Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3164 0 пікір 25 Шілде, 2011 сағат 07:44

Ақылбек Шаяхмет. 1=0

Абайдың: «Единица болмаса не болады  өнкей нөл» деген өлеңі еске түсе береді.  Шындығында біздің бастапқы  бірлігіміз де, қазіргі тірлігіміз де бір және нөл сандарымен тығыз байланысты. Қазақ үшін барлық сан да қасиетті, алайда, бірліктің өзін бірден бастаған аталарымыз осы санның атауын  еркек мағынасында қолданған тәрізді. Ал нөл әйел деген ұғымды білдіреді. Яғни, бір бастап, нөл қоштап, екеуі біріксе ғана сан көбейеді. Бұдан әйелдің  қоғамдағы орны төмен деген ұғым тумайды. Керісінше, нөл болмаса, алдыңғы санға  нөл қосылмаса, алғашқы тоғыз онға жеткеннен кейінгі ешбір сан санға саналмайды, санатқа жатпайды. Нөл қосылмаса Бірдің де бағы жанбайды.

Он дегеніміз санмен 10 деп белгіленсе, нөлді алға қойсақ - 01, яғни, единицаның алдына нөлдің шығуы - өзеннің теріс аққанымен бірдей. Жүз бен мыңның, миллион мен миллиардтың  да  көш басында бірлік  тұрады. Бұл - бұлжымайтын заң. Ендеше осы заңды бұзғысы келіп жүргендер немесе шама-шарқы келгенше бұзып жүргендер  өмірдің  өзегін  бұрмалаушылар.

Аялдамада

Абайдың: «Единица болмаса не болады  өнкей нөл» деген өлеңі еске түсе береді.  Шындығында біздің бастапқы  бірлігіміз де, қазіргі тірлігіміз де бір және нөл сандарымен тығыз байланысты. Қазақ үшін барлық сан да қасиетті, алайда, бірліктің өзін бірден бастаған аталарымыз осы санның атауын  еркек мағынасында қолданған тәрізді. Ал нөл әйел деген ұғымды білдіреді. Яғни, бір бастап, нөл қоштап, екеуі біріксе ғана сан көбейеді. Бұдан әйелдің  қоғамдағы орны төмен деген ұғым тумайды. Керісінше, нөл болмаса, алдыңғы санға  нөл қосылмаса, алғашқы тоғыз онға жеткеннен кейінгі ешбір сан санға саналмайды, санатқа жатпайды. Нөл қосылмаса Бірдің де бағы жанбайды.

Он дегеніміз санмен 10 деп белгіленсе, нөлді алға қойсақ - 01, яғни, единицаның алдына нөлдің шығуы - өзеннің теріс аққанымен бірдей. Жүз бен мыңның, миллион мен миллиардтың  да  көш басында бірлік  тұрады. Бұл - бұлжымайтын заң. Ендеше осы заңды бұзғысы келіп жүргендер немесе шама-шарқы келгенше бұзып жүргендер  өмірдің  өзегін  бұрмалаушылар.

Аялдамада

Аялдамада өзім куә болған бір көрініс ерекше есімде қалды. Халық көлік күтіп тұрған маңайды торуылдап қаңғыбас ит жүрген. Мақсаты - жүргіншілер лақтырып кеткен тамақ қалдығын қағып алу. Аялдаманың бір бұрышында орындықтың шетінде қаңғыбас мысық отырды. Оның да ашқұрсақ жүргені түрінен көрініп тұр.  Жас келіншек сөмкесінен бір тілім нан алып, мысықтың алдына тастады. Жан-жағына қарайлап алып, абайлап барып мысекең нанға тұмсығын созды. Сол-ақ екен, бұл жайды сырттан бақылап тұрған ит жетіп келді. Мысық кейін шегінді. Тіпті алдындағы тамағын қорғап, нәпақасын тартып алғалы тұрған дұшпанының бетін тырнап алуға да ұмтылмады.

Иттің де тұмсығы нанға жетпей қалды. Орындыққа қарғып шығуға қарап тұрған жұрттан именді ме, оның екінші шетіне барып,  үстіне шығуға әрекет жасады. Осы көріністі көріп тұрған жас жігіт орнынан тұрып, бір тілім нанды екіге бөліп, екі бөліктің бірін мысықтың, екіншісін иттің алдына тастады.

Біреулер тойып, біреулер тоңып секіретін қоғамда да көбінесе әділетсіздіктің бел алатыны  несібені бөле білмеуден бе екен?

