Сенбі, 20 Сәуір 2024
Қазақтың тілі 4308 13 пікір 11 Қыркүйек, 2019 сағат 11:28

Қазақ тілінің бағын байлап тұрған өзіміздің Заңымыз

Қазір ана тіліміздің ауыр жағдайына қабырғасы қайысып, оның болшағы үшін алаңдамайтын жандар тым сирек. Өйткені, қанша дегенмен азаттық алғанымызға тура отыз жылға таяп қалса да «баяғы жартас, сол жартас» күйінде қалып қойғандығы ешкімге де құпия емес. Бұған қарапайым қазақтың енжарлығын алға тарта бермей, мәселенің мәніне тереңірек үңілген жөн шығар. Егер бұлай істер болсақ, ең алдымен көзге ұратындығы ана тілімізге мемлекеттік мәртебе бердік деп бөркімізді аспанға атқанымызбен, ол әлі күнге дейін орыс тілінің көлеңкесінде қалып қойғандығы ащы шындық. Тіпті бұған да шүкіршілік дер едік, ол тіпті сол бір ресми деген атақ алған тілдің жанына тұруға да жарамайды. Оның аяғын бұлайша тұсап отырған өзіміздің заңнамамыз.

Мәселен, Конституциясымызда «орыс тілі мемлекеттік тілмен тең қолданады» деген қаһарлы бапқа қарамастан, қазақ тілі орыс тілімен қатар қолдануға сол ата заңымыздың өзі кедергі келтіріп отыр. Сенбесеңіз, ашып қараңыз. Онда «Мемлекеттік ұйымдарда және өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп тайға таңба басқандай жазулы тұрғандығын анық байқайсыз. Алайда бұған қатты қуанып, жүрегіңіз жарылып кетпесін. Өйткені бұл «тең» деген ұғым тек әлгі мемлекеттік ұйымдар мен өзін-өзі басқару органдарына ғана тән дүние. Ол Қазақстан байтақ өлкесінің қалған жерлеріне мүлдем жүрмейді. Мысал керек пе? Оны мемлекеттік тілімізді қорғауға тиісті сот органдарының өзі-ақ еш қиналмастан дәләлдеп береді. Бұған Ақтөбе қаласында былтырғы жылдан бері үлкен дауға айналып, ақыры жақында ғана аяқталған сот процесі айқын куә.

Оның бісмілләсі мынадай. Сол Ақтөбе қаласында былтыр облыстық адвокаттар коллегиясы өз органының жарғысын жаңартуға шешім қабылдайды. Бұл жаңа жарғысының жобасымен танысқысы келген адвокат Нұрбибі Есмағанбетова оның қазақша нұсқасын іздейді. Оны еш жерден таба алмайды. Ол тіпті осы коллегияның сайтында да жоқ болып шығады. Міне осының салдарынан ол бұл нұсқа жайлы өзінің пікірін білдіруге мүмкіндігі болмайды. Яғни мемлкеттік тілде ақпарат алу құқығы шектелді деген сөз бұл. Енді ол «өзінің конституциялық құқығы бұзылды» деп есептеп сотқа жүгінеді. Ал бұл іске жауапкер--осы аталмыш коллегияның төрағасы Раиса Якубенко сотта талапкердің ешбір құқығы бұзылмағандығын, бәрі де еліміздің заңнамасына сәйкес атқарылып жатқандығын айтып, бой бермейді. Әрине, әркім өзінікін дұрыс санайды ғой. Оның анық-қанығына жететін сот бар емес пе? Алайда сол сотымыз еш ойланып, басын қатырмастан «Нұрбибінікі қате, Раиса ханымдікі дұрыс»  деген қорытындыға келеді. Яғни бұл жерде қазақ тілінің қылшығы да қылтимапты.

Бұл жерде біз «Сот Конституцияға қайшы келіп, ана тілімізді орыс тілінің алдынад жығып берді» деп жөнсіз кінәлаудан аулақпыз. Соттыкі дұрыс. Өйткені,  өзіміз жоғарыда айтқандай «ана тіліміз тек мемлекетік ұйымдар мен өзін-өзі басқару органдарында ғана қолданылады». Сонымен бітті. Еліміздің өзге жерлерінде оған ешбір жол жоқ. Демек, қоғамдық ұйым есебінде әлгіндей коллегиялар сенің тіліңе мұрныны шүйіріп, менсінбей қарап, оны өз жұмысында қолданудың қажеті жоқ деп есептесе, оған ештеңе де істей алмайсыз. Өйткені  қасиетті Конституциямыз оның маңдайына шаң тигізбей қорғап тұр. Демек, сіз жеке меншік ұйымдарға бас сұға да алмайсыз. Ең аяғы дүкендегі сатушыдан да ана тілімізді білу қажеттігін талап ете алмайсыз. Ал енді еліміздегі барлық дүние жекенің қолына өткендігін ескерсек, жағдайдың қаншалықты асқынып кеткендігін түсіндіріп жатудың өзі артық шығар. Қазақ тілі керек болса біз жоғарыда айтқан екі ұйымға бар да, конституциялық құқыңды талап ет те, тойған қозыдай жүре бер.

