Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
3486 1 пікір 24 Қыркүйек, 2019 сағат 14:07

Қызылорда облысының әкімі қамкөңіл жандармен кездесті

«Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында партияның Қызылорда облыстық филиалы төрағасы, облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесті, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.

Жиында қамкөңіл жандар облыс әкіміне өз ұсыныс пікірлерін жеткізді. Кездесу барысында аймақ басшысы жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы айта келе:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мүмкіндігі шектеулі адамдарға, оның ішінде мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасыларға ерекше назар аударуды, олар үшін тең мүмкіндіктер жасауды тапсырған болатын. Бұл бағытта облыста ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда облыста 30 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Олардың өмір сүру деңгейін жақсарту үшін 2013 жылдан бастап әр екі жыл сайын арнайы жол картасы бекітіледі. Соңғы алты жыл ішінде осы жол картасын жүзеге асыру үшін әлеуметтік төлемдерді есептегенде бюджеттен 23 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалды. Биыл осы мақсатқа 937 млн.теңге бөлініп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есеге арттық. Әлеуметтік оңалту шараларын орындауда біз соңғы 3-4 жыл көлемінде республика бойынша бірінші орында келеміз. Үстіміздегі жылы аймақта оңалту шаралары 80 пайызға орындалып, республика бойынша орташа есеппен 57 пайызды құрап отыр. Бұл жылдан жылға көбеймесе, азаймайды,- деді аймақ басшысы.

Кездесуде барысында мүмкіндігі шектеулі азаматтар жәрдемақыны тағайындау, тегін дәрі-дәрмектер алу, өзге өңірлерге барып ем қабылдау үшін квота бөлу, жолда жүру жеңілдіктері, сондай-ақ, ғимараттарға, оның ішінде жаңадан салынатын ғимараттар мен тұрғын үйлерде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыру секілді мәселелер көтерді. Қозғалған мәселелерге байланысты облыс әкімі:

– Ерекше қажеттілігі бар жандардың жүріп тұруына көптеген кедергілер бар екенін жақсы білемін.Барлық проблемаларды бір күнде шешіп тастау мүмкін емес. Әліде шешімін таппаған мәселелер бар. Солардың бірі әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі. Дегенмен қала инфрақұрылымы ол үшін әлі де толық бейімделмеген. Осы мақсатта «Nur Otan» партиясымен қабылданған «Кедергісіз келешек» жобасы аясында тиянақты жұмыстар қолға алынды. Барлығы қарыжыға келіп тірелгендіктен олар кезең –кезеңімен шешілетін болады,- деп атап өтті.

Сондай-ақ, еркін форматтағы кездесуде сырдариялық ақын Нұрмұхамед Әбілқасымов Қуанышбек Досмайылұлына «Тасжарған» кітабын табыс етті.

Өз кезегінде аймақ басшысы айтылған ұсыныс-пікірлердің барлығы назарға алынып, сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктелетінін жеткізді.

Abai.kz

1 пікір