Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
3033 0 пікір 5 Қыркүйек, 2019 сағат 17:12

Д.Назарбаева: Нәзік жандыларды нәтижелі жұмыспен қамту - басым бағыт болып отыр

Кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаева Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының арнаулы өкілі, БҰҰ-ның Орталық Азиядағы превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының жетекшісі Наталья Германмен кездесті.

Кездесу барысында қос тарап өңірлік ынтымақтастық, превентивті дипломатияны нығайту, әйелдер мен жастар бастамаларына қолдау көрсету сынды бірқатар мәселелерді талқылады.

Сенат Төрағасы Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамаларын қолдайтынын, еліміз үшін Ұйым мен оның құрылымдық мекемелерімен қарым-қатынас орнату сыртқы саясаттың басым бағыттары екенін атап өтті.

-Біз БҰҰ басшылығына Қазақстанның халықаралық бастамаларына тұрақты қолдау білдіріп отырғаны үшін ризашылығымызды білдіреміз. Оған Бас хатшы А.Гутерриштің  2016 жылғы Қазақстанға жасаған сапары айқын көрсеткіш, - деді Д.Назарбаева.

Өз кезегінде Наталья Герман Қазақстан әлемде экономикалық және әлеуметтік дамудың таңғажайып моделі ретінде қабылданатынын айрықша атап өтті.

-Қазақстан бейбітшілік, тұрақтылық және қауіпсіздік ісіне зор үлес қосып келеді. Біз мұны өте жоғары бағалаймыз. Сіздің еліңіздің маңызды стратегиялық жобаларға белсенді қатысып келе жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан қазір Қазақстанның Орталық Азия елдерінің әйелдер ұйымы желісін құруға қатысқаныңызды қалаймыз. Мені осы идеяға Сіздің Ауғанстандағы әйелдердің құқығы мен мүмкіндігін кеңейту бойынша өткізген өңірлік конференциясы шабыттандырды,- деп атап өтті Н.Герман.

Айта кетейік, өткен жылдың қыркүйек айында елордада Дариға Назарбаеваның қатысуымен “Ауғанстандағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту” деп аталатын өңірлік конференция өткен болатын.

Сол жерде баяндама жасаған Дариға Нұрсұлтанқызы Ауғанстандағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың тұтас Орталық Азия аймағы үшін маңызды екенін айтып өткен.

Сенатор журналистерге берген сұхбатында:

-Ауғанстандағы әйелдердің жағдайы қиын. Бүгін Ауғанстандағы 7-9 жас аралығындағы қыз балалардың тұрмысқа шығатынын, олардың босану кезінде 65% %  қайтыс болатынынан хабардар болып жатырмыз. Бұл аса күрделі жағдай. Қазір Ауғанстанға Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуроодақ, түрлі халықаралық ұйымдар мен банктер жәрдем беріп жатыр. Бірақ, соның барлығын реттеп, бақылайтын бір орталық жоқ...

Бұл әзірге біздің ұсынысымыз ғана. Бірақ, көрші елдердің көзқарасы қандай болатынын ескеру қажет.  Біздің еліміз бұл мәселе бойынша пікір алмасуға әрқашан дайын. Сондықтан, алдағы уақытта Ауғанстандағы оң өзгерістерді бақылауға алуымыз керек,- деген болатын.

Сөйтіп, Дариға Нұрсұлтанқызы Ауғанстан әйелдеріне көмек көрсететін Орталық Азия Кеңесін құруды ұсынған еді.

Кешегі өткен кездесу барысында Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азиядағы дипломатия жөніндегі кеңесшісі Наталья Герман осы мәселені алға тартып, Қазақстан тарабына өзінің ыстық ықыласын білдірді. Сөйтіп, ол Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия елдері әйелдер ұйымы желісін құру мен жастар арасындағы превентивті дипломатия әлеуетін нығайту туралы ұсынысын білдірді.

Дариға Назарбаева бұл бастамаға қолдау білдіретінін және елімізде нәзік жандылардың әр салада табысты еңбек етуі үшін барлық жағдай жасалып отырғанын айтты.

-Әйелдер қауымын мемлекеттік басқаруға қатыстыру, экономикалық және әлеуметтік өмірге араластыру мүмкіндігін кеңейтуді қолдау қажеттігі сөзсіз. Осы жылы біздің палатамызға сенатор әйелдер қосылды. Бұл өте жақсы. Бірақ онымен тоқтап қалмаймыз. Елімізде нәзік жандыларды нәтижелі жұмыспен әлеуметтік көтермелеу басым бағыт болып отыр,-деді ол.

Сонымен қатар, кездесу барысында екі тарап жастар мәселесінде тілге тиек етті. Наталья Германның айтуынша, бүгінгі күні Орталық Азия өңірінде 29 жасқа дейінгі 50 пайыздан астам жастар өмір сүріп жатыр. Сондықтан биылғы жылы оның басшылығымен жастар арасындағы превентивті дипломатияны дамытуға қолдау көрсету жөніндегі орталық құрылатын болады.

Бұл тұрғыда елімізде іргелі жұмыстар атқырылып жатқаны да рас. Мәселен, биыл Елбасы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен “Жастар жылы” деп аталған болатын. Осы негізде жастардың әлеуметтік мәселесін шешу, олардың бсапалы білім алып, лайықты жұмыспен қамтылуы үшін бірқатар жұмыстар да атқарылып келеді.

Ал, кездесу барысында Дариға Нұрсұлтанқызы өңірлік орталықтың осы саладағы атқарып отырған жұмыстарын жоғары бағалап, Елбасы қабылдаған “Жастар жылы” аясында атқарылып жатқан аз-кем жұмыстарға тоқталып өтті.

-Сіз өңір жастары үшін Превентивті академияны іске қосуды жоспарлап отырғаныңызды білеміз. Бұл бастама біздің еліміздің жастар саясатына сай келеді, сонықтан біз үшін өте қызықты. Өзіңізге белгілі, осы жылы Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен Жастар жылы болып жарияланды. Жастар жылында елді, мемлекетті дамытуда жас буынға айрықша, шешуші рөл жүктеліп отыр деп сенеміз. Оларды жұмысқа орналастыруға, бизнес-стартаптарды қолдауға, волентерлік қызметті ынталандыруға бағытталған бағдарламалар бар,- деді Дариға Нұрсұлтанқызы.

Одан бөлек, екі тарап Біріккен Ұлттар Ұйымының Өңірлік орталығымен трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп пайдалану мен қолдану саласындағы жұмысын да талқылады.

Бұл тұрғыда Дариға Назарбаева елімізде атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Ол үшін Орталық Азия елдерімен бірлесіп, су-экология проблемаларын шешуге септігін тигізетін көп жылдық стратегия әзірлеу қажет екендігін алға тартты.

-Қзаір Қазақстанда Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі құрылды. Жаңа Экологиялық кодекс те әзірленіп жатыр. Мұның барлығы да Орталық жұмысымен үндеседі. Орталық Азия елдерімен бірлесіп, су-экология проблемаларын шешуге септігін тигізетін көп жылдық стратегия әзірлеу қажет деп санаймыз, - деді Дариға Назарбаева.

Түйін. Еліміздегі нәзік жандылардың һәм олардың әр салада жемісті еңбек етуі үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Оған кешегі кездесу барысындағы қос тараптың пікірі дәлел. Дариға Нұрсұлтанқызының айтуынша, бұл алдағы уақытта да бұл сала еліміздің басым бағыттарының бірі болып қала бермек.

Abai.kz

0 пікір