Дүйсенбі, 10 Тамыз 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 99442. Жазылғандар — 72523. Қайтыс болғандар — 1058
Әліпби 3171 26 пікір 30 Қыркүйек, 2019 сағат 10:29

И мен У-ды жазуға жаңа ұсыныс

Бүгінгі күнде и мен у-ды жазу мәселесіне байланысты ғалымдардың пікірі екіге жарылып отыр. Бірі й-дің алдынан естілетін і мен ы дыбыстары мен у-дың алдынан естілетін ұ, ү, ы, і дыбыстарын жазуды жақтаса, екіншілері ол дыбыстарды жазбайтын бүгінгі күнгі қолданымдағы ұстанымды жақтайды. Бұл екі ұстанымның да артықшылықтарымен қоса кемшіліктері бар.

Бірінші ұстанымның кемшілігі шетел сөздері мен терминдер халықаралық қалыптан бөлек әрі шұбалаңқы жазылады (Мысалы, минут сөзі мійнүут деп жазылады). Соған орай мұны жақтаушылар «қысаң дыбыстарды қазақ сөзінде жазып, шетелдік сөздерде жазбай-ақ қояйық» дейді. Бірақ шетелдік сөздердің кейбірі біздің сөзімізше айтылады. Мысалы, қазақ бит деп атайтын жәндікпен қатар бит деген информация өлшемі бар. Немесе бура деп аталатын түйенің түрімен қатар бура деген минерал бар. Сонда бұл сөздер екі түрлі жазылатын болса, жазу үшін қай бура, қай бит деп сұраймыз ба?  Демек, шетел сөздері мен қазақ сөздеріндегі и мен у-ға екі түрлі ереже қолданудың да келісі келмейді. 

Ал бүгінгі қолданымдағы ұстанымға келсек, ол қазақ тілінің кейбір заңдылықтарына қайшы және онымен жазылған сөздердің кейбірі дұрыс оқылмайды. Атап айтсақ:

1) «Бірінші буыннан басқа буын дауыстыдан басталмайды» деген заңдылықтың бұзылуы. Мысалы, киім, туыс сөздерінің екінші буындары (ки-ім, ту-ыс) дауыстыдан басталып тұр. 

2) Кей жағдайда и мен у-дың жуан не жіңішке оқылатыны белгісіз болуы. Мысалы, ми сөзінің оқылуы мій ме, мый ма? Қанби сөзінің оқылуы Қанбій ме, Қанбый ма? Шу сөзінің оқылуы шұу ма, шүу ме? Жетісу сөзінің оқылуы Жетісұу ма, Жетісіу ме?

3) Дауыссыз бен тіркестің бір әріппен белгіленуіне байланысты кейбір сөздердің дұрыс оқылмауы. Мысалы, жауыуы деп айтылатын сөз жаууы деп жазылады, бірақ бұл жазу жау-уы деп те оқылады.

Екі ұстанымда да кемшілік болуына байланысты бүгінгі ұстанымды жақтаушылар «қазіргі ережеміз жазуға қиындық келтіріп жүрген жоқ, сонымен жүре берейік» дейді. Алайда жазуға жеңіл болғанмен, бастауыш сынып мұғалімдерінің айтуынша, бұл ұстаным үйренуде қиындық келтіреді. Тіпті, үйренуге жеңіл болғанның өзінде де ереженің тіліміздің заңдылықтарына қайшы келуін ақтауға болмайды. Сондықтан екі тараптың да уәждері ескерілген жаңа ұстаным табу жөн деп есептейміз. 

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, біз й-дің алдынан естілетін і, ы дыбыстарын және у-дың алдынан естілетін ұ, ү, ы, і дыбыстарын жазуды, бірақ оларды әріп түрінде емес, акут, гравис таңбалары түрінде й мен у-дың үстіне қоюды ұсынамыз. Мысалы, кій деп жіңішке айтылатын сөзді акут арқылы ки́ деп, сақыйна деп жуан айтылатын сөзді гравис арқылы сақѝна деп жазамыз. Сол сияқты гүўіл, беріу деп жіңішке айтылатын сөздер гу́іл, беру́ деп акут арқылы жазылса, тұў, асыў деп жуан айтылатын сөздер ту̀, асу̀ деп гравис арқылы жазылады. Өйткені дауыссыздың үстіне қойылған акут оның жіңішке оқылатынын, гравис жуан оқылатынын білдіреді. 

Бұл ережені қолданғанда жоғарыда сөз етілген екі ұстанымдағы кемшіліктердің жойылатын-жойылмайтынын тексерейік. 

Минут деп жазылып жүрген сөз біздің ережеміз бойынша ми́ну́т деп жазылады. Бұл жазылым халықаралық қалыпқа жақын. Сонымен қатар ол мійніут деп қазақ тілінің заңдылығына сай оқылады. 

  Екінші ұстанымда берілген мысалдарды қарастырайық. 

1) Біздің ережеміз бойынша киім, туыс сөздері ки́ім, ту̀ыс деп жазылады да, кійім, тұуыс деп оқылады. Сондықтан бұл сөздер буынға кі-йім, тұ-уыс деп дұрыс бөлінеді.

2) Акут жіңішке оқылуды, гравис жуан оқылуды білдіретіндіктен и мен у-дың жуан не жіңішке оқылуына қатысты шатастыру болмайды. Мысалы, мѝ сөзі мый деп, ми́ сөзі мій деп оқылады. Қанби сөзі Қанби́ деп жазылатындықтан Қанбій деп оқылады. Шу̀ сөзі шұу деп, Шу́ сөзі шүу деп оқылады. Жетісу̀ сөзі Жетісұу деп, Жетісу́ сөзі Жетісіу деп оқылады. 

3) Бізде дауыссыз бен тіркес әр түрлі белгіленеді. Сондықтан екінші ұстаным бойынша жаууы деп жазылатын сөз бізде жауу̀ы деп жазылып, жауыуы деп дұрыс оқылады.

Бұл талдаулар біздің ережемізді қолданғанда алдыңғы екі ұстанымдағы кемшіліктердің болмайтынын көрсетеді.

Енді біздің тәсіліміз бойынша жазылған сөз қалай тасымалданатыны жөнінде айтайық. Бұл орайда тасымал й мен у-дан кейін жасалса, онда еш қиындық болмайды. Мысалы, ки́ме, ту̀лар сөздері ки́-ме, ту̀-лар деп тасымалданады. Ал тасымал акут пен гравис түріндегі дыбыстан кейін жасалатын болса ше? Мысалы, ки́ім, ту̀ыс деген сөзді қалай тасымалдаймыз? Бұл сөздер кі-йім, тұ-уыс деп айтылады, сондықтан келесі жолға олардың йім мен уыс деген бөліктері тасымалданып, акут пен гравис түріндегі і мен ұ алдыңғы жолда қалуы керек. Соған байланысты бұл жағдайда алдыңғы жолда қалатын акут пен грависті әріп түріне ауыстырып жазамыз: кі-йім, тұ-уыс.

Сөз соңында ұсынып отырған тәсіліміздің акутты әліпбиге, яғни Ақпан әліпбиіне қолдануға жарамсыздығын, әріптерінде ноқаты жоқ өзіміз ұсынып жүргендей әліпбиге арналғанын ескерте кеткіміз келеді.    

Ванов Қуантқан Ырзаұлы

Abai.kz

26 пікір