Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
2901 0 пікір 24 Қыркүйек, 2019 сағат 13:11

Арал ауданының прокурорлары шалғайдағы елді-мекен тұрғындарымен кездесті

Бүгінде халықтың әлеуметтік һәм құқықтық сауатты болуы аса маңызды. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан да іргелі істері атқарылып жатыр. Мәселен, жуырда Қызылорда облысы, Арал ауданында жергілікті прокуратураның ұйымдастыруымен “Халқыма қызмет керуені” тақырыбында акция өтті.

Аталған шараның мақсаты – ауданға қарасты шалғай елді-мекен тұрғындарының әлеуметтік жағдайын көтеру сонымен қатар, жергілікті халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру. Және, өңірдегі халықтың ең өзекті, маңызды мәселелеріне назар аудару.

Акция аясында аудан прокуроры Асхат Тәженов пен аудандық полиция бөлімінің басшысы Нұрбол Әбдіразақ: Қаратерең, Бөген, Жаңақұрылыс, Қосжар, Аманөткел, Қызылжар, Қамыстыбас, Ақбай, Аралқұм елді мекендерінің жай-күйімен танысып, тұрғындармен кездесті.

Кездесу барысында жергілікті тұрғындардың қылмыстық, құқық бұзушылық ахуалы, жер мәселесі, коммуналдық мәселелер, әлеуметтік қамсыздандыру, медициналық қызмет сапасының көрсетілуі, тиесілі амалдардың тегін дәрі-дәрмектермен қамтылуы, мүгедек жандардың құқықтарының сақталуы, кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Сәйкесінше, жергілікті халықтың талап – тілегін, олардың түйіткілді мәселелеріне сала басшылары жауап беріп, назарға алды.

Осы орайда, аудан прокуроры әлеуметтік мәселелермен қатар, халық арасындағы қылмыстық ахуалды, алаяқтық, мал ұрлығы, кәмелет жасқа толмағандар арасындағы құқық бұзушылық, бұзақылық және жол жүру ережелерін қатаң сақтап, жол-көлік оқиғаларынан сақ болуға шақырды.

Сонымен қатар, аудан бойынша алаяқтықтың бірнеше деректері тіркелгендігін айта келе, түрлі алаяқтық түрлерінен, соның ішінде ғаламтор арқылы өршіп тұрған ақша жымқыру, тұрғындардың сеніміне кіру арқылы алдап ақша алу деректерінен сақтануды ескертті.

Мұнан өзге, кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдердің жыныстық еркіне қол сұғумаушылық, әлеуметтік желіні қолдануы нәтижесінде дәстүрлі емес діни ағымдарға еліктеушілігі, басқа да рұқсат етілмеген сайттарға кіру, өз-өзіне қол жұмсау сынды мәселелеріне тоқталып, аталған жайттардан ата-аналар мен мектеп ұжымы тарапынан оқушыларды қатаң бақылау қажет екендігін тапсырды.

Кездесу соңында ынта білдірген тұрғындар арасында жеке қабылдау өткізілді.

Айта кету керек, акция одан әрі ағымдағы жылдың 24 қыркүйегі – Сексеуіл кенті, Шижаға, Сазды ауылдарында, 25 қыркүйегі – Қосаман, Ақеспе, Мергенсай ауылдарында, 26 қыркүйегі – Жақсықылыш кенті, Тоқабай, Сапақ ауылдарында жалғасатын болады.

Abai.kz

0 пікір