Көп алғандар ешқашан да көп демейді. Аз алғандар оларға кектенеді. Бар болғанды жоқ болғандар жек көреді. Қайырым қылғандар болса бір тілім нанмен шектеледі. Сондықтан да адамдардың біразы ит пен мысықтай өмір сүреді.

Еңсесі биік, еңкеймей енер ақ орда

көсемсөз

Қазақ елі дегенде қиялымыз көкке өрлейді. Тәуелсіз еліміздің желбіреген көк туын көргенде кеудемізді мақтаныш сезімі кернейді. Еркіндік дегеніміз еңсесі биік, еңкеймей енер ақ орда екенін түсінер шақта әлдекімдердің ескіні көксеп, бодандық қамытын қайта кигізгісі келетін жымысқы ойына сенгің де келмейді. Еркіндік - еріккеннің ермегі емес, әрине! Үш жүздің басын қосқан хан Абылай, Алашқа айбын, елге қорған болған батырлар, халық мұңын жырға қосқан ақындар, қара қылды қақ жарған билеріміз бен алқалы топта сөз бастаған шешендеріміз көзінің  қарашығындай сақтаған атамекен жер үшін, туып-өскен ел үшін арыстандай алысып, жолбарыстай жұлысқан арыстарымыздың, желтоқсанда қыршынынан қиылған боздақтарымыздың қасқалдақтың қанындай асыл жаны арқылы келген жеңісіміз - Еркіндік. Аяулы ағалар егіп, ардақты аналар суарған мәуелі ағаштан ертеңгі ұрпақ теретін жемісіміз - Еркіндік. Сондықтан да бабаларымыз байлықты да емес, атақ-данқты да емес, ең алдымен  еркіндікті және өнер алды  - қызыл тілді атадан балаға мирас етіп қалдырған.

Өмірге келу, кету, ажал сағаты жету жаратылыстың заңы. Алайда, тірліктің онсыз да қысқа жолын шорт кесіп тастау тек арсыздардың ғана қолынан келеді. Тасмешін жылы болған аштықта қазақтың көш бастаған түйесі, үйір-үйір жылқысы, отар-отар қойы, табын-табын сиыры құрдымға жұтылды. Аш-арықтардың сүйегі аққала болып қаланды. Мүйіз бен тұяқ түгел жиналса да, адамдардың тәнін қарға мен құзғын шоқып, сүйегін ит пен бөрі кемірді. Олардың көбінің зираты да жоқ. Марқұмдардың ақтық демі таусылған жерді  тың игеру жылдары түренмен қопарғанбыз. Ата-бабамыздың топыраққа айналған денесінен өсіп шыққан бидайдың нанын жеп жүргенімізді көбіміз біле де бермейміз. Шаш ал десе, бас алатын тіс технигі Голощекин қазақ даласының ауру тістерін қалдырды да, сау тістерін түп-түгел қағып алды. Амандық-саулықтың өзін ең алдымен малынан бастайтын қазекем әуелі малынан, содан кейін жанынан айырылды. Бірақ, «жаным-арым садағасы» дейтін халқымыз ешқашан арынан айырылған жоқ, аштықтан шыбындай қырылып жатса да, өзге босағаға кіріп, қайыр сұраған жоқ. Ат төбеліндей билеуші топтың елді қырып, жерді босату мақсатында жасаған қастандығының және халықтың билеуші партия мен үкіметке деген соқыр сенімінің нәтижесінде миллиондаған қазақтың жаназалары да шығарылмай, тәндері жер қойнына да бұйырмай, сүйектері айдалада шашылып қалды.

Ажал аранына апарып құлатқан арсыздықтың жауапкері кім?! Қасқыр тамақтаған қойдай қырылған бауырларымыздың іздеушісі кім ?!

Жауапкері - большевиктік, коммунистік әпербақан саясат, сол саясаттың жетегінде кеткен шолақ белсенділер. Іздеушісі - Қазақ елі. Сондықтан да саясаттың құлы болмай, даламызды ұлы болсақ, келешектен қарғыс емес, алғыс аларымыз хақ! Бір түйір нанға зар болып, қыршынынан қиылған, туған елден ауа көшіп, жат жерден топырақ бұйырған ата-баба аруақтары бізді желеп-жебеп, тар жерде қолтықтан демеп жүргені анық.

Халқымызда: «Елді жамандама - жүретін жерің, жерді жамандама кіретін көрің» деген терең философиялық ойға құрылған қанатты сөз бар. Бұл сөз асымызды ішіп, аяғымызды тепкендерге, көрші отырып, тілімізді сөккендерге, достық дәні  өскен жерге  алауыздықтың арам шөбін сепкендерге берілген жауап.

