Жұма, 19 Сәуір 2024
Саңлақ 7606 5 пікір 23 Қыркүйек, 2019 сағат 12:25

Әлем біріншілігінен 1 алтын медаль ғана бұйырды

8-21 қыркүйек аралығында Ресейдің Екатеринбург қаласында бокстан ХХ әлем чемпионаты өтті. Ресей жерінде 91 елден келген 488 спортшы бақ сынады.

Айта кетерлігі, кезекті жаһандық додада боксшылар 8 салмақ санатында ғана өнер көрсетті. Оның үстіне, Олимпиадаға жолдама берілген жоқ. Басынан дауы арылмаған AIBA-ға әбден өкпелеген Халықаралық Олимпиада комитеті Олимпиада лицензиясын өздері беретін болды. Ол үшін ХОК келесі жылы арнайы іріктеу турнирін өткізбек.

Шынын айтқанда, әуесқой бокстың басынан бақ тайды. Төрешілердің бұра тартуы мен бармақ басты - көз қыстылық әлемдік аренадағы бокстың беделін тым төмендетіп жіберді. Тіпті халықаралық Олимпиада комитеті боксты 2020 жылғы Олимпиада ойындарының бағдарламасынан алып тастауы да мүмкін еді. Абырой болғанда, ХОК бұл қадамға барған жоқ. Тек іріктеу құқығын өз қолдарына алды.

Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына 1993 жылдан бері қатысып келеді. Қазақстандық боксшылар өздері қатысқан 13 әлем біріншілігінде 11 алтын, 12 күміс, 17 қола медальге қол жеткізген. Чемпионат тарихындағы жалпы командалық есепте төртінші орында тұр. Біздің алдымызда Куба, КСРО/Ресей және АҚШ құрамасы ғана бар.

Біздің құрама үшін ең табысты әлем чемпионаты 2013 жылы өз жерімізде, Алматыда өтті. Ол кезде біздің боксшылар 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды. Қазіргі құрама сапында ол кездегі жігіттерден тек Қайрат Ерәлиев қана қалды.

Ал 2015 жылы Катарда өткен әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасына екі қола медаль ғана бұйырды. Оларды Данияр Елеусінов (69 келі) пен Иван Дычко (91 келіден жоғары) жеңіп алды.

Араға тағы екі жыл салып өткен 19-шы кезекті әлем чемпионаты да біз үшін аса табысты бола қойған жоқ. Германияның Гамбург қаласында Мырзағали Айтжанов шәкіріттері 1 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль алды. Жалпы командалық есепте Куба мен Өзбекстаннан кейінгі үшінші орынға жайғасты.

Қазақстан құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев Екатеринбургке төмендегі 8 боксшыны ертіп барған.

52 келі: Сәкен Бибосынов
57 келі: Қайрат Ерәлиев
63 келі: Зәкір Сафиуллин
69 келі: Абылайхан Жүсіпов
75 келі: Тұрсынбай Құлахмет
81 келі: Бекзат Нұрдәулетов
91 келі: Василий Левит
+91 келі: Қамшыбек Қоңқабаев.

Ресей жерінде бақ сынаған 8 саңлақтың жетеуі ширек финалға шықты. 63 келіге дейінгі салмақ санатында өнер көрсеткен Зәкір Сафиуллин ғана 1/8 финалда жарысты аяқталды. Ол Куба боксшысы Энди Круске есе жіберді.

52 келі: Сәкен Бибосынов - Юберхен Мартинес (Колумбия) 5:0
57 келі: Қайрат Ералиев - Чатчай Бутди (Тайланд) 5:0
63 келі: Зәкір Сафиуллин - Энди Крус (Куба) 0:5
69 келі: Абылайхан Жүсіпов - Ник Бир (Германия) 5:0
75 келі: Тұрсынбай Құлахмет - Хавьер Мартинес (АҚШ)
81 келі: Бекзат Нұрдәулетов - Кено Машадо (Бразилия) 4:1
91 келі: Василий Левит - Марат Григорян (Украина) 5:0
+91 келі: Қамшыбек Қоңқабаев - Аюб Гадф (Испания) техникалық жеңіс.

Ширек финалға шыққан жеткі боксшымыздың біреуі жарысты осы кезеңде аяқтады. Бұл Қайрат Ерәлиев (57 келі) өзбек боксшысы Миразизбек Мирзахалиловтен жеңілді. Сөйтіп, құрамадағы ең сақа екі боксшы қатардан шығып қалды.

Ширек финалдық кездесулер:

52 келі: Сәкен Бибосынов — Артур Оганесян (Армения)
57 келі: Қайрат Ералиев — Миразизбек Мирзахалилов (Өзбекстан)
69 келі: Абылайхан Жүсіпов — Роан Поланко (Доминикан Республикасы)
75 келі: Тұрсынбай Құлахмет — Арман Дарчинян (Армения)
81 келі: Бекзат Нұрдәулетов — Байрам Малкан (Түркия)
91 келі: Василий Левит — Хуссейн Яшаиш (Иордания)
+91 келі: Қамшыбек Құнқабаев — Нелви Тиафак (Германия).

