Жұма, 19 Сәуір 2024
Сұхбат 4955 50 пікір 25 Қыркүйек, 2019 сағат 15:27

«Ұлы мақсатым – Ұлы Раббымыздың ризашылығын алу»

Редакциямыздың электронды поштасына белгілі журналист Ермахан Шайхы мырзаның «Асыл арна» телеарнасының бас директоры Мұхамеджан Тазабектен алған сұхбаты келіп түсті. Елішілік мәселелер мен мұсылмандардың қажылық сапарлары туралы айтылған әңгімені оқырман назарына ұсындық. Ой жарыстырып, пікір таластыру сіздің еркіңізде, мәртебелі оқырман!


- Сіз күні кеше ғана қажылыққа барып келдіңіз. Алла Тағала қажылығыңызды қабыл етсін!

- Әумин! Айтқаныңыз келсін!

- Сіз жылда қажылыққа барасыз. Оған біреулер қызығып қараса, енді біреулері қызғана қарайды. Ендеше, оларға осы қажылық сапарыңыздың мәнісін түсіндіре кетсеңіз?

- Жыл сайын қажылыққа баратынымыз рас. Екі себептен ол ұлы сапардан қалмауға тырысамын. Біріншіден, бұл сапарға бару менің жұмысыма тікелей қатысты. Мен одан сырт қала алмаймын. Екіншіден, қандайда бір дәрежеде қай құрлықта, қай елде спорт жарыстары өтсе, ол жерге кез келген елдің спорт арналары мен спорт журналистері барады. Сол сияқты, мұсылман баласы жылына бір рет бас қосатын бұл сапарға, біз де діни арнаны басқарып отырғандықтан, арнайы іссапарға барамыз әрі құлшылық етіп қайтамыз. Кейде Үкімет органдары делегация құрамына қосып, шақырып жатады. Сондай-ақ қажылық сапарды ұйымдастыратын туристік фирмалар өздерінің жұмысын халыққа насихаттау үшін немесе қажылар мен отандастар арасында тікелей байланыс орнату үшін кәсіби мамандарды өздеріне тартады. Міне, олардың да осындай өтініштері арқылы сапарға баруға мүмкіндік алып жатамыз. Біздің жылда қажылық сапарға барып жатуымыздың сыры – осы.

- Осы жылғы қажылықтың өзге жылдарға қарағанда қандай айырмашылығы мен өзгешелігі болды?

- Биылғы қажылықтың ерекшелігі – жаздың тура ыстық кезіне тура келді. Ол өз кезегінде қажылардың құлшылық етуіне қолайсыздықтар туғызды. Бірақ ұйымдастушы тарап қажылардың жүріп-тұруына мейлінше қолайлы жағдай жасағандықтан, көптеген ауыртпалықтар білінбей жатады. Осы орайда айта кететін жайт, басқа мемлекеттерге қарағанда, қажылықтың стандартық пакеті біздің елде қымбат. Оның себебі, біздің қажылардың талап-тілегінен туындаған екен. Олар Қағбаға жақын әрі жайлы қонақ үйде жатқысы келеді. Сондай-ақ күніне екі емес, үш мезгіл тамақтандырса деген талап қояды. Соның есебінен біздің қажылық сапарымыз өзге елдерге қарағанда қымбатқа түседі екен. Алдағы уақытта бұл туристік пакеттердің бағасы арзандауы мүмкін. Осы мақсатта жұмыс істеліп жатыр. Ал енді биылғы қажылықтың негізгі ерекшелігін айтсақ, биыл он күн бойы нөсер жауын жауды. Оған әлемнен келген қажылардың бәрі қуанды. Өйткені жаңбыр Алланың қалауымен болады. Оның әрбір тамшысын періштелер алып келеді. «Жаңбыр жауған кезде дұға қабыл болады» деген қағида бар. Сондықтан ол қажылық маусымы болса, адам ихрам халінде болса, оның үстіне қасиетті мекенде болса, дұға-тілектердің қабыл болатындығы айқын. Мұны бүкіл қажылар жақсылыққа жорамалдады. Биыл елімізден үш мыңнан астам қажылар парызын өтеп қайтты. Алла Тағала олардың қажылығын қабыл етсін!