Қадірлі қоғамның қасиетті қазынасы да, еркін елдің ерекше байлығы да халық. Ал халықтың негізгі байлығы - Тіл. Еліміздің шаңырағын көтеріп тұрған уықтарды экономиканың әртүрлі саласына теңер болсақ, сол уықтарды ұстап тұрған кереге қазақ халқының тілі мен діні, тарихы мен дәстүрі емес пе! Ендеше еліміздің көсегесі көгеріп, ата-баба жолын ұстанған жас ұрпақты тәрбиелеу үшін кереге берік болуы қажет екені айдан анық.

«Оян, қазақ!» деп жар салған Міржақып Дулатов ана тілінің мұңын жоқтап:

«Мен заманымда қандай едім?

Мен ақын, шешен, тілмар бабаларыңның бұлбұлдай сайраған тілі едім. Мөлдір судай таза едім. Жарға соққан толқындай екпінді едім. Мен наркескендей өткір едім.

Енді қандаймын? Кірленіп барамын, былғанып барамын. Жасыдым, мұқалдым», - деп толғанған жоқ па?!

Тозған заман болды, азған адам болды, нендей қоғам болды ?! - дейсіздер. Біреу үшін біреудің жаны ашып, мал айдаса қоймайтын, атқа мінгендер мен таққа мінгендер шаққа жүргендерге қарайласа қоймайтын, шындықты айтып шырылдағандар мен қожайыны тастаған сүйек үшін ырылдағандар маңайласа қоймайтын заман болғаны рас.

Кіммен    арақ   ішсе, соның   сойылын    соғатын, кімнің   тарысы    піссе, соның тауығы болатын,  кіммен    суға    түссе, соның арқасын  ысатын алаяқтар  мен  жағымпаздар  көп   болған  сайын, бәтіңкесінің    бауын    өзгеге    байлаттыратын, үйіндегі    шайын    біреуге    қайнаттыратын, алдына   келген   адамға   айбат   қылатын байпатшалар да    саңырауқұлақтай   қаптағаны рас.

Иманына емес, жиғанына сенгендер, біліміне емес, бұйымына сенгендер, іліміне емес, тиынына сенгендер, құдайына емес, құйғанына сиынған, қол астындағыларын асықтай шиырған, дәрежесі төменге құлақ кесті құлындай бұйырған заман болғаны рас.

Содан бері заман өзгерді ме, адам өзгерді ме?! Ендеше сен де ойлан, Қазақ! Жеткен жерім осы деме!  Мұхтар Әуезов айтқандай: «ел боламын десең, бесігіңді түзе!»  Ахмет Байтұрсынов болжаған «біздің заманның өткен заманның баласы, сонымен бірге келер заманның атасы» екенін ұмытпа. Аузыңа абай бол. Арақтан алыс жүр. Жалаға жуыма. Пәлені қума. Жерің мен еліңді, қасиетті тіліңді қадір тұт. Ұлы Абай сөзіне сүйенетін болсақ, «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей». Өзіңді өзгеден кем тұтпа, бірақ, зормын деп есептеме. Сонда қор болмайсың. «Шалқайғанға шалқай, төбең көкке жеткенше, еңкейгенге еңкей, басың жерге жеткенше». Өз жеріңе өгей болма. Өрге шықсаң да, өктем сөйлеме. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан іннен шығады». Бірақ, қатты-қатты сөйлесең, сол жылан ініне қайта кіріп  кететінін  есіңнен шығарма.

Ақ патша мен Қызыл империя орыс тіліне айқын басымдық бергеннен кейін ана тіліміздің мемлекеттік тіл болып жариялануы ақ арақ пен қызыл шарапты тойып ішіп алып, мастықтан айыға алмай отырған  қазаққа айран ішкізгенмен  бірдей болды. «Ханның басын хан алар, қардың басын қар алар, немен ауырсаң, сонымен емдел» деген де сөз бар еді, бірақ «айранды тойған адам ішеді, арақты тонған адам ішеді» деген нақыл пайда болды.

Қазақтың денсаулығы түзелмеді. Қызыл жұтқаны қызып сөйлеп, тілімізді бұзып сөйлеп, даңғойланса, ақ ұрттағаны өткен күнін аңсап, орыс тілділер үшін тост көтеруді дағдыға айналдырды. Тіл тағдыры тағы да талапайға түсіп, қазақтың қасиетті тілі Қажымұқанмен ергежейлі алысқандай, аттылымен жаяу адам жарысқандай  күй кешті. Орыс тілі зордың тілі болып, қазақ тілі тойдың тілі мен қойдың тілі болып қалды. Ана тілін дамытуға мемлекет тарапынан бөлінген қаржы құмға сіңген судай болса, орыс тілді басылымдар шөлден кенезесі кепкен бейшараларға сатып берген удай болды.

