарқара жайлауында отрядқа көмекке Жаркенттен казак-орыс 3 полкының бір жүздігі жіберілген. Тамыздың 7-18-іне шейін Жетісудағы тұрғын казак-орыстан отряд жасау жұмысына тығыз кірісті. Бұдан барлық облыста 7 жүздік (сотя) ұйымдастырылды. Мұның 4-еуі Алматыда, үшеуі Жаркент оязында, Қапалда жасалды. Мұның үш-төрт жүздігі Тоқпақ, Самсоновка маңайында қырғынға шықты. 1-жүздік Алматыны қорғады. 5-6-7-жүздіктерді Қапалда, Жаркентте жасалып, Қапалда-Қырғызсайда тұрды.

Шекаралық аудандардың тыныштығының сақталуы Ресей мемлекеті үшін де, онда көшіп-қонып жүрген қазақ рулары үшін де маңызды мәселе еді. «Ресей империясы Қарқара өңірін шекаралық аудан ретінде әр кез жіті бақылауда ұстаған. Өйткені, бұл өңірдің халқы империяның жүргізген саясатына наразылық танытып, қарсылық көрсетіп жатса «көршілес жатқан Қытай аумағына ауа көшіп өтіп кетуі мүмкін» деген күдігі басым болған.

Елдің жаппай өре түрегелуіне, арты қарулы қақтығысқа ұласып, халықтың босқыншылыққа ұшырауына билік тарапынан істелген зорлық, өктемдік пен жергілікті әкімшіліктердегі белден басқан заңсыздықтар мұрындық болды. Орыс билігінің қазақтармен ара-қатынасы туралы Мұхамеджан Тынышпаев заңсыз әрекеттер ояз бастығының көмекшісі Хлыновскийдің уақытша қызметке алынуынан басталғанын жазады. Сол тұста қазақтарда метркенің жоқтығы да үлкен түсініспеушілікке тіреді. Жұмсышлар қатарын көбейту үшін старшындар жалған мәлімет топтауды әдетке айналдыр алды: «Міне, Мағау Ілияс баласы, Таловка қысымының бірінші улысының қазағы, жасы 16 да. Туғаннан бері дәптерінде жазусыз. 1914 жылғы спискіде старшын 21-де деп жазып қойған, биыл 23-де болады. Старшынға бұның қалай десе, білмеймін дейді» [«Қазақ» газеті, №191].

Орыстың әскери деректерінде Қарқара көтерілісіне тамыз-қыркүйек айларында бес мыңнан астам адам қатысқаны айтылады. Ал, Сейдәлім Тәнекеевтің есебінде қазақ жасақтарының саны 20 мыңнан асады («1916 Қарқара-Албан көтерілісі». Алматы, 2002 жыл). Оған, Қарқара аймағын мекен еткен кедей шаруалар: қазақ, қырғыз, ұйғыр, өзбек, татар, дүнген сынды ұлт өкілдері де қосылып, бір кісідей патша жендеттеріне қарсы шығады. Бұл дерек көп жағдайда жасырын қалып келеді.

Бір қызығы, архив құжаттарындағы протоколдардың бәрінде орыс шығыны туралы ғана жазылған ақпараттарды кездестіруге болады. Оның ұзын ырғасы былай:

«Өкімет тарапынан жоғарғы науқан жүргізіліп қыстай есеп алумен болды. Есепке қатысқандар өте қиыншылық көрді. Пошта аттары таланған. Станциялар таланған. Телеграфтар үзілген. Қатынас ауыр. Сондай қиыншылықтар орыс арасындағы есеп алу жұмысы 1917 жылдың көкек айына дейін созақтады. Сонда шығындалдым деп берілген арыздар 9992, оны

ақшаға шаққандағы шығын мөлшері 13315038, жалпы сомаға шаққандағы пайызы 9,9 пайыз. Барлық облыста өртенген, бүлінген, үріккен елдің тастап кеткен қыстауларының барлығын санақ мекемесі:18453 қора дейді. Оның бағасы. 34948825 сом деп есептейді. Сол жалпы бүлінген үйдің 1712-і казак-орыс крестьяндарының тұрғын үйлері. Мұның шағылған бағасы 20739385 сом. Бұл жалпы бүлінген үйдің шағылған сомасының 6,06 проценті. Осы санақтарға қарағанда шашылған орыс малы төрт ояз дуанындағы жалпы орыс малының 87,1 процентін, барлық облыстағы жалпы орыс малының 33 процентін, барлық қазақ-қырғызбен қосқанда жалпы мал санының 45 процентін алады. Орыстардан жоғалған, бүлінген ауыл шаруа жабдығы жалпы ақшаға шаққанда 1224848 сом 97 тиын болды дейді санақ.