- «Банктен алған несием бар. Сондықтан қажылыққа бара алмай жүрмін» дейтіндер бар арамызда. Бұлардың осы уәжіне не дер едіңіз?

- Жалпы, қажылық сапарға қарызынан құтылып, ренжіткен адамдарынан кешірім сұрап, туған-туыстың батасын алып барған абзал. Егер қажылыққа баратын қаржысы қарызын жабатын болса, онда қарызынан құтылғаны жөн. Ал Алла алдындағы парыз – толық мүмкіндігі бар адамдарға ғана парыз. Дей тұрсақ та, кей ғалымдарымыз: «Қажылыққа баратын адамның қарызы өте көп боп, оны кезең-кезеңімен өтеуге шамасы жететін болса әрі бұл сапары оған кедергі келтірмейтін болса, онда оған қажылық етуге рұқсат» дейді.

- Мәселен, оның банкте несиесі бар. Оны ай сайын төлеуге қабілетті. Бірақ қажылыққа баруға шамасы жоқ. Оған бір бай-бағлан демеушілік жасап отыр. Ол осы жеңілдікті пайдалана ала ма?

- Әрине, пайдалана алады. Тіпті еш мүмкіндігі жоқ кедей-кепшіктердің де осындай Алланың разылығын іздеген жомарт адамдардың жәрдемімен барып келуіне әбден болады. Соңғы кездері мұндай Атымтай жомарттардың саны көбейіп келеді. Соған қуанамыз. Оларға Алла разы болсын!

- Таяуда әлеуметтік желілердің бірінде белгілі айтыскер ақын Балғынбек Имашевпен болған сұхбат жарияланыпты. Сол сұхбатта тілші: «Мұхамеджан Тазабековтің ашық-шашық жүретін қыздар ер адамдарды ауруға әкеледі, зорлыққа жол береді» деп қалып еді. Осы оқиғалар әйел адамға байланысты ма?» деп сауал қойыпты. Ол сауалдың өзі сауатты емес. Соған қарамастан, Сіз бұған не дейсіз?

- Иә, әлеуметтік желіде жарияланған ол жазбам әйелдерге емес, еркектерге бағытталған еді. Бұл – бір. Екіншіден, әйелдер неге жалаңаштанады? Олардың жалаңаштану қажеттігін кімдер туғызады? Ер азаматтар туғызады. Егер ерлер сол әйелдерінің жалаңаш жүруін қалап тұрмаса, ондай күйге түспес еді. Сосын ер азаматтарға: «Көздеріңді тыйыңдар. Қазір қыз балдардың жалаңаштануы, әйелдердің ұятты жерлерін көрсетіп жүруі – сенің физологияңа да, психологияңа да, еркектік қабілетіңе де кері әсер етеді. Көптеген ауруларды қоздыруы мүмкін» деп әртүрлі статистикадан мәліметтер келтірген болатынмын. Статистика өзгеріп тұрады. Бұл – заңдылық. Кейін кей журналистер бұл статистикамен келіспейтіндерін білдірді. Мен де оларды құптай қоймаймын. Өйткені бір құбылыс туралы көптеген статистикалық мәліметтер болуы мүмкін. Олар басқасын, ал мен тіпті қарама-қайшы пікірдегі мәліметтерге сүйенуім ықтимал. Қысқасы, әркім өз керегін табады. Сөйте тұрып: «маған ғана бағын, менің мәліметіме илан» деуге болмайды ғой. Пікір қайшылығы болған, бола да береді. Жалпы, мен ол жазбада әлгі арсыз әрекеттің пайдасынан гөрі, зияны басым екендігін білдіргім келді. Атақты Майк Тайсонның: «Көшеде жартылай жалаңаштанып, өзгелерді қоздырып кетіп бара жатқан қыз көрсем, мен оның отбасында қызғанатын еркектің жоқ екенін бірден түсінем» деген сөзі бар. Бұл жерде ол қызды кінәлап жатқан жоқ. Керісінше, салмақты оны қызғануға һәм қорғауға тиісті болған, қоғамдағы жүріс-тұрысына жөн сілтейтін ер азаматтарға салып отыр. Ол да өмір көрген азамат қой. Сондықтан да қазақ «Қызға қырық үйден тыйым» дейді. Осы сөздің мәнін әлі күнге дейін дұрыс түсіне алмай келеміз. Тыйым десек, шоршып түсеміз. Сол сөз біздің еркіндігімізді шектеп жатқан секілді. Жоқ. Тыйым деген сөз – ертеректе қамқорлық, қадағалау, жауапкершілік деген синонимдермен астасып жататын. Демек, тыйым деген – біреудің құқығын шектеу емес, қайта ұшырап қалуға мүмкін зияндардың алдын алып, жан-жақтан қадағалап, оған қамқорлық жасау. Міне, әлгі жазбада біздің қауымымызда мыңдаған жылдар бұрын болған осы жауапкершіліктің жоғалып бара жатқанын тілге тиек еткен болатынмын.

