Жұма, 26 Сәуір 2024
Ғибырат 39152 1 пікір 25 Қыркүйек, 2019 сағат 12:33

Тәрбиемен берілген білім – өлшеуі жоқ қазына

Атақты ойшыл Әбу Насыр әл Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес,  тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген  білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген екен. Бұл сөздің растығын өмір тәжрибесі талай мәрте дәлелдегені белгілі. Осы орайда біздің ата-бабаларымыз тәрбиенің орны бөлек екенін жақсы білген. Өйткені ұрпаққа үлгілі тәрбие бере алу – қоғамның өзін, елдің тірегін қалыптастыру.  Соның ішінде балаға өнегелі тәртіп пен құқықтық тәрбие бере білу – өлшеуі жоқ қазына.

Әрине, біз қашанда балаларға жан-жақты құқықтық тәрбие беруді жетілдіріп отыру –  басты парыз дейміз.  Бірақ сол тәрбие беруде үнемі кеш қалатынымыз ешкімді ойландырар емес. Ата-бабамыз баланың тәрбиесі бесіктен бастау алатынын айтудай-ақ айтқан. Бірақ көбіміз бүгінгі ұрпақтың, яғни ертеңгі ел тірегінің ақыл-парасаты мол, мәдениеті озық, саналы өсуі, оның кейін есейгенде жияр біліміне ғана байланысты емес, ең алдымен құрсақтан берілетін иманды әдет-ғұрып, өнегелі салт-дәстүр, ұлттық болмыспен келетін тәрбие көзінде жатқанын ескере бермейміз. Қазіргі жастарды білімсіз, ештеңе көрмеген деп айта алмайсыз. Жастарымыздың дені мектеп бітірісімен, елдегі қалаған оқу ордаларына немесе  шет елдің іргелі оқу орындарына барып, әлемнің озық күйі мен білімін игеріп қайтады. Ал бірақ олардың бойында ата-бабамыз қалыптаған ұлттық тәрбие өзегі бар ма? Өйткені мектепте боз балалардың топтасып қарашадай баланы зорлайтыны, үлкенге – ізет, кішіге құрмет көрсетілмейтіні, жап-жас қыздардың бірін-бірі шаштан сүйреп, нәзіктіліктен жұрдай болатыны, тепсе темір үзетін жігіттердің ұрлыққа түсіп, бір отбасын түгел қырып кететіні, өз тілін менсінбей, өзге тілде сайрайтыны, көздері жәудіреген көп балалы отбасыларына бір жетім бұрыш бұйырмай жатқанда, мұрты майланған жемқорлардың түйені түгімен асап астамшылық жасайтыны – ненің салдары деп ойлайсыз?

Әрине елге халыққа адал қызмет етіп, үлгілі ісімен өнеге болып жатқан айтулы азаматтар аз емес.  Дегенмен бұл өмірде бәрі өз уақытылы, өз орнымен қалануы тиіс. Адам баласы туған елінің, халқының мүддесіне сай мемлекетке қызмет ете алуы керек. Олай болмаған жағдайда өзгенің күйін күйттейді. Баяғыда бір патша өзінің қол астындағы елдің атақты данышпанына баласын тәрбиелеуге беретінін айтыпты. Мұны естіген данышпан тәрбиеге берілетін бала неше жаста екенін сұраған ғой. Сонда патша баласының екі айға енді толғанын жеткізсе, әлгі данышпан: «Балаңның тәрбиесін ойлағаның жөн екен, бірақ кеш қалыпсың» депті. Бұған түсінбеген патша: «Не айтып тұрсың? Ана сүтінен әлі аузы кеппеген, буыны қатпаған, бесіктен белі шықпаған балаға тәрбие берудің кештігі қалай?!», – деп шамданыпты. Сонда данышпан қария: «Баланы құрсақтан тәрбиелеу керек еді», – деген екен. Көрдіңіз бе, нағыз тәрбие төркіні тереңде жатқанын осыдан да аңғаруға болар. Ұлтжанды адам мұндай мысалдардың астарында өмірлік тәжірибе мәні жатқанын түсінеді. Ендеше келешек ұрпаққа тәлімді тәрбие беру ісі әркімнің өз тәрбиелік ісінен басталатынын қоғамымыз ұмытпаса екен дейміз. Себебі «Не ексең – соны орасың» деп, бекер айтылмаған.