Сөйтіп жартылай финалға алты қазақстандық жолдама алған. Бұл көрсеткіш бойынша жарыс қожайыны Ресей (4) мен басты қарсылас Өзбекстанды (5) басып озған едік. Алайда ақтық сынға тек екі боксшымыз ғана өтті. Бұл жолы Сәкен Бибосынов, Абылайхан Жүсіпов, Тұрсынбай Құлахмет және Василий Левит жеңіліске ұшырады.

Жартылай финалдық кездесулер:

52 келі: Сәкен Бибосынов - Амит Пангхал (Үндістан)
69 келі: Абылайхан Жүсіпов - Андрей Замковой (Ресей)
75 келі: Тұрсынбай Құлахмет - Эймур Марисаль (Филиппин)
81 келі: Бекзат Нұрдәулетов - Хулио Сезар Ла Круз (Куба)
91 келі: Василий Левит - Хулио Сезар Кастиллио (Эквадор)
+91 келі: Қамшыбек Қоңқабаев - Джастис Хуни (Австралия).

Ақтық сында жұдырықтасқан қос қабыланның да біреуі ғана жеңіске жетті. 81 келіде жұдырықтасқан жас боксшы Бекзат Нұрдәулетов әлем чемпионы атанды. Ал Қамшыбек Қоңқабаев ескі қарсыласы өзбекстандық Баходир Жалоловқа есе жіберді.

Финалдық кездесулер:

81 келі: Бекзат Нұрдәулетов - Диолшодбек Рузметов (Өзбекстан)
+91 келі: Қамшыбек Қоңқабаев - Баходир Жалолов (Өзбекстан).

Бекзат Нұрдәулетов

Сонымен, кезекті әлем біріншілігін 1 алтын, 1 күміс, 4 қола медальмен қорытындылады. Жалпы командалық есепте тағы да үшінші орын алды. Бізден бір саты жоғары орынға 3 алтын, 1 қола медаль алған Ресей жайғасты. Ал 3 алтын, 1 күміс, 1 қола медальмен өзбек боксшылары көш бастады.

Осылайша, соңғы үш әлем чемпионатында (2015, 2017, 2019) да Өзбекстан боксшыларына есеміз кетті. Бұдан бөлек, 2017, 2019 жылғы Азия чемпионатында, 2016 жылғы Олимпиада ойындарында, 2017 жылғы Азия ойындарында ала шапанды ағайындардан қалып кеткеніміз бар.

52 келі

Сәкен Бибосынов елімізде өткен соңғы екі турнирде топ жарды. Биыл мамыр айында Қызылордада өткен Қазақстан Республикасының V Спартакиадасында және шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында өткен ҚР Президенті Кубогында қарсылас шыдатқан жоқ.

Ал Екатеринбургте қола медальге қол жеткізді. 1997 жылы дүниеге келген жас боксшы үшін жаман көрсеткіш емес. Бұл салмақта алтын медальді өзбек боксшысы Шахобидин Зоиров жеңіп алды. Ол финалда үндістандық Амит Пангалды ұтты.

57 келі

Бұрынғы бапкер Айтжановтың сүйікті боксшыларының бірі Қайрат Ерәлиев "қартая" бастағанына қарамастан, Ресейде бақ сынады. Құрамадағы ең сақа боксшы бұған дейін әлем біріншілігінен 1 алтын, 1 қола медал алған. Бірақ, соңғы кездері ірі турнирлердегі нәтижесі нашар. Азия чемпионатында ширек финалда сүрінді, Президент Кубогында қола медальді қанағат тұтты.

Қайрат бұл жолы ширек финалда сүрінді. Боксшымыздың жолына кесе-көлденен тұрған өзбекстандық Миразизбек Мирзахалилов осы турнирде түбі топ жарды. Финалдық кездесуде Миразизбек үш дүркін әлем чемпионы кубалық Ласоро Альварестен басым түсті.

63 келі 

Бұрынғы 64 келі мен 60 келінің арасынан пайда болған жаңа салмақ дәрежесі. Өкініштісі, бұл екі салмақта да бірқатар жақсы боксшыларымыз бар еді. Таиландта өткен Азия чемпионатында 60 келіде Зәкір Сафиуллин күміс, 64 келіде Санатәлі Төлтаев қола медаль алған. Осы екеуінің арасынан таңдау 32 жастағы Зәкір Сафиуллинге түскен екен. Ал 1999 жылы дүниеге келген егіз боксшы Саматәлі, Санатәлі Төлтаевтарға бұл жолы мүмкіндік берілмеді.

Зәкір Сафиуллин Екатеринбургте 1/8 финалда сүрінді. Зәкірді жеңген Куба боксшысы Энди Крус бұл салмақта топ жарды. Ол ақтық кездесуде АҚШ спортшысы Кейшон Дэвисті жеңді.