- Балғынбек жоғарыда айтқан сұхбатында «Қажылыққа Елбасы зекетімен барып келдім» депті. Бұл зекет жыл сайын болып тұра ма? Жалпы, осы зекет туралы аз-кем түсінік бере кетсеңіз?

- Ел мен Елбасының назарында жүрген азаматтар Елбасының зекеті арқылы қажылық сапарға барып-келіп жатады. Мен де – сондай шарапатқа ие болған адамдардың бірімін. Кейбір айтыскер ақындардың Елбасы зекеті арқылы умра қажылықтарын өтеп келуіне менің де себепкер болғаным бар. Бұл үрдіс жыл сайын жүйелі түрде болып тұрмаса да, ара-тұра Елбасының ниет еткен адамға осындай ізгі шарапаты тиіп тұрады. Мұндай мүмкіндікті бір кездері зиялы қауым өкілдері мен спортшылар да пайдаланды. Осы орайда Елбасына Алла разы болсын айтамыз.

- Елде Президент те, Үкімет те ауысты. Осы ауыс-түйістерден не күтеміз? Болашақты қалай болжауға болады?

- Бұдан жастау кезімде Үкіметте ауыс-түйістер боп жатса, содан бір үлкен өзгерістер күтіп, жарқын жаңалық болатындай елеңдейтінмін. Бір данышпанның: «Ақылсыз кезімде елдің өзгергенін қалайтын едім. Ақылым піскен кезінде өзім өзгеруім керек екенін түсіндім» дегендей, қырықтан аса келе менің мына мәселеге көзім жетті. Бұқара қауым мен билік бүтін ағза екен. Яғни, бірімен-бірі тығыз байланысты. Қазақ: «Балық басынан шіриді, бірақ оны құйрығынан бастап тазалайды» дейді. Демек, билікті түзегің келсе, түзелуді өзіңнен, отбасыңнан, төңірегіңнен баста. Қауымыңның пиғылы, сапасы өзгеріп, ұрпағыңның тәрбиесі түзелсе, парасатты адамдар да көбейе түседі. Билікке де солар барады. Ал енді осы екеуін екіге бөліп қарайтын болсақ, онда біз өзімізбен жұмыс істемейміз. Әлгі клеткада тұрған мақұлық секілді бізді біреу асырап, біреу өзгерту керек сияқты ойлайтын боламыз. Сондықтан мен тұтастықты қалаймын. Әрине, биліктен қандайда бір жақсылықтар мен өзгерістерді қалауымыз керек. Бірақ сол құндылықтардың бастауы халықта екенін ешуақытта естен шығармауымыз керек. Сол кезде бізді сырттан дұшпан ала алмайды. Ішімізден сатқындар ыдырата алмайды. Сонда ғана тұтас ел боламыз. «Біріңді қазақ бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос» демеп пе еді ұлы Абай?! Дәл қазір осы қағиданы темірқазық етуіміз қажет. Қысқасы, Алла Тағала қауымға қарайды. Оның пиғылы мен әрекеті қандай болса, соған орай оның билігін де өзгертіп отырады. Ал қауым өзгергісі келмесе, оның билігін де өзгертпейді. Керісінше, сол биліктің қолымен жазалауы мүмкін. Немесе сол биліктің қолымен жеңілдіктер жасауы ықтимал. Сондықтан да мен «билік өзгерсе, бәрі өзгереді» дегенге сенбеймін.

