Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4852 0 пікір 28 Шілде, 2011 сағат 05:40

Ашық хат. «Түркістан - шірікстан...» (видео)

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев мырзаға

АШЫҚ ХАТ

Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіздің Ел үшін атқарып жүрген жұмысыңыздың шаш етектен екенін біз жақсы білеміз. Солай болса да Сізге мына бір жайтты ашық айтуға тура келіп тұр. Өйткені, біліп тұрып білмеу, көріп тұрып көрмеу, оны дер кезінде айтпау - адамгершілікке жатпайды, әрі елге де, Сізге де қиянат жасау. Сондықтан Сізге таза ойымызды айту - біздің  борышымыз болмақ.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев мырзаға

АШЫҚ ХАТ

Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіздің Ел үшін атқарып жүрген жұмысыңыздың шаш етектен екенін біз жақсы білеміз. Солай болса да Сізге мына бір жайтты ашық айтуға тура келіп тұр. Өйткені, біліп тұрып білмеу, көріп тұрып көрмеу, оны дер кезінде айтпау - адамгершілікке жатпайды, әрі елге де, Сізге де қиянат жасау. Сондықтан Сізге таза ойымызды айту - біздің  борышымыз болмақ.

Әлемді індеттей жайлаған, өрттей қаулаған діни экстремизмнің сойқанды сипаттары соңғы кезде біздің Елде де ашық көріне бастады. Ақтаудағы, Ақтөбедегі, Астанадағы, Балқаштағы жарылыстар мен Шұбарши, Кеңқияқтағы атыс-шабыстар - соның айғағы. Шетелдердегі болған көптеген террорлық әрекеттер үстінде оққа ұшқан, қару-жарақпен, лаңкестік мазмұндағы парақшалармен қолға түскен қазақ жастары қаншама! Мұның бәрі қоғамға қатерлі қара күштің белең алып бара жатқандығын көрсетеді. Жақында Қарағанды облысы зиялы қауымының «Уахабшылар уайым болды.» деген тақырыптағы Өзіңізге арналған ашық хаты республикалық БАҚ («Masa.kz» интернет-газеті және т.б.) бетінде жарық көрді. Ақтөбе облысында орын алған қанды қырғыннан кейін шілденің 13-інде Қазақстанның мұсылмандар діни басқармасы «Интерфакс-Қазақстан» ақпарат агенттігі арқылы «салафияны» елдегі қауіпті діни ағым  деп есептеп, осы діни ағымның қызметіне тыйым салу керектігі жөнінде арнайы мәлімдеме таратты... Сондықтан:

Әр жерден оқта-текте шу шығады,

Бұл шуды ескермесе ушығады.

Соларды естігенде барлық  қарттың

Намысы іште қозып тұншығады, Құрметті Нұреке!

Қашан да қауым арасына жайылған кез келген құбылыстың үгіт-насихаттан басталары анық. Әдетте, лаңкестік насихат жасырын жүретіндіктен, бұл әрекет олардың жедел дамуына көп септігін тигізе алмайды. Ал, біздегі қазіргі жағдайдың қауіптілігі сонда - уаххабилік бағыт насихаттың қарқынды, өте ықпалды және ашық түріне қол жеткізгендігі. Олар ұлттық айтыс өнерімізді өздерінің идеологиялық құралына айналдырып алды деуге толық негіз бар. Өйткені, олар бұл мақсатқа айтыс ақындарына демеушілік жасап, қажылыққа апару арқылы қол жеткізіп отыр. Жалғыз ақындар ғана емес, қаншама өнер адамдары, ғылым-білім, спорт, мемлекеттік қызмет, БАҚ, т.б. сала өкілдері қажылыққа тегін барып келеміз деп, тегін сатып, уаххабилердің шылауына ілікті.

