Жұма, 29 Наурыз 2024
Бұ не мазақ? 17568 83 пікір 4 Қыркүйек, 2019 сағат 16:59

Есіңіз дұрыс па, Елші мырза?

ҚР Сыртқы істер министрі

Бейбіт Бәкірұлы Атамқұловтың назарына!

Екі-үш күннен бері Жаңаөзен жұрты өз өкіметіне, өз билігіне, өз президентіне дат айтып, дабыл қағып, Қытайдың 55 зауытының Қазақстанда салынуына қарсылық білдіріп жатыр. Зауыттардың салынбайтынына басқа-басқа емес, Президенттің өзі кепілдік беруі керек деген талап қойды. Батыстағы Жаңаөзен бастап берген қарсылық акциясын Шымкент, Ақтөбе мен Астана қолдап, бүгін Алматы мен Семей жалғады.

Ал Қытайдың Қазақстандағы өкілетті Елшісі Шыжан Сиау дейтін адам елдің ішкі шаруасына бет-албаты араласқандай болып, Жаңаөзендегі митинг туралы «Baq.kz» порталына пікір айтыпты. «Өз билігіңнің кәсібилігі мен құзыреттілігіне сенімсіздік білдіріп отырған сендердің, естерің дұрыс па?» депті. Айтпақшы, біз материалды жазып жатқанда, «Baq.kz» Елшінің ерсілі-қарсылы сөйлеген сұхбатын сайттан алып тастапты.

Алайда, Елші Шыжанның шамырқана сөйлегені «kaz.caravan.kz» сайтында тұр екен. Сондықтан сілтемені сол жаққа бердік.

Сөзін бұрмалап, сынықтан сылтау іздеді демеңіздер, міне әлгі Елшінің өз сөзі:


«Мен мұндай оқиғамен таныспын. Бірақ бұл оқиғаға қатысты пікір білдірмеймін. Себебі митингтен кейін брифинг өтті және онда менің әріптестерім пікір білдірді, толық түсініктеме берді. Олар 55 жобаның қайдан шыққанын, қандай жобалар екенін және олардың мемлекеттік сараптамадан қалай өтіп жатқанын, үкіметаралық ортақ комиссия әрбір жобаны қалай іріктейтіні туралы айтып берді. Оған қосарым жоқ. Бұл - бір жағынан. Екінші жағынан, осы митингте айтылып жатқан ойлар - өте күлкілі. Себебі олар Қазақстанның үкімет органдарының құзыреті мен кәсібилігіне сенімсіздік туғызып отыр. Тек сұрақ қойғым келеді: Есіңіз дұрыс па?

Осы мүмкіндікті пайдаланып, 55 жобаның бірін мысалға айтып кеткім келеді. Ол - Шымкент мұнай өңдеу зауыты. Оған мен былтыр бардым. Зауыт өте ескі болды. 1985 жылы Совет кезінде салынған. Модернизациялауға дейін ол заманауи технологиялық нормаларға сәйкес келмеді. Шығаратын өнімнің сапасы жағынан, экологияға тигізетін әсерінің зияны жағынан да өте нашар болды. Осы аймақтағы ауаны ластайтын ең басты нысан еді. Біздің жұмылдырылған ортақ күшіміздің арқасында зауыт жаңадан іске бастап, толық режимде жұмыс істей бастады. Оның арқасында Қазақстан өзін тек сапалы бензинмен қамтамасыз етіп қоймай, жақын көрші елдерге эскпорттай бастады. Ресми ақпаратқа сүйенсек, Қазақстан - ТМД елдерінің ішінде бензин ең арзан мемлекет. Митингке шығушы ораторлар, бұған не айтар едіңіз?».


Елшінің сөзін естідік. Енді сөйлем-сөйлемі, жол-жолымен жазып, сараптайық...

Кімнің сөзіне сенеміз?

Біріншіден, «Олар 55 жобаның қайдан шыққанын, қандай жобалар екенін және олардың мемлекеттік сараптамадан қалай өтіп жатқанын, үкіметаралық ортақ комиссия әрбір жобаны қалай іріктейтіні туралы айтып берді», депті.

Елшінің сөзіне сенсек, 55 жоба деген бар. Ол жобаларды еларалық ортақ комиссия іріктейді. Тіпті, ол жобалар мемлекеттік сараптамадан да өтіп жатыр-мыс.

