Сейсенбі, 26 Қаңтар 2021
1711 0 пікір 31 Тамыз, 2019 сағат 12:30

Елбасы Жолдауына сай жаңа мектеп салынды

"Мектеп - білімнің астанасы, балалардың баспанасы" деген бәріміз білетін мәтел бар. Мәтелдің мәні мектеп деген қасиетті атаудың ұлылығын аңғартып тұр. Мына дәуірде мектеп көрмеген, ұстаз тәлімін алмаған жанның ғылым шыңна шығуы екіталай. Сол үшін де кез-келген адам үшін мектеп атауы аса қадірлі.

Елдің ертеңі, ұлттың болашағы - білімді жастар. Демек, сапалы біліммен сусындаған ұрпақ ел үмітін арқалауға дайын болмақ. Сол үшін еліміздің білім саласын бұрынғыдан да дамытып, жаңа заман көшінен қалмау өте маңызды.

Бұл мәселені Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында барынша қадап айтты. Ол кісінің айтуынша, "біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау қажет" . Бұл кезек күттірмейтін шаруа.

2018 жылдың 5 қазанында жолдаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында Елбасы білім саласын барынша дамыту керек екенін баса айтты. Жолдаудағы екінші тармақтың екінші бөлімінде мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керек деп тапсырма берген еді Елбасы. Ал үшінші бөлімде Орта білім беру жүйесінде негізгі тәсілдер белгіленген, қазіргі кезеңде солардың орындалуына баса назар аударған жөн екенін ескертті.

"Білім сапасын бағалау жүйесі халықаралық стандарттарға негізделуге тиіс. Орта мектептердің өзінде балаларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби диагностика жүргізу маңызды. Бұл оқытудың жеке бағдарын жасауға және оқушы мен мұғалімнің оқу жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Балалар қауіпсіздігінің маңыздылығын ескеріп, бүкіл мектептер мен балабақшаларды бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етуді, мектеп психологтарының жұмысын күшейтуді және басқа да дәйекті шараларды жүзеге асыруды тапсырамын.  

Білім алудың қолжетімділігін арттыру мақсатымен оқушыларға орын жетіспейтіні, мектептердің үш ауысымда оқыту және апат жағдайында болу проблемалары мейлінше сезіліп отырған  өңірлер үшін Үкіметке 2019-2021 жылдарға арналған бюджеттен қосымша 50 миллиард теңге қарастыруды тапсырамын", - деді Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында.

Жолдауда анық айтылғандай, оқушыларға орын жетіспейтіні, мектептердің үш ауысымда оқыту және апат жағдайында болу проблемалары мейлінше сезіліп отырған  өңірлер үшін Үкіметке 2019-2021 жылдарға арналған бюджеттен қосымша 50 миллиард теңге қарастыруды тапсырды Елбасы. Демек, алдағы екі жылда мектептердегі орын жетіспеу мәселесі шешімін табатын болады.

Тұңғыш Президенттің тапсырмасына орай мемлекеттік деңгейде мектептер мен оқушыларға бұрынғыдан да жоғары деңгейде жағдай жасалдуда. Көптеп көңіл бөлінуде. Бұл бағытта істеліп жатқан жұмыстар қатарына еліміздің әр өңірінде салынып жатқан балабақшалар мен мектептерді көптеп санауға болады. Мектеп салу, мектептердің техникалық мүмкіндіктерін арттыру сынды игі басталмалардың көбеюі білім саласының қарыштап дамуына мүмкіндік беріп отыр деп сеніммен айта аламыз.

Мысал ретінде айтайық, Солтүстік Қазақстан облысында биылдың өзінде бірнеше жаңа мектеп пайдалануға берілді. Солтүстік Қазақстан облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, кеше, 30 тамыз күні «Береке» ықшам ауданында жаңа қазақ мектебі қолданысқа берілген екен. Оған қоса, алдағы уақытта «Жас Өркен» шағын ауданында 900 балаға арналған тағы бір мектеп бой көтеретін көрінеді. Бұл туралы облыс әкімі Құмар Ақсақалов өзі айтты.

«Мереке күні облысымызда әлеуметтік маңызы бар нысандар ашылуда. Бүгін «Береке» ықшам ауданындағы 600 орындық жаңа қазақ мектебі қолданысқа берілді. Бұл Петропавлдағы соңғы 12 жылда салынған алғашқы мектеп.