Үстіміздегі жылдың сәуір айының ішінде бір мезгілде тағы 55 (!) ақын демеушілікпен кіші қажылыққа барып келді. Нәтижесі екі аптадан соң, дәлірек айтқанда үстіміздегі жылдың 2 мамыры күні, Алматы қаласындағы Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өткен айтыста анық көрінді. Бұл айтыста ата-баба дәстүрін мансұқтаудың, сақал қоюды, хиджаб киюді уағыздаудың дөрекі, жұртшылықты басынған түрі көрініс тапты. Ақындар бірінен-бірі қалыспай ұлттық салт-дәстүрімізді мансұқтап, қасиетті Қара шаңырақ, Рухани астана - Түркістанды тілдеп, халқымызды қорлап, есесіне арабтарды мақтап, хиджаб киюге, сақал қоюға үндеп, қажылықты «жұмаққа берілген жолдама» деп дәріптеді. Айтыстың төртінші жұбында шыққан Дидар Қамиев қасиетті Түркістанды «шірікстан» деп қорлады.

Сөзіміз дәлелді болуы үшін интернет арқылы берілген Е. Қайназаров пен Д. Қамиевтің айтысынан үзінді келтіре кеткенді жөн көрдік:

«- Ереке, келген жерің Түркістан ғой,

Әңгімем осы жерден бекімек пе.

Сол жерді «Кіші Мекке» дейтіндер көп,

Оны да айта кетейін осы ретте.

Кіші қажы болам деп талай қазақ,

Барып жүр алты рет пе, жеті рет пе.

Қалаңның қасиеті бар дейді ғой,

Бедеуді жіберетін декретке.

Киелі Түркістанды «шірікстан» қып,

Ұяттың қызылы тұр екі бетте.

Жақында умраға барып келдің,

Кіші қажылықты өтеудің реті кеп те.

Көзіңмен өзің көріп қайттың бе екен,

Әлемде болмайтынын екі Мекке.

Осыны жерлестеріңе түсіндіріп,

Қалаңдағы жағдайды тез ретте.

«Түркістан - кіші Мекке» деген сөздің,

Жоқ екенін не Құран, не сүннетте.

Кіші қажы болмайтынын Түркістанда,

Қысы-жазы тұрсаң да өшіретте.

Адамның адасуы бір-ақ сәтте,

Иман кәміл болмаса көкіректе.» - деп лепірді.

Ондағы кекесіні - халқымыздың Түркістанды киелі санап, «Екінші Мекке» атауы және онда сансыз көп халықтың үздіксіз зиярат жасауы екен. Мұндағы зияратшылардың көптігіне қарап, «Көптің ойы - кемеңгер», мұнда бір жақсылық бар шығар деп ойланудың орнына, оны «өшірет» деп келекеледі. «Кіші қажы болмайсың Түркістанда, Қысы-жазы тұрсаң да өшіретте. Адамның адасуы бір-ақ сәтте, Иман кәміл болмаса көкіректе» деп, Түркістанға - Әзірет Сұлтанға зиярат жасап келушілерді «адасушылар» деп айыптады. Әншейінде арабша сөздің бір дыбысын сәл ғана төл тілімізге бейімдеп айтуға ант бұзғандай қиналатын олар «ширк» сөзін «шірік» («шірікстан») деп қасақана өзгертіп жеткізуінде де құйтырқы кекесін, өз халқына қарсы ыза, өшпенділік жатқанын аңғару қиынға түспейді. Ал, «Қалаңның қасиеті бар дейді ғой, Бедеуді жіберетін декретке»  дегені - арсыздықтың, әдепсіздіктің және өз халқын менсінбеген менмендіктің әбден асқынғандығының айғағы. Осылай аузына келгенді айтқан Д.Қамиев түркістандық қарсыласы Еркебұлан Қайназаровқа «Осыны жерлестеріңе түсіндіріп, Қалаңдағы жағдайды тез ретте» деп тапсырса, Е.Қайназаров Мекке мен Түркістанды салыстыра отырып, Түркістанның екінші Мекке екендігін жоққа шығарып, екі жақтың ұқсастығы тек ыстықтығы болмаса, басқа еш ұқсастығы жоқ екендігін айтып, «араптарды періштедей пәк, қазақтарды кәпірден бетер күнаһар» деп сарнайды...