Ал 2 қыркүйекте ҚР Сыртқы істер вице-минтистрі Ермек Көшербаев инвестиция тарту туралы брифинг өткізген. Сол жиында жаңағы Көшербаев дейтін кіші министр Қытайдың Қазақстанға 55 зауыт салатыны туралы әңгіменің мүлде болмағанын айтқан. «Aikyn.kz» жазған.

«Мұндай хабарды блогерлер whatsapp арқылы таратып жүр, алайда мұндай бағдарлама атымен жоқ. Ескі зауыттарды ешкім көшіріп алып келмейді. Арнайы бірлескен комиссия бар, мұнда бар жобалар іріктеу мен сараптамадан өтеді. Әрі көбіне мұндай жобаларды жеке кәсіпкерлер жүзеге асырады. Сондықтан ешкім мұнда ескі зауыттарды көшіріп алып келмейді. Тіпті олар қалаған күннің өзінде біздің комиссия оған мүмкіндік бермейді», - деген еді Көшербаев.

2019 жыл. 29 сәуір. Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға барды. Әлгі ҚХР төрағасы Шы Жиң Пиң «Достық» орденімен марапаттайтын кез ғой. Нұрсұлтан Назарбаев «Біл белдеу, бір жол» форумына қатысқан. Кейін қытай басылымына сұхбат берген. Сол сұхбатында Қытайдың Қазақстандағы 55 ірі жобасының 15-і өз жұмысын бастағанын, 11 нысан биыл пайдалануға берілетінін айтқан. «Азаттық» жазды.

Ал кеше Маңғыстау облысы әкімі Серікбай Тұрымов «Зауыт салуға рұқсат берілген жоқ» деп сөйледі. «Жас Алаш» гәзеті жазды.

«55 қытай зауыты кіретін бізде мемлекеттік бағдарлама жоқ. Зауыт салуға рұқсат берілген жоқ. Бізге өнім өңдеу керек. Бірақ Қытай емес. Ресей, АҚШ, Иран басқа да елдермен қарым-қатынасымыз бар. Қазақстан өзімен-өзі дами алмайды. Басқа елдермен жан-жақты қарым-қатыста дамиды. 55 зауыт бұл жерге салынбайды», - деген еді Тұрымов.

Сонымен кім өтірікші?  Елші ме, ел басқарушылар ма? Елбасының сөзіне сенсек, зауыттар бар, тіпті кейбірі жұмыс жасап жатыр, әне. Елші мен кіші министр Көшербаевтың сөзіне сенсек, жобалар бар, бірақ оларды мемлекеттік комиссия електен өткізіп жатыр. Демек, әлі қолданысқа берілмеген. Әкімнің сөзіне сенсек, ондай зауыт атымен жоқ.

Сонымен, нақтысы не? Кешелі-бергі дабылдатып жүрген жұртқа дәл жауапты кім береді? Кіші министр Көшербаев өз сөзінде «Мұндай хабарды блогерлер whatsapp арқылы таратып жүр», деп қалды ғой. Иә, әлеуметтік желіде әртүрлі әңгіме айтылып жүр. Халық олардың қайсысына сенуі керек? Жұрттың митингке шығып, мазалануының да себебі – осы нақты жауаптың жоқтығынан емес пе? Бізше болса, солай...

Елші: Есіңіз дұрыс па?

Екіншіден, әрі қарай: «Екінші жағынан, осы митингте айтылып жатқан ойлар - өте күлкілі. Себебі олар Қазақстанның үкімет органдарының құзыреті мен кәсібилігіне сенімсіздік туғызып отыр. Тек сұрақ қойғым келеді: Есіңіз дұрыс па?», депті анау күлегеш Елші Шыжан Сиау.

Бұл Шыжан Сиау дейтін шетел азаматы. Сәйкесінше, шетелдік деп есептеледі. Қытайдың Қазақстандағы өкілетті елшісі. Яғни, лауазымды миссиядағы адам. Ал кез келген шетелдік (мейлі ол қандай мансаптағы адам болса да) әуелі ҚР Конституциясын, онан соң оның адамдары мен адамдарының ар-ұжданын кемсітуге жол бермеуі керек.

Ал бөтен елдің білдей Елшісі дейтін лауазымдағы адамның «Олардың митингте айтып жатқан ойлары - күлкілі» деп сөйлеуі – ҚР азаматтарының ұстаным-пікірін кемсіту емей немене?! Ол аз десеңіз, Ата Заң бар. Конституция. Сол Конституцияның 32 бабында «Қазақстан Республикасының азаматтары бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға хақылы» деп тайға таңба басқандай жазылған. Тіпті болмаса, «ҚР-да бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» 1995 жылғы 17 наурыздағы №2126 Заңы бар. Осы Заңда митингтер өткізудің тәртібі мен ережелері егжей-тегжейлі жазылған.