- «Даудың басы – Дайрабайдың сиыры» демекші, соңғы кездері әлеуметтік желілерде екі сиыр туралы орынды-орынсыз әңгімелер көбейіп кетті. Бұған Сіздің не алып-қосарыңыз бар?

- Елбасы бұл жерде ел үшін өте қатерлі әңгіме айтты деп ойламаймын. Бұл – бір. Екіншіден, әрине әркім өз ойын айтуға құқылы. Бірақ осы арада «Самаурынды су алды дегенді, Самарқанды су алды деп көрсететін адамдардың көп екеніне көзім жетті. Себебі, мен жеке адам ретінде Елбасы менің арымды таптайтындай сөз айтты деп есептемеймін. Өйткені бүкіл мәселе қолында тұрмаған бір елдің Елбасысы түгілі, аспан мен жердің билігі қолында тұрған Алла Тағаланың Өзі бізге шыбын-шіркейді мысал етуге ұялмайды. «Шыбын-шіркейге қарамайсың ба, түйеге қарамайсың ба, аспанға қарамайсың ба, жерге қарамайсың ба, таңертең жемсауы бос ұшқан құс кешке қарай ұясына тойып келеді» деп Алла Тағала құрт-құмырсқа, шыбын-шіркейге дейін мысалға келтіріп отыр. Қаншама халық аш жүрсе де, бүкіл билік қолында тұрған Алла Тағала олардың несібесін «Мә саған» деп беріп отырған жоқ. «Әрекеттенбейсіңдер ме, еңбектенбейсіңдер ме? Әркімнің ырыздығын бөлек жараттық, әрекетіңе – берекет» деп Алла Тағала бізге шыбын-шіркейлерді мысал етіп отырса, Елбасының екі сиыр туралы айтқаны – менің намысыма тиіп, ар-ұятымды шектемейді. Ал енді сол айыптап отырған адамдардың өзі перішті емесі анық. Егер оның қолына билік берсең, түйені түгімен, даланы гүлімен жоқ қылып жіберейін деп отырған адам. Елдің ынтымағына іріткі салып, қоғамды бұзатындар – осылар. Мені осы мәселе мазалайды. Сондықтан елді сабырға шақырамын. Сабырға шақыру – елдің алдына арқан керу емес. Сабыр – жолы болған байға да, жолы жабылған жарлыға да керек. Сабыр мен шүкірдің керек емес жері жоқ. Жақының қайтыс болса да, басқа туысыңның амандығы үшін шүкір етесің. Ауыртпалықтың артынан да қайыр күтесің. Өйткені ол – Алла Тағаланың бізге берген мәселені реттейтін тетіктері мен жолымызды ашатын құралдары. Сондықтан сабыр, шүкір дегеннен ешуақытта бас тартуға болмайды. Ал енді кейбіреулер: «Сендер елді сабырға шақыра бересіңдер, биліктің кемшілігін айтпайсыңдар» дейді. Егер «биліктің кемшілігін әлеуметтік желіде айтпай жатырсың» десе, келісемін. Ал енді «биліктің кемшілігін жалпы айтпайсың» десе, оған қосылмаймын. Оның жолы – тек әлеуметтік желіде немесе ағайынның арасында арыз айтып, қоғамды қоздыру емес. Қолыңнан келсе, партия құр. Ресми түрде оппозициялық қоғам құр. Арнайы бағдарлама жасап, оны халыққа ұсын. Тіпті болмаса, ұсыныс-пікіріңді Президентке, Үкіметке, депутаттарға сөзін өткізе алатын ықпалды тұлғаларға айт. Олар алтын көпір болады. Мен өзімнің халыққа деген қам-қарекетімді осылай жеткіземін. Кейде ұсыныстарымды қағазға түсіріп, тиісті орындарға жолдаймын. Оның жүзеге асқандары да бар. Бірақ мен оны бұқара қауымға жар салып айтып отырғаным жоқ. Одан қала берсе, ұрпақтарың мен жақындарыңды адал да іскер азамат етіп, ел үшін емірене қызмет ететіндей қылып тәрбиеле. Мен сол жолда қызмет етіп жүрмін. Тіпті болмаса, Алладан дұға тілеп сұра. Мен соны істеуден бір жалыққан емеспін. Сондықтан адамды әлеуметтік желідегі белсенділігіне қарап бағалауға болмайды.