Сәлім мектепте өте жақсы оқыды. Бастапқыда  оқу озаты да атанды. Бірақ бірте-бірте ол жолдан жаңылды. Сабаққа бірде келсе, бірде келмеді. Ұстаздардың сөзі оған өтпеді. Ал бұл кезде оның ата-анасы өз бастарымен әуре еді: бірде жұмыс істесе, бірде қайыр сұрағандай тентіреп кетеді. Сәлімге қарауға шамасы болмады. Сөйтіп жүргенде ұрлыққа түсіп, екеуі де сотталып тынды. Сосын Сәлімді басында шағын баспасы бар, зейнетақысы бар әжесі қолына алды. Ресми өкілдер де, Сәлім қайғылы оқиғадан сабақ алып, әжесіне қолқанат болар деп ойлады. Бірақ Сәлім санасында ұяда алғаны, өсе келе көргені жатталып қалды. Жақсы сөз, жақсылық жасау оған жат көрінді. Өзін баққан әжесі де оған жат болды. Ақыры бірде ақша талап етіп,  ұрыс кезінде қайран әжесін өлтіріп, қашып кетті. Ұсталып, бас бостандығынан айырылды. Бұл бір ғана мысал. Ал тізе берсек, тек мектеп оқушылары, студенттер ішінде ғана емес, ел қорғаны дейтін әскер арасында да құқық бұзып, тәрбиенің жоқтығын көрсетіп жатқандар қаншама!

Ендеше  мектеп оқушылары, студенттер мен әскерге шақырылушылар арасындағы білім мен мәдениеттіліктің деңгейі де жалпы құқықтық тәртіпке, тәрбиелеу ісіне тікелей әсер етеді десек, артық айтқандық емес-ау. Осындай да ұзақ жылдар әскерде қызмет еткен, құқық танушы, ардагер полковниктің мына сөзі көңілге қонатындығын жасыра алмаймыз. «Ата-баба тәрбиесінен кенде қалған ұрпақпыз. Мұны ойлап жатқандар аз. Ұлт туралы, ұлтжандылық туралы айтатындар көп, ал солардың өз ісіне үңілсең – жаңың ашиды. Сәби кезінен ана сүтімен келетін тәрбиеден алыстап, тек құлаққап киіп, компьютер, интернетпен өскен жастардан инабатты келін, жақсы күйеу, рухы мықты Отан қорғаушы шығады дегенге сену қиын. Оның үстіне осы ғаламтор әлеміне енген қазіргі заманда жастар осы интернет иіріміне батып бара жатқандай көрінеді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді халық даналығы. Тал бесіктен басталған тәрбие мектепте, одан әрі жоғары оқу орнында жалғасын тапқанда ғана нәтижелі болады. Ол үшін жаңадан велосипед ойлап шығарудың қажеті жоқ, қолымыздан сусып кеткен текті ата-баба  тәрбиесін қайта жаңғыртпасақ болмайды. Барлық жерде бірыңғай ата-баба тәрбиесі керек».

Рас сөз. Он сегізге толған жас – жаманды да, жақсыны да сезіп, көріп, барлық тәрбиені бойына сіңіріп, өмірге қадам басқан азамат. Өкінішке орай, оны қайта тәрбиелеу қиын. Ол кезде «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» дейтін кезең өтіп кетеді. Демек, Абай атамызға құлақ түрсек: «Баламды медресеге біл деп бердім, Шен алсын, шекпен алсын деп бермедім...» - деуі арқылы  адамның борышы шен - шекпен емес, тәрбие арқылы туған халқына қызмет ету дегенді меңзегенін ескеру қажет. Ендеше елдігімізді ерте қамдаймыз десек, «Бір жылын ойлаған күріш егеді, он жылын ойлаған ағаш егеді, ал жүз жылын ойлаған бала тәрбиелейді», деп айтылғандай, құрсақтан берілетін тәрбиенің орны бөлек екенін ескерген жөн. Сонда осы тәрбиемен бармақтай болса да берілген білімнің қоғам үшін өлшеусіз қазына болып оралатыны да сөзсіз. Ал біздің шенеуніктердің қайсысын осы тәрбиемен білім алған деп атар едік?

Александр Тасболат

Abai.kz

1 пікір