Ата Заңның 24 бабында, 3 тармағында:  «Ереуіл жасау құқығын қоса алғанда, заңмен белгіленген тәсілдерді қолдана отырып, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешу құқығы мойындалады» деп жазылған.

Немесе 33 бап бар. Онда: «Қазақстан Республикасы азаматтарының тікелей және өз өкілдері арқылы мемлекет ісін басқаруға қатысуға, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына тікелей өзі жүгінуге, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтініштер жолдауға құқығы бар» деп жазылған.

2019 жыл. 17 маусым. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Euronews» арнасына сұхбат беріп, «митинг өткізуге рұқсат беретін заң қабылдайтынын» айтты.

2019 жыл. 2 қыркүйек. Президент Тоқаев Қазақстан халқына Жолдау жолдады. Онда «Бейбіт шерулер өткізуге рұқсат берілетінін» айтты.

Ал жұрт кешеден бері не үшін митингке шықты? Қазақстанның әрбір азаматы Конституцияға сай, өз талап-тілектерін бейбіт шеру, митинг, пикет т.б. арқылы білдіруге құқылы. Президент Конституцияның кепілі (гаранты). Сондықтан, жұрт Президенттің келуін, зауыттардың салынбайтынына кепілдік беруі талап етті. Ол әрбір азаматтың заңды құқығы. Ал Қазақстан азаматтарының Конституциялық құқығын мойындамау, кемсіту, одан қалса балағаттау – Қазақстан Конституциясын мойындамаумен пара-пар!

55 жобаның біреуі - Шымкенттегі зауыт екен

Үшіншіден, Шыжан Сиау былай дейді: «55 жобаның бірін мысалға айтып кеткім келеді. Ол - Шымкент мұнай өңдеу зауыты. Оған мен былтыр бардым. Зауыт өте ескі болды. 1985 жылы Совет кезінде салынған. Модернизациялауға дейін ол заманауи технологиялық нормаларға сәйкес келмеді. Шығаратын өнімнің сапасы жағынан, экологияға тигізетін әсерінің зияны жағынан да өте нашар болды. Осы аймақтағы ауаны ластайтын ең басты нысан еді. Біздің жұмылдырылған ортақ күшіміздің арқасында зауыт жаңадан іс бастап, толық режимде жұмыс істей бастады».

2018 жыл. «Abai.kz» ақпараттық порталында «Қазақ мұнайына қазақтан басқаның бәрі бастық» атты мақала жарияланды. Онда дәл осы Шыжан Сиау аузының суы құрып айтып отырған Шымкент мұнай өңдеу зауыты туралы да айтылған...

Шымкент МӨЗ – бақылаушы акционері «ПетроКазахстан»

«ПетроҚазақстан Инк.» – бұл акционерлері болып «CNPC E&D» (67%) және «ҚазМұнайГаз» БӨ (33%) табылатын, мұнай және газды сатып алу, барлау, шығару және өндіру, сондай-ақ мұнай өнімдерін сату бойынша қызметті жүзеге асыратын компаниялар тобы.

Басшылық құрам:

Вэй Юйсян, «ПетроКазахстан Инк.» компаниясының Бас атқарушы директоры,

Инь Сянцин, Логистика мен маркетинг жөніндегі Вице-президенті,

Чжан Пинчжань, Алматы филиалының басшысы,

Ян Миньюй, Қаржы директоры,

У Линьган, «ПетроКазахстан Құмкөл Ресориз» Басқарма төрағасы,

Цзян Ши, «ПетроКазахстан Ойл Продактс» Президенті,

Цзэн Сюйдун, «ПетроКазахстан Ойл Продактс» стратегиялық жоспарлау жөніндегі вице-президенті,

Рүстем Бектұров, Стратегиялық коммуникация жөніндегі Вице-президенті,

Болат Көшербаев, «ПетроКазахстан Құмкөл Ресориз» Вице-президент,

Асқар Тұрысбеков, «ПетроКазахстан Ойл Продактс» Бірінші вице-президенті,

Рақымжан Жанғабылов, «ПетроКазахстан Ойл Продактс» модернизация және даму жөніндегі вице-президенті.

