Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
2581 3 пікір 17 Қыркүйек, 2019 сағат 09:08

Ресей "Орталық Азия қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған" оқуларын бастады

Ресейдің дәстүрлі "Центр-2019" стратегиялық оқу-жаттығулары 16 қыркүйекте басталды. Оқу 21 қыркүйекте аяқталады. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Үндістан, Пәкістан және Өзбекстан әскері қатысады.

Оқу-жаттығуларда Ресейдің Орталық әскери округына ерекше көңіл бөлінеді. Бұл округте әскери оқу-жаттығулар екі мәрте: 2011 және 2015 жылы өткізілген.

Ресей қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, биыл "Орталық Азия қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықаралық терроризммен күрес" мәселелері пысықталады.

Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгудың мәлімдеуінше, оқу-жаттығулар үшінші бір елге қарсы бағытталмаған, онда негізінен "терроризмге қарсы" операцияларға назар аударылады.

Америкалық Jamestown Foundation сараптама орталығының мәліметі бойынша, бұл оқуларға "128 мың адам, 20 мың техника және қару, 600 ұшақ пен тікұшақ, 15 әскери кеме қатысады".

Jamestown Foundation есебінде "Центр-2019" оқу-жаттығулары терроризмге қарсы күрес емес, "халықаралық соғысқа" дайындыққа көбірек ұқсайды".

Abai.kz

3 пікір