Осылайша, айтыскерлердің дені қаншама ғасыр сыннан өтіп, хақтығына көз жетіп, көңіл бекіген қастерлі амалды сөгіп, абыройды төкті. Абырой болғанда, жеке басының емес, Елдің абыройын. Әрине, бұл бейбастақтықтың түп негізі білместіктен, надандықтан шығатыны аян. Бұлар Түркістанның «Екінші Мекке» атануы Қожа Ахмет Ясауидің «Екінші Ахмет» (Бірінші Мәдинада - Мұхаммед Пайғамбарымыз с.ғ.с.) есімімен байланысты туғанын, ол есімді қазақтар ғана емес, исі мұсылман, соның қатарында арабтар (олар «Ахмед сәни» деген) да қолданғанын; арқасын пірге сүйеген қасиетті халқымыздың «Өлі риза болмай, тірінің жарымайтынына» рухани-ладуни ілімі арқылы да, қаншама ғасырға созылған тәжірибе арқылы да көз жеткізгендігін білсе, мұндай сорақы сөздерді айтпас еді.

Иә, осының түпкі негізінде өз халқын сүймеу жатыр. Олар халқын сүйсе, оның қалпын да сүйер еді, мұндай қадамға бармас еді. Бұл - өте қауіпті жағдай. Жастарымыздың патриоттық сезімін оятуға шара таппай жүргенімізде, антипатриоттық кесел алдымыздан шықты! Айтыскерлердің осы кемшілігін жазбай танып, оларды қолжаулық қылып, сол арқылы ел ішіне сына қағып, бәленің отын өрбітуді көздеп, өздері тасада тұрған алпауыт күштердің барын бүгінде жұрттың бәрі біледі. Бірақ бұл алпауыт күштің зымияндығы өзінің мекен-жайын толық жария етпей тұр.

Аталған айтыста көңілге салқын сөз айтып, көзге жат қылық көрсеткен тәжірибесіз жастар ғана емес, жұртқа танымалы болған Айбек Қалиев сияқты естияр, ғылым кандидатының жоғарыдағыдай теріс пиғылдағы сөз айтқанына қатты ренжідік. Ол тіпті Сіздің наурыз айында Түркістан қаласында зиялы қауым өкілдерімен кездесу сәтінде хиджаб жайындағы көзқарасыңызды терістейтін, мемлекет саясатына қайшы, ар-намысқа тиетін мына сияқты:

«Хиджабқа қарсы үкімет заң шығармақ,

Апырай, сірә, иман бар ма оларда?

Хиджаб киген қыздарға тиым салу,

Ақылдының ісі емес, аңдағанға.

Әйелдің киімімен арпалысып,

Билікте басқа жұмыс қалмаған ба?» - деп, мысқыл сөздер айтты. Еркебұлан Қайназаровтың, Жандарбек Бұлғақовтың, Сырым Әуесханның (Сырым Әуесхан - оныншы сынып оқушысы) сөздерінде де ұлтымызға жат, радикалдық ойлар көрініс тапты.

Біздің қозғап отырған мәселеміз, айтыстағы халқымыз бен Елбасының ар-намысына тиетін, мемлекеттігімізге, ұлттық мәдениетімізге, Сіздің жүргізіп отырған саясатыңызға қарсы бағытта айтылған сөздердің босқа қалып қоймасы белгілі. «Елемеген бұтаның көз шығаратыны анық» - деп, дана халқымыз айтқандай, «Аурудың алдын алмасақ» болмайды. Сондықтан көргендері мен көңілдеріне түйгендері аз Д. Қамиев сияқты дөрекі айтыскер ақындардың ойланбай айтқан олқы сөздерінен келешекте от шығып кететіні даусыз. Осыны өздеріне мойындатып, оларға шұғыл шара көрмесек, келешекте қоғамымызға теріс ықпал етуі әбден мүмкін. Біз бар шындықты қауіп еткеннен айтамыз. Ал, анық көрініп тұрған кемшілікті көрмеу, оны мойындамау, босқа бүркемелеу - «Ауруын жасырып - арам өлгенмен» тең.

