Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Саңлақ 8896 14 пікір 12 Қыркүйек, 2019 сағат 14:12

Қазақ футболы қазақты «тонап жатыр»...

«Астана» футбол клубы биыл да Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетеді. Қарсыластары - сербиялық «Партизан», голландиялық АЗ және англиялық «Манчестер Юнайтед».

Елордалық команда осы қарсыластарына қарсы өз алаңында үш ойын өткізеді. Клубтың баспасөз қызметінің жазуынша, топтық кезең аясында өтетін осы үш матчты екі санатқа бөлген екен.

Атап айтқанда, «Манчестер Юнайтедке» қарсы ойын бірінші санатқа жатады. Бұл ойынның билет бағасы 4 мыңнан 55 мың теңгеге дейін болады. Ал АЗ және «Партизан» командаларымен өтетін ойындар екінші санатты ойындар саналады. Бұл кездесулердің билет бағасы 1500 теңгеден 12000 теңгеге аралығында болады.

«Манчестер Юнайтедке» қарсы ойын:

1-ші категориядағы орындардың билет бағасы - 55 000 (елу бес мың) теңге;
2-ші категориядағы билеттер - 40 000 (қырық мың) теңге;
3-ші категориядағы билеттер - 25 000 (жиырма бес мың) теңге;
4-ші категориядағы билеттер - 16000 (он алты мың) теңге;
5-ші категориядағы билеттер - 11,000 (он бір мың) теңге;
6-ші категориядағы билеттер - 4000 (төрт мың) теңге;

АЗ және «Партизанға» қарсы ойындар:

1-ші категориядағы билеттер - 12000 (он екі мың) теңге;
2-ші категориядағы билеттер - 7000 (жеті мың) теңге;
3-ші категориядағы билеттер - 4 000 (төрт мың) теңге;
4-ші категориядағы билеттер - 3000 (үш мың) теңге;
5-ші категориядағы билеттер - 2 000 (екі мың) теңге;
6-ші категориядағы билеттер - 1500 (бір мың бес жүз) теңге;

«Манчестер Юнайтедтің» Еуропадағы ең беделді командалардың бірі екеніне дауымыз жоқ. «Қызыл сойқандар» деп аталатын бұл команданың жанкүйерлері әлемнің әр түкпірінен табылады. Біздің елде де бұларды қолдайтын жандар аз емес. Алайда, дәл осы команда келеді екен деп билет бағасын мұнша шарықтатып жіберу ақылға сыймайды.

Бұның басты себебі, «Астана» онсыз да халықтың есебінен күн көріп отырған клуб. «Астанаға» ел бюджетінен бөлінетін қаржы өте мол. Демек, «Самұрық-қазынаның» сан миллионын сарып етіп отырған команданың билет бағасын шарықтатып, халықты тағы тонауға қақысы жоқ.

«Астана» - «Манчестер Юнайтед» ойынында ең қымбат билет 55 мың теңге. Футбол көруге ыңғайлы орындардағы ең арзан билет 16 мың теңге екен. Ал 5-6-шы категориядағы орындардан ойын тамашалау өте ыңғайсыз. 5-ші категория қос қақпаның арт жағы. Ал 6-шы категория стадионның төрт бұрышында орналасқан. Алайда олардың өзі 11 мың және 4 мың теңге екен.

Қазақстан чемпионаты аясындағы ойындарда «Астана Аренада» билет бағасы 200-500 теңгеден. Ал Еуропа лигасында баға 100 есе қымбаттап отыр. Бұны "тонаушылық" деп бағалаудан басқа амал жоқ.

Себебі, «Астана» жеке демеушісі бар, өз күнін өзі көріп отырған команда емес. Сондықтан олардың басты мақсаты пайда табу емес. Егер пайда тапқысы келсе шетелге ойыншы сатсын немесе демеуші тапсын. Болмаса халықтың ақшасына арқа сүйеп отырып, тағы да халықтың қалтасынан пайда табам деуі орынсыз.

Футбол – өзге елдерде мемлекет қазынасына миллиондаған қаржы құйып отырған табыс көзі. Ал бізде ел бюжетінің майлы жілігін мүжіген масыл спорт. Мәселен, «Манчестер Юнайтед» өткен жылы 139,5 млн фунт табыс тапқан. Бұның сыртында матч көру үшін Манчестер қаласына ағылған миллиондаған турист қала биюджетіне сансыз қаржы құйып отыр. Басқаша айтқанда, бұл командалар мемлекеттен көк тиын алмайды. Қайта, ел қазынасына миллиондарды құяды.

Ал біздің елде Алматының «Қайратынан» басқа бірде-бір командада жеке қожайын жоқ. Бәрін мемлекет қаржыландырады. Миллиондардың бетіне қарамай шетелден сансыз легионерлер шақырады. Оларға айына 10 мың доллардан 100 мың долларға дейін жалақы төлейді. «Астана» сапында 11 шетелдік ойыншы өнер көрсетіп жүр (екеуі Қазақстан азаматтығын алған). Осының бәрі халықтың ақшасы. Сөйте тұра халық өзі асырап отырған команданың ойынын өзі тамашалай алмайды. Билет бағасы удай қымбат.

Енді біздің футболдағы бас айналдырар сандық мәліметтер жайлы.

Жақында «Астана» футбол командасының бас директоры Михаил Гурман QazSport арнасына берген сұхбатында команданың жылдық бюджеті қанша екенін айтты.