69 келі

«Қазақтың салмағы» атанған 69 келіде қазақтың жолы болмай жүр. Абылайхан Жүсіпов пен Асланбек Шымбергенов екеуі де мықты боксшылар. Бірақ, ірі турнирлерде "алтын" алмағандарына көп болды. Шымбергенов 2018 жылы Азия ойындарында, биыл Азия чемпионатында өзбек Бобо Усман Батуровтан жеңілді.

Ал осы жолы ел үмітін арқалаған Абылайхан Жүсіпов "қоланы" қанағат тұтты. Ол жартылай финалда өзінен он жас үлкен Андрей Замкавойдан жеңілді. 32 жастағы ресейлік боксшы ақтық сында англиялық Пэт Маккормакты жеңіп, чемпион атанды. Дәл осы Замкавой 2012 жылы Лондон қаласында өткен Олимпиадада Серік Сәпиевтен 1/2 финалда ұтылған болатын.

75 келі

Бұл салмақтың көшбасшысы Әбілхан Аманқұл болғанымен, Тұрсынбай Құлахмет жанкүйер қауымның көңілінен шыққан. Биыл Азия чемпионатын топ жарды, кезінде Әбілханды жеңген өзбек боксшысы Исраил Мадримовты Таиланд жерінде қуалап жүріп сабады. ҚР Президенті кубогында да қарсылас шыдатқан жоқ.

Оның үстіне Әбілхан Аманқұлды жарақаты мазалап жүр. Егер осы жолғы әлем чемпионатында жеңіске жетсе, Тұсынбай 75 келіде тізгінді өз қолына алар еді. Алайда 25 жастағы боксшы Ресейде сәл сәтсіздікке ұшыларды. Жартылай финалда филипиндік Эумир Марсьяльдан жеңілді. бұл салмақтың "алтынын" дәл осы Марсьяльді жеңген ресейлік Глеб Бакши алды.

81 келі

Бұл салмақтың мықтысы Бек Нұрмағанбет болатын. 1998 жылы дүниеге келген Бек Азия чемпионатында еш қиындықсыз жеңіске жеткен. Бірақ, Бек жарақат алып қалғандықтан әлем чемпионатына Бекзат Нұрдәулетов барған.

Нұрдәулетов құрдасының орнын жоқтатқан жоқ. Мамандар осы кезекті әлем чемпионатының басты сенсациян осы жігіт жасады деп жүр. Жас боксшы 1/2 финалда 2016 жылғы Олимпиада чемпионы, төрт мәрте әлем біріншілігінің жеңімпазы Хулио Ла Крузды жеңді. Ал ақтық сында өзбекстандық Диолшодбек Рузметовты айқын басымдылықпен жеңіп, ел қоржынына жалғыз алтын медальді салды.

Айта кетерлігі, Бекзат биыл мамырда Қазақстан Спартакиадасына 91 келіде қатысып, қола медаль алған. Ал шілдеде Президент кубогында 81 келіде өнер көрсетіп, күміс медалге қол жеткізген болаты.

91 келі

91 келіде бірінші номерлі боксшы Василий Левит. Бірақ жасы 31-ге келген Левитті Таиландта өткен Азия чемпионатында кәріс боксшысы нокаутқа түсіріп кеткен болатын.

Бірақ бапкерлер бұл жолы да Левитке үміт артқан еді. Алайда үміт тағы ақталмады. Қола медаль алды дегенімізбен, аса тәжірибелі Левит үшін бұл сәл жеткіліксіз нәтиже. Левит жартылай финалда эквадорлық Хулио Кастильоға есе жіберді. Ал Кастильо ақтық сында жарыс қожайыны Муслим Гаджимагомедовтан жеңіліп, күміс медаль алды.

Бұл салмақта 2000 жылы дүниеге келген Айбек Оралбайдың қарқыны жақсы. Жас Айбек жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының жеңімпазы, Қазақстан Спартакиадасының чемпионы.

Биыл шілдеде өткен Президент кубогының финалында екі боксшының жолдары түйісті. Тартысты өткен жекпе-жекте Левит төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Тәжірибесі аздау, физикалық тұрғыдан сәл жеткіліксіз демесеңіз Айбектің деңгейі Василийден еш кем емес. Алдағы уақытта 91 келіде көшбасшы ауысары сөзсіз.

+ 91 келі

Бұл салмақта біздің елде Қамшыбек Қоңқабаев көшбасшы. Бірақ әлемде екінші орыннан асар емес. Азия чемпионатында екі рет (2017, 2019), әлем чемпионатында екі рет (2017, 2019) күміс алды. Осы төрт финалдың үшеуінде өзбекстандық Баходир Жалоловтан жеңілді.

Бойы 2 метр (198 см) Жалолов әуесқойдан гөрі, кәсіпқойға жақындау. Кәсіпқой бокста 7 жекпе-жек өткізіп үлгерген. 25 жастағы Жалоловты жеңу қазірше Қоңқабаевқа мүмкін болмай тұр. Мүмкін келесі жолы Токиода сәті түсер...

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

5 пікір