Орыстан әсіресе бүлінген егін болды. Өйткені көтеріліс уағында даладағы егінді орыстар қорғай алмады. Жауыққан қазақ-қырғыз малын жауып жіберді. Кей жерде өртеп те кетті. Әсіресе, Жетісу орыстары 5-теп, 10-нан малай ұстап, егінді салатын еді. Көтеріліс ұшыққанда ел толқысымен орыста малай қалмай, қашып кетті. Орыс егіндері егіс далада қалды. Алуға мұршасы келмеді. Мезгілімен орыстар астығын да ала алмады. Көп астық алынбай, қар астында қалды. Жалпы бүлінген егістік 55722 десе. Мұның сомасы мөлшермен 6069532 сомдай болады. Орыстардың үй-мүліктерінің шашылған есебін 5812213 сом» (Ілияс Жансүгіров).

Өкінішке орай, қырылған қазақ-қырғыздың саны мен қолды болған дүние мүлкі, тапталған намысы осы күнге дейін жоқталған жоқ. Бұл жердеде далада қараусыз қалған қазақ-қырғыздың малы есепке алынбаған. Көтеріліс кезінде шағылған бүлінген үйлердің 6,06 пайызы ғана орыс-казакка немесе мұжықтарға тиесілі. Ал 93 пайыз бүлінген қазақ-қарғыздың үйлері жайлы ақпарат жоқ. Көтеріліс жасаған қазақ-қырғыздан қырылған кісісінің есебі алынбаған да, Жетісудағы орыстың жоғалған қаз-тауығының да есебі қалмай түгенделген. Бірақ, «Ат аунаған жерде түк қалады» дегендей, сол бүліншілікте қор болған қазақ-қырғыздың маралдық және материалдық шығыны баспасөздерде тайға таңба басқандай жазылып қалды.

«Қазақ» газетінде 1916 жылы қазанның 16-сы Түркістан аймағының генерал-губернаторы генерал-адютант А.Н. Кропаткиннің төбе-ағалығымен ашылған мәжіліс туралы жазылады.

Жиында генерал-губернатор: «Қазақ-қырғыздан Текес бойы сияқты жерлердің барлығы алынуы керек. Көтерілген қазақ-қырғыз 1000-нан аса үйді өртеп, 2000-дай орысты өлтіріп кетті. Сол себепті осы жерлерді түгелімен қазақ-қырғыздан тартып алып, орысты отырғызуға жөні кеп тұрған нәрсе. Бірақ мемлекет мүлкін басқарушы тарапынан алуға көрсетілген жердің картадағы шекаралардың жетпеген жері көп. Қазақ-қырғыздан әдет-ғұрып, салт жағынан ғана бөлектелмей, жер жөнінен іргесі аулақ жатқан тұтас орыс жерін жасауға талпыну керек», - деп тапсырма берген. Сондай-ақ, «Ыстықкөлдің оң түстік және сол түстік жағындағы шекара таудың басы, Жаркент оязындағы тентек Албан қазақтарының бауырындағы Текес бойы тұтасымен, Шалкөде жалпағымен, Қарқара жайлауы тегіс алынсын. Пішпек

оязындағы Кебен бойы, Шу бойының бірқатар жері қырғыздан алынып, орысқа берілсін» деп ұсыныс қылды.

Осындай ұсыныстың салдарынан:

1. Барлық Пішбек, Жаркент, Қарақол оязынан 37355 қазақ-қырғыз шаруасы (түтіні) 2510361 десе жерден ажырап қоныс аударылуға ұйғарылды.

ІІ. Тентек қазақ-қырғыздан тартып алынған жерге орыс отырғызу тұрасында мәжіліс Ыстықкөлдің екі жағына 5 казак-орыс қаласын (станция) орнатуды мақұл көрді. Қала салынатын жерлер: 1. Өріктіде, 2. Құрымда, 3. Бұрынғы дүнген қаласы Мәріннің орнында, 4. Бұрынғы орыс қаласы Гоголевка жанында, 5. Олақолда.