Ал енді бұған да күмәндансаңыз, біздегі Конституциялық кеңес деген азуы алты қарыс органнның түсіндермесіне құлақ түріңіз. Анығырақ айтқанда, осы кеңестің 2007 жылғы 23 ақпандағы №3 қосымша қаулысына назар аударыңыз. Оның 3-ші бабында: « Конституция мемлекеттiк тiлдiң, ресми түрде пайдаланылатын тiлдiң және өзге де тiлдердiң тұрмыстағы, адамдар арасындағы, ұжым iшiндегi қарым-қатынаста, мемлекеттiк емес ұйымдарда, соның iшiнде, мемлекеттiк және қоғамдық маңызы бар iс-шаралар (қабылдаулар, ассамблеялар, съездер, конференциялар, дөңгелек үстел отырыстарын) өткiзу кезiнде қызмет етуiн регламенттемейдi. Республика Конституциясының  7-бабының  2-тармағында пайдаланылған "тең" ұғымы тұрмыстағы, адамдар арасындағы және ұжым iшiндегi қарым-қатынасқа, сондай-ақ қаралып отырған өтiнiште көрсетiлген iс-шараларға қатысты емес» деп соқырға таяқ ұстатқандай етіп жазылған. Дәл осындай тұжырым біздің «Тілдер туралы заңда» да бар. Ендеше орыс тілін жақтап шешім шығарған сотқа қандай реніш пен өкпе бар?  Мәселенің бәрі өзімізде. Егер біздің Конституциямызға ең болмаса «Қазақ тілі орыс тілімен тең дәрежеде ел аумағының барлық өңірінде қолданылады» дегенді де жазуға жүрегіміз дауаламай, әркімге бір жалтақтап отырсақ, кімге өкпелейміз?. Бұл да болса, аздап алға ілгерілеушілік болар ма еді, кім білсін. Біздікі әйтеуір, есіктен сығалауға жарамай қалған қасиетті ана тілімізді төрге шығара алмасақ та, иығынан сүйеуге деген әлсіз ғана тіршілік қой. Қайтейік, қолымыздан тек осылай ғана жазудан басқа ешеңе  келмесе.

Айтпақшы, ана тіліміздің болашағын ойлап ботадай боздап жүргенде кейбіреулер «жығыланғана—жұдырық» дегендей, тілімізге ағылшын тілін мінгестіргенімен қоймай, енді қытай тілін жаппай үйренуге кірісу қажет деген ойда екен. Сөзіміз жалаң болмас үшін  «Alashainasy.kz» сайтында жарияланған Қытай тілі екінші шет тілі ретінде 2 сыныптан бастап оқытылады» деген мақалаға көңіл аударалық.  Осындағы бірер пікірді сол қалпында келтірсек, қалғанын оқырмандар өзінше ой түйе жатар. Онда: «Нұр-Сұлтандағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Мейрам Жакенов оқу ордасының ашылғанына 10 жыл болса, ондағы білім алатын балалар 9 жылдан бері қытай тілін меңгеріп жатқанын айтып өтті.

«Мен алдымен қытай тілін қалай оқи бастағанымызға тоқталғым келеді. Біздің Назарбаев зияиткерлік мектебі физика-математика пәніне ден қойған. Мектептің ашылғанына биыл 10 жыл толды. Ал қытай тілін біз 9 жыл қатарынан оқып келеміз», - деді Жакенов.

Ал мұны аз десеңіз, осындағы тағы бір пікрге назар аудара кетіңіз.Бұл мақалада Жакенов мырзаға тағы бір директор қосылыпты. Оқып көріңіз. Онда: «Нұр-Сұлтан қаласының №81 "Astana English School" гимназиясының директоры Гүлнар Садықованың айтуынша, өзі басқарып отырған мектепте балалар қытай тілін екінші тіл ретінде 2-сыныптап бастап меңгереді» делінген екен.

Бұған енді біздің қосып-аларымыз жоқ.

Жайберген Болатов

Abai.kz

13 пікір