Сенбі, 20 Сәуір 2024
3401 1 пікір 25 Қыркүйек, 2019 сағат 12:34

"СИНОПЭК Қазақстан" жұмысшылары жалақы өсіруді талап етті

«СИНОПЭК Қазақстан халықаралық мұнай қызметі компаниясының» Ақтау филиалының ондаған жұмысшысы жалақы өсіруді талап етті. Маңғыстау облысындағы Қарақұдық мұнай және Солтүстік Бұзашы кен орнындағы ұнғымаларды жөндейтін жұмысшылар 23 қыркүйек кешке жұмысты тоқтатқан.

Бұл туралы Азаттыққа 24 қыркүйекке компания бұрғылаушысының көмекшісі Жәнібек Елдешов айтты. Оның сөзінше, жұмысшылар жалақыны 100 пайызға өсіруді талап етіп, 24 қыркүйекте компанияның Ақтаудағы кеңсесіне барған.

Елдешов жұмысшылар бұған дейін талаптарын хатқа түсіріп, компания басшылығына, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалына және мұнай компанияларының кәсіподағына тапсырғанын айтады. Оның айтуынша, хатқа Қарақұдық мұнай және Солтүстік Бұзашы кен орнының 150-ден астам жұмысшысы қол қойған.

Елдешовтің сөзінше, жұмысшылардың талап айтқан наразылығы 23 қыркүйек жергілікті уақыт бойынша 17.00-де басталған. Ол «осы уақыттан бастап жұмысшылар кен орнына барғанымен ешқандай жұмыс істемей отырғанын» айтады.

«СИНОПЭК Қазақстан халықаралық мұнай қызметі компаниясынан» және Маңғыстау облысы әкімдігінен осы жайтқа байланысты пікір алу мүмкін болмады. Тек Мағыстау облысы еңбек департаменті бастығының орынбасары Шыңғыс Дүйсенов «қазір жұмысшылар мен компания арасында келіссөз жүріп жатқанын» айтты. Ол жұмысшылардан департаментке бұған дейін жалақы мәселесіне қатысты шағым түскенін растады.

Теңге құнсызданып, инфляция күшейген тұста Қазақстанның батысында мұнайшылардың жалақы өсіруді талап еткен наразылық шаралары көбейді. Бұған дейін болған жұмысшылар наразылығында компаниялар жұмысшылардың талабын орындаған.

Abai.kz

1 пікір