Сөйтіп мәжіліс алуға лайықты тапқан Ыстықкөл бойынан, Текес, Шалкөде, Қарқаралы қоса бұрынғы Стольпин қаласына шейін кілең орыс отырғызылған айрықша Қарақол оязы жасалсын. Ол оязда 2 пристав учаскесі болсын: бірі бұрынғы Стольпин қаласына, казак-орыстың Охотничьий деген қаласына орнығатын болсын. Егер Стольпин қаласында пристап тұратын болса, қырғыздың тепкінінен кетіп қалған қаланың бұрынғы тұрғын орыстары қайта отырғызылсын. Онда удайы әскер қарауылы қойылсын.

ІІІ. Қарақол оязынан, Пішбек оязынының бірқатар көтерілген Атеке, Сарбағыштан басқа болыстарын Нарын аймағына орналастыру керек» («Еңбекші қазақ», 145)...

Сол жиында Түркістан генерал-губернаторы Кропаткин былай деп сөз бастағаны бар: «Қасқырлардың бастықтарын ұстау өте керекті, қалған қойдың көпшілігін күнәсін кешсе де болады...» [«Қазақ», №196].

«16-жылдың көтерілісі кезінде Балқаштағы балықшы орысты сиыры ұрланған. Орыс сол маңда жасақпен тұрған штабскапитан Полторацкийге арыз қылды. Полторацкий сол жердегі қазақтардың адамдарын жинап алып «төле, төлемесеңдер іс насырға шабады» деп ақырды. Ондағы жиналған қазақтар: Садық Қасымбекұлы, Қамабек Ақшораұлы, Көлбай Иманбекұлы, Қасымбек Бақтиярұлы сөйлесіп, қорыққаннан 1300 теңге елден жинап берді. Бұл артынан Қарқаралы оязындағы Мұқты болысының ұрылары Арап, Оспанбай, Қалқаман деген ұрылардан шықты. Орыс оны қуған жоқ. Қазақ қуып ұрыдан да, орыстан да еш нәрсе өндіре алмады»[«Қазақ», №212].

«Қазақ» газетінің келесі бір нөмерінде Юуанов деген аңшы қаладан қырға бара жатқанда көршілері қайда бара жатқанын сұрайды. Сонда ол «Екі аяқты аң атуға бара жатырмын» деген ашынышты жауапты, қуана айтады. Қазақ-қырғыздың көрген азаба бұдан да ауыр еді.

«Көтеріліс басталғаннан кейін Тоқпақ пен Қошқардың арасындағы тауға 50 үйдей қырғыз тығылып қалған екен. Бұлар ылғи малды ауылдар екен. Қыркүйекте бұған 12 орыс шығады. Бәрі қарулы болады. Қырғыздарға орыстар Дүр Сауранбайұлынан сәлем айтады. Оларды үрікпей, қорықпай өз мекендеріне қайтуға өтінеді. Орыс та бұл қуаныш үшін «сүйінші» сұраған. Осы ел бұған иланып, «Орта көпір» деген жердегі қосына келеді. Орыстар еркекті тірідей бір жаққа айдайды да, дөң астында қырып салады. Әйелдерін таңдап, алтауын алып, Қарабұлаққа әкеліп қатын қылады. Қалған жанның бәрін қырып тастайды [Қазақ», №235].

Ал Жетісу облысындағы босқын қырғыз - қазақтардың ауыр жағдайларын айтып, «Қазақ» редакциясына «Босқын қырғыз - қазақтар" атты мақала жазып, жәрдем cұpaған материалды оқысаң төбе шашың тік тұрады.

"Қашқарлық сарт, дүнген, қытай жігіттерінің қолынан босқын қырғыз қазақтың қыз, қатындары алынып жатыр. Бұл бишараларды жоғарғы хайуандар қатынданып, бip қолдан бip қолға мал есебінде сатып, сауда-саттыққа айналдырған. 50 сомға, 70 - 80 сомға, ең қымбаты 100 сомға сатылған қыз, қатындар көп. Бұлардың бip сыпырасын аштан өліп бара жатқан соң қырғыз - қазақтың өздері де сатыпты. Жоғарғы "саудагерлер" біз адасып жүргенде тауып алдық, әкелерінен сатып алдық деп жауап береді. Қазақ - қырғыз қыздарын бip - eкi ай қатынданып, бес - он сом пайдасына екінші - үшінші кісіге сатып жібергендер де көп.

Бұл оқиғаларды көрмеген кісіге бәpi өтірік сияқты, көзі көрген, пенде болған адамның бұған дән шығар емес. Қазақ-қырғыздың баласы XX ғасырда осындай құлдыққа, қорлыққа ұшырар, мал орнына сатылар деп кім ойлаған ..." - дейді тілші.

