Сенбі, 20 Сәуір 2024
4744 1 пікір 18 Қыркүйек, 2019 сағат 11:27

«Ақ жол» партиясы «ХХI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық Байқауын жариялайды

Байқаудың басты мақсаты – Алаш қозғалысының саяси тәжірибесін, экономикалық ұстанымын және рухани мұрасын қазіргі Қазақстан қоғамын жаңғырту контексінде зерделеу мен насихаттау.

Байқауға Алаш қозғалысы тақырыбында зерттеулермен айналысып жүрген 18-35 жас аралығындағы Қазақстан және шетел азаматтары қатыса алады.

Байқау жұмыстары қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қабылданады.

Байқау келесі  номинациялар бойынша өткізіледі:

1. Алаш қайраткерлерінің мемлекеттілік туралы идеяларының қазіргі Қазақстан қоғамы үшін өзектілігі мен маңыздылығы:

–          Алаш және парламентаризм;

–          Алаш және дипломатия;

–          Алаш және саяси партиялар;

–          Алаш және мемлекетті басқару формасы;

–          Алаш және демократиялық құндылықтар,

–          Алаш және құқықтық сана, т.б.

2. Алаш ұстанымы және бүгінгі ұлттық экономикамен әлеуметтік саланы жетілдіру мәселелері:

–          Алаш қайраткерлерінің көшпелі және отырықшы шаруашылық туралы пікірталастары;

–          Қазақстанның шикізат қоры және өнеркәсіпті дамыту;

–          Алаш және еңбек қоғамын қалыптасыру;

–          Алаш және нарық;

–          Алаш және салық мәселесі, т.б.

3. Ұлы Дала жетістіктерінзерделеудегі Алаштың рухани мұрасының орны:

–          Алаш қайраткерлерінің түркі әлемінің генезисі туралы зерттеулері;

–          Алаш қаламгерлері шығармашылындағы «Алтай», «Түркістан», т.б. киелі ұғымдардың бейнесі;

–          Алаш және мәдени код;

–          Алаш идеялары және ұлттық бренд, т.б.

БАҚ журналистері үшін арнайы номинация

4. Бүгінгі заман контексіндегі Алаш:

–          Публицистік мақалалар;

–          Деректі фильмдер;

–          Хабарлар;

–          Репортаждар;

–          Журналистік зерттеулер;

–          Сұхбаттар;

–          Ток-шоу шығарылымы.

Байқау үш кезеңнен тұрады:

1-кезеңде  Байқауға келіп түскен жұмыстарға қазылар алқасы сараптама жасап, іріктеуден өткізеді.

2-кезеңде  үздік 40 жұмыстың авторлары тақырыбы бойынша баяндама жасап, өз номинациясындағы қарсылас үміткерлермен пікірталасқа түседі.

3-кезең Алашорда үкіметінің құрылған күні қарсаңында, желтоқсан айында өткізіледі. Байқаудың ақтық сынына қатысушылар өз жұмыстарын қорғап, қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады.

Байқау шарттары:

  1. Жұмыс бір адамның (жеке үміткердің) атынан  және өзі көрсеткен номинация бойынша ұсынылады;
  2. Жұмыста Алаш қайраткерлері көзқарастарының бүгінгі дәуірмен сабақтастығы міндетті түрде қамтылуы тиіс;
  3. Плагиатқа (басқа авторлардың дайын жұмыстарын көшіріп ұсынуға) жол берілмейді;
  4. Шығарма бастақырыбының оның мазмұнына сәйкес келгені және тапқыр да жинақы қойылғаны мақұлданады;
  5. Жұмыста сілтеме жасалған дереккөздер дәл, нақты және шынайы болуы қажет;
  6. Талапқа сай безендірілмеген және мерзімінен кеш жолданған жұмыстар қабылданбайды.
  7. Осыған дейінгі жеңімпаздар Байқауға қатыса алмайды.

Мақаланы (эссені) рәсімдеу талаптары:

Мәтін 14 өлшемді Times New Roman қарпімен теріледі; жоларалық интервал – 1; абзац шегінісі – 1,25 см; беттің оң жағынан – 3 см, үстіңгі және астыңғы жағынан –  2 см, сол жағынан 1,5 см кеңістік қалдырылады.

Байқауға қатысу туралы өтініште жұмыс авторының толық аты-жөні, туған жылы, тұрғылықты мекен-жайы, қызмет (оқу) орны, ғылыми дәрежесі (бар болса), ұялы байланыс телефоны мен электронды поштасы толық көрсетіледі.

Мақаланың (эссенің) көлемі 10 беттен аспауы тиіс.

Байқауға ұсынылатын жұмыстар  2019 жылдың 1 қазанына дейін қабылданады.

Байқаудың жүлде қоры – 4 миллион теңге. Ол келесі тәртіп бойынша бөлінеді:

2-кезеңге жолдама алған үміткерлердің әрқайсысына (ақтық сынға өтетін 12 қатысушыдан басқасына) 25 мың теңгеден қаржылай сыйлық беріледі.

Ақтық сайыс қорытындысы бойынша номинацияның жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне берілетін қаржылай сыйлық көлемі:

Бірінші орын – 300 000 (үш жүз мың) теңге;

Екінші орын – 200 000 (екі жүз мың) теңге;

Үшінші орын – 100 000 (жүз мың) теңге.

Жеңімпаздар  мен жүлдегерлерге Жалпыұлттық «Алаштың Ақ жолы байқауының лауреаты» төсбелгісі табысталады.

Байқау жеңімпаздары (1-орын) мен жүлдегерлерінің (2,3-орындар) мақалалары жеке жинақ түрінде жарық көреді.

Байқаудың 2 және 3-кезеңдеріне қатысушылардың іссапар және жатын орын шығындары «Ақ жол» ҚДП  тарапынан төленеді.

Байқау жұмыстары «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» белгісімен «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы Орталық аппаратының мекен-жайына (Нұр-Сұлтан қаласы, Мәңгілік ел, 30, «Ақ жол» ҚДП кеңсесіне) немесе alash_akzhol@mail.ru; akzholpress@mail.ru электрондық поштасына жолданады.

Abai.kz

1 пікір