Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
5725 4 пікір 15 Қазан, 2019 сағат 16:40

Сүлейменов құрған қозғалыстың вице-президенті ұсталды

"Невада-Семей" антиядролық қозғалысының вице-президенті ұсталды. Алматы полиция департаменті де аталған факті бойынша ақпаратты растады.

Алматы полициясы "Невада-Семей" (Невада-Семипалатинск) антиядролық қозғалысының вице-президенті Харон Дадаевты ұстаған.

"Алматы ПД азамат Д-ның ҚР ҚК 190 бабы, 4-тармағы бойынша қылмыстық іс жасады деген күдікпен қыркүйек айында ұсталғанын растайды", делінген хабарламада.

Ұсталған Хорон Дадаевқа Қылмыстық Кодекстің 190 бабы, 4-тармағы бойынша "Алдау арқылы немесе ақпараттық жүйе қолданушысының сенімін өз мақсатына пайдалану арқылы алаяқтық жасады" деген айып тағылған.

Аталған іс қазір Сот қарауына жіберілген. Дадаевтың кінәсі дәлелденген жағдайда ол 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімде абақтыға отыруы және дүние-мүлкін тәркілеуі мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін биылғы жылдың тамыз айында Алматының Медеу аудандық криминалдық полиция бөлімі 69 жастағы Хорон Дадаевқа іздеу жариялаған.

Хорон Дадаев кім?

Харон Дадаев 1950 жылы Қарағанды облысында туған. Интернеттегі ашық дереккөздердегі мәліметтерге сүйенсек, Дадаев Заң ғылымдарының кандидаты. "Невада-Семей" антиядролық қозғалысының вице-президенті лауазымына 1989 жылы тағайындалған.

"Невада-Семей" антиядролық қозғалысын ақын Олжас Сүлейменов құрған. Қозғалыс тарихы 1989 жылдың 25 ақпанынан басталады. Қозғалыс құрылардан бірнеше күн бұрын Семейдегі ядролық сынақ полигонында радиоактивті газ тараған.

Ол кезде Олжас Сүлейменов ҚазССР Жоғарғы кеңесіне депутаттыққа түсіп жатқан. Өзінің сайлаудағы үгіт-насихатында Сүлейменов полигонның жұмысын тоқтатуды мәселе етіп көтерген. 28 ақпан күні Қазақстан Жазушылар одағы маңында мыңға жуық адам жиналып, адролық полигонның жабылуын талап еткен. Антиядролық қозғалыс осылай құрылған.

1989 жылы қарашада Совет одағы Жоғарғы кеңесінің шешімімен Семей полигонында жарлыстарға шектеу салынған. Ең соңғы сынақ 1989 жылдың 19 қазанында өткен.

Ал Семей ядролық полигоны 1991 жылдың 29 тамызы күні Қазақстан президентінің шешімімен толық жабылған.

Abai.kz

4 пікір