Жексенбі, 23 Қаңтар 2022
Дат 5710 16 пікір 3 Қыркүйек, 2019 сағат 15:18

Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңаөзенге бара ма?

Елімізде Қытайдың 55 зауыты салынуына қарсымыз! Осылай деп ұрандаған Жаңаөзен халқы кешелі бері наразылық шарасын өткізіп жатыр. Олар Президент Тоқаев алдағы Қытайға жоспарланған сапарынан бас тартуы керек дейді.

Наразылық танытқан көпшілікке бүгін өңір басшысы Серік Тұрымов барды. Тұрымов мырза, аймақтың экономикасы мұнай мен газға тәуелді екенін, сондықтан, экономиканы әр тараптандыру үшін тек Қытаймен ғана емес, Америка, Ресей, Иран секілді мемлекеттермен де экономикалық байланыста болу керектігін айтты.

Айта кетейік, бұл наразылық шарасы кеше басталған болатын. Ал, бүгін наразылық танытқандар саны мыңға жеткен. Олар Президент Тоқаев Қытай заводтарының салынбайтыны туралы құр сөз емес, нақты құжаттар арқылы дәлелдеп көрсету керек дейді.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың маусым айында ҚХР басшысы Си Цзиньпин ресми сапамен Елордаға келді. Сол сапар барысында экс-президент Н.Назарбаев Қытайдың 51 кәсіпорнын Қазақстанға көшіру туралы келісім жүзеге асып жатқанын айтқан болатын. Өз кезегінде Қытай басшысы өзінің “Бір белдеу, бір жол” атты идеясын қолдағаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын білдірген.

Сол жылы ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Қазақстанның Қытайға қарызы 12,5 миллиард долларға жеткенін айтты. Оның ішінде Кәсіпорындар мен фирмааралық қарыздар 944 миллион болған.

2018 жылдың маусым айында экс-президент Назарбаев ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцянмен кездесті. Кездесу барысында жалпы көлемі 28 миллиард долларды құрайтын 51 жобаға қол қойды.

Ал, осы жылдың сәуір айында Н.Назарбаев Қытай басылымдарына берген сұхбатында Қытайдың Қазақстандағы 55 ірі жобасының 15-і жұмысын бастағанын, 11 нысан биыл пайдалануға берілетінін айтқан екен.

Бүгінде мұнай – Қазақстанның экономикасының күретамырына айналған. Еліміздің мұнайға бай батыс аймағы тек Қытай компаниялары үшін ғана емес, шет ел алпауыттары үшін де шикізат көзі дейді сарапшылар.

Қытай компаниялары Қазақ мұнай нарығына 1997 жылы келген. Сол жылы алғаш рет ҚР Энергетика және табиғат ресурстары министрлігі мен Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы арасында екіжақты келісімшарт жасалды. Сол келісімнің негізінде Қытай компаниялары еліміздегі мұнай өндіру орындарының акцияларын иемдене бастаған.

Қазақстандағы мұнай орындарын негізінен Қытайдың екі ірі компаниясы: CNPC (Қытай ұлттық  мұнай-газ  корпорациясы) мен CITIC (халықаралық қытай сауда-инвестициялық компаниясы) иеленген.

Бүгінде мұнайлы өңірегі “PetroKazakhstan” компаниясының - 67%-ы,  “Маңғыстаумұнайгаздың” – 50%-ы, “Қаражамбасмұнайдың” – 50%%-ы, "Buzachi Operating Ltd" Солтүстік Бұзашы, Маңғыстау обл. – 75 %%-ы Қытайға тиесілі екен.

Одан бөлек,  “Ақтөбемұнайгаз” мұнай компаниясының  - 94,47%-ы, АО “Ланкастер Петролеум” компаниясының – 87,96 пайызын Қытайлар иемденген.

Ал, ЖШС “ЭмирОйл”, АО “Ай-ДанМұнай”, ЖШС СП  “ҚуатАмлонМұнай”, ЖШС “Сазанқұрақ” сынды сегіз кәсіпорын түгел Қытай компанияларының иелігіне өткен. Біз айтып отырған бұл деректер интернеттегі ашық дерек көздеріндегі ақпараттар. Анық-қанығын құзырлы органдар айта жатар... Ал әзірге айтпағымыз мынау:

Түйін. Қытай - Қазақстанға ең көп инвестиция құятын - төртінші, ең көп қарыз беретін үшінші ел. Қытай Қазақстанды шикізат көзі, сауда нарығы және транзит аймағы ретінде пайдаланады. Былтыр Қытай Қазақстанға екі миллиард 62 миллион юань көлемінде кредит берген. Нұр-Сұлтанның Қытайға қарызы 12 миллиард доллардан асады.

Билік тарапынан жасалып жатқан осындай қадамдарды ескерсек, Жаңаөзен халқының алаңдауына негіз бар.

Ал, күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халқына Жолдауын жариялады. "Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" деп аталған үндеу  - биліктің қоғаммен диалог құруға мүдделі екенін аңғартқандай болды.

Десе де, көкейде сұрақ бар. Тоқаев билігі кешелі бері наразылық танытып жатқан Жаңаөзен халқының, Жаңаөзен ғана емес бүкіл халықтың талап тілегін ескере ме? Өткенде Арыста адами фактордан болған апат ағайын-жұртты әбігерге салғанда, түнделетіп жүріп Арысқа барған Қасым-Жомарт Кемелұлын жұрт жылы қабылдаған еді. Бұл жолы қайтпек? Жаңаөзен жұртымен кездесуге президент Тоқаевтың өзі бара ма?

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

16 пікір