Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2950 3 пікір 17 Қыркүйек, 2019 сағат 11:08

Трамп мұнай нарығын тұрақтандыру үшін АҚШ резервін ашуға дайын

АҚШ президенті Дональд Трамп қажет болған жағдайда елдің стратегиялық мұнай қорын пайдалануды тапсырды. Бұл туралы Трамп твиттер арқылы хабарлады.

Бұған қоса Трамп Сауд Арабиясындағы мұнай базасына кімдер шабуылдағанын АҚШ білетінін, бірақ Эр-Рияд тергеуінің нәтижесін күтетінін мәлімдеді.

The Washington Post газетінің дереккөзге сілтеме жасап хабарлауынша, АҚШ әкімшілігі шабуылға қарсы жауап беру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Басылым мәліметіне қарағанда, жексенбі күні Трамп АҚШ қорғаныс министрі Марк Эспермен кездескен. Газет бұл кездесуде нақты не талқыланғанын хабарламады.

Жексенбіге қараған түні Сауд Арабиясының шығысындағы Saudi Aramco компаниясының мұнай базаларын он дронмен атқылаған. Соның салдарынан әлемдегі мұнай нарығында шикі мұнай тапшылығы бес пайызға дейін жетті.

Шабуыл жауапкершілігін Йемендегі хуситтер тобы мойнына алған. Бүлікші топты Иран қолдап отыр.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео шабуылға Иранды айыптады. "Тегеран әлемнің мұнай нарығына бұрын болмаған соққы жасады" деп мәлімдеді ол. Иран айыптауларды жоққа шығарып отыр.

Сауд Арабиясындағы оқиғадан соң әлем нарықтарында мұнай бағасы көтерілді. Brent маркалы мұнай фьючерстерінің құны Лондон биржасында 13 пайызға көтеріліп, барреліне 70 долларға жақындап қалды.

Abai.kz

3 пікір