Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Деп жатыр 4423 9 пікір 15 Қазан, 2019 сағат 14:40

Кәрібай Мұсырман: «Нұрлы көш» күнін белгілесек...

ҚР Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман мырза «Нұрлы көш» күнін белгілеу туралы ұсыныс айтып, «Егемен Қазақстан» гәзетінде мақала басыпты.

Бұл туралы депутат Кәрібай Мұсырман мырза бүгін өзінің Facebook парақшасында хабарлап, қоғам талқысына салыпты. Депутаттың жазбасын біз өз оқырмандарымыздың талқысына ұсынғанды жөн көрдік.


Кәрібай Мұсырман:

«Нұрлы көш» күнін белгілесек». Осындай тақырып қойылған мақалам бүгін «Егемен Қазақстан» республикалық газетінде жарияланды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 1991 жылғы 18 қарашада Қазақ КСР Министрлер Кеңесі «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» №711 Қаулыны қабылдаған болатын.

Содан кейін Тұңғыш Президентіміз 1991 жылғы 31 желтоқсанда Қазақ радиосы арқылы «Алыста жүрген ағайындарға ақ тілек» үндеуін жолдап: «Қандас бауырларымызды байырғы ата қонысына тарту мақсатында адам құқығы туралы еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық,»-деп мәлімдеген еді.

Шет елдердегі қандастарымызды атамекен – Қазақстанға оралуға шақыру – ел болашағын ойлаған Елбасының батыл да тарихи маңызы зор, дана шешімі болғандығы сөзсіз. Соның арқасында Тәуелсіздік жылдары тағдырдың жазуымен Моңғолия, Қытай, Түркия, Иран, Ауғанстан, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан және басқа елдерде тұрып жатқан 1 миллионнан астам этникалық қазақ атажұртқа қайтып оралып, жас мемлекетімізді нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Халқымыздың құрамындағы қазақтардың үлесі 40 пайыздан 67 пайызға дейін өсіп, мемлекет құраушы ұлтқа айналды.

Елбасы «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында: «Қазақтардың атамекеніне бет алған тарихи көшін біз бейнелі түрде «Нұрлы көш» деп атадық. Қазақстан мемлекеттік репатриация саясатын жалғасты жүргізген әлемдегі санаулы елдердің біріне айналды» деп жазды.

Жоғарыда баяндалған жайлардың негізінде және қандастарымыздың өтініштеріне орай «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңның 4-бабына («Кәсіби және өзге де мерекелер») сәйкес Үкімет өз қаулысымен 18 қарашаны «Нұрлы көш» күні деп белгілеу мәселесін қарастырса, игі болар еді.

«Нұрлы көш» күнін мерекелік дата ретінде белгілеу Елбасының көші-қон саласындағы ел мен жер тағдыры үшін маңызы зор бастамаларын насихаттау және оларды дәйекті жалғастыру ісіне оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын.

Осы мерекелік датаны атап өту аясында этникалық қазақтарды Қазақстанға репатриациялау тарихы, шет елдерден көшіп келген қандастарымыздың және жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындарын жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аудару бағдарламасы мен «Серпін» әлеуметтік жобасына қатысушылардың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі, олардың жаңа ортаға бейімделуінің өзекті мәселелері, сондай-ақ сыртқы және ішкі көші-қон проблемалары туралы ғылыми-практикалық конференциялар, «Дөңгелек үстелдер» және басқа мерекелік іс-шаралар өткізу, соның ішінде елеулі жетістіктерге қол жеткізген қандастарымыз бен қоныс аударушыларға құрмет көрсету жөн болар еді.

Abai.kz

9 пікір