- Адамдарды қандай қасиетіне қарап бағалайсыз?

– Жоқтан бар қып жаратқан Құдайын танып, ең ұлы ақиқат болған Алланың жарату мақсаттарына ой жүгіртіп, сол жолда ақылын жұмсаған парасатына қараймын. Бұл – бір. Өйткені ол – Абайдың, Шәкәрімнің, Мәшһүр Жүсіптің, Қожа Ахмет Ясауидің жолы. Олар адамдарды бірінші кезекте имандылығына қарап бағалаған еді. «Ең ұлы сөз – Құдайдың сөзі» деді. «Толық адам» деп мұсылманшылығы толық адамды айтты даналар. Бұдан басқа да адами қасиеттер бар. Ол – аманатқа қиянат жасамау. Біз қазір аманатқа қиянат жасайтын елге айналдық. Біреу бізге сеніп аманат деп сырын айтса, дүниесін тапсырса, қарыз берсе, қысқасы қандайда бір аманат тапсырса, соның бәріне қорықпай, қиянат жасай беретін болдық. Мұхаммед (с.ғ.с.): « Ақырзаманның алапаттары басталғанда адамдар аманатқа қиянат жасай бастайды» деп айтқан. Мына жемқорлықты аманатқа қиянат жасау деп айтуға болады. Алла Тағала қандай да бір адамға ақыл, парасат, бедел-билік берсе, соны елдің мүддесіне жұмсамаса, ол да – аманатқа қиянат жасау. Сондықтан бір жақты билікпен ғана алыспауымыз керек. Өзіміздің ақыл билігімізбен де, нәпсі билігімен де алысуымыз қажет. Сол кезде ғана біз ынсапты ел боламыз. Қорыта айтқанда, мен сөзін жұтпайтын, уәдесіне берік,  аманатқа адал адамдарды қатты құрметтеймін.

- Аманатқа қиянат жасау, уәдесінде тұрмау – мұнафықтың белгісі дейді шариғат. Осының аражігін ажыратып беріңізші.

– Мәселен, біреу уәдесінде тұра алмай қалса, оның себебіне қарауымыз қажет. Егер оның себебі бізді қанағаттандыратын болса, онда ол уәдесінде тұрмаған немесе өтірікші боп саналмайды. Қазір болмашы нәрсе үшін бір-бірін алдап, қорлап, қиянат етіп кететін адамдар көбейді. Сондықтан Мұхаммед (с.ғ.с.) екі жүзді адамның төрт сипатын айтқан екен. Біріншіден, мұнафық адам сөйлесе, өтірік айтады. Екіншіден, уәдесінде тұрмайды. Үшіншіден, аманатқа қиянат жасайды. Төртіншіден, дауласса, көркем түрде дауласпайды. Осы сипаттардың қайсысы бойымыздан көрінсе, біз әлі мұнафық емеспіз. Бірақ тәубе қылмасақ, одан әрі көбейте берсек, шын мәніндегі мұнафық боп кетуіміз әбден мүмкін.