Дәл осындай 900 балаға шақталған мектеп «Жас Өркен» шағын ауданында салынып жатыр. Мағжан Жұмабаев көшесінде тағы бір мектептің құрылысы басталып жатыр. Жаңа білім ордаларының салынуы үш ауысымдық оқуды жойып, білім сапасын арттыруға септігін тигізеді», - деп жазды облыс әкімі Құмар Ақсақалов Facebook-тегі парақшасында.

Облыс әкімінің айтуынша, соңғы үш жыл көлемінде аталған өңірдегі білім саласына бөлінген қаржы 29 пайызға дейін көбейген екен. Бұл жайлы әкімінің өзі «Бұл тенденция жалғасады. Мектептердің құрылысына және жөнделуіне қомақты қаржы жұмсау жалғасын табады», деп пікір білдірді.

Солтүстік Қазақстан облысынан бөлек, Қызылорда облысында да биыл пайдалануға берліген және енді берілетін жаңа метептердің саны бірнешеу. Аталған өңірдің құрылыс, сәу­лет және қала құрылысы басқар­масының мәліметіне сүйенсек, биыл бірнеше жаңа білім ошақтары пайдалануға берілмек. Атап айтқанда, Арал ауданы Сексеуіл кентінде №23 мектепке жапсарлас қо­сымша 100 орындық ғимарат, Қы­зылорда қаласындағы №198 орта мектеп жанынан 200 орындық қо­сымша құрылыс және Әл-Фараби шағын ауданындағы №261 мектеп жанынан 150 орындық мектеп ғимаратының құрылысы жүруде. Мұнан бө­лек, Қызылорда қаласындағы Жаппасбай ба­тыр көшесінің бойынан 600 орындық жаңа мектеп салынып жатыр. Тіпті қазірдің өзінде құрылыс жұмысы 70 процент аяқталған. Мектеп биыл қазан айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Аталған Облыста биылғы жылы 165 мыңға жуық бала мектепке барады. Ал оның ішінде бірінші сынып табалдырығын енді аттайтындардың саны 22 мыңға жуық. Демек, бұл өткен жылғымен салыстырғанда 2500 оқушыға артық деген сөзі. Сондықтан да осы облыста жыл сайын жаңа мектептер салынып, жаңадан оқуға келетін бүлдіршіндерді күтіп алуға дайын тұрады.

Бәріміз білетіндей, тікелей Елбасының бастамасымен елімізде жүз мектеп, жүз ауырухана салу науқаны өткен болатын. Осы бастаманың арқасында елімізде көптеген ауыруханалар мен мектеп ғимараттары салынды. Сансыз сапалы білім ошақтары әр өңірде бой көтерді. Елбасының тағы бір тапсырмасы тек санға ғана емес, сапаға да мән беру болып табылады. Мәселен, жаңағы жүз мектеп, жүз ауырухананың бірінші кезекте сапасына мән беріледі.

Соның арқасында соңғы жылдары елімізде апаттық жағдайдағы мектептердің саны мүлде азайып кетті. Қазақстандағы барлық оқу ордалары жаңадан салынды немесе күрделі жөндеуден өтті. Мәселен, Қызылорда облысында алдағы жылы Жаңақорған ауданындағы №169 мектеп пен Жалағаш ауданындағы №34 мектеп жаңа ғимараттарға кіреді деп жоспарланып отырған көрінеді. Бұндай бастамалар тек біз атаған облыстарда ғана емес, еліміздің әр өңірінде өз жалғасын тауып жатыр.

Сондықтан, егемен елдің ертеңі үшін, әлемдік деңгейдегі дамыған елдердің қатарын қосылуды көздеген мақсатымызға жету үшін білім жүйесін дамыту ісін әрі қарай жалғастыруымыз керек. Жастарымыз жан-жақты білім алған, сапалы да саналы ұрпақ болсын десек бүгінгі жолдан жаңылмай білім жүйесінің жүрісін жеделдетуіміз керек. Ол үшін ең бірінші Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің  Жолдауларында айтқан тапсырмалары бұлжытпай орындалуы керек. Бұл бағытта жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Біз Елбасы Жолдауындағы тапсырмалардың алдағы уақытта да өз жағасын табарына үлкен сенім білдіреміз.

Abai.kz

0 пікір