Сенбі, 20 Сәуір 2024
5582 1 пікір 31 Тамыз, 2019 сағат 16:23

Қызылорда облысының әкімі өңірдегі мектеп-интернатқа екі автокөлік сыйлады

30-тамыз күні Қызылорда облысының әкімі Қуаныш Ысқақов өңірдегі Жалаңтөс Баһадүр атындағы мектеп-интернат ұжымымен кездесіп, ұстаздар мен студенттерді келе жатқан білім күнімен құттықтады. Сонымен қатар, аймақ басшысы аталған білім ордасына екі автокөліктің кілтін табыстады. 

Алғаш рет 2001 жылы ашылған аталған спорт мектебі бүгінгі күнге дейін талай баланың спортқа құмарлығын арттырып, дарынды балаларды тәрбиелеп шығарды. Ал, бұл мектепке даңқты батыр Жалаңтөс Баһадүрдің есімінің берілуі де тегін емес. Өңір басышысы бұл білім ғимаратының маңызы туралы айтып, тарихына тоқталып өтті.

-Мектеп-интернат өзінің өсу-өркендеу жолында бүгінгі тәуелсіз елдің белгілі спортшыларын оқытатын, тәрбиелейтін колледж дәрежесіне дейін көтерілді. Мектеп интернаттан есімдері елге танымал Әлем, Азия чемпиондары мен Олимпиада жүлдегерлері түлеп шықты. Олар: ауыр атлетикадан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Александр Зайчиков, Олимпиада ойындарының қатысушылары, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алмас Өтешов, еркін күрестен 3 дүркін Азия чемпионы Дәулет Ниязбеков, дзюдодан жасөспірімдер Олимпиада ойындарының чемпионы, тұңғыш Әлем чемпионы Бауыржан Жауынтаев, еркін күрестен Олимпиада ойындарының қатысушысы Ғалымжан Өсербаев, ауыр атлетикадан Әлем чемпионатының қатысушысы Қуаныш Рахатов сынды спортшыларды мақтанышпен айта аламыз. Жетістіктерге келсек, 2018-2019 оқу жылында мектеп-интернат оқушылары республика чемпионаттарында 111 медаль иеленді. Биылғы жылы 5 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 40 спорт шеберлігіне үміткерлер дайындалып, ұлттық құрама команда сапына 32 оқушы енді, - деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, осы жылы Қазақстан Республикасының ІХ жазғы мектеп және колледж оқушылары арасындағы спартакиадада мектеп – интернат – колледж оқушылары спорт түрлерінен 57 медальға қол жеткізді. 2018 жылы Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында өткен ІІІ жазғы жасөспірімдер Олимпиада ойындарында мектеп-интернат оқушысы байдарка және каноэде есуден Диас Бахрадин алтын жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар, АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында өткен Әлем чемпионатында Сәпи Есенгелді мен Бекболат Рахат жеңімпаз атанды.
Қуанышбек Ысқақов мектеп-интернат басшылығына екі автокөліктің кілтін табыстап, жөнделген ғимараттарды қарап шықты.

Білім ордасында «Спорт жаттықтырушысы-оқытушы» мамандығы бойынша 40 студент білім алумен қатар спорттық шеберліктерін шыңдауда.

Бүгінгі таңда оқушылардың білім алуы мен спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасау мақсатында мектеп-интернат-колледжге, яғни жатақхана, асхана, оқу орталығы мен әкімшілік бөліміне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Abai.kz

1 пікір