Намысы бар қазақ азаматы ана тіліндегі мерзімдік басылымдарды жаздыртып алдырды. Алайда, нарығы түскір көп адамды одан да мақұрым қалдырды. Демеуші мен жебеушіден де қайран болмады. Өйткені, олардың көпшілігі той тойлаудан қолдары тимей жүр еді. Жалпы алғанда, осы күнгі намысы бар  қазақтың табысы жоқ, табысы көп қазақтың намысы жоқ.. Алда-жалда  осы екеуі бір басынан табылатын азамат бола қалса, оның да жоғарғы жақта танысы жоқ.

Заманына карай амалы дегендей  мәтелдің де мәні өзгерді. «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» дейтін қазакем «жарлы болсаң - арлы болма» деген ескі мәтелді еске түсірді. Бұрын «жүз сомың болғанша жүз досың болсын» десе, енді «жүз теңгең болғанша жүз жеңгең болсын» дейтінді шығарды. Қалай болған күнде де, әрбір сөзде қисын бар.

Жарты дәнді жарып жеген, бүтін дәнді бөліп жеген достар  ана тілінде ұғысудан қалды. Қазаққа ана тілін үйреткеннен көрі негрге қазақ тілін үйрету оңай болды. Қазақ тұқым шашты, егінін арамшөп басты. Қазақ астық орды, қызығын өзгелер көрді. Қазақтың бақшасы өнім берді, жемісін басқалар терді.

Мешіті көп, мұсылманы аз, қымқырушы көп, қысылғаны аз қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Бірақ, жыртық үйдің де құдайы бар шығар... Өктем пиғыл құрдымға кетіп жоғалсын.    Жұрдай болып тоналған тіліміз от басына оралсын! Қарттарымыз бұрынғы ойынан қайта бастады. Жастарымыз бесік жырын айта бастады.

Ыбырай айтқандай, ол үміт еткен достардан біз де үміт күтеміз.

Мағжан айтқандай, біз де ол сенім артқан жастарға сенеміз !

Айта берсек, сөз көп. Іш қазандай қайнайды. Көкіректе шер көп. Көп жағдайды ойлайсың, қылар шара таппайсың, бармағыңды шайнайсың. Ілгері басқан аяғың кері кетіп тұрса, ойың онға, санаң санға бөлінеді.  Теңгеміз құнсызданған сайын еңсеміз төмен түседі. Еккен егін - төккен терің берекелі күзде ырыздық болып оралса, қамбалар дәнге, жайылым төлге толса дейсің.  Қариялар қартаймаса, қазандар ортаймаса   деген тілек тілейсің. Алайда, ол тілегіңді елеп-ескеріп жатқан нарық жоқ, жетісіп жатқан халық жоқ .

«Бәріміз де ауылдан шыққанбыз, елдің жайын ұққанбыз», - деп желпілдеп, жарғақ құлақтары жастыққа тимей жүргендерді де түсінуге болар. Бірақ, «жаңалықтың жолы осы» деп реформаны жеделдету  деген  ақылға қонбайды. Өйткені, күні жеткен бала күшенбесе де туады. Жалпы алғанда,  жаратылыстың дамуы революциялық жолмен емес, табиғи эволюциялық жолмен жүргені жөн.

Ел тізгінін кімге бердің?

Кімдердің сөзіне сендің?

Қандай деңгейге келдің?

Нендей жақсылық көрдің?

Ол жағын да абайла! Жатқа да жамандық ойлама. Адал болсаң, жерде қалмайсың, арам болсаң алысқа бармайсың. Аузымен орақ орып қана қоймай, қолы да қимылдаған адамға кедейлік жоқ. Бұл да менің сөзім емес, өмірден көрген, көңіліне түйген адамдардың айтқаны. Мен асылдың сынықтарын теріп алушы, сол сөздерді елге жеткізуші ғанамын.

