Сенбі, 20 Сәуір 2024
Қайнайды қаның... 7333 32 пікір 30 Қыркүйек, 2019 сағат 12:16

Кино мен қара қарға

Қазақстан деген ел бар. Қазақтың елі. Мемлекеттік негізі қаланғанына төрт мың жылдан (академик О.Исмағұлов) асты. Мемлекеттік тіл - қазақ тілі. Қағаз жүзінде. Халқы түгел ана тілінде сөйлемейді. Себебі, отарлық езгіде болған, әуелі патша өкіметінің, сосын кеңес өкіметінің. Тәуелсіз ел болғанына отыз жылдай уақыт болды. Тіл әлі сол сорлы күйінде. Сылтау баяғы: ойбоооой, отарлық заман болды, қиын болды, гөй-гөй...

Сары қазақ Герольд Бельгер «Қазақ тілін меңгеру үшін заң аздық етеді. Әрбір адамның жан-дүниесінің қалауы мен ұлттық намысы бұлқынып шығуы керек» деп еді. Айтпақшы, «Қазақ тілі» деген дардай ұйым бар. Миллиардтаған қаржы жұмсалып жатыр. Оларды тыңдасаң, мемлекеттік тіл солардың жанкешті еңбегінің арқасында сақталып қалды. Нәтиже қайда? Қазақ тілі әлі босағадан сығалап тұр. «Балабақшалар түгел қазақ тілінде болуы керек» деген Имекең елші болып сыртқа кетті. Көшеге шықсаң өзге тілде былдырлаған сәби, оларға сақауланып сөйлейтін ата-анасы сірә уызына жарымаған.

Күл болмасаң бүл бол деп теледидар қосып қалсаң, тағы сол шүлдір-шүлдір, секеңдеген би, ыржаң-ыржаң күлкі. Ақшасын төлеп, шалқайып отырып қарайын деп кинотеатрға барсаң .... қазақ тілінде көрсететін сеанс жоқ!

Ағылшын ойшылы, тарихшы Томас Карлейль «Әлем тарихы ұлы тұлғалардың өмірбаянынан тұрады» десе, француз тарихшысы Гюстав Лебон «Халықтың көшін тірілерден бұрын әруақтар бастайды» депті. Академик Әлкей Марғұлан атамыз «Шынайы тарих ауызша, жазба және қазба тарихтың түйіскен жерінен шығады» деп кесіп айтыпты. Әттең ай, әттең! Осыдан жиырма бес ғасыр бұрын өмір сүрген әлемге әйгілі тұлғалар да өзге тілде сөйлеуге мәжбүр. Өкінішті ақ.

Қазақстанда қазақ ұлтының үлес салмағы сексен процентке жақындап қалды, кейбір өңірлерде тоқсан проценттен асты. Көптің қалауы, ана тілінің тұнығы мен рухани әлемінің тазалығы. Балалық шағымыз ата-әженің шапанына оранып, шалғайына жармасумен өтті.

Үлкендер біреуге наразы боп кейігенде «Қара қарға көтіне қарамай әулие ағашқа қонады» дейтін еді. Өздері уызына жарымай жүріп, тарихқа қол салатын, қол салғанда да мыңжылдыққа мол салатын біреулерге арнайы айтылған мәтел екен.

Омар Жәлелұлы айтпақшы «Өз елінде, өз жерінде жүріп, әке-шешесі мен айналасы қазақ, өз тілінде сөйлемеу үшін қандай жарымес, қандай сорлы болу керек?! Өзіңіз ақыл жүгіртіп қараңызшы. Ақыл-есі бүтін, дені сау адам солай жасай ма?»...

Айшуақ Дәрменұлы

Abai.kz

32 пікір