(Ескерту! Бұл 2018 жылғы дерек. Қазір басшылық құрам өзгеруі мүмкін. Алайда айтарлықтай айырмашылық бола қоюы екіталай.).

Басшылық құрамдағы балланс – 7/4. Шыжан Сиау мырзаның меңзеп отырған «ортағы» мен «ортақ жұмылдырылғын күші» осы болар, бәлкім?! Біз бұл зауыттың басшылығындағы оншақты адамның ғана есім-сойларын екшелеп жаздық. Ал мұндағы қарауылынан қазаншысына дейінгі барлық деңгейдегі жұмыс күші қандай? Этникалық құрамы қандай? Жұмысшылар арасында этникалық құрам тепе-теңдегі сақталған ба? Жұмыс беруші тарап немесе тараптар еңбек ақысын төлеуде қазақстандық жұмыскерлер мен қытайлық жұмыскерлерге тең қарай ма? Бұл туралы ақпараттарды Елші Шыжан ашық жариялай ала ма? Әй, қайдам!

Елші Шыжан Сиау -  арандатушы ма?

Төртіншіден, «Қазақстан - ТМД елдерінің ішінде бензин ең арзан мемлекет. Митингке шығушы ораторлар, бұған не айтар едіңіз?», депті шамырқана сөйлеп.

Жақсы-ақ, жоғарыдағы шала сауатты сала-құлаш сөздерді Шыжан өз елінің мүддесі тұрғысынан сөйлепті делік. Десе де, бұл да ақталмайтын аргумент.

Ал енді, митингшілерге қарап, «Қазақстан бензинін арзанға сатып жатыр, сендер соған не айтасыңдар, ал?» дегенін дипломатияның қай санатына жатқызамыз? Біз Шыжанның жаңағы сөздерін басқа-басқа емес, дәл осылай түсіндік. Ел-халықтың көңілі алағай да бұлағай боп тұрған осы кезде Елшінің бұл айтқандары барып тұрған – провокация!

ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» 2014 жылғы 5 шілдедедегі №235-V ҚРЗ Кодексі бар. Аталған Кодекстің 488 бабы, 2 тармағында: «Ұйымдар басшыларының және басқа да лауазымды адамдарының санкцияланбаған жиналысқа, митингіге, пикет қоюға, демонстрацияға немесе өзге де көпшiлiк iс-шараға қатысушыларға үй-жай не өзге де мүлiк (байланыс құралдарын, көбейту техникасын, жабдық, көлiк) беруi немесе осындай iс-шараларды ұйымдастыру мен өткiзу үшiн өзге де жағдайлар жасауы – жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады», деп анық жазылған.

Иә, кешелі-бері еліміздің бірнеше қалаларында наразылық акцияларының болуына Елші Шыжан себепкер емес. Митингке – бірінші кезекте атқарушы және Жоғарғы билік себепкер. Халық өз билігінің, өз билігіндегі басшылардың шешіміне наразы. Дәл кешегі, бүгінгі мәселеде – бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық жоба келісімі. Яғни, Қытайдың 55 зауытының Қазақстанда салынуы мәселесі. Жұрт осыған наразы. Сол үшін де, өз президентінен түсініктеме беруді талап етуде. Бұл әрбір Қазақстан азаматының конституциялық құқы! Ал енді оған Елшінің араласып, азаматтардың таңдау бостандығын кемсітуі – отқа май құйғанмен бірдей болды.

Түйін. «Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» деуші еді. Шыжыңданып сөйлейтін Шыжан дейтін әлгі әйнеккөз, әдірем кеткір - елшіден гөрі, жаушы ма дерсің... Әйтпесе, өз билігіне, өз президентіне дат айтқан елге «естерің дұрыс па» дегенді есті адам айтпаса керек-ті.

ҚР Конституциясында көрсетілген Заңдар мен Кодекстерді өрескел бұзған, ҚР Азаматтарының ұстаным-пікірлері мен таңдауларын кемсіткен Елші Шыжан Сиауға Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі шара қолдануы керек!

Дипломатиялық акридитация мен рангті беретін дәл осы Сыртқы істер министрлігі! Демек, берілген акридті кері қайтарып алуға да құқылы! Ал ол үшін жоғарыдағы заң бұзушылықтар жеткілікті болса керек-ті.

Елшінің дегеніне қарап, заңың солқылдақ, мемлекеттік қызметтегілерің мінәйі болса, әрине, Шыжандар шыжыңданып сөйлейді демеске шараң жоқ.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

83 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616