 

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіздің Екінші Мекке, Рухани Астана атанған қасиетті қара шаңырақ - Түркістан туралы және сол қастерлі қаламыздың солай аталуына бірден-бір себеп болған Қожа Ахмет Ясауи бабамыз туралы пікіріңіздің өте орынды екендігін біз жақсы білеміз. Үстіміздегі жылдың 11 наурызы күні Түркістанға келген сапарыңызда «Біздің өз жолымыз бар, ол - Ясауи жолы» - деп, тағы да шегелеп айттыңыз. Сіздің бұл сөзіңізге ақылы сау, ниеті түзу қазақтың қуанбағаны жоқ. Ал, ниеті бұзықтардың араға ай салып, ерегіскендей бір мезгілде 55 ақынды (бұған дейін қаншасын улағанын бір Құдай біледі) қажылыққа апарып, санасын әбден улап әкеліп, дүйім жұрттың алдында Сіздің сөзіңізді, тіпті сөзіңізді ғана емес,  «Мәдинада - Мұхаммет, Түркістанда - Қожа Ахмет, ...» деп 900 жылдан бері танбай келе жатқан данышпан ата-бабаларымыздың, тұтас халқымыздың сөзін мансұқтап, мазақ етуі - бұл қасірет. Бұл - таяп келе жатқан өте үлкен қауіптің анық көрінісі. Сондай-ақ, айтыс ақындары айында-жылында бір жиналып, айтысып қоя салмайтындығы белгілі. Олар әр күні әр ауылда, әр ауданда, әр қалада, мектептер мен жоғары оқу орындарында, түрлі жиындар мен іс-шаралардың аясында, той-томалақта, т.б. жерлерде домбырамен уағыз айтып, сарнап отырары анық. Өйткені, ақындарды сыйлайтын халқымыз қашанда оларды төрге оздырып, олардан өсиет-насихат тыңдағысы келеді. Дайын трибуна, дайын аудитория. Бірақ ақындар ойларына келгенді екшемей айта береді. Сондай жағдайда: «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ».

Міне, осыдан кейін:

Кіріп алып халықтың арасына,

Арам ойын құяды санасына.

Жөн айтудың орнына арамылар

Тұз себеді аямай «жарасына»,- демеске еш амал жоқ, Құрметті Нұреке.

Бәленің құлағы қылтиып көрінгеннен аттан салмаған, айтарлықтай қарсылық жасамаған елдердің қандай күй кешіп отырғандарын көріп те, естіп те отырмыз.

Сондықтан, Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Мәселе бұдан да қатты асқынып кетпей тұрғанда, осы қоғамға үлкен қауіп төндіретін дертті ауыздықтауға өзіңіз тікелей араласып, шұғыл пәрмен етуіңізді сұраймыз!

Құрметті Нұреке! Түркістан қаласы мен ауылдық жерлерде тап қазір 80 соғыс ардагері және 1633 еңбек ардагері тұрады. Бұл Ашық хатты сол ардагерлермен келісіп, біз солардың атынан қол қойып, жолдап отырмыз.

Нәліхан Шотаев: Соғыс және еңбек ардагерлер

Кеңесінің төрағасы, Түркістан

қаласының Құрметті азаматы.

Елтай Бимаханбетұлы «Құрмет» орденінің иегері, Түркістан

қаласының Құрметті азаматы,

Қазақстан Жазушылар одағы мен

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Абдулла Рисметов ҰОС ардагері, Түркістан қаласының

құрметті азаматы.

 

Бейсенов Жақсыбек Еңбек ардагері, Түркістан қаласының

құрметті азаматы.

 

Жамболова Дүйсенкүл Түркістан қалалық Әйелдер

кеңесінің төрайымы, Түркістан

қаласының құрметті азаматы.

 

Ханділлә ұлы Мырзан Еңбек ардагері, Түркістан қаласының

құрметті азаматы.

 

Исмолдаев Шора Еңбек ардагері, Түркістан қаласының

құрметті азаматы.

 

Дүйсекей ұлы Мұсахан Түркістан қаласының «Қазақ тілі»

қоғамының төрағасы, зейнеткер.

 

Бадамбаев Сұлтанбай Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің

төрағасы.

 

Умаров Момын зейнеткер, Түркістан қаласының

құрметті азаматы.

 

Ескерту!

Төмендегі видео www.youtube.com сайтынан алынды. Видеода көрсетілетін жайттардың нақтылығына редакция жауап бермейді.

 


 

;hl=ru_RU&rel=0" />;hl=ru_RU&rel=0" type="application/x-shockwave-flash" allowscriptaccess="always" allowfullscreen="true" height="349" width="560">

0 пікір