Айтылмаса, сөздің атасы өледі. Құйма құлақ болса, құйып алар. Ақпа құлақ болса,ағып кетер. Одан келіп-кетер зиян жоқ. Алтау ала болса, ауыздағы кететіні, төртеу түгел болса, төбедегі келетіні рас. Бірлік болмай, тірлік те болмайды, бірлігің болмаса, бір-біріне көңілің толмаса, үйің де, күйің де болмайды, теңге түгілі, қалтаңда тиын да болмайды. Ешкіммен таласпай, көршіңе қарасып, туыспен жарассаң, таза болсаң, мазаң да болады. Жүсіп Баласұғын айтпақшы «ақ болсаң, қараға жуыма, аққа қара тез жұғады, қара болсаң аққа жуыма, жұққан күйе, бәрібір көзге түседі».

Өткенді оймен барласақ, тартқан азап, көрген қорлық естен кетер ме?! Болашаққа көз жіберсек, айтылған сөз, шертілген сыр санасында саңылауы бар қазаққа шаққан шыбын құрлы әсер етер ме?! Бес жастағы баласын бесіктен белі шықпай жатып «сен бәрінен ақылдысың» - деп үйрететін еврейдің, әлемнің сырын білуге, Отан үшін отқа кіруге дайын жапонның,  жүрген ізінде қиқым жатпайтын немістің, бақшадағы асқабағынан қуырдақтық  ет алатын кәрістің, жоқтан бар жасап сатқан қытайдың, жалғанды жайпап өтермін дейтін орыстың қазақтан несі артық?! Немесе қазақтың олардан несі кем?! Шынтуайтқа келгенде, батырлығы да, ақындығы да, әкімдігі де бір басына жетіп артылатын қазақтың кемдік көрген жері болса, ол да өзінің тірлігі мен бірлігіне байланысты.

«Қытайға барсаң - қыл бұрау, орысқа барсаң - кең тұсау» дейтін алмағайып кезеңде де Абылай хан ақыл тауып, халқын аман сақтаса, ерлері тұлпарын баптаса, сондай заман бұл күні де ел басына туып тұр. Нағыз ерге екі таңдау жоқ. Не ер болып, басыңды имей жүруің керек. Не ез болып, құлдық қамытын киуің керек.  Ел басына күн туған, елін қорғар ұл туған кешегі зар-заманда да осындай таңдау болған. Кімнің қандай жолды қалағанын, кімді асылға балағанын, кімді жасыққа санағанын халық өзі біледі. Олардың шын бағасын бүгін бермесе де, ертең береді. Халық айтса, қалып айтпайды. «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас» деген сөз де содан қалған.

Абылай ханды біресе Ресеймен жақындасып, біресе Қытаймен ақылдасып, иісі қазақ үшін дұрыс саясат жүргізді деп мақтайды. Оған дау жоқ. Екі оттың ортасында қалса, сөйтпегенде қайтеді? Кейде кенже ұлымның міңез-құлқынан да соған ұқсастық табамын. Ұлыма қабағымды түйсем, ол шешесіне жағынады да, шешесінен таяқ жесе, маған шағынады. Біреуге шағынбау үшін ешкімге бағынбау керектігін біздің көреген атанып жүрген ағаларымыз қашан түсінер екен?!

Қалай болған күнде де, адассақ та, талассақ та, осы күнге аман-есен жетіппіз, сан асудан өтіппіз. Бұл да аз олжа емес. Ендігі жерде жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренсек, досы көппен сыйласып, досы азбен сырлассақ, үйде шешен болмай, түзде көсем бола білсек,  досқа ашылған алақан, дұшпанға жұмылған жұдырық болсақ, саусақ бірікпей, инеге жіп ілікпейтінін терең түсінсек, көп қуанып, аз күрсінсек, бойға сіңген жаманшылықты сылып тастап отырсақ, ақылымыз азбай, тонымыз тозбай, қазақтың тасы өрге домалайтыны анық.

Алушыдан сатушы көп, жұмысшыдан жатушы көп, билеуші мен сөйлеуші көп заманда қоғамға көсем болу да қиын.  Сондықтан да басшы біреу болып, қосшылар оған тіреу болса, қолында билігі барлар жетім-жесірге сүйеу болса, еліміз үш байлықтың - жер, ел және тілдің қызығын көріп отырғанда ғана масаттануға болады.

Алып-қашпа әңгімелерді естігенде  еріксіз жағаңды ұстайсың. Көрші көзін алартса, жүйкең жұқарады.  «Ит үреді, керуен көшеді» - дейсің де, арты өкініш, алды үмітті жолға түсесің.

Күн мен ай, жарық шашқан, сен аман бол,

Қара жер, аяқ басқан, сен аман бол,

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым!

Сен аман бол!  - деп тәңірден тілек тілейсің.

Иншалла, сол тілекті орындауға Алла жар болсын !

0 пікір