- Өмірде неден қорқасыз?

– Ертең Құдайдың алдына барғанда «Құлым, саған риза емеспін» деген сөзді естіп қалудан қорқамын. Әрине, алдыма ұса-ұсақ мақсаттар қоямын. «Мына шаруаны бітіріп тастасам, мына бір нәтижеге мына уақытта жетсем» деген. Бірақ менің алдыма қойған ұлы мақсатым – Ұлы Раббымыздың ризашылығын алу. Адам алдына осындай ұлы мақсат қойса, онда ол орындалмай қалған кіші мақсаттар үшін күйіп-піспейді. Тағдырын қор қылмайды. Өмірін өксікпен өткізбейді.

- Қазақ еліне не тілейсіз?

– Дәл қазір қазақ жауапты әрі күрделі кезеңде өмір сүріп жатыр. Өйткені біздің үш жүз жылдық отаршылдығымыз бар. Соңғы кездегі құдайсыздық кезеңіміз бар. Одан кейін құдайсыз елдің табанының астына түсіп қалған күрделі тағдырымыз бар. Осының бәрі бізді айнытты. Сондықтан Қазақ еліне ең бірінші тілейтінім – имандылық. Екінші тілейтінім – ауызбіршілік. Үшінші тілейтінім – еңбекқорлық. Өйткені біз иманды болсақ, тұғырлы боламыз. Тұғыры мықты тұлға не нәрсеге де төтеп береді. Ақ пен қараны ажыратады. Қиындыққа сабыр бола алады. Баршылыққа тасып кетпейді. Ал иманы жоқ адам – бай болса да, кедей болса да қауіпті. Кедей болса, өмірі өксіп жүріп қор боп өтеді. Барына шүкірлік ете алмайды. Бай болса, тартынып, ешкімге шарапаты тимей, қу дүниенің құлы боп ол да кетеді. Сондықтан да бірінші кезекке имандылықты қойып отырмын. Екінші кезекте – ауызбіршілік. Неге? Қанша қиыншылықтан өтсек те біз бәрібір сорлы халық емеспіз. Бекзат халықпыз. Батыр халықпыз. Сол қасиеттеріміз қайтадан оянып, бізге пайдасын тигізу үшін ауызбіршілік пен ынтымаққа мұқтажбыз. Дүрбелең болған жерде даму болмайды. Дамудың есігіне енді еніп жатқан кезде, бізге әлі де болса ынтымақ керек. Қазақ «Елу жылда – ел жаңа» дейді. Тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл енді толады. Алғашқы нәтижелер енді шыға бастады. Балдарымыз сырттан оқып келіп жатыр. Бұрын патшаның баласының ғана қолы жеткен білімге, қазір қарапайым шаруа баласының да қолы жетіп жатыр. Осы нығметтер әлі талай жақсылықтарға жеткізеді. Ауызбіршілік болса, сыртқы дұшпанға да айбарлымыз, ішкі сатқындықтан да аман қаламыз. Үшіншіден, еңбекқорлық. «Жатқанға жан жуымайды». «Жүргенге жөргем ілінеді». Біз қанша иманды болсақ та, қанша жерден ауызбіршілікте болсақ та еңбек етіп, мамандығымыздың майталманы болмасақ, онда күніміз қараң. «Таңғы нәсіп – Тәңірден» дегендей, ерте тұрып, кеш жатқан адамның ғана ісінде береке болады. Ал қалған жақсылықтардың бәрі осы үшеуінен бастау алады деп ойлаймын.

- Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан  Ермахан Шайхыұлы

Abai.kz

50 пікір