«Қазақтың» 248-ші нөмірінде босқын қазақ-қырғыз 164 мың, қырылғаны 83 мың, қайтпай қалғаны 12 мың деп көрсетіліп елі.

Бұл төменгі көрсетілген есеп еді.

*Есертк: Бұл жерде Торғай, Ырғыз, Семей, Лепсі көтерілістеріндегі қашқан, қырылған адамдардың санағы жүргізілмеген.

Жоғарыдағы есеп бойынша қашқаны 43 ұлыс,759 түтін болады. Оның қашқаны 250 түтін, қырылғаны 95 мың болады. Бұл есепке қарағанда босқандардың жартыдан астамы қырылған болады.

1)Пішпек уезінен Шөміш руының қазағы. Бұлар Сарбағыш, әтеке қырғыздарымен бірге қашқандар. Солармен бірге қашып шапқыншылық оқиғасына үшырап, Россия жағынан келген екі отрият оқ астына алып, сонан соң Таусамалына (Әулие ата уезәне) ноябрь айында жеткен. Малдан жұрдай айырылып, бала-шағасының тең жарымы қырылған.

2) Тоқпақ пен Пішбек уезіндегі қырғаздар һәм тау ушаске қарайтын 10 ұлыс қырғыз. Бұлардың бәрі қашып, жарым-жартысы баратын жеріне жетпей қайта қатқан.Бір жыл Ферғананың Күншыңыс жағында отырып, қыстай көктемге дейін қайта тіленіп, жеріне келді. Бұлардың арасында биыл көктемде егін салғандар да бар. Өзгелермен салыстырғанда бұлар аман дерлік.

3)Ақсу ушаскесінде август айында бір күнде 600-700 қырғыз қырылған 4) Прижнвал уезінен Маринка поселкесіндегі бұрынғы дүнген һәм

Бөлек ұлыс (шамамен 500 шамалы түтін) сарт, қалмақ деген ел. Бұлар үлкен қиыншылыққа түсіп, қырылған. Бұл күнде Қытай жерінде отыр.

5) Нарын ушаскесіндегі 5 ұлыс қырғыз. Бұлардың арасынан 400-500 түтін қашқан. Көбісі жазғытұрын келіп, көп елдің арасына тарап, кіріп кетті.

6) Алматы уезінен. Ботбай, Күн батыс Кастек өәм басқа елдерден 50, 80 үйден қашқан. Көбі қайтып келді.

7) Лепсі уезінен. Қарақол, Абыл һәм өзге елдерден бірен саран қашқандар. Бұлар малдарын тауысып, бірсіпыра қиыншылық көріп келді. Бірақ бастары аман деседі.

Жаркент уезіне қараған Мерке, Торайғыр, Байынқол, Иванов һәм Әділбек болыстарының бас адамдары «Қазақ» газетіне мынадай хат жазады:

"Жаркент уезіне қараған 14 болыс елдің көбі қытай жеріне босып бардық. Мал-мүліктерімізді қытай-қалмақ талап алды. Біз қытайды ел деп барсақ, қытайдан даладағы аң мен хайуан артық екен. Бостандық болғаннан кейін тipi қалғанымыз елге қарай шұбырдық. Жолда қаншамыз қырғын таптық. Ұл атадан, қыз анадан айырылды. Басымызға қиямет күні туды. Мысал, Мерке болысында 1169 үй бар еді, соның осы күні 310 үй ғана қалды. Өзгесінің қайда екенін білмейміз, әрине, қырылды ғой. Ел болған соң, арамызда шалқыған, мыңды айдаған байларымыз да көп еді, ең кедей деген үйдің күн көргіштігі бар еді. Бұл күнде бәріміз дерлік, бес - он ағаштың басын құрап, қара құрым киізден жауып лашық қылып отырмыз. Құдай басымызға мұндай пәле менен қоса азап салды, қашан ел - жұрт боламыз! Міне, ызғарлы қыс таянып қалды.

Енді қайтеміз?! Қырыламыз да! Осы уақытта дүние жүзінде біздей қор болған ел жоқ шығар» [Қазақ». № 248].