- Бұрын «Астананың» жылдық бюджеті 40-50 миллион доллар деп еститінмін. Бірақ мен келгенде бюджет 9 миллиард 800 миллион теңгені құрайтынын көрдім (бұл шамамен 25 миллион доллар). Табыстың негізгі көзі UEFA-ның сыйақылары мен футболшыларды сатудан түсетін қаражат, - деді Гурман.

Бұл жерде клуб басшысының "негізгі табыс көзі UEFA-ның сыйақылары мен футболшыларды сатудан келеді" дегені бос сөз. Себебі, биыл «Астана» Еуропа лигасының топтық кезеңіне өткені үшін UEFA-дан 2,92 млн еуро алды (1 миллиард 241 миллион теңге). Ойыншы сатудан тапқан табысы тіптен аз. Биыл жазда босниялық қорғаушы Марин Аничичті Түркияның «Коньяспор» командасына 90 мың еуроға сатқан. Демек, «Астананың» биылғы жылдық бюджеті 10 миллиад теңгенің 90%-ы мемлекеттің қаржысы.

UEFA ақпаратына сүйенсек, Қазақстанда Премьер-лига клубтарын қамтамасыз ету үшін жыл сайын мемлекеттік бюджеттен 30-40 миллиард теңге бөлінеді. ҚПЛ клубтарының жылдық бюджетінің 81%-ы мемлекеттік бюджет арқылы келеді екен.

ҚПЛ командаларынының әрқайсысына жыл сайын бөлінетін орташа бюджет -  3,1 млрд теңге көлемінде. Бірақ бұл орташа есеп. Біреуде көп, біреуде аз. Мәселен «Астананың» жылдық бюджеті 10 миллиад екенін айттық. Ал өзге клубтарда бұдан азырақ.

Биыл жыл басында 13 депутат Қазақстан Республикасының бұрынғы Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевқа осы мәселе бойынша депутаттық сауал жолдаған. Депутаттар футбол клубтарының шығындарының бірыңғай нормативін белгілеуді сұраған. Сонымен қатар, легионерлер санын азайтуды да ұсынған.

Бұл сұрақтарға наурыз айында жаңа Премьер-министр Асқар Мамин жауап берді. Бірақ, Үкімет басшысының жауаптарынан көтерілген мәселеге нақты жауап алу мүмкін болмады.

«Қазіргі уақытта ұлттық футбол командалары жергілікті бюджет пен демеушілік қаражат есебінен қаржыландырылады. Бұл ретте өңірлердің ерекшелігін, олардың экономикалық жай-күйін ескере отырып, жергілікті атқарушы органдар, салалардың даму басымдықтары негізінде өздерінің футбол клубын қаржыландыру үшін жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражат мөлшерін өздері белгілейді», - деген еді Мамин.

Үкімет басшысының сөзіне қарағанда, жақын арада футбол клубтарына мемлекет қаржысын аямай санап беру тоқтамайтын секілді. Әр аймақ өзі біліп қаржы бөлу сыбайлас жемқорлыққа жол беретіні сөзсіз. Сол үшін аймақтық әкімдіктер қаржыландыру туралы көзқарасын түбегейлі өзгертіп, командаларды ақшаға көміп қоймай, көрсетіп жатқан ойын деңгейіне сай бюджет бөлуі керек. Бөлінген қаржыға сай нәтиже талап ету керек.

Легионерлер санын азайту жайлы да премьер министрдің ойы бұлыңғыр болып шықты.

«Шетелдік футболшыларды кәсіби клубтарға тарту кең таралған әлемдік тәжірибе. Мәселен, Голландия және Италияда легионерлерге шектеу жоқ. Францияда тек 4 қана легионер шақыра алады. Қазақстандық Премьер-Лигада әр клуб маусымға 8 шетелдік ойыншы тіркей алады, алаңда бір уақытта 6 ғана ойыншы бола алады. Ресейде де легионерлер саны бойынша тәжірибе осындай», - деген Асқар Мамин.

Біздің билік қызық. Не болса соны шетелдік тәжірибе деп ақталады. Легионер шақыру шетелдік тәжірибе екен. Ендеше футбол клубтарын жеке қожайындарға сату керек. Себебі, Мамин айтқан елдерде футбол клубтары мемлекеттен көк тиын алмайды. Сондықтан, шетелдің тәжірибесін алғыш қазақ билігі осындай игі тәжірибелерді де қабылдай білсе дейміз.

Тағы бір айта кетерлігі, шетелдік сарапшылардың зерттеуінше, 2018 жылы Қазақстан Премьер лигасы футболшыларға жалақы төлеуден әлем бойынша 25-шы орынға жайғасты. Елімізде доп тебетін футболшылар орта есеппен жылына 148 513 доллар (айына 12 376 доллар) табыс табады. Бұл орташа есеп. Бұлардың арасында айна 50-100 мың, жылына 1 млн долларға дейін жалақы алатындар бар. Бұндай жоғары жалақы әрине легионерлерге төленеді. Құрамында 11 шетелдік ойыншыдан бар «Астана», «Тобыл» секілді клубтар мемлекеттің қаржысын келімсектерге санап беріп отыр.

Шынын айтқанда, біздің елде футбол өз құнын ақтайтын спорт емес. Мемлекеттік бюджеттен аладопқа бөлінетін қаржы аса мол. Қоңырқалта күн кешіп жатқан қарапайым халық ауызынан жырып берген ақшаға семірген клбутар енді ойын билетін 55 мың теңгеге сатқалы отыр. Бұл сома елдегі ең төменгі жалақы көрсеткішінен әлдеқайда жоғары...

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

14 пікір