Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Аңыз Абай 6008 0 пікір 4 Қыркүйек, 2019 сағат 14:12

Абай еліне саяхат

Студенттік шақ – жастық оты жалындап тұрған сәттегі ең қимас, қызықты кезеңнің бірі. Осындай  сәттердің бірінде 2018 жылы жаз мезгілінің алғашқы апталығында өндірістік тәжірибе барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Филология және әлем тілдері факультеті қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 4-курс студенттері тарихтан талай сыр шертер көне қаланың бірі Семейге сапарға шықтық. Жетекшіміз әрі Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры Райхан Сахыбекқызы мен топтағы алты қыз шығысты бетке алып, тарихи өлкені көруге асықтық. Жүйткіген пойыз біздің тілегімізді құп көргендей бір тәулік ішінде Ертісті басып өтіп, Семей қаласына табан тіреді.

Барған беттен аяғымызды жерге тигізбей, қонағын Құдайындай сыйлап күткен Абайдың Мемлекеттік қорық-музейінің директоры Жүнісбеков Болат ағай мен Сапар, Нұрлан, Нұржан ағайларға алғысымыз шексіз. Алғашқы күні төрт бірдей музейді аралап, Ұлт жанашырларына қойылған ескерткіштерді де көріп қайттық. Абай мұражайын толықтай аралатып, түсіндірген Нұржан ағай мұндағы қолжазбалар, сақталған дүниелердің құндылығы және ақынның өміріне қатысты деректер мен оның өлеңдерін саралап өтті. Одан соң бет алған жеріміз Абайдың өз заманында ат басын бұрып келіп, кетер және Әлихан мен Міржақып атамыздың тұрған үйі, ұлт қамы үшін жанашырлардың бас қосар жері, қазіргі «Алаш Арыстары–Мұхтар Әуезов мұражайы» болып аталады екен.

Тұңғыш Алаштың музейі аталған бұл мекен Семей қаласындағы Абай Құнанбайұлы түсіп жүрген үйлердің бірі және 1992 жылдан бастап Абай қорық-музейінің бір бөлімі саналатынын тарихшы Мұратбек Кенемолдин ағай таныстыра айтып шықты. Тарихымыздың қайнар көзі іспеттес болған үйге іштей тағзым ете қадам бастық. Үйдің бірінші қабатында Әлихан Бөкейхан, екінші қабатында Міржақып Дулатұлы тұрыпты. Үй негізінен Абай, Мағауия, Ақылбай, Ғабдолла секілді жанашырлар көмектесіп сатып әперген Абай ауылының адамы Әнияр Молдабаевтікі болған.

Музейде қойылған Гүлнар Міржақыпқызының естелігі бойынша, Әлихан мен Міржақып 1921-1922 жылдары осында тұрған. Астыңғы қабатын таныстырған Жанат Масхұтқызы апай Әлихан атамыздың ұстанған заттарын көрсетіп, одан әрі қызықтыра түсті. «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген сөзін еске алып, мәңгілік орындамаққа бекіне келесі мұражайға жол тарттық. Ендігі бағытымыз–Өлкетану музейі. Экскурсия жетекшісі Мирас ағай Семей өлкесіндегі түгелдей дерлік құндылықтармен таныстырып өтті. Мұражайға қарсы бетте Тәуелсіздігіміздің жаршысы болған Қайрат Рысқұлбековтың ескерткішіне де тоқталып кеттік. Қызықтап жүріп уақыттың қалай өткенін білмей қалыппыз. Шохан Уәлихановтың жақын досына айналған орыс жазушысы Ф. Достоевский музейіне де ат басын бұрдық. Оның өмір жолы мен шығармашылығынан хабардар еткен Жұлдыз апай жазушы тұрған үйіндегі пайдаланған заттарды көрсетті. Құшақ жая қарсы алған музей қызметкерлеріне алғыс айтып, әр қызықты сәтті еске ала алғашқы күнімізді қимай тәмамдадық.

Екінші күн тіптен ерекше өтті. Абай мен Шәкәрімнің мазары орналасқан және Ұлы ақын мен Ұлы жазушының мұражай-үйін көруге асыға Жидебай-Бөріліге жолға шықтық. Ең алғаш тоқтаған жеріміз Мұхтар Әуезовтың «Қорғансыздың күні» әңгімесінде суреттелетін Күшікбай асуы болды. Жазушының бүкіл ғұмыры мен шығармашылығынан хабардар Шақжан ағай батырдың жатқан мазары мен әңгімеде жазықсыз жапа шеккен Ғазиза қыздың бейітін көрсетті. Онан соң Абайдың туған жерін іздеп келер талай Алаштың шынайы жанашырлары дәм татқан бұлақтан біз де су ішіп, ары қарай сапарымызды жалғастырдық.

Мұхтардың алғаш кіндік қаны тамған Бөріліге келіп жеттік. Қазір бұл жер Мұхтар Әуезовтың мұражай-үйіне айналған. Жазушы жүрген дара жол, оның шығармашылығынан әр бөлме хабардар етіп тұрды. Шақжан ағай таныстыру арасында сұрақ қоя отырып көптеген мағлұматтармен бөлісіп, дұрыс деп танып жүрген дүниелерімізді тереңінен саралау қажеттігін ұғындырды. Жидебайға барар жолда тағы бір тарихи жерге тоқталдық. Бұл–Еңлік-Кебек кесенесі. Сонау жер дауы үдеп тұрған заманда ру арасындағы жанжалдың салдарынан құрбан болған қос ғашықтың құрметіне салынған кесенеге тоқталып құран бағыштадық. Екі жастың жанына қойылған еліктің бейнесін Шақжан ағай махаббаттың, адалдықтың символы және оның ешқашан арамдықты білмейтіндігін айтты. Баянсыз махаббаттың қасіретін тартқан ғашықтар ерлігін жыр ете Жидебайға қарай бет алдық.

Ең алдыменен мұражай қасында орналасқан Абай мен інісі Оспан, Шәкәрім мен ұлы Ахаттың жатқан мазарына барып құран оқып, іштей ниет еттік. Қос мұнараның шырақшысы болып отырған Ерғазы ағай киелі мекеннің ерекшелігін, қасиетті екендігін, сонымен қатар тілеген тілектер Алланың қалауымен орындалатынын айтты.

Мазарға жақын тұста тағы екі киелі жандардың зираттары бар екен. Олар – Абайдың ғана емес, бүкіл қазаққа аса қастерлі, Ана ұғымын тереңінен ұғындырған Зере мен Ұлжанның жатқан жері. «Абай жолында» суреттелген қос Ананың бейнелерін көз алдымызға елестете мұражайға бет алдық. Музейдегі экскурсия жетекшісі Лаура апай Абайдың бұл үйді өз жобасы бойынша салдырғанын айтып басынан-ақ ынтықтыра түсті. Үйде негізінен Абай інісі Оспан қайтыс болған соң әмеңгерлікпен үйленген оның жары Еркежанмен тұрған екен.

Мұндағы біз үшін ерекше жаңалық болған–сол кездегі қазіргі біздің тілмен айтқандағы «мұздатқыш» еді. «Тошала» деп аталған бұл бөлмеде ет сақталады екен. Көлемі үлкен бөлменің ішіне төрт ағашты жерден төбеге дейін мықтап қадап, ет тұратындай жан-жағынан бұталар шығарыпты. Бөлме тегіс таспен қаланғандықтан, іші салқын. Абай қонақ күтер екі бөлме, оның ұстанған заттары, жары Еркежанның бөлмесіндегі дүниелер сол қалпында сақталыпты. Сол кездің заттарына қарап қаншалықты құндылық екендігін ұғындық. Ақынның біз білмес тұстарына ерекше тоқталған Лаура апайға алғысымызды білдіре қимай қоштастық.

Екі күніміз екі сағаттай зырғып өте шыққанымен, көрген дүниелеріміз жан семіртті. Жақсымен өткен әр минут біз үшін бағалы болды. Мұндағы үлкен кісілердің білгендерімен қоса түйгендерін, шалыс баспау қажет тұстарды ұғындырғаны бізді жақсылыққа, ізденіске одан әрі жетеледі. Семеймен қимай қоштастық. Әлі де келерімізді, ізденерімізді іштей саралап, бекінгендей болдық. Иә,біздің алғашқы тарихи сапарымыз осылай басталды. Бұйырса, жалғасын табары сөзсіз.

Жансая Сман

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2252
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3505