Жоғарғы ақпараттан қазақ-қырғыздан қаншалық жер алынбақшы болғаны, қай жерге қандай халық отырғызылмақ болғаны айтылған. Бұл қадамға өкімет сол жылы күзден бастап-ақ кірісті. Осындай ұлтаралық деңгейдегі қақтығыс орын алған жылдары кең байтақ жердегі жергілікті қазақтар мен орыс шаруаларының арасы қатты шиеленісті. Переселендер мен қырғыз-қазақтар бір-бірімен адам айтқысыз деңгейде жауласты. «Қазақ» газетінен оның сан түрін кездестіруге болады.

«Енді былтырғы болған бүліншілікте халықтың өзіне келтірген жерінің шамасын көрсетейік:

1) қашқан түтін шамасы 40 мың. Малдың бәрін атқа бағалағанда – Жаркент уезінде үй басына 21 ат екен. Перживаль, әсіресе Нарын онан бай болмаса, кедей емес еді. Үй басына 20 ат деп есеп қылсақ, ат бағасын 10 сомнан салсақ (бұл аз салған), бір үйдің малы 1000 сом – бәрі (1000х40000) 40 миллион.

2) Малдан басқа шаруашылығы – үй жай, егін, тағы өзгелдері (Жетісу қазақ-қырғыздың пуд жиыны) 24% жарым һәм малы 73%. Мұндай болғанда мұнысы 13 миллион 500 мың.

3) Өзге Россияда қалған Қытайға жетпей қайтқандары 5 мыңдай, 500 сомнан санағанда 2 миллион 500 мың. Барлығы 56 миллион. Кристияндардың көрсеткен зияны 32 миллион, азайтқанда 30 миллион.

Бұзылған көпірлер, жолдар һәм бұл туралы шыққан шығымдар 4 миллион – сонда барлығы 90 миллион болады. 90 миллион бүліншілік зияны көп болмаса, аз емес. Қазақ-қырғыз саны 50 миллион. 5 адамнан келгенде 1 миллион адам шығады. Сонда жылдық шығыны 15 сомнан болғанда 15 миллион. [«Қазақ», №255].

Жоғарыдағы көтеріліс кезіндегі орыс шығын мен қазақ-қарғыз шығының салыстырып көрсеңіз қайсысының көп зардап шеккенін анық аңғарасыз. Оны қойшы осындай күйзелген елді одан арман ашындырып, жайлау-қыстауын тартып алып, жер аудару, қонысынан бездіріп, намысын аяқ-асты етуден өткен азап жоқ шығар. Оның үстіне қазақ-қырғыз баласы өзінің қаншама жақсы-жайсаңдарынан айырылды. Ел-жұртын бастап, еркіндікке ұмтылған қаншама көтеріліс көсемдері жастай өлім құшты. Бұл туралы қазіргі зерттеушілер әр түрлі есімдерді айтып жүр. Бірақ көтеріліс көсемдерінің кім болғанын «Қазақ» газеті осыдан бір ғасыр бұрын былай жазады.

25-ШІ ИЮНЬ ЖАРЛЫҒЫНА ҚҰРБАН БОЛҒАН ҚЫРҒЫЗ ХАЛҚЫНЫҢ БАСШЫ АЗАМАТТАРЫ

Біздің қырғызда оқыған азаматтар һәм жұртқа қызмет етерлік басшы азаматтар санаулы еді. Сол санаулы азаматтарымыздың көбі былтырғы 25-ші июнь жарлығына құрбан болды. Былтырдан бері қайғы басып, қан жұтып, қырғын көрген қырғыздың халы алты Алашқа мәлім болды. Ендігі тірі қалғандары күн көру, жұрт болу үшін қамқор басшыларға зар болып тұрған заманда өзімізден шыққан аяулы азаматтарды жоқтап, тым болмаса, қолымыздан топырақ сала алмай арманда қалған бауырларымызға бағыштап, бір-екі ауыз ескерткіш сөз айтуды борыш санадым.

Мұғалім Ғышман Қошайұлы – Бұл жігіт жасында қырғыз арасында, онан кейін Перживал шәрінде оқып, ақырында Түркияға кетіп, дәрілмұғалім бітіріп, қайтып келді. Ғиман Түркиядан соғыс алдында ғана қайтып, елінде зор мектеп ашып, жүздеп бала оқытуға һәм қараңғы қырғызды ағартуға кірісіп еді. Өткен жылғы қайғылы оқиғада Сырт деген жерде орыс әскері тірідей ұстап әкетті. Сонан кейін түк дерек жоқ. Мұның өлтірілген жерінде көрушілер болған

Басшыдан жұтап отырған елге Ғышман секілді жігіттің өлімі оңай болған жоқ.

Қасымәлі қажы Мәмбетұлы – Прживаль уезі, Нарын ушаскесінде Шатен елі атақты жұрт иесі сыпаларымыздан Қасымәлі қажы дарға тартылып өлтірілді. Мархұмның өзімен бірге бір ұлы да дарға асылды. Мархұм ұлт қызметінен аянбайтын адам еді. Қажыға барып қайтқаннан кейін жақсы мектеп салдырып, халықтың көзін ашуға кірісіп еді. Түрлі топтарда халыққа пайдалы үгіттер сөйлейтін, жұрт тілін алатын аяулы адам еді.

Асхат Қанағатұлы – мархұм Асхат Пішпек уезінің жігіті, мұны Перживаль уезі, Алақол елінің жерінде ұстап алып, дарға асып өлтірді. Жазықсыз өлген жас ұлан Асхат мархұм әуелі қырғыз ішінде оқып, соңынан Уфадағы медресе Ғалияны бітіріп шығып, ұлт қызметіне кірісті. Атасы

Қанағат қажының салдырған медресесінде төте жолмен оқытып, ғылымға сусаған қырғыз балаларының көзін ашып жүр еді.

Мархұмның сүйегін өз жеріне апарып қоюға орыс рұхсат бермеді. Бостандық болған соң да жүрегі шайылып қалған сорлылар, өздігінен алып кетуден қорқып, Шкапскіден рхұсат сұрағанда, жақыны сұрамаса болмайды деп, тағы тоқтатып қойды. Түнеу күні Алматы прокурорынан мен өзім сұрап едім, уақытында илан қыламын деп ашық жауап бермеді. Міне, біздің жердегі бостандық.

Қанағат қажы Бөкейұлы – бұл кісі машмұр оқиғаның басында тұрып үкіметке қарсы іс істеушінің бірі Қанағат қажы. Алматы абақтысында жатып бостандықтан аз күн бұрын қаза тапты. Ұзын құлақ у беріп өлтіріпті дейді.

Андас Шалұлы – Нұрмамет елінің қырғызы. Июль айында Тоқпақ орыстары ұстап, басын кендір арқанмен байлап, буындырып өлтірген. Екі көзі шарасынан шығып, ағып түскен. Көрген адам бұл хаюандыққа шыдарлық болмаған.

Асылбек Әбікенұлы – Барсоңғыр елінің азаматы. 11-ші ноябрьде Салмауыр деген баласымен барлығы 25 адам өлтірілді.

Ғабдылкерім Майлыбайұлы – Күнбатыс Қаштек елінің азаматы. Жас жігіт жұртқа тоқтау айтамын деп жүргенде нақақтан атылып өлтірілді.

Әліш Дүйсенұлы – ұлтшыл, пікірлі жігіт еді. Өзі газет оқып һәм халық арасынан пайдалы пікір таратушы еді. Атып өлтірілді.

Қалғұл Субатайұлы – Алматы уезі, Шамалған елінің азаматы, дарға асылды.

Ұзақ Сауырықұлы – жаңжал уақытында Қарқарадан ұсталып, Перживальға келіп түрмеге салынып, сонда жатқанда өлтірілді.

Жаңабай – қоңырбөрік елінің азаматы, Перживал абақтысында Ұзақпен бірге жатып өлді. Мархұм жұртқа өнер-білім жайылуына еңбек етіпүгіт айтушы азамат еді.

Жауыз үкіметтің қанды жарлығынан құрбан болған бауырларым, топырақтарың жеңіл, жайларың жанат болсын! Арттарыңда жетім қалған сорлы қырғызға мейірімі жасаған рахым айласын! Көрген пәлеміздің алды-арты осы болсын. Қазақ, қырғыз баласына ғұмырлы абырой, бірлік-береке берсін.

Ишенғали Арабайұлы.

«Қазақ» гезеті, №259, 12 январ, 1917 жыл. 4-бет.

Қысқасы, сол тұстағы қазақ баспасөзі екі жақты көзқарас ұстанды. Біріншіден, патша өкіметінің бұранатана елге жасаған зорлық-зомбылығын жазумен қатар, құғын-сүргін көрген қазықпен қатар өзге де туысқан ұлттардың елдің материалдық және муралдық тұрғыдағы ащы азабын да таңбалап кетті. Демек, қазақ баспсөздері 1916 жылғы ұлт-азаттық күресін басқаша қырынан тануға мүмкіндік берді.

Жалғасы бар...

Қажет Андас